Жәнібек ӘЛИМАН: ХАКІМНІҢ БЕЛГІСІЗ ХАТЫ

Абайдың бұндай хаты мен өлеңі барын былтыр бір жазғанбыз. Ешкім үн қатпады, бірақ. Анада жазушы Арман Әлменбет Абай өлеңдерін талдаудан жолдаған эстафетаны пайдаланып, биыл қайтадан қопсытып қойғанды жөн көрдік. 

Хакімнің бұл хаты ешбір еңбегіне енбеген. Былайғы жұрт та біле бермейді-ау. Біз абайтанушы ғалым Асан Омаровтың «Абай: ашылмай кеткен қырлары» атты монографиясынан ұшыраттық. Хакім араб қарпінде өзі таңбалаған хатты семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай мұражайының сирек қорынан тауып алып, «Абай» журналының 1997 жылғы 4-санына жариялағанын айтыпты автор. Жарықтық жазба содан бері Абайдың бір де бір кітабына енбепті-ау. Ғылыми айналысқа түсіруші Асан Омаровтың аталған еңбегінің өзі 99 данамен ғана шығыпты... Хаттың мән-мағынасын арттырып тұрған – ішіндегі екі шумақ өлең. Баласы Мағашқа арналғанмен, адамзат өмірінің шындығын арқалап тұр қос шумақ. Бұған дейін біз оқулықтардан Балғожа бидің немересіне жазған хатын білуші едік. 
«Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін хақ Тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең, басыларсың.
Ата-анаң, өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!» деп басталатын. Мұны жазып қалдырушы Ыбырай Алтынсарин – сол Балғожа бидің немересі. Қазақ әдебиетінің қоржынын байытып жатқан бұл да бір керемет дүние. 
Ал, Абай баласына жазған мына хатының мағынасы бұдан тереңірек. Мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм һүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (бұл сөз түгел сызып тасталған – А.О.) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін.

Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.
Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,
Единица сыфат деп біл тек қана.

Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896 жылдың...»
Өлеңнің бірінші жолы қаратпа сөз делік. Екінші жолдың мәні төртінші жолда бір-ақ ашылады. Яғни, бірден бастап есептегенде тоғыз сан бар. Тоғыз бірлік. Олардың кез келгенінің соңына қанша нөлді тіркесеңіз – соғұрлым көбейіп, шексіз өсіп-өніп кете береді. Ал, нөлдерді алдына тізбелесеңіз, әлгі сан сол күйі қалады. Алдында бір немесе әлгі тоғыз санның басқа біреуі тұрмаса, «құм жиылып тас болмайды» деген сөз. Оны хакім «Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл?!» деп «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңінде де айтады. Яғни, әлгі тоғыз бірліктің әрқайсы бір-бір тұлға. Көсем, көшбасшы, кемеңгер деген сөз. Математика амалындағыдай, ойдағы бірін артқа қалдырып, өзі екінші жақта ойлай да, ойнай да білетін, алды-артын шамалап, «жүрек, қайрат, ақылды бірдей ұстай алатын» – Абайдың өзі айтқан «Толық адамы». Бірақ, соңынан көп (халық) ермесе, бұлардың да ісі өнбейді екен. «Жалғыздың үні шықпас» демей ме қазақ?! Халық болмаса көсемнің, көсем болмаса халықтың күні қараң, демек. Бір-біріне септесіп тіршілік етпесе, тобыр – тобыр күйі, көсем – көсем күйі қала бермек. 
«Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?» дейді 1888 жылы жазған «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде.
Халық өз бетімен күн көре береді, алайда, дамып, жетілуі үшін «единица» керек. Ал, алқалаған әлеумет болмаса көсем кімге көшбасшылық қылғандай?! Сондықтан, «единица» (тұлға) – халықтың көшін түзейтін бет-бейнесі (единица сыпат деп біл тек қана).

Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Екінші шумақтың бірінші, екінші жолы тура мағынасында сөйлеп тұр. «Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас» деген жол – надан адам бар мен жоқты (жақсы мен жаманды десе де болады) айыра алмайды дегенді білдіреді» депті Асан Омаров. Ғылымы артық, дүние сырын көп біліп, анығырақ сезінетін сәулелі жанға жақсылық пен жамандықты ажырата білмес көкірегі соқырдың қас келетіні белгілі. Бұл надан да көптің ішінде болғандықтан, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Өлеңнің сиқыры, сөздің қапысы осы екінші шумақтың үшінші, төртінші жолына жасырылған. Бәйтерек бетімен өзінің көлеңкесін күндегені қалай? Алдыңғы шумақта тоғызға дейінгі сандар мен нөлді – тұлға мен халық жайын сөйлеген ақын екінші шумақта басқа ойға ойысып кетті ме? Жоқ! Керісінше, әлгі саялы бәйтерек тұлға болғанда, соңындағы ел соның көлеңкесі екен ғой. Көлеңкесі өзінен үлкен. Күндемей қайтсін? Бәйтеректен ұзарып кеткеніне көлеңке де кінәлі емес. Айналып келгенде, жалған, өтпелі дүниедегі пендеуи күйкілікті меңзейтін бәрібір бір баянсыздық тұр соңында. «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек...» демей ме хакімнің өзі.

Абай мен Әлихан

Алаш арысы Әлихан Бөкейхан мақалаларында Абай өлеңдерін кеңінен қолданғанын білеміз. Қазақ даласындағы алғашқы абайтанушы да Әлекең екені талас тудырмаса керек. Кемеңгер Абайды қазақтың Бас ақыны танып, ол бақиға аттанғанда, исі қазақ арасынан тұңғыш рет некролог жазып, «1904 жылы Абай өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жолдаған» да Алаш көсемі еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Қазақтың Бас ақыны» мақаласында Абай хақында «Ғалихан Бөкейхановтың айтуынша» деп сөйлегеніне қарағанда, сол кезде Хакімді Алаш арысындай таныған жан болмаған қазақта. 1907 жылы орыс баспасөзінде жарық көрген «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» некрологында ақын өлеңдерін қазақша-орысша талдайды Әлекең. Қазақ газеттерінде болса да, болмаса да солай ғой. Мәселе, Әлекеңнің Абайдан келтірген кейбір үзінділерінің қуаты ақынның жинағындағы шумақтардан күштірек. Бір шумақтағы жалғыз ауыз сөздің бірер әрпін өзгертіп кеп жібергенде, өлеңнің ішкі қуаты артып шыға келеді. Мәселен, Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңін Әлихан бір емес, екі-үш мақаласында қолданған. Соның бірі – Евгений Михаэлис қазасына байланысты «Қазақ» газетіне 1913 жылы берген «Офат» некрологы («Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағы», ІІІ том. «Сарыарқа», Астана, 2009. 518-бет). Автор мұнда өлеңнің алғашқы шумағын «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп емес, «Өлсем әурем қара жерсіз болмай ма?» деп бастайды. Бұл жерде Әлекең осылай жазды ма, жоқ баспадан қате кетті ме, анығына жету қиын. Себебі, Әлекеңнің «Қазақ» газетіне 1914 жылы «Мұсылман сиезі» деген атпен жарияланған мақаласында «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» болып тұр («Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағы», V том. «Сарыарқа», Астана, 2009. 380-бет). Ал, біз сөз етіп отырған өлеңнің екінші шумағындағы мына сөз еріксіз назар аудартады. 
«Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма?» болса, 
Әлекең:
«Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып, артыққа сөз болмай ма?» деп жазады. 
«Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз» немесе «Сәулең болса кеудеңде» дейтін ақын мұны (артыққа сөз болатынын) «Базарға қарап тұрсам, әркім бара» өлеңінде де айтады. 
«Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, 
Іздегені не болса, сол табылар. 
Біреу астық алады, біреу – маржан, 
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар... 
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар. 
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, 
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. 
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? 
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар. 
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, 
Біреуден біреу алып, елге тарар. 
Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой, 
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. 
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, 
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар?!» дегенде хакім сөзін әркім ақылы жеткенше пайымдайтынын аңғартып тұрған жоқ па?
Сондай-ақ, біз жоғарыда әңгімелеген жырында
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп даралығын айтып өткенін ескерсек, Ә.Бөкейхан нұсқасы қисындырақ сияқты. 
Абайдың «Арғын, Найман жиылса, 
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды-ау!
Тобықтының езіне» дегенін Әлекең «Тобықтының ізіне» деп аяқтапты.
Ал, «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл» өлеңінің екінші жолын
«Көзбен көр де, ішін біл» деп таңбалайды. Және осылардың бәрі жоғарыда көрсетілген екі мақалада ғана емес, тағы басқа жазбаларында айнақатесіз кездеседі. Әлихан Бөкейхан еңбектерінен екі-үш қайтара оқып, Абайдың өлең кітабынан қайта оқығанда, жинақтағы «қате» көзге ұрып тұрғандай әсер қалдыратынын неге жасырайық? Біздікі кесімді сөз, шешімді тұжырымға жатпайды. Дегенмен, көрген-білгенді, көкейге түйгенді ортаға салу – парыз. Ар жағы абайтанушы ғалымдардың еншісіндегі дүние.

Арманнан қабылдап алған эстафетаны аға, дос, ақын Miras Asan әріЕрболат Куатбек (Ерболат Қуатбек) ақынға жолдаймын!