ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

АБАЙ ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН

Оқылған 1561 рет

Шағыл. Абай әлемі десек, ақынды тудырған қасиетті мекен, бауырына талай тылсым сырды бүгіп, тарихи кезеңдер мен небір ұлы оқиғалардың куәсі болған тарихи жерлер көз алдымызға келеді. Шыңғыстау өлкесіне барар жолдағы ұлы ақын есіміне, ақындық-өнер айналасына байланысты тарихи жерлердің бірі және алғашқысы - Шағыл деп аталады. Қазір бұл жер Семей қаласына кіреберісіндегі аэропорт маңы.

 

«Абай жолы» романында сан рет суреттелген бұл жер Абай заманында қала халқының ат шабыс, палуан күресі өтетін жазық дала болатын. Сол жиынға Абай да талай рет қатысқан.

Абай – өнер-білімді өрісті елден іздеген. Сондықтан балаларын қалаға жиі жіберіп отырған. Ән мен күйге бейім, жүрегі жомарт Ақылбайды Мұқаға ертіп, «өнер мен кәсіп үйреніңдер» деп алты ай Семейге жіберіпті. Сол жолы скрипкашы Мұқа етікшілікті, ағашшылықты, ал Ақылбай сырнай мен скрипкада орыстың «Болниязын», «Түрік сарбазын», татардың «Баламискин» тәрізді саздарын, орыс, поляк, татар әндерін үйреніпті. Мөлшері уақыт бітіп, елге бет алған қос жолаушы Шағылға келіп ат шалдырып тұрғанда Ақылбай: «Абай аға алты айда не үйреніп келдіңдер. Бойларыңа қонды ма, көрсетіңдер десе, қайтеміз, Мұқа? Онан да өнер базарлығы болсын, сол кісінің өзі орысшадан аударған бір өлеңіне ән жазайық», - дейді. Бұл пікірді Мұқа да құп алады.

Шағылдың бүйрегіндегі бұлақ басына кешкі күнмен жарыса аттан түсіп, айлы түнде екеуі скрипканы дала желімен ызыңдата, ұзақ таңға құлақ күйін бұрайды. Ойларына ырғағы мен мақамы жағынан әнге икемді «Сұрғылт тұман дым бүркіп» атты жолдар түседі. Қос скрипкашы қосыла безілдетіп, өздеріне таныс, құлаққа сіңген орыс музыкасының ізімен ән әуенін іздейді. Абайдың бұл өлеңі А.Дельвигтің «Не осенний мелкий дождичек» деп басталатын романсы. Таң бозара атып, бозторғай сайрағанда Шағыл бойын скрипка сазы әуенге бөледі. Ақылбай сабырлы, қоңыр даусымен баяу әндетті.

Ол:

Сұрғылт тұман дым бүркіп,

Барқыт бешпент сулайды.

Жеңіменен көз сүртіп

Сұрланып жігіт жылайды.

 

Әйелмісің жылама,

Тәуекел қыл құдайға!

Өлең айт,

Үйге қайт!...

 

Бұл жолдардың сері көңілді Ақылбайдың жүрегін қозғауы «өлең айт, үйге қайт» деген тіркестер өз сапарына орайлас келуі әннің шығуына тікелей әсер еткен. Осындай мәдени салтпен барғанда Абай: «Әй жарайсың, Ақылым. Түртпектеген ана Мұқа ғой. Өзім де соны күткем. Киімің олақ, көңілің – көл-ақ, Ақыл, сені ширасын деп ем. Түзеліпсің, ақтадың», - депті.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.