ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Серікбол Хасан: АБАЙ КОМИТЕТТЕ НЕ ІСТЕДІ?

Серікбол Хасан: АБАЙ КОМИТЕТТЕ НЕ ІСТЕДІ?

Оқылған 8191 рет

Заманында Семей өңірі Патша үкіметінің колониялық өлкелерінің бірі болғаны баршаға аян. Бұл қалаға Ресейдің түкпір-түкпірінен «саяси қылмысы» үшін айыпталғандар жер аударылды. Олардың Семейге келуі бір жағынан жұғымды болды. Қуғындалған қайраткерлер қол қусырып қарап отырмай, аймақтағы мәдени һәм ғылыми орталықтардың, түрлі ұйымдар мен мекемелердің құрылуына атсалысты. Сондай мекемелердің бірі 1878 жылы іргесі қаланған Семей облыстық Статистикалық комитеті болатын. Статистикалық комитет не үшін құрылды? Ол қандай қызмет атқарды? Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы бұл комитетте не істеді?

Статистикалық комитет хат­шысы В.Никитиннің құрастыруы­мен шыққан «Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 год с картою области» деген жинақта осы ұйымның бүкіл мүшесінің тізімі жарияланған. Сондағы мәліметке сүйенсек, комитетті қалалық әскери губернатор (ол кезде Чернавин) басқарыпты. Хатшысы  жоғарыдағы В.Никитиннің өзі, құрметті мүшелері қатарында В.Ильинский, П.Маковецскийдің аты көрсетілген. Ал комитеттің мүшелері С.Мирошниченко (1878 жыл­дың

18 желтоқсанында қабыл­данған), М.Суворцев, Е.Михаэлись (1883 жылдың 18 шілдесінде), А.Деров, Ибрагим (Абай) Құнанбаев (1886 жылдың 4 мамырында), Ф.Плещеев, А.Москвин, М.Сте­па­нов, С.Хабаров, С.Никитин, Н.Новопашин, П.Новопашин (1887 жылдың 7 қарашасында), А.Хахлов, В.Проскуряков, В.Маевский, А.Перву­шин (1887 жылдың 28 желтоқсаны), М.Федоров, 

М.Казанцев, Г.Гизлер, Д.Хлопин (1889 жылдың 10 мамыры), В.Пудовиков (1890 жылдың 20 желтоқсаны), К.Миролюбов, К.Рябинин, П.Шмейссер (1895 жылдың 6 ақпаны) болған.

Зерттеушілер комитетті құру­шы­лардың бірі орыс оқымыстысы Е.Михаэлис екенін жазады. Тіпті Абайды комитетке мүшелікке тарт­қан да осы Е.Михаэлис көріне­ді. Бұл жайында Шығыс Қазақстан облыс­тық Абай атындағы әмбебап кітап­ханасының анықтамалығында былай делінген: «Евгений Михаэлис – облыстық Статистикалық коми­тетті құрушылардың бірі болды және оның хатшысы қызметін атқарды. ...Семейде 1869 жылдан бастап ұзақ уақыт тұрып, қызмет істеді. Оның Ертіс өңірі қазақта­ры­ның өмірі жайлы зерттеу еңбектерін жазатыны да, оның ұсынысымен Абайдың облыстық Статистикалық комитет­ке құрметті мүше болатыны да осы жылдар. Ал кейін комитеттің тапсыруымен Абай қазіргі «Қара сөздерінің» ішіндегі ең бір ерекшесі «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» зерттеу еңбегін жазады». Соған қарағанда, Абайдың «Қара сөздерін» жаза бастауы оның ко­митет мүшелігіне қабылданған ша­ғымен тікелей байланысты секілді.

Абай Статистикалық комитетке қандай үлес қосты? Семей облысын­да және Семей қаласында санақ жүргізген адамның бірі Абай бола­тын. Бұл жайлы публист, профессор Кәкен Хамзин: «Абай мен Михаэ­лис­тің тізе қоса жұмыс атқарған жері – Семей облыстық Статистика­лық комитеті. Облыстық әкімшілік шенеунігі әрі Статистикалық комитет мүшесі ретінде Е.Михаэлис бас болып 1876 жылы бүкіл Семей облысы бойынша мал мен жанның, алынған өнімнің санағы өткізіледі. 1882 жылы 15 наурызда Семей қаласының өзінде бір күндік санақ жүреді. Облыстық санақ жұмысына ел басында болған Ибрагим Құнанбаев, хорунжий Арын Қазан­ғапов, Ысқақ Құнанбаев, Чернояр поселкесінің атаманы Потанин мықты бейіл береді. Сол кезде Қоңыркөкше болысының қызме­тінде жүрген Абайдың кирилицамен өз қолы қойылған статистикалық құжат бар», – деп жазады.

Семейдегі Абай кітапханасының сирек жазбалар қорында 1915 жылы көпес Плещеевтің баспасынан шыққан «Сельско-хозяйственный обзор Семипалатинской области за 1914 год» деген кітапша бар. Осы жинақта Абайдың, оның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдың, інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке шаруашылығына қатысты статистикалық мәліметтер келтіріл­ген. Жинақта Абайдың 7 жеке шаруа­­шылығы, 13 киіз үйі, 50 түйе­сі, 593 жылқысы, 51 ірі қара малы, 1417 қойы, 19 ешкісі бар деген мәлімет кел­­тірілген. Ал Шәкәрімнің 2 шар­уа­­шылығы, 2 киіз үйі, 8 түйесі, 106 жыл­қысы, 6 ірі қара малы, 385 қо­йы, 33 ешкісі бар екені көрсе­тіл­ген. Құ­жат­та бұл деректер­дің 1900 жыл­ғы есеп бойынша көрсетіл­ге­ні­не тү­сініктеме берілген. Мұн­да­ғы ста­­­тис­тикалық деректер айна­-қатесіз ақи­қат болмауы да мүм­кін. Алайда, Құ­нан­бай ұрпақтары дәу­летті бол­ға­нын тағы жоққа шыға­ра алмай­мыз.

Статистикалық комитет Семей өңірінің тарихы мен географиясы, этнографиясы, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты да тың деректер жинады. Комитет мүшелерінің бәрі дерлік осындай тың тақырыптарды індете зерттеп, ол еңбектерін ай сайын шығатын Семей облысының «Памятная книж­­ка» үнпарағына жариялап отыр­ды. Абай да осы «Памятная книж­каға» арнап бірқатар мақа­ла­ дайындады. Олай деуіміздің себебі, 1900 жылы жарық көрген «Памятная книжкадағы» Н.Кон­шин­нің «Заметки о происхожде­нии родов Средней Киргизской Орды» деген мақаласының авторы анығын­да Абай болатын. Бұл жайлы автор­дың өзі «Настоящая заметка, с под­строчными к ним объясне­ниями, составлена исключительно на основании слов одного очень извес­тного в Семипалатинской облас­ти киргиза (қазақ), не поже­лав­шего, чтобы его фамилия была напечатана. Киргиз этот (из рода Тобыкты, племени Аргын) выразил опасение, как бы сообщаемые им сведения не показались обидными для некоторых родов, любящих окружить свое происхождение вымыслами» деп жазып көрсеткен. Абайтанушы-ғалым Қайым Мұха­мед­ханов та бұл мақаланың Абайдікі екенін дәлелдеген болатын. Кім біледі, Н.Коншин, басқа да автор­лар­дың атымен «Памятная книж­ка­да» жарияланған Қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты мақала­лар­дың біразының авторы Абай болуы да ғажап емес.

Статистикалық комитет дерек­тер жинап-жазумен ғана емес, жер­гі­­лікті тұрғындардың мәдени өмірі­не қатысты тұрмыстық заттар жию­ды жолға қойды. Осылайша, Ста­тис­тикалық комитет жанынан 1883 жылы музей мен кітапхана ашылды. Қайым Мұхамедханов бұл кітапха­на­ны «Ол замандағы Сібір қалала­рын­дағы кітапханалардың ішіндегі ең байы» деп бағалаған болатын. Шынында, бұл жерден Батыстың атақты авторларымен қатар орыс қаламгерлерінің де еңбектерін табуға болатын. Одан бөлек 200-ге жуық мерзімді басы­лым­ды жаздыр­тып алып тұрды. Статкомитеттің бас­тамасымен ашылған бұл кітап­ха­на (қазіргі уақытта Абайдың есімі­мен аталады) бастапқыда ақы­лы түр­де жұмыс істеді. Яғни, пайдалану ере­жесіне сай оқырмандар або­нент­тік төлем төлеуге міндеттелді. Кітап­хананың алғашқы оқырман­дары қатарында Абай да болды. Ал музей ашылған кезде, Абай оның басы-қасынан табылып, қажетті экспонаттармен толықтырды.

1887 жылы Семейде Бастауыш білім беру қоғамы құрылды. Абай осы қоғамның да мүшесі болды. Ста­тистикалық комитетке қарап кел­ген кітапхана мен музей 1893 жылдың 1 тамызынан бастап осы Бастауыш білім беру қоғамының меншігіне өтті.

Бастауыш білім беру қоғамы Омбы фельдшердік мектебі, Томск техникалық теміржол училищесі, Семей мұғалімдер семинариясы, басқа да оқу орындарындағы жас­тар­ға демеушілік жасап тұрды. Абай да бұл қоғамға өз үлесін қосты. Атап айтсақ, осы қоғамның есебі жария­лан­ған «Отчет Совета общества попе­чения о начальном образова­нии в г.Семипалатинск за 1893 г» де­ген жинақтың 43-бетінде Абай және оның ұлдары Ақылбай мен Ма­ғауияның 7 рубль көлемінде қар­жы­лай қолдау көрсеткені жазыл­ған. Сондай-ақ Абай мен оның ұлдары Бастауыш білім беру қоғамы ұйым­дас­тырған мәдени шараларға да қаржылай үлес қосып отырған.

Дереккөз: aikyn.kz

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.