ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • ТӨКЕН ИБРАГИМОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ

ТӨКЕН ИБРАГИМОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ

Оқылған 811 рет

18 ақпан күні Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ұлы Абайға адал шырақшы болған абыз ақсақал, ұлт мұрасының қамқоры, ұлы ақынның қара шаңырағын 34 жыл басқарған, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Төкен Смайылұлы Ибрагимовтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Абай мұрасының шырақшысы»  әдеби-танымдық шарасы ұйымдастырылды.

Төкен Ибрагимов

Т.Ибрагимовтың басшылығымен Абайдың әдеби музейі негізінде төрт көшеге қанатын жайған Абай қорық-музейінің Семейдегі бас кешені құрылды. Қазақстандағы Алаш арыстарына арналған тұңғыш «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейі, Абай ауданында – Көкбай Жанатайұлының, Шәкір Әбенұлының, «Шәкәрімнің саят қорасы», Үржар ауданында – Әсет Найманбайұлының музейлері өз жұмысын бастады.

Сонымен қатар, хәкім Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті мен өнері жайында зерттеу еңбектері арқылы есімі республикаға белгілі Төкен Смайылұлы Ибрагимов – халқымыздың ән-күй өнеріне пайымды да парасатты пікір айтқан сыншы, өнер зерттеушісі. Қазақ мәдениеті, өнері жайында жазылған ғылыми еңбектерімен халыққа есімі кеңінен танылған тұлға. Қаламгер «Өлең өрісі», «Оймен оңаша» атты кітаптарының, «Индираға хат», «Толқын толғау» монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелері және тағы да басқа жүзден астам әдеби-сын, әдеби-зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы.

Әдеби-танымдық шара Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбековтің құттықтау сөзімен ашылып, Т.Ибрагимовтың жары Нүрила Сәдуақасқызының иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді.

Абайтанудың абызы, тарих куәгері Б.Исабаев, көрнекті жазушы М.Сәрсеке, жазушы, ф.ғ.д., профессор, Төкен ағаның шәкірті Т.Жұртбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Т.Әбдікәкімов, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Ш.Жанаева Төкен аға жайлы естеліктерімен бөлісті.

  М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің студенттері Т.Ибрагимовтың шығармаларынан құрылған «Оймен оңаша» әдеби-музыкалық композициясын ел назарына ұсынса, Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармония әншілері Б.Омаров, Б.Түктібаев Абай әндерін орындады.

Ұлы ақынның музейінде Т.Ибрагимовқа арналған «Абай мұрасының шырақшысы» кітап көрмесі ашылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, Т.Ибрагимовтың отбасы мүшелері қатысты.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің баспасөз қызметі

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.