ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Ерболат ҚУАТБЕК: ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖАЗУШЫСЫ – АБАЙ

Ерболат ҚУАТБЕК: ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖАЗУШЫСЫ – АБАЙ

Оқылған 3371 рет

 

Иә, қазақ прозасының тұңғыш өкілі – Абай. Осы уақытқа дейін Шәкәрімнің туындысы делініп келген «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» – ұлы ақынның төл шығармасы. Бұл әңгімені Шәкәрімдікі деуінің бір себебі, «Дала уәлаяты» газетіне жарияланған туындыға автордың «Ұмтылған» деп қол қоюында болып отыр. Шәкәрімнің «Ұмытылған» деген бүркеншік есімімен шатастырып отырса керек. Ал, «Ұмтылған» деген «ізденуші», «талаптанушы» деген мағынаны берсе, «Ұмытылған» (дұрысында, «Мұтылған») «ескерусіз қалған» деген түсінікке саяды. Барлығын басынан бастасақ…
Қазақ прозасының іргетасын Абай қалады деуге үлкен негіз бар. Мұхтар Мағауиннің 1989 жылы жазған «Абайдың белгісіз әңгімесі» атты дүниесін оқысаңыз, ойыңыз өзгерер еді. Аталмыш мақалада Мұхтар Мағауин «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» Шәкәрімдікі емес, Абайдікі екенін толық дәлелдеп шыққан. Бірақ, сол уақыттан бері ескерусіз келеді. Бұл туынды Абайдың кітабына неге енбеді? Абайтанушылар бұған неге назар аудармай отыр? №1 абайтанушы Мекемтас Мырзахметов ағамыз қайда қараған? Бәрі де бұлыңғыр. Ал, енді, дәлелге көшсек. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикая 1892 жылы «Дала уәлаяты» (№29, №31-32, №34-40) газетінде жарық көрген екен. Абайдың көзі тірісінде. Хикая Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек турасында. Әдебиетшілердің бұл хикая Шәкәрімдікі деуінің тағы бір себебі – «Жолсыз жаза» поэмасы. Яғни, бұл поэмада «Еңлік-Кебек» ғашықтық хикаясы баяндалады. Мұхтар Мағауин: «Араб жазуының кілтипаны көп, әңгіме авторы «Ұмытылған» болған күннің өзінде, бұл 1892 жылы 34 жасқа жаңа шыққан Шәкәрімнен гөрі, сөз өнерінің асқар биігіне жеткен, алайда «қалың елі қазағына» әлі таныла алмай, тар қа­паста күңіреніп отырған Абайға көбірек үйлеседі», – дейді. Мұнысы логикалық бай­ламнан гөрі, шынайы тұжырамға келеді. Өйткені, жазушының қалыптасуы, жетілуі Шәкәрімнен гөрі, 47 жастағы Абайға тән. Әрі қарай кеттік.«Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» оқиғасынан бұрын бірінші бөлімде Шыңғыстау өңірінің тарихи этнографиялық сипаты баяндалады.
Хикаядан үзінді келтірсек: «Солардың айтуларынша, қазақтың жүріп-тұру шаруасы бұрынғы заманда осы күнгіден артық екен. Мәзікүр бишара шалдар өздерінің балаларына, ұрпақтарына қасіреттеніп айтып отырады: «Осы күнде білімді, ғылымды халықтармен араласқан соң, қазақ халқы бұзылды және күн де бір түрлі болды – қыс қатты болатын болды, бұрынғы заманда мұндай емес еді». Әрі қарай Абай экология, жағрапия және тарих турасындағы әңгімелерді қозғайды. «Бұл ретте біз автордың үлкен ойшыл ғана емес, жай ғана ғұлама емес, еуропалық білімді еркін игерген оқымысты екенін көреміз», – деген тұжырымға келіп отыр Мұхтар Мағауин.Одан әрі «Еңлік-Кебек» оқиғасы суреттеледі. Ал, «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы туралы шағын ақпар ретінде жазылған екен. «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы көпке белгілі поэмадан мүлде өзгеше сипатта. Біріншіден, бұл оқиға Кеңгірбай заманында әрі «Еңлік-Кебек» трагедиясынан көп кейін болады. Қалқаман – Кеңгірбайдың өзінің ағайыны, Мамырдың аты аталмайды, Қалқаман, әйтеуір, бір қызды алып қашады. Бар шатақ жесір дауынан туындайтын сияқты. Кеңгірбай екі ел арасындағы барымтаны тоқтату үшін Қалқаманды атқа мінгізіп қойып, дұшпандарынан бір мерген шығарып атуға бұйырады. Оқ тимей, аман қалған Қалқаман ағайындарына өкпелеп, Бұхараға кетіп қалады. Қыз тағдыры туралы ешқандай дерек жоқ. Автор Қалқаман жөніндегі ел әңгімесін шала білді немесе саналы түрде бұрмалады деп айту қиын. Аңыздың кейбір нұсқаларында «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы «Еңлік-Кебек» оқиғасынан сәл ғана бұрын, бірақ Сыр бойында емес, Баян-Аула төңірегінде болады. Яғни, біз сөз етіп отырған әңгімеде «Қалқаман» оқиғасы толық болмаса да (қыз бен жігіттің ағайындастығы туралы деректі автордың бүгіп қалуы занды), әуелгі шындық қалпына жақын үлгіде мазмұндалатын сияқты. Сонымен қатар, бұл – кездейсоқ, бөгде эпизод емес. Дербес жүк арқаламағанымен, алдыңғы трагедияны бедерлей түсу, оған үстеме рең беру үшін енгізілген көрініс, – дей келе, – хикая авторының өз заманынан озған білімдарлығы туралы айттық. 1892 жыл қарсаңында тек Шыңғыстау өңірі ғана емес, бүкіл қазақ даласында мұндай өреге жеткен жалғыз Абай болатын. Шәкәрімнің әлі жас, таланты толысса да, білімі толықпаған, батысты тануға енді ғана бет койған, негізінен, шығыс әдебиетіне үңіліп жүрген кезі. Тарих, социология, экология, этнография – адам қоғамының даму зандылығы туралы толғамдар бұл кезеңде Абай бойына ғана шақтасар сипат, – деген тоқтамға келеді Мағауин. Хикая авторы Еңлікті Нысан Абыздың елесі арқылы былай суреттейді: «Ұзын бойлы, ақ киіктей, шашы қарғаның қанатындай қара, маңдайы жазық, көзі қара һәм өткір…». Ал, Шәкәрімнің поэмасындағы Еңлік «биік қабақ, сұрлау қыз» ғана екен. Екі туындыда Еңлік образы екі бөлек. Демек, «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» хикаясын жазған Шәкәрім емес деуге толық негіз бар. Жанды портрет жасауда Шәкәрімнен гөрі, Абайдың шеберлігі басым. Мысалы, хикаядағы Нысан Абыз «түсі суық, қарт кісі» болса, поэмада абыздың жас мөлшері туралы бірде-бір сөз жоқ.
«Хикаяда Кебектің Нысан Абыз балынан соңғы көңіл толғанысы батыс прозасына тән үлгіде, табиғат суретімен астас берілген: «Айтқандарынан ешбір қорықпай, жай үйіне қайтыпты. Сол уақытта әр түрлі ой түсіп, көңілі босап, ақырын ілбіп отырды дейді. Сонда, Кебектің көңіліндегі қасірет кетіп, көкірегі ашылғандай болды дейді. Маңайына қараса, биік жартас, қалың орман-ағаш һәм сарқырап ағып жатқан бұлақ дейді. Сонда Кебек батыр ойлады дейді: «Менің ғұмырым да осы дүниемен бірдей-ау, – деп. – Мына жартас болса, бір қалыппен тұратын дүние; самсап тұрған орман өткен ғұмырға ұқсас, ағып жатқан су өтіп бара жатқан өмір ғой», – деп. Жастықта адам ой ойлаушы болады ғой». Ал, қыздың өзімен кездес­кен кезінде абыз сөзі есіне түссе де, өлім туралы мүлде ойламайды. Поэмада Кебек қатал тағдыр туралы болжам шымбайына батқанмен, «жынның сөзін» қолма-қол ұмытып кетеді; Еңлікпен алғаш кездескен сәтінде де ойына ештеңе оралмайды. Тек ертеңіне, қызбен тағдыры қосақталған соң, абыз айтқан қара жартасты көргенде ғана бәрі есіне түседі; қатты толқығанмен, тез бекінеді. Бұл арада қара жартас – шартты белгі ғана; құз кейпі немесе өзен, тоғай реңі – ешқандай жанды бояу жоқ», – дейді Мағауин тағы бір жолында. «Шәкәрім – табиғат суретіне зер салмаған жазушы, «Жолсыз жазада» ғана емес, бүкіл Шәкәрім творчествосында пейзаждың кейбір элементтері ғана ұшырасады. Бұл – бүкіл классикалық шығыс поэзиясына тән сипат. Ал, батыс пен шығысты тел емген, бейнелеу тәсілдерінде орыс және Еуропа классикасын үлгі тұтқан Абай қазақ әдебиетіне (бүкіл шығыс поэзиясына) пейзаждық лириканы енгізген бірінші суреткер болып табылады», – деп аяқтайды ойын. Абайдың «Қара сөздеріне» зер салып отырсаңыз, хикаяның стиліне келеді. Мысалы, «Үшінші сөзде»: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады», – деп». «Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындалып қойылған, бағанағы жақсы адам сай­лауға жарамасы үшін» (Сонда). «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын» («Төртінші сөз»). «Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде әттеген-ай, сондай-сондай қы­зықтарым қалды-ау деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» («Тоғызыншы сөз»).
P.S. Бұл туралы сол кезде елең етпеген қазақ қазір елең ете ме екен?

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.