АБАЙТАНУ САБАҒЫ АЛМАТЫДА

Жақында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-лицейінде «Адамзаттың Абайы» тақырыбындағы жылжымалы көрме өткізілді.

Аталған көрмені тамашалауға қатысқан ұстаздар мен оқушылар «Абай терең теңіз, алып мұхит...», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Жер кіндігі – Жидебай» тақырыптарындағы танымдық сабақтар бойынша Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы және ақынның айналасы мен ақындық өнер мектебіне қатысты мағлұматтарға қанықты.

Ұйымдастырылған көрме мен танымдық әңгіме аясында белсенділік танытқан оқушылар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорындағы асыл жәдігерлер және даналар туған ұлылар мекені туралы көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, Хакім Абай мұрасына зор қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, аталған жылжымалы көрмені алдағы уақытта Алматы қаласындағы №2 гуманитарлық педагогикалық колледжде және Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Адамзаттың Абайы» тақырыбында жылжымалы көрме Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын білуге құштар көреремендерін асыға күтеді.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің

баспасөз қызметі