ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • М. МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ЖАҢА ТАНЫМ ҚАЖЕТ

М. МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ЖАҢА ТАНЫМ ҚАЖЕТ

Оқылған 1621 рет

Абайдың толық адам ілімінің болмысын жан-жақты тереңдете зерттеп меңгеріп алуға, онда қол жеткен жетістікті қоғам игілігіне айналдыруға бар күш-қуатымызды жұмсау – қоғамның қажеттілігіне айналып отырғанын түсінетін уақыт жетті.

Абай мұрасын танытудағы қуатты құралдың бірі – «Абай» энциклопедиясы ойшыл, хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басылым көрді. Бірақ шынын айтсақ, бұл энциклопедия асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмады, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап, қақпайлай берудің қажет еместігін Қытай компартия жетекшілері өз тәжірибесінен көріп, сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиет пен көркем өнер саясатқа тәуелді» деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екенін өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» – деп өте сындарлы пікір білдіруі – өмір ағысынан туындап отырған шындық екенін көріп сезінудеміз.

Абай мұрасының Шығысқа қатысын «Абай» энциклопнедиясында жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Абайдың орыс әдебиеті мен еуропалық мәдениеті шамадан тыс мадақталып, назар осы тарапқа молырақ аударылды. Ал, Абайдың дүниетанымы жайлы мәселелер қала, қалама, материалистік, атеистік таным тұрғысынан баяндалып, насихатталды. Кейде, тіпті, Абайтануға қатысы жоқ кездейсоқ лауазымы жоғары тұлғалар еніп кетіп, энцклопедияның ғылыми құндылығын төмендеткені де рас. Мәселе – осы кемшіліктен арылған энциклопедияны асықпай жан-жақты қарастырып, ақын дүниетанымын кванттық физиктер ұстап отырған жана дүниетаным негізіне сүйене отырып шығаруды қолға алуда жатыр. Жаңадан қолға алынып, басылымға даярланатын «Абай» энциклопедиясы өте биік талғаммен, әсіресе ақын дүниетанымының салаларын жаңаша көзқараспен танудың үстіне бұрынғы энциклопедияда қалың бұқара оқырманның санасына сіңірілген кеңестік идеология сарқыншақтарынан арылту, тазалауды басты мақсат ретінде ұстану – уақыт пен жаңа таным қажеттілігі деп ұғыну жөн.

МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

профессор, абайтанушы

("Қазақ әдебиеті" газеті)

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.