ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: «АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ...»

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: «АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ...»

Оқылған 3671 рет

«Ата-анаға көз қуаныш...»
(Арман ұсынған эстафетаны жалғадым)
Абайдың бұл өлеңі 1890 жылы жазылып, ұлы Ақылбайға арналған. Бұл өлең туралы М. Әуезов: «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңді Ақылбай деген баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан. Бірақ Ақылбай күндегі өмірде талапты, пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішіндегі ең таланттысы болған. Бұл ірі ақын және музыкант-домбырашы, скрипкашы, ән шығарғыш болған,» - депті. Екі томдық сырты қара академиялық жинақты Абайдың ең жақсы жинағы ретінде қарастырады абайтанушылар. Себебі бұл 1957 жылы М. Әуезов өзі бастан-аяқ алты ай қатысып, құрастырылған, ғылыми түсініктер жазылып, соған дейін шыққан әр жылдардағы жинақтар мен қолжазбаларға текстологиялық салыстырулар жасалып жарыққа шыққан екі томдықтың жалғасы. Абайдың 150 жылдығына орай қайта жарыққа шыққан екі томдыққа дәл Әуезов сияқты басшылық жасап, қадағалаған – Қайым Мұхамедханұлы. Осы кітаптың соңындағы бұл өлеңге қатысты түсінікте: «Өлең Ақылбайға делініп, 1933 жылы тұңғыш рет жарияланған» дейді. Ал академик З. Ахметов «Текстология жайында бірер сөз» атты Абай өлеңдерінің мәтініне байланысты мақаласында: «1916 жылы Самат Әбішұлы шығарған «Абай термесі» атты кітаптың құндылығы – онда бұрын жарияланбаған бір топ шығармалар басылған. Олар – бірінші қара сөзі мен «Ата-анаға көз қуаныш», «Тайға міндік», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» және бірнеше өлең,» – дейді. 
1945 жылғы жинақта берілген түсінікте бұл өлең Ақылбайға арнап Оспан қайтыс болғанда шығарылған делініпті. Және соңында: «Мүрсейіт жазбасында бұл өлеңнің аяғына осы өлшеумен жазылған «Тайға міндік, тойға шаптық» деген өлең келген. Онысы бөлек жіберілді,» – деп жазылыпты. Ал ресми Абай жинағы деп шығарылған жинақтарға бұл өлең 1939 жылы еніпті. Демек бұл екі өлең о бастан екі бөлек туынды. Және 1933, 1939 жылдары емес, одан бұрын «Абай термесі» деген кітапта екі бөлек шығарма ретінде жарық көріп қойған. Ал Оспан өліміне байланысты дегенге Қайым Мұхамедханұлы Оспанның 1891 жылы қайтыс болғанын еске салады.( Осыған қарағанда кейінгі 1995 жылдан бері жарық көріп келе жатқан қос томдықта текстологиялық, даталық, фактілік қателер болуы әбден мүмкін. Абайдың 175 жылдығына орай қайта басылатын жинақтарына редколлегия мұқият болатын шығар). Қалай болғанда да бұл екі өлең – бала тәрбиесіне Абайдың қалай қарайтынын, қалай қарағанын көрсететін шығармалар. 
Абай өз ортасында, әуелі отбасында бала күннен ғылымға, оқуға ерекше ден қойып өсіпті. Әкесі Құнанбайдың Ахмет Риза медресесіне, одан орыс мектебіне оқуға беріп, Абайдың білім алуына ерекше көңіл бөлгенінің өзі осыны сездіреді. Және Құнанбай өз ауылында молда ұстап, ауыл балаларының бәрінің сауатты болуын, мұсылманша хат тануын қадағалаған. Оқуға зерек Абайдың өзі де ынталы жүрегін кітаптан ешқашан бұрмаған. Ел ісіне араласып, оқудан бір кездері алыстаған уақытын «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі арқылы өкінішпен еске алады. Және осы өлеңінде ғылымға деген айқын мақсаты жазылады. Мақтан, дүние үшін емес, таза білу үшін, ғылым үшін бала оқытқанын осы шығармасы арқылы білеміз. Ақынның өзі ұл-қыздарын түгел оқуға береді. Айналасында оқуға ынтық кедей балаларын да өзі пұлын төлеп, оқытады. Бұның бәрі Абайдың балаға деген, оның астарында болашаққа деген көзқарасын айқын аңғартады. Ал бұл өлеңде бала қандай болмау керек, я баланы қалай тәрбиелеу керек сол турасына сөйлейді. Өлеңге екі жақтан қарайсың. Әуелі қандай болмау керек. Екінші соның ар жағында жасырынып, қарама-қайшы жатқан ой. Демек, сондай болуы керек. 
Ең алдымен бала кім? Ол – ата-анаға көз қуаныш. Бірақ қай кезде көз қуаныш болады? Баланың бәрі көз қуаныш па? Абайдың «Рақымшалға» деген өлеңін есіңізге алыңыз. 
Сұлу аттың көркі – жал,
Адамзаттың көркі – мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет – қызық, бала – бал.

Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рақымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген Құдай, өзің ал.
Демек баланың бәрі көз қуаныш емес қой. Ал Абайдың осы өлеңі қайткенде бала көз қуаныш болады – сол жайында. Ал олай болмағанда не болады, соны ашық айтады. Ең алдымен мына кезді көресің.
Ата-анаға көз қуаныш – 
Алдына алған еркесі. 
Көкірегіне көп жұбаныш, 
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті.
Ер жетті,
Не бітті?
Баланың бәрі кішкене күніңде, алдыңда отырғанда – көз қуаныш. Осы бала өскенде кім болады, не істейді, бұлай болса, мұндай болса деу арқылы ой өлкеңді қиялыңмен гүлдендіріп, сол арқылы жұбаныш табасың. Әр бала әр ата-ананың «үміт еткен көзінің нұры». Ал уақыт өтті, бала өсті, кім болды? Бар қолдан келгеніңді жасағанда, ойыңдағыдай бала өспесе, не күй кешпексің? 
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті.
Бар құйып жатқан, бүгінгі тілмен айтқанда инвестицияңнан үміт қыласың. Жасында жақсылық күтіп, оның алдыңнан шықпаса, босқа дәметкен боласың. Қайран уақытты босқа өткен жоқтайсың. «Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» деп осы кезде опынасың. Ал осы ойдың, осы сезімнің үзілмеген жалғасы мынау:
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса.
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса – 
Үміті қайда, 
Соны ойла,
Абайла! 
Бұл жерде Абайдай өнерлі әкенің көңілі. Балаға қояр талабы сол – білім берді, оқытты, демек, артық өнер туу керек. Өнер туу үшін әке де өнерлі болмағы керек. Абай өз бағасын, бала бағасын да біледі. Абай кісі таниды. Демек, бұл өлең Ақылбайға арналып тұрса, одан міндетті түрде артық өнер шығу керек еді. Бірақ кешігіп жатыр. Шықпай жатыр. Үміті қайда? Абай Ақылбайдың талантын сөз жоқ таныды. Және сол артық өнерді күтті. Күткені шықпаған соң да, осылай қайғы артады. Бұл жерде өлеңнен бөлек, Абай кісі танығанына шүбә келтірмеу керек. Ұзын сирақ Омарды, Бесбесбайды, Нұрмұхамед балуанды жүріс-тұрысынанан, дене бітімінен-ақ таныған оқиғаларын білеміз. Оған қарағанда Ақылбай өз баласы ғой. Әбден біліп отыр. Білген соң да, айыптай сөйлейді. Бұл жерде ақылды, өнерлі, шолжаң, бірақ сонысын сыртқа шығармай жүрген балаға деген әкенің үмітті өкпесі. Артынан жақсылық күткен аз ғана назы. «Соны ойла, Абайла!» дейді. Ескертеді. Бір жола Рақымшалға айтқан сөзіндей ғып кесіп ештеңе айтпайды. Ыммен, өкпемен сездіреді. Өнермен жеткізеді. Ал соны ұққан бала өнерлі емей не? Өнерлі емес балаға, өлеңмен әке сөз айта ма? Жоқ! Бұл жерде екі жақтың да мұраты бір екені анық. 
Сүйер ұлың болса, сен сүй, 
Сүйенерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла –
Не пайда?
Әкенің бір арманы – сүйенерлік ұл көру. Сүйенер ұлды сүйсең, сүюге де ол жарайды. Сүюге жараған ұл, сөз жоқ, сүйенерге жарайды. Ал құр мақтан қуған, қызық қуған масылдың өмірі өтеді. Не оған айла да табылмайды тура жолға түсіретін. Не істесең де – бәрібір. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген осы кез. Бала ержеткен соң, өскен соң, буыны қатайған соң, не істесең де қабылдамайды. Не ексең де, жас күнінде ек деген емеурін жатқан жоқ па?! Бұл жерде Абай баланың кеудесінен итермейді. Қайта ақыл айтады, баурына тартады. 
Жалпы Абайдың тәжірибесінде балаға, білімге ерекше қарайды. «Интернатта оқып жүр», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», оған қоса Әбдірахманға арналған өлеңдерінің дені – Абайдың балаға қояр талабы. Мекемтас Мырзахметовше айтқанда, Абай ойындағы баланың идеалы – Әбіш. Әбіштің бойындағы қасиеттердің бәрі – Абайдың әке ретінде көргісі келген қасиеттер. Бұл өлеңде – Абайдың әке ретінде көргісі келмейтін қасиеттер. Яғни бұл өлеңдегі теріс қасиеттердің бәрінің оң жағын қарасаңыз, Абайдың бала бойынан көргісі келетін қасиеттер шығады. Әу баста өлеңнің екі жағы дегеніміз осы. 
Зарланарсың, ойланарсың 
Не болам деп енді мен. 
Құрбылардан қорланарсың, 
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз пенде
Көрдің бе,
Өміріңде? 
Осы шумақтың алғашқы тармақтарындағы ой түсінікті ғой. Әкеден сөз естіген ұл ойланады. Және оның ойланатынына әкесі сенеді. Демек екі жақта диалог бар. Енді «қайғысыз пенде көрдің бе?» дейді. Осы қайғы, уайым – Абай үшін өлшем, я қасиет. «Уайымсыздығыңа уайым қыл!» дейді өзі. «Уайым – ер қорғаны, есі барлық,» депті тағы. Ер азаматтың уайым шеккені, яғни ел ойлағаны, шаруа ойлағаны, жалпы ойланғаны дұрыс. Ал уайымсыз, қайғысыз, құр тамақтың артын қуу жаңағы өзі айтып отырған құр масыл би болу ғой.
Тәңірі сорлы етсе пенде,
Не бітірер құр жылап. 
Жігері жоқ, ақылы кенде, 
Жамбасыңнан жат сұлап!
«Бір жаман мен бе?»
Дедің бе
Көңіліңде?
Бала ер жетсе, жастайынан зерек болса, артық өнері шығып, ата көңілі жанса, үй танып қана қоймай, ел таныса, шаруасын ұғып істесе, сүйсе, сүйенерге жараса, масыл болмаса, сүйретіліп жүрмесе, зорланбаса, құрбыларын көріп қорланбаса, уайымы болса, жігерлі боп, жамбастап жатпаса – әке талабы сол. Әке баланы сөкпейді. Не еккен соң, соны орғысы келеді. Ал оған бала жарамаса, айла жоқ. 
Абай бұл өлеңде әке ғана емес, ақылшы. Бағбан. Қамқор. Осы айтқан сөздер рас болса, «жамбасыңнан жат сұлап!». Рас болмаса, тұр, ойлан, абайлап жан-жағыңа қара дейді. Көңіліңде ғана ойланып тұрма, ойыңды ашық айт дейді. Абай диалогқа о бастан ашық. Және тәрбиеге де о бастан мән берген. Өзін-өзі өмір бақи тәрбиелеп өткен ақын, өзгелерге де мәңгі қамқор болды.
1945 жылғы жинақта осы өлеңге түсінік жазған кезде, «Тайға міндік, тойға шаптық» өлеңін осы өлшеумен жазылған деп айтқаны тегін емес. Бұл өлеңнің өлшеуі өзгеше. Абайдың ақындық қуаты ерекше сезіліп, түрі жаңа өлеңдер жаза бастаған кезінде жазылған бұл туынды өлшем жағынан да, ритм, графика, құрылым жағынан да қазақ өлеңіне жаңалық боп кірген туындыларға жатады. Бұл жағынан ол орыс поэзиясы арқылы еуропалық үлгіні алып отыр. Г. Бельгердің «Абай және Гете» эссесінде Абайдың бұл өлең құрылыстарын неміс шайырының туындыларымен салыстырып, ұқсатып келтіретіні тегін емес. Расында Абай Әуезов айтқан өзінің үш бастауына қоса, төртінші бастауы болды. Оған Бельгер ақсақал айтқандай, орыс әдебиеті арқылы жетті.
Мен өз кезегімде Абайдың бір шығармасын талдау эстафетасын қос Нұрекеме – Мағаштайдың әкесі Nurbek Tusiphan ағама, досым Нургиса Кайралаповқа жолдаймын.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.