ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Кенжехан МАТЫЖАНОВ: АБАЙ ТОЙЫ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Кенжехан МАТЫЖАНОВ: АБАЙ ТОЙЫ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Оқылған 1241 рет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семей өңіріне сапары кезінде айтқан сөзін Жарлықпен бекітті. Бұл – шынында да халықтың көптен күтіп жүрген құжаты болатын.  

Ал, бұлардың сыртында бүкіл ел болып атқаратын істерді «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарға» енгізіп, бекітуді тапсырған. Міне, осы ортақ іске ой қосып, ұсыныстар айту – әрбір алаш азаматының парызы болса керек. Соған орай, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көтеріп отырған біраз мәселені ортаға салуды жөн санадық:  

  1. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен, 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 7000 данамен жарық көрген. Қазір бұл басылым библиографиялық сирек кітаптар қатарына қосылды. Қалай болғанда да, ұлы ақын шығармаларының арғы-бергі басылымдары мен қолжазбаларын толық қамтып, кеңінен салыстырулар жасап, терең түсініктер берген толымды еңбек – осы екі томдық. Жинақты дайындауға абайтану ғылымының білгірлері З.Ахметов, С.Қирабаев, Қ.Мұхаметханов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұловтар қатысқан. Сондықтан осы басылымды негізге ала отырып, Абай шығармаларының толық академиялық жинағының ғылыми басылымын бір сүзгіден өткізіп, толықтырып, мол таралыммен, цифрлық нұсқасымен қайта басып шығару керек.
  2. Екінші үлкен мәселе, ақын шығармаларын қазіргі заманауи форматта, әсіресе жастар арасына жаңа технологиялармен насихаттау. Соған орай, Абайдың таңдамалы шығармаларының аудио нұсқасын танымал әртістерге оқытып, цифрлық нұсқада жаңа құралдар арқылы (мәселен, смартфондар қосымшасы ретінде) кеңінен тарату. Оның жекелеген үлгілері қазір қолданыста бар. Үкімет соны жүйелі жолға салғаны жөн.
  3. Кезінде М.Әуезов қалыптастырған «Абайтану» ғылымы қазір іргесін кеңейтіп, жүйелі түрде оқытылуға тиісті арнайы пәнге айналды. Бірақ осы саладағы ізденістер мен жетістіктер ғылыми жүйеленіп, арнайы дәрістер курсы ретінде жарық көрген емес. Қазір білім мекемелерінде маманданған абайтанушылар да, осы дәрісті оқып жүрген мамандарға оқу құралдары да жетіспейді. Сондықтан абайтану жөніндегі арнайы дәрістер курсын әзірлеп, оны цифрлық нұсқасымен қосып таратуды қолға алу қажет. Ондай курсты әзірлеп беруге М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандары даяр отыр.
  4. Бүгінгі күні Абайдың өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған еңбектер қомақты көлем құрайды. Мәселен, А.Байтұрсынұлының, Қ.Жұбановтың, М.Әуезовтің, А.Нұрқатовтың, Т.Әлімқұловтың, Қ.Мұхаметхановтың, З.Ахметовтің, М.Мырзахметовтің бүгінде классикалық зерттеулер қатарына қосылған әйгілі еңбектерін «Абайтану антологиясы» деген атпен ұлы ойшыл жөніндегі таңдамалы еңбектер ретінде басып шығаруға болады.
  5. Сол сияқты Абай ілімі шетел зерттеушілерінің де назарын көптен аударып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Абай ілімі қазақтану ілімінің көрінісі ретінде таныла бастады. Тіпті, әлем саясаткерлерінің өзі Абайдан мысал келтіре сөйлейтін болды. Сондықтан қазір «Абай ілімінің әлемдік өрісі» деген тақырып зерттеуге сұранып тұр. Мерейтой қарсаңында бұл мәселені де саралап, ел назарына ұсынудың реті келді.
  6. Қазіргі ең көкейтесті мәселе – Абайды қалың қазақтың жүрегіне орнықтыру. Ол үшін ақын шығармаларын оқу керек, жай оқып қана қоймай, жатқа білу керек. Бұл орайда, жас ұрпақты ақын «жүрегіне терең бойлатудың» бір жолы ретінде алдымен республиканың барлық білім мекемелерінде «Абай оқулары» деген атпен Абай шығармаларын жатқа оқу байқауларын өткізу керек. Абайды тек жастар ғана емес, қазіргі іс басында отырған мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер де жете білсе, «рухани жаңғырудың» қарқыны қазіргіден еселеп арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл байқауды жалпыхалықтық қозғалыс ретінде өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. 
  7. Әлемдік өркениетті елдердегі сияқты ұлы ойшылдың туған жері мен табаны тиген орындардың барлығын зиярат етіп барып, тәу етіп қайтатын қастерлі мекенге айналдыру мәселесі де өз кемеліне келе қойған жоқ. Бұл, әрине, жан-жақты дайындықты қажет ететін, жұрт болып жұмыла кірісетін күрделі шаруа. Міне, соның басын осы мерейтой кезінде қолға алуға болады. Мәселен, келесі жылдан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен Семей өңіріндегі Абай есіміне байланысты киелі орындарға мақсатты түрде туристік сапарлар легін ұйымдастыруға болады және оны жүйелі жалғасатын тұрақты дәстүрге айналдыру қажет. Соның бір үлгісі ретінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Семей жеріне «Абай жолымен» ғылыми-мәдени кешенді экспедициясын ұйымдастыруды мақсат етіп отыр.

 

                   Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының директоры

 

"Қазақ әдебиеті" газеті

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.