ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ: "ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ"

Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ: "ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ"

Оқылған 1831 рет

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес»,- деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы, біздің атамекенімізді ерекше ардақ тұтады. Нұрсұлтан Назарбаев ұлт қасиетін осылайша ұлықтай отырып, өз ойларын одан әрі былайша тарқатады:«Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді».

 

1.ЕР ҚАЗАҚПЫЗ ЕЖЕЛДЕН

Шынында да біз, алты алаш өз қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?! Түсінген жанға, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қалың қазағына, әсіресе өскелең келешегіне арнап, байыбына бара алсақ, туған еліміз бен жерімізді ерекше мақтан етер дәйекті әңгіменің алтын арқауын тайға таңба басқандай айқындап беріп отыр.

Ұлы дала – адамзат өркениетінің киелі қайнары әрі қазыналы арқатірегі! Олай болса, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті». Республика Президенті бұл орайда өркениет мойындаған үш айғақты атап көрсетеді:

Біріншіден, протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр; екіншіден біздегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды; Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Елбасының еңбегін оқи отырып көкірек көзіміз ашылып, төбеміз көкке жеткендей әсер аламыз.

 Демек, біз ұлт тарихының уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталатынын бағамдай алмасақ...

Онда бұл ел шежіресінің ежелгі сақтар мен ғұндардан, көне дәуірдегі түркілерден жеткен асыл мұрасын естен шығарғанымыз. Яғни, ұлы даладан жер жүзіне тараған атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығын, дала өркениетінің зор технологиялық жетістігі – ежелгі металлургияны, рухани байлығымыздың айшықты белгісі – баға жетпес «аң стилі» өнерін, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – «Алтын адамды» өзге жұрттың қанжығасына байлап жібергеніміз.

Демек, біз ұлт тарихының бастауларын нақты білмесек...

Онда бұл ұлы даланың біздің дәуіріміздің I мыңжылдығының орта шенінде дүниеге келген барша Түркі дүниесінің алтын бесігі болғанын ұмытып, үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісі – Ұлы Жібек жолын, Қазақстанның алма мен қызғалдықтың Отаны екенін еш кешірімсіз естен шығарғанымыз емес пе?!

Демек, біз ұлт тарихын қазақ хандығы шаңырақ көтерген бес-алты ғасырмен ғана шегерсек...

  Онда бұл ұлы дала өзінің «ерекше елшісі сынды ұлы бабалары Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелгенінің» бағасына жетпеген парықсыздық болады.

Елбасының қазаққа өзіне-өзін танытатын арқатірек еңбегі – ұлт рухының ұлағатты жыр-дастаны деуге әбден лайық. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде, ұлттық мақтаныш сезімімен оқылатын «Ұлы даланың жеті қыры» өршіл  әрі өнегелі өткенімізге көзімізді ашады. Ол, сондай-ақ, ел мәртебесін бүгінгі күн биігінен байыптау арқылы ертеңгі бағытымызды айқын бағамдауға көмектеседі.

Олай болса, «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясында атқарылар жұмыс ауқымы одан әрі кеңейе де нақтылана түседі деген сөз. Ендеше қазір алдымызда тұрған міндеттер қандай:

- «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, өлкентану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу;

- «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериалдар шығару, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін құру;

- «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару, деректі,  телевизиялық сериалдар мен көркем картиналардың циклін өндіріске енгізу;

Елбасы тарихи-танымдық туындысында өз ойларын түйіндей келе мынадай тұжырым жасайды: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Өкінішке қарай, бізді бірнеше жүздеген жылдар бойы ұлттық мақтаныш емес, өзгеден өзін кем көрген қорқыныш сезімі билеп келгені мәлім. «Үрей синдромы... ол үш ғасырға созылған ақ патша мен қызыл империяның құлдық қыспағы мен қанды қырғынының санаға салған лаңы. Кеңес заманының зардабы, тіпті төл әдебиетіміздің Абайтану саласына да кеселін аямай тигізді.

Алаш арыстары аман болса, бұл қорлыққа, әлбетте еш төзе алмас еді,  олар тірі тұрса, ел-жұртын езгіге салдырып қойып қарап отырмасы белгілі. Қандықол  диктатура мұны жақсы білді және қазақтың көшбасшы қайраткерлерін жусандай жапырды. Арыстардың аз ғана шоғыры ел келешегі үшін аға буын аманатын арқалап, ауыр мұңға батқан күйі қала берді. Бірақ, елжанды ерлер қолдарына қару алмағандарымен туған халқына айтар сөзін қызыл үкіметтің қырағы бақылауында отырып-ақ санамызға құя берді.

Міне, әлем әдебиетінің жауһары – «Абай жолы» роман-эпопеясы сол ұлт санасын сілкінтудің жарқын айғағы. Амал қайсы, кеңестік насихат сөз сардарын да жан-жақтан матап ұстап, Абай аманатын да, Әуезов сөзін де қалың көпшіліке бұрмалай түсіндірді. Тіпті, тәуелсіздіктің ширек ғасыр белесінен асқанда да ғұлама Мұхтардың қалам құпиясының сырын түсінбей жүргендер аз емес. Әйтпесе, романдағы дала данышпаны Құнанбайды танымау, әке мен бала арасындығы терең түсіністікті байқамау тіпті де мүмкін емес.    

Мұхтар Әуезов туған халқының тарихын таптатпай, иісі түркі жұртының Абай секілді ұлы тұлғасын ұлықтай отырып та Құнанбай тұлғасына титтей де көлеңке түсірген емес. Ғұлама, тіпті, тарихқа, әдебиет пен өнерге қасаң таптық көзқарас тұрғысынан темірдей тәртіп орнатылғанына да қарамастан жанқиярлық қажыр-қайрат танытты. Ұлы даланың сап алтындай салт-дәстүрлері мен тағылымы зор тәртібін, хәкім Абайдың аманатын көкірегімізге құйып, еңсемізді түсірмеуге жан қуатын да, қалам қуатын да аймай жұмсады.

    Алайда, Абайтану тарихын зерделей келгенде Ұлы Абай мұрасына көпшілік қаламгердің байдың, қанаушы таптың өкілі ретінде теріс айналып, асыл мұраны туған ұлтына қайтарудың Әуезов бастаған аз ғана шоғырға қаншалықты азапқа айналғанын көреміз. Қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұқановтың өзінің Абай мен оның мұрасына деген әуелгі теріс көзқарасын «мен қаналушы таптың өкілі едім ғой» деп, ақталғандай  түсіндіруі-ақ көп жайды аңғарса керек. Бірақ, кейін солардың бәрі, әрине Сәбит Мұқанов та өз қателіктерін мойындап, Ұлы ақын жайында іргелі монографиялық зерттеу жазғанын білеміз.  

С. Мұқанов Қазақстан жазушыларының 1934 жылғы тұңғыш сьезінде жасаған баяндамасында, 1935 жылы қазақ поэзиясы жайында жазған мақаласында бұрынғы социологиялық ой-пікірлерінің сілемі көрінгенімен, көркемдік таным-білік биігінен ой айтып, пікір түюдің лебі есе бастады. Осы екпін қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің сорпа бетіне шығарларын сыпырып әкетіп жатқан 1937 жылы Сәбит Мұқановтың «Абай – халық ақыны» деген принципті мақаласынан айқын көрінеді. Бұл мақала Абай туралы толымды да көлемді зерттеу жасауының басы еді.

 Абайтанудың қарама-қайшылыққа толы шежіресі өз алдына жеке әңгіме. Ал, ұлы даланың батыр да дана перзенті-қазақтың өз қадірін жоғалта бастауының себептері көп. Соның бірі – кәпір патша енгізген  «Сексеуіл» саясаты қазақтың сорына айналып, намысымызды жауға жығып берген болатын.

 

                            2. «Сексеуіл» сойқаны немесе Алашпыз данасы бар Абайдай

               

Рас.

Біз «мың өліп, мың тірілген қазақпыз».

Егемен ел болған жиырма жеті жыл ұлы тарих көшінде қас-қағым ғана сәт. Көзіміз енді-енді ғана ашыла бастағандай. Әрине, бәрі біз ойлағандай жылдам бола қалмайды. 

«Тәуелсіздік – ұзақ көш».

Оны үстіне кешегі империяның өз құрсауынан оңайлықпен босатып жібере салғысы жоқ.

Жылы сөзбен алдаусыратады, ал еркін жіберу қаперіне де кірмейді.

Етектен тартады.

Еңсеңді басады.

Тоқтамасаң, аяқтан шалады.

Тым құрыса, бір сүріндіргісі келеді.

Мертіктіруден де дәмелі.

Құлаған күйіңде тұраласаң, мойныңа мінгені.

Оның беті аулақ.

Қанатымыз қайырылмасын деңіз.

Сондықтан қазаққа ауызбірлік аса қажет.

Рас, империя мұрагері бізден айрылып қалғанына қатты налиды.

Қайта құлдану мүмкін болса ғой... Жириновский секілділердің аузымен жалаң-жалаң етеді. Ойына алғаны орындала қалса, енді оңалтпайды.

Күнің қараң онда.

 «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,/Ашуың – ашыған у, ойың – кермек» (Абай. Шығармаларының толық жинағы, «Жазушы», 2005 ж., 46-б.) Қырық жастың қырқасына енді ілінген ұлы ақынның жанына бататыны қараңғылық қапасы ғана емес: «Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,/Кім көңілді көтеріп, болады ермек?» (сонда). Туған халқының көзін ғана емес, көкіреген ашайын десе, отаршыл империя бодандық бұғауын одан сайын сығымдай түседі.

Басқыншыға, қазақтың оқығаны керек емес, елді билеп, төстеп ұстауға қажетті шала сауатты шолақ белсенділер болса жетіп жатыр. Ал, Хакімнің көздегені «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,/Әр нәрсеге өзіндей баға бермек./ Таразы да, қазы да өз бойында,/ Наданның сүйенгені – көппен дүрмек».

Бұған қарағанда, ақын өзі мойындайтындай, алдыңғы ұрпақ бақыттырақ екен. Замандастарының әрекеті «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,/ Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек./ Бір-екі жолы болған кісі көрсе,/ Құдай сүйіп жаратқан осы демек (Абай, сонда). Сөйте тұра жаңағы белсенділер «Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,/ Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек./ Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ, Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?».

Ал, мұндай ортада, бодандық пен надандық құрсауында жетілген жастан не қайыр: «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,/ Шошимын кейінгі жас балалардан./ Терін сатпай, телміріп көзін сатып,/ Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман».Заман өзгереді, адам да өзгерсе керек. Бірақ, кейбіреу заманға қарай күйлемек...

    Қараңғы қазақ «жақсы менен жаманды айырмаған» күйі ештеңені аңдайтын хәлде емес, «бас-басына би болған өңкей қиқым» бодандық батпағына белшесінен батуда. Осыны көріп, біліп отырған дертті ақын  елден үмітін үзгендей халде «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың/. Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,/ Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?/ Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,/ Сапырылды байлығың, баққан жылқың/.» (сонда, 46, 47,48,49-бб).

Қазақ ССР Ғылым академиясы 1979 жылы шығарған орыс тіліндегі  бес томдық «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» жинағының 3- томының 156-бетінде былай жазылған: «1817 жылы Бөкей хан және  1819 жылы Уәли хан дүниеден өткен соң Орта жүзде жаңа хандар бекітілмеді. Патша әкімшілігі «Сібір қырғыздары туралы» жарғыға сүйене отырып хан билігін жойып, жаңа басқару аппаратын құрды.

Аталмыш жарғыны 1822 жылы Ресейдің ХIХ ғасырдағы мемлекет қайраткері Михаил Сперанский (1772-1839 жж.)  жасаған болатын... Осылайша Орта жүзде жаңа әкімшілік құрылымы мен сайлау жүйесі енгізіледі. Алты алаш оңбай алданып, патша әкімшілігінің айдапсал саясатының құрбанына айналды. «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,/ Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп,/ Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,/ Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп». Ол аз десеңіз «Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,/ Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып» (Абай, сонда, 48-б).   

Сайлау отаршыл биліктің әккі саясатының бір ғана қыры еді.  Ол зымиян әрекет Сперанскийдің «мұнда сексеуіл деген ағаш өседі екен. Оны балталап шабу екіталай әрі қатерлі. Сексеуілді біріне-бірін соғып қана сындыруға болады» деген қағидаты бойынша жүргізілді. Яғни, қазақты бір-біріне айдап сала отырып, өз арамызда араздық тудыру мақсат етілді және оған қолдары жетті де.  

Бұдан соң, ел ішінде алакөз арызқойлық өршіді : «Барып келсе Ертістің суын татып,/Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,/ Елді алып, Еділді алып есіреді,/ Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып... Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,/ Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып (Абай, сонда, 50).   «Пысықтықтың белгісі арыз беру,/ Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы», «Болыс, мал-жан аман ба?/ Мынадайға кез болдың/ Аума-төкпе заманда./ Ел билеген адам жоқ/ Ата менен бабаңда», «Мәз болады болысың,/ Арқаға ұлық қаққанға./ Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға»(57,79,85,).

Хәкім Абай жүрегі сыздай отырып терең ұлағат айтады: «Біріңді, қазақ, бірің дос/ Көрмесең, істің бәрі бос. (89). Бірақ, «Бір кісі мыңға,/ Жөн кісі сұмға,/ Әлі жетер заман жоқ./ Қадірлі басым,/ Қайратты жасым/ Айғаймен кетті, амал жоқ» (90), «Сөзімді ұғар елім жоқ... Моласындай бақсының/ Жалғыз қалдым – тап шыным!» (92), «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,/ Көңілінің көзі ашық,/ Сергек үшін (94). Амал қайсы, айналасында көңілінің көзі ашық  замандасы аз «Құтырды көпті қойып аз ғанасы,/ Арызшы орыс – олардың олжаласы» (103), оданда «Ұрысса орыс,/ Елге болыс,/ Үйден үрген итке ұсап» (115), «Барымта мен партия – Бәрі мастық, жұрт құмар./ Сыпыра елірме, сұрқия,/ Көп пияншік нені ұғар? (133), «Жоқ деп едің керегің,/ Топ жиып ең бір бөлек./ Кезек келер демедің,/ Ендігі керек қай керек?» (135), «Ел жайын біліп, қансаңыз,/ Айтайын құлақ салсаңыз;.. Кейбіреуі – зәкүншік,/ Оңдырмассып, берсе арыз (136), «Партия жиып, мал сойса,/ Бата оқисың, жейсің бас./ Басалқа сөз сенде жоқ,/ Айтқан сөзің «малың шаш» (137), «Сырты абыз бар,/ Желқабыз бар,/ Алты ауыз бар – өзге жоқ» (139).

Елбасы өз еңбегінде ерекше мақтан еткен ұлы даланың ұлы тұлғасы - ұлы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы! Амал қайсы, «Сексеуіл» саясатының қазаққа, тіпті Абай мұрасына салған сойқаны адам айтқысыз ауыр. Талай жылғы қудалаудан кейін, ең басты шығармасы «Абай» романының 1949 жылы Мемлекеттік Сталиндік сыйлық алғанына қарамастан 1953 жылы Әуезовке қарсы «Правда» газеті бастап берген шабуылға қалайша таң қалмассың?!  

Амал қайсы, кеңестің кеселдің көлеңкесі әлі де бізді өкшелеп қалар емес. Биыл халық қаҺарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Жау тылында жанпида айқасқан қайсар партизан Қайсеновті білмейтін жан кемде-кем. Ата аңызға айналған адам... ерен ерліктің ерекше үлгісі. Қасқырмен қасқырша қырқысқан қыран. Қарындастарын қойшы, орысы, украины және басқасы ерлігіне тәнті болған тарлан. Осындай ұлдары бар қазақтың құлдыққа жаратылмағаны ақиқат.

Қазір, әйтеуір егемен елміз. Бірақ, сол тәуелсіздікке тұсау болып отырған Кеңестер одағы дейтіннің кеселді елестері егемендіктің болашағына аса қауіпті. Сондықтан құр айқай емес, мықты Заң керек. «Отарсыздану туралы» заң керек. Бұл туралы бостандықтың алғашқы күндерінен бастап елжанды азаматтар туын ұстаған «Азат» және «Алаш» ұлттық қозғалыстарының белсенділері айтудай-ақ айтып келеді. Амал не, Павлодар, Петропавл, тіпті Қарағанды секілді қалаларымызда бір көшеге ат берудің өзі майданға айналуда.Біз болсақ, атамекендегі тыныштықты сақтағымыз келеді. Дұрыс, уақыт бәрібір біздің ұпайымызды түгендеп береді. Алайда, жас ұрпақтың санасы қазір уланып жатса, ертең олардын не күтеміз!?

Семейден Өскеменге жол тартсаңыз да бөтен елде келе келе жатқандай көңіл қоңылтақ отырады. Біздің көпшілігіміздің балалық шағымызға тап мынадай ну орман мен көкорай өлке бұйырмаған болатын. Шұрайлы да жемісті жердің бәріне Ресейден немесе Украинадан тұтас поселкелер мен хуторларды көшіріп әкеліп орната салғандай: Привольное, Азовское, Таврическое, Макеевка, Донское, Саратово, Отрадное, Украинка, Уланка, Герасимовка, Устькаменогорск... өз елінен ауып келген келімсектер бұл жердің бұрын атауы болмағандай, өз деревнялары мен хуторларының атын қоя салған. Тіпті ескі қонысын тастап, жаңасын Новая Украина деп атай салған.

Кейбір мерекелер де қылышын жалаңдатып, жан-жағына айбат шегуін қояр емес... 1941-1945 жылдарғы екінші дүниежүзілік соғыс – қанды қырғынның аяқталғанына 70 жылдан асса да Тойлату тоқтамауда. «Елу жылда – ел жаңа» дейді халық даналығы. Ұлы қайғыны жыл сайын думандатудың жөні қайсы!? Бұл кезіндегі Кеңес империясының қырғиқабақ саясатының сарқыншағы. Елу жыл Жеңіс деп, сүйіншілеткеніміз жетті емес пе?! 9 мамырды Соғыс құрбандарының, жазықсыз мерт болғандардың рухына құран бағыштап, марқұмдарға тағзым жасасақ ләзім. Әрине, ардагерлерді аялай отырып-ақ 9 мамырды Еске алу күні ретінде зердеге түйетін кез баяғыда жетті емес пе»! Ешкім де ұмыт қалмай, көзі тірі қарияларымызға құрмет пен қамқорлық жасау перзенттік парызымыз.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінен біз, қазақ өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен сабақ ала отырып, тек қана алға басу туралы жасампаздық ой түйдік.

 

                                          Болат Жүнісбекұлы,

                                          Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

                                          қорық-музейінің директоры.

                                       

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.