ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Т. ҚОЖАКЕЕВ: АБАЙ – САТИРИК

Оқылған 1131 рет

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға түгелдей қосылып, қоғамдық дамудың жаңа жолына түсті. Қазақ елінің экономикалық, рухани өмірінде елеулі өзгерістер, бет бұрыстар жасалды. Россияның озат әдебиеті мен мәдениетінің ықпал-әсері сахараға терең тарап, кең құлаш жая бастады.

Ол мұнда, біріншіден, айдалған, жер аударылған орыс революционерлері арқылы жетті. Е. П. Михаэлис, Н. И. Долгополов, A. А. Леонтьевтер патшалық құрылысқа қарсы ащы ажуа, өткір сөзімен күресіп жатқан орыс жазушы-сатириктерінің атын атай, шығармаларын таныстыра келді.

Абайдың тәрбиесінде 20 жыл болған немересі Эрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың өз естелігінде былай деуі — осының дәлелі:

«Семейде болғанда Абай ағама Михаэлис деген орыс досы үзбей келіп тұрды. Олар түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып тарқасады, мен олардың сөзін жете түсінбеймін, қонақтар кеткен соң Абай ағам мынадай жағдайларын айтады:

- Бұлар халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын оқымысты, білімді жандар екен.

Абай ағам оларды құрметтеп, сөздерін ықыласпен тыңдап, дүние жүзінде болып жатқан талас-тартыстың әрқилы жағдайын естіп-біліп, «бұлар менің күн шығысымды күн батыс етті. Дүниеге көзімді ашты» деп отыратын еді.[1]

Орыс сатириктері бізге, екіншіден, қазақтың өзінің орыс школдарында оқығандары арқылы жетті. Г. Потанинның айтуынша, Абайдың кадет корпусында оқыған інісі Халиулла Өскембаев еліне келгенде ауыл адамдарын жинап алып, орыстың роман, повестерімен таныстыратын болған. И. С. Тургеновтің, М. Ю. Лермонтовтың, Л. Н. Толстойдың, Салтыков-Щедриннің шығармаларын ауызша еркін аударып, ел арасына қыдыртып жіберіп отырған .[2]

Орыс ғалымы И. Н. Березиннің Ленинградтағы сақтаулы архив материалдарына сүйеніп академик Әлкей Марғұлан осы пікірді былай дамытады:

«Халиулла, ағасы Абай сияқты, асқан ойшыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді. Омбының кадет корпусын бітіріп келген соң ол бүтіндей әдебиет ісіне беріліп, «Еңлік Кебек» сияқты романтикалық сюжеттерді «Қазақтардың ертеден есінде қалғаны» деген атпен көлемді түрде әңгіме етіп, оны қазақша да, орысша да жазады».[3]

Міне, осы прогрессивтік жағдайлар мен игі істер алдыңғы қатарлы, озат адамдарымыздың сезім-санасын оятып, жетілдіре түсті. Көңіл көзі ашыла бастаған ағартушы-демократтар өмірдің келіссіз құбылыстарына жирене қарайтын, оны шенеп-мінейтін дәрежеге көтерілді. Қоғамдық құрылысқа, үстем тап билігіне жұрт наразылығын оятты. Оларға қарсы үн көтеруді, сынап-мінеуді күн тәртібіне қойды. Сатира олардың творчествосына басты сарын болып еніп тұр, мазмұн жағынан молыға түсті.

Ұлы Абай да орыстың классик сатириктерімен әлгі екі жол арқылы танысып, солардан үйренуге, соларды насихаттауға ден қойды. Қазақ елі ішіндегі өсек-аяңмен күн кешіп жатқан жастардың Толстойдай данышпаннан, Салтыковтай сатириктен хабарсыз екеніне кейіді.

Орыс классик сатириктерін оқу, аудару Абай творчествосына қатты ықпал жасап, оны сатиралық, юморлық мотивтерге мүлде байытып жіберді. Ол «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен» қазақ сахарасындағы барлық дерт біткенді батыл әшкерелеп өтті. «Өткір тілді найза етіп», «Неше түрлі айла етіп» өз тұсындағы әділетсіз әкімдермен сайысып-ақ бақты. Оның сатирасы жай сыншылдық дәрежеден көтеріліп дәуір дерттерін аяусыз ажуалаудың әдіс-тәсілі ретінде, нағыз жанр сипатында көрінді.

Абай сын-сықаққа жастай-ақ бой ұрды. Бала күндерінде Біржан, Әсетті тыңдап, Дулат, Шөже, Кемпірбайды көріп жүрді. Өз нағашылары Қантай, Тонтайдың ішек-сіле қатыратын күлдіргі әңгімелері мен уытты сөздерін естіп өсті. Мұның бәрі сөз өнеріне ден қойғыш Абайға қатты әсер етіп, еліктіреді. Оны әзілкеш, қалжыңбас етіп қалыптастырады.

Сондықтан да, болашақ ұлы ақынның алғашқы өлендерінің өзі реті келгенде айтылған ажуа, мысқыл ретінде көрінді. Бізге жеткен бірер өлеңі осыны растайды. Бірде бала Абай тайға мініп шауып келе жатса, ауыл түйелерін аралай екі атты өтіп барады екен. Жөн сұраса, бірі — төркіндеп қайтқан келіншек, екіншісі — оның ағасы болып шығады. Ол өзі берген жауыр айғырын жетектеп келеді екен.

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған,[4] -

деген әзіл-мысқылды Абай соларға айтқан. Бұл шумақты бала ақынның жаңағылармен сөйлесіп тұрып, табан астында қиып айтқаны, айта caп өз жөніне шаба жөнелгені аңғарылады. Шумақтың соңғы жолында, ондағы оспадар сөзде ақын бала мінезін, тентек қылығының ізі жатыр.

Абайдың жас кезіндегі творчествосынан-ақ осылай орын алған сатиралық мотив ақынның кемелденуіне, тарихи, әлеуметтік жағдайлардың өзгеріп, қайшылықтардың шиелене түсуіне байланысты мүлде дамыды.

Өмірде сатираға арқау болатын объективтік және субъективтік қайшылықтар болады. Алдыңғысы қоғамдық құрылыстан, системадан, соңғысы жеке адамдар басынан көрініп отырады. Абай өз сатиралық дүниелеріне осының екеуін де негіз еткен.

А. Құнанбаев сатирасын жазылу түрі — формасы жағынан үш топқа жіктеуге болады. Оның бір тобы — тұрмыстық эпиграммалар. Бұлар өзінің құрбы-құрдас, жора-жолдас, қыз-жеңгелеріне арналған бір қақпайлар түрінде келеді. Оларда ақын өз замандастарының бойындағы жеке мін-кемшіліктерді әзіл-шынын араластыра отырып сынап-шенейді, ұялтып-қызартып жөндем еткісі келеді. Жеке бастағы ұнамсыз кылық-мінезден арылтуға тырысады.

Тұрмыстық эпиграммаларында Абай ажуа еткен кемшін-міндер әр қилы, алуан сипатты. Акын Жамантайұлы Көжекбайға арнауында оның өсекшілдігін, бірді-бірге атыстырып ел арасын бүлдіріп жүретін мінезін сықақтаған. Екі досты бір-біріне айдап салатын жаман әдетіне «Шіркінде ес болсайшы сезед деген» деп кейіген. «Әркімге өсек тасып безектеген» деген жалғыз жолда Көжекбай тұтас тұлға, бүкіл бітімімен ел алдына келіп тұра қалған. «Безектеген» — әрі ащы сөз, әрі образ шындығын ашып тұрған сөз. Осы өсекшілдігі, екіжүзділігі үшін Абай Көжекбайды «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысық»,[5]-деп атайды екен. Мұндайларды ел «Күнгебағар», «Кімнің тарысы болса, соның тауығы» деуші еді. Ал Абай оларды өзінше теңеп, өзінше бейнелеп айтқан.

Ақын «Шәріпке», «Қара қатынға» атты эпиграммаларында мораль мәселесін қозғайды. Замандас кейбірі келіншектердің ұстамсыздығын, нәпсіқұмарлығын әзіл-шынын араластыра отырып қатты сықақтайды. Бір айтар нәрсе: тарихшы — ғалым Әбіш Жиреншин «Шәріпке» туралы айта келіп, «Абай мұны Түңлікбай деген құрдасын қалжың етіп айтқан екен»,[6] — дейді. Ал «Қара қатынға» дегенін өзінің көршілес, көңілдес адамы «…Баймағамбеттің әйеліне қалжың етіп шығарған көрінеді»,[7]- деп түсіндіреді.

Біздіңше, бұл шумақтарды жай қалжың, әшейін әзіл деуге болмайды. Әзілдің де әзілі бар. Түңлікбаймен қалжыңдау үшін оның әйеліне:

Сен шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,

Көрінген ит кетеді бір-бір сарып ,-

деген ауыр сөзді айту керек пе? Жақсы көршісі Баймағамбетпен әзілдескенде әйелін «үзіп-жұлып алып жүр қанағатын» деу шарт па? Абайдай ақылды акынның өз дос-жарандарының әйелімен негізсіз осылай калжыңдасуы мүмкін бе? Шын болмаса, әлгідей ауыр сөздерді айта ма? Жоқ. Ендеше бұл арнауларында ақын Шәріп пен Қара қатынның көңілшектігін әдейі беттеріне басқан. Олар әшейін әзіл емес, әшкерелеу ниетімен жазылған эпиграммалар.

Осы орайда тағы бір айтар нәрсе: филология ғылымдарының кандидаты С. Нұрышев жолдас «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» мақаласында былай деп жазды: «25 жастағы ел ағасы болып, соншалықты зор жұртшылық істерін қолға алып жүрген Абайға «Шәріпке» деген орынсыз өлеңді айтқызу тіпті қиянат» [8].

Heгe? С. Нұрышев жолдастың ойынша, мұндай өлеңді есейген, есі кірген адам емес, бала-шаға айтады. Қайта керісінше дер едік. Мұндай батыл да қатал сынды, замандастарына деген өзіндік пікірді тек кемеліне келген, жалтақтаудан өткен адамдар ғана айта алады. Ал «орынсыз өлең» дегенге келсек, бұл — орынсыз өлең емес, моральдық азғындықты бетке басқан, батыл әшкерелеген орынды сатира.

Абай:

Әйелің — Медет қызы, аты — Өрім.

Айына бір жумайды беттің кірін.

Ер кезек ер жігітке үшке дейін

Бір боқты тағы бас та және сүрін[9] -

деген эпиграммасын замандасы Қайранбай тағы да әйел алмақ болғанда айтыпты. Мұнда ақын, біріншіден, Қайранбайдың бар әйелінің настығын, пасықтығын мысқылдаған. Екіншіден, замандасын тағы да осындай бір жаман әйелге ұрынып, саныңды соғып қал деген теріс тілекпен ажуалаған. Бұл пікірді автор төртінші жолда бейнелеп айтқан.

Ақынның «Ағыбайға»[10] атты эпиграммасында оның тұрлаусыздығы, өтірікшілдігі, пәтуасыздығы, «анттан қорқып, құдайды танымайтындығы» бетіне басылған. «Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп бір орыннан табылмайды» деп оны өлтіре келекелейді. Теңеуі қандай ащы десеңізші! «Мұндайларды адам деп есептеме» деп түйеді ақын ойын.

Абайдың тұрмыстық эпиграммаларының бірсыпырасы зілсіз, сынсыз әзіл болып келеді. Олардан объектіге деген ақын симпатиясы, қош көңілі сезіліп жатады. Мысалға «Қиясбайға» арнауды алып қарайықшы!

Сыртың аңқау, ішің қу,

Жүрген жерің күнде ду,

Кісі күлсе, саған бу,

Үстіңдегі кигенің -

Киім емес, қызыл шу.

Тамағың тоқ, ойыншыл

Апырай, сен неткен қу![11]

Ақын бұл эпиграммасын Қиясбайды сынау-мінеу ниетімен емес, оның көңілді мінезін, күлдіргіштігін, жүрген жерін думандатып әкететін әдетін паш ету үшін жазған. Басына қауіп қара бұлты төніп келе жатса да, уайым етіп, қайғы қылмайтын қасиетіне ризалығын білдірген. Зілсіз әзіл, юморлық сипаттағы эпиграмма деген осы.

Абайдың «Назарға» атты эпиграммасы жөнінде де осыны айтуға болады.

Мынау келген Назар ма?

Ақсақалды ауыл азар ма?

Сұрағаның бір-ақ тай,

Бермейді деп сазарма![12]

дегенде, бай ауылынан соғым дәмете келген Назардың тұнжырап, бейшара боп тұрысын әзіл еткен. Ақын оған «енді қайтсін байқұс-ай!» дегендей сезім білдіріп, Назардың рухын көтергендей болған. Осының бәрі эпиграмманы зілсіз, достық рәуіштегі әзіл-оспаққа айналдырған.

Абайдың тұрмыстық эпиграммаларының жазылу әдісі де әр қилы. Айтар ойды әсерлі жеткізу ниетімен ақын алуан-алуан «жүріс» жасайды. Кейде ол белгілі бір қажетсіз қылық, теріс түсінікті екінші бір болмыс-құбылыспен бірге салыстыра, жарыстыра отырып теріске шығарады.

Мысалы, Құнанбай ауылына сіңген Ғабидолла деген татар жігіті саудагерлікпен тапқан дүниесіне мастанып «мен де ақын, мен де ғалым» деп әлін білмей әлек бола беріпті. Сонда Абай оның осы қылығын былай келекелеген:

Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,

Қайдан білсін өмірдің көбін, азын.

Бәйтеректі күндейді жетемін деп,

Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.

Күз келген соң тамырын үсік шалып,

Бетегеге жете алмай болар жазым.[13]

Көріп отырсыздар, осында ақын қолы жетпеске жетемін деп әлектеніп жүрген Ғабидолланы теректей боламын деп өзін-өзі қинаған жауқазынмен салыстырған. Жауқазынның жаз күніне мас болуы мен Ғабидолланың өз дүниесіне мастануын параллель еткен. Боламын деп жүргенде қажыры қайтып қартайып болған Fабидолла тағдырын күз түсіп, үсік шалып, ақыры терек түгіл, бетегеге жете алмай қалған жауқазын тағдырымен мысалдаған, осы арқылы эпиграмма әсерлі шыққан.

Енді бірде ақын ой пікірді бейнелеп айтады. Оңған әйел ала алмай, қор болып жүрген Дүйсенқұлға арнаған шумағында Абай жас қыз алмадың дегенді «Алажаздай көгалды бір көрмедің», тағы да күйеуден шыққан әйел алдың дегенді «Сары жұртқа қондың бір ірге аударып»[14]деп бейнелеп, астарлап жеткізген.

Ал енді Көжекбайдың баласы Рақым шалдың оспадар мінезін, тентектігін мінеу үшін жазған эпиграммасын оқып көрейік!

Сұлу аттың көркі — жал,

Адамзаттың көркі — мал.

Өмір сүрген кісіге

Дәулет — қызық, бала — бал.

Бал болатын бала бар,

Бал болар ма Рақым шал?

Бүйтіп берген балаңды

Берген құдай өзің ал![15]

Міне, мұны ақын әлгілерден мүлде басқа түрде жазған. Адамзаттың, сұлу аттың көркі туралы, дәулет, бала туралы философиялық ойларын түйіндеп ап, сонан соң Рақымшалдай жұғымсыз балаларға деген көзқарасын білдірген. Бұл эпиграммада ашу-ыза, тепсіну табы бар.

Тағы бірде Абай эпиграмманы сын объектісінің өз атынан айтқызады. Онда ажуалаған адам өзін-өзі дүрелеп жатады.

Ауру астан болғанда, дау қарындастан,

Мұқаммараз атандым бала жастан.

Мұқаммараз дейтұғын шайтан аты,

Қандай молда қойды екен аямастан,[16] ­-

деген эпиграмма осының дәлелі. Мұнда ақын өз ауылын паналап жүрген Мұқаммараздың берекесіз жан екенін өзіне айтқызып келекелеген.

Абай сатирасының екінші саласы — сатиралық өлеңдері. Бұл топтағы туындыларында ол саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайды.

Н.А. Добролюбов буржуазиялық қоғамда дерттің көбі, жеке адамдардың азғындауы объективтік себептерден, қоғамдық құрылыстың, тәртіптің кесірінен болады деген. Сондықтан орыстың классикалық сатирасы өз заманындағы мол кесір-кесапаттың, субъективтік себептерінен гөрі, объективтік себептеріне, яғни қоғамдық қайшылықтарға көбірек шүйілді. Жеке адамдардың кінә-күнәсі үшін жалпы құрылысты, тәртіпті, соның басында отырғандарды айыптады.

Өткен ғасырдың 80-жылдарына қарай ұлы Абай да осылай етті. Көбіне өз тұсындағы ел билеу системасының берекесіздігін, былыққа белшесінен батқан ұлық, болыс-сымақтарды, әкім-пысықтарды, олардың бейшаралық іс-қылығын әшкереледі. Солардың ішіндегі ең уыттысы — «Болыс болдым мінеки» сатирасы. Мұнда лирикалық кейіпкер ақынның әмірімен салған жерден:

Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап,-

деп үлкен бір дәуір шындығын аңғартып тастайды.

1868 жылғы уакытша ереже бойынша қазақ сахарасын билеу жүйесінің бір буыны — болыстар сайланып қойылатын болды. Бұл билікті, хандықты тұқымнан тұқымға ауыстырып қалдыра беретін бұрынғы тәртіптен гөрі, әлде қайда прогрессивті, демократиялык әдіс еді. Бірақ, бұл әдіс-тәртіпті даусыз, зиянсыз пайдалана, іске асыра қоярлықтай жағдай қазақ ішінде әлі пісіп-жетіле қойған жоқ болатын. Рушылдық, жікшілдік, бақталастық пен бақай есепшілдік әлі басылмаған сол кезде болыстықты сайлап беру әлгі дерттерді мүлде қоздырып жіберетін еді. Осыны түсінген Абай бұл системаға қарсы болып, болыстарды ұлықтардың тағайындауын ұсынды. Бірақ, бұл орынды ұсыныс ілтифатқа алынбады.

Айтқандай-ақ, болыстарды сайлап қою системасы, ру наразылығы түгіл, ағайынды адамдар арасындағы өшпенділікті күшейтті.

Баққұмарлар бірін-бірі таптап болыстық лауазымға қарай ұмтылды. Малды-жанды, дүниені аямай болыстықты параға жығып алу дерті дендеді. Әлгі төрт жолда осы әдет, осы қасиетсіздік аңғарылған. Байлар мен қу-сұмдардың қалай болыс болатыны әшкереленген. Олар ақыл-ой парасатымен, ел қамын жер ниетімен емес, мал-жанын салып шығындап, арын сатып, жегіштердің көмейін тығындап болыс болып жүр. Сөйтіп, әлгі шумақта парақорлық бір әшкереленсе, жалпы ел билеу системасындағы ақылсыздық екі әшкереленеді.

«Болыс болдым мінеки» деп мақтанғандай, шаттанғандай болған болысымыз артынша-ақ:

Сөйтсе-дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап,-

деп халінің мүшкіл екенін мойындайды. Бұлай болмасқа лаж жоқ. Өйткені, «Алты бақан алауыз» елді ақыл-парасат, әділеттілікпен болмаса, мал-дүниемен «көсем» боп билей алмайсың. Рушылдық, жікшілдік шегіне жеткен сол заманда біреу біреудің мығымдап ұстауына көне қоймайды. Абай дәуірінің болыстары осылай бар дүниесін шашып бір ақымақ болса, өліп-талып әкім болғанда елін билей алмай екі ақымақ болады. Сөйтіп, дәуір, замана мазағына ұшырайды.

Мұнан кейін ақын болыстар психологиясынан елес береді.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып

Шала ұғамын қырындап,-

дегізіп олардың адамдық қасиеттен махрұм екендігін, екіжүзділігін мойындатқан. Кедей-кепшіктің тілек-шағымын жүре тыңдап, міңгірлеп мұрынымен жауап беретін «әулиелердің» күштілер алдында құрдай жорғалайтынын, жата қап табанын жалауға дайын тұратынын әдемі образбен айтқан. «Бас изеймін шыбындап» деген үш сөзбен «ләппәй, тақсыр» «кұп болады!» деп бас шұлғып, құлдық ұрып тұрған болыстардың бейшара бейнесін елестеткен. Олардың бұл кейпін шыбындап тұратын жылқымен теңестіруі де әрі ащы, әрі әсерлі.

Болыстардың алдындағы адамына қарай бірде күржиіп, бірде мыржиып тұратындығын, хамелеондай құбылмалы келетіндігін:

Жуанды қойып, жуасты

Біраз ғана шеттеймін.

Ояз бардағы қылықты

Ояз жоқта етпеймін,-

деген жолдармен тағы да ашыңқырап, әшкерелей түскен. Мұнда да олардың жуанға тимейтінін, жуасты ғана жүндейтінін аңғартқан. Ұлық алдында жұртқа жаққан жан болып көрініп, ол кеткен соң сыздана қалатын пасықтығын атап көрсеткен. Ақынның үстем тап өкілдерін «жуан», еңбекші адамдарды «жуас» деп атауы да бейнелі. Бұл сын есім сөздердің алдыңғысы барлардың, шүйде майы қатпар-қатпар қалыңдардың, көңілі өсіңкі, деміне нан пісетіндердің кейпін берсе, соңғысы қой аузынан шөп алмайтын момақан жоқ-жұқананың бейнесін дәл елестетеді.

Ұлы ақын ары қарай болыстарға «оңашада оязға мақтамаймын елімді», бірақ қайтып келіп елді «жамандағам жоқ, сырттарыңнан сатқам жоқ деп алдаймын» дегізіп, олардың екіжүзділігін, сұрқиялық әдісін тағы да әшкерелейді: «Оязға сөзім өтімді», ісіңді бітіріп беремін деп мақтанатыным да, пара алатыным да бар дейді болыс.

Олардың мұнысы рас. Болыстар билікке жетудегі шығынын, ұлықтарға бергенін ептеп елден өндіріп алып отырады. Бұл ретте тышқан аулаған кәрі бүркіттей ұсақтық та жасайды. «Кәкүр-шүкір, көр-жерді пайда көріп ептеймін» деуі — осының айғағы. Бірақ «Арамзаның кұйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, болыстардың өтірігі шығады, арты ашылып қалады. Бос мақтан, екіжүзділігіне көзі жеткен ақылы ел анталап кеп олардың жағасынан алады. Ішкен-жегенін желкесінен шығарып, қайта құстырып, өткенін өндіріп алып жатады. Сондықтан да болыс: «Өз малым деп қойған мал иесіне берілді»,- деп жылайды.

Сонша дауласып, жаманатты болып жүріп билікке колы жеткен болыстардың көрген күні құрсын.

Күн батқанша шабамын,

Әрлі-берлі далпылдап.

Етек кеткен жайылып,

Ат көтіне жалпылдап,-

деуіне қарағанда, олар жүрген бір итаршы. Осы жолдардан-ақ болыс екемдердің тірлік-сыңайы аңғарылады. Ана ауылдан ана ауылға аласұрып бір тынбайды. Күн батқанша тепеңдеп қонышы ақ жұлық болып, тақымы тесіледі. Олардың осы тірлігін ақын әлгі шумақта шынайы суреттеген. Әсіресе соңғы екі жолды оқығанда шапанының етегі ат сауырын жауып сүмеңдетіп ұрып бара жатқан болыс көз алдыңа келеді. «Далпылдап», «жалпылдап» деген екі сөз бар ұнамсыз қимыл-әрекетті жинақтап тұрғандай. Оларда ащы мысқыл, келеке-кекесіннің отты нұры бар.

Сықақтың ақырында болыс көрген-білгенім, істеп жүргенім осы, осыдан кейін «ұят-намыс, қалды ма ар?» деп елге-жұртқа қарайды. Бұл сұрауды ол өз еркімен қойып отырған жоқ, ақын зорлап қойғызып отыр. Мұнымен енді қай бетіңмен болыс болып жүре бермексің дегенді айтпақ, болыс атаулының ар-намыстан жұрдай болғанын аңғартпақ.

Болыс өз сөзінің ақырында: «Қолдан келмес қорлыққа неге болдым мұнша іңкәр?» — деп өкінеді. «Басым сотқа айналар», «Көрмей тұрып құсамын, темір көзді сарайды» деп қорқады. Жан пида етіп жүріп зорға жеткен болыстардың бұлай деп өкінуі, қорқуы мүмкін емес. Мұны ақынның қолыңнан келмейтін болыстыққа неге әуес болдың? Іс-қылығың өз басыңды жұтады, түрмеге апарып тығады деп болыстарға ұрысуы, оларды қорқытып, үркітіп жөнге шакыруы деп түсінуіміз керек.

Өткен ғасырдың 80-90-жылдарындағы, яғни Абай дәуіріндегі қазақ елін билеген «данышпандардың» сиқы ақын суреттеуінде, міне, осындай. Оларды көріп жаныңнан түңілесің. Солардың өзінен ғана емес, сондай «сабаздарды» тауып алып, ел билетіп қойған патша өкіметінен түңілесің. Осы үшін де академик М. Әуезов пен профессор Б. Кенжебаев кезінде былай деп жазды:

«Абай би-болысты жексұрын, жаман етіп көрсету аркылы, сынау арқылы патша өкіметін, патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынады. Жұртқа патша өкіметін де жексұрын етіп көрсетті».[17]

Көп зерттеушілеріміз орыстың классикалық сатирасының ізін Абайдың осы өлеңінен іздейді. Салтыков-Щедрин мен Некрасовтың патша чиновниктерін әшкерелеу тәсілін, олардың пасықтығын, арам-сұмдығын, жегіш-жебірлігін сүмірейте сынаудың үлгісін осы өлеңнен табады. «…Болыстарды, чиновниктерді, билерді, аткамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол (Абай — Т. Қ.) Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын»,[18] — деп жазды М. Әуезов».

«Абайдың бұл сатирасы («Болыс болдым мінеки» — Т. Қ.), сыншыл реалистік бағытта жазылған шығармалары — әсіресе Салтыков-Щедриннің шығармаларын творчестволық жағынан қарап зерттеуден туған. Орыс сатирасының революциялық-демократиялық традициясынан үйренген Абай тек тәртіп бұзушы жеке болыс, чиновниктер ғана емес, жалпы ел басқару системасының беделін түсіріп, әшкерелеуге дейін барады»,[19]- деп жазады тарихшы-ғалым Әбіш Жиреншин.

Сөз жоқ, мұның бәрі — ғылыми дерек, материалдарға сүйеніп айтылған орынды пікірлер. Абай сатирасының М. Е. Салтыков-Щедрин сатирасымен үндес жатқаны, содан идеялық нәр алғаны рас. Егер орыс сатиригі өзінің «Губерниялық очерктерінде» шалғай провинциядағы дворян интеллигенттерінің, чиновниктер мен помещиктердің жан шошырлық типтерін жасаса, казақ сатиригі Сарыарқа сахарасындағы ел басқарып жүрген атқамінерлердің бейшара кейпін жасайды. Парақорлық пен өсімқорлық, ұрлық-қарлық пен қулық-сұмдық, ел тонау мен жұрт жылату — екі сатириктің де сын объектілеріне ортақ дерт, тән қылмыс. Олардың суреттеуінде орыстың помещиктік-чиновниктік ортасы мен қазақтың бектік-феодалдық дүниесі мәдениетсіздік, надандық, тағылық жағынан бір-бірінен кем соғып жатқан жоқ.

Сол сияқты М. Е. Салтыков-Щедрин «Органчик» атты сатиралық очеркінде орыстың самодержавиелік-полицейлік мемлекет құрлысын әшкере етсе, Абай әлгі сатирасында қазақ даласының қанаушылыққа негізделген билеу системасын масқара етті. Орыс сатиригі самодержавиелік бюрократтык машинаның типтік өкілін объекті етіп алса, қазақ сатиригі болыстардың типтік өкілін жұрт алдына сүйреп шықты. Салтыков-Щедрин әлгі асыра сілтеушілік пен қылмыстардың кездейсоқ нәрсе емес, қоғамдық құрылыстан, мемлекеттік тәртіптен туып жатқан дерт екенін ашып айтса, Абай да болыстардың жоғарыда аталған сорақы қылықтары жеке бастың кінәсі емес, сол тұстағы ел билеу жүйесінің, жалпы ортаның «жемісі» екенін аңғартты. Ол айтқан болыс басындағы дерттер тек Күлембайға емес, жалпы болыс атаулыға ортақ, тән дерттер. Бұлай типтендіре, әркімге тәндендіре суреттеуді Абай, әрине, орыстың классикалық сатирасынан үйренген еді.

Абайдың сөз болып отырған бұл өлеңінің өзіндік жазылу ерекшеліктері де бар. Ең алдымен, ол болыстың өз атынан айтылған, соның монологі түрінде берілген. Осы әдіспен ақын болыстардың өзін-өзіне әшкерелеткен.

Осы тұста тоқтала кетер бір мәселе бар. Филология ғылымдарының кандидаты Ғ. Әбетов ұлы ақынның осы сатирасын жап-жақсы талдай келіп, былай деп жазды: «Лирикалық қаһарманның өзін-өзі әшкерелеу тәсілі Абайға дейін де және сол секілді Абайдың басқа тақырыптары өлеңдерінде де болмаған тәсіл».[20]

Бұл — мүлде ағат айтылған пікір. Кейіпкерге сөз беріп, өзін-өзіне әшкерелету — қазақ әдебиетінде бұрыннан-ақ бар тәсіл. Алысқа ұзамай-ақ, Дулат Бабатайұлының «Сөзім бар да, көзім жоқ»[21] деген өлеңін алып, үңіле оқып көрейікші! Сонда қазақ ішіндегі әр түрлі адамдардың, әр түрлі кейіпкерлердің өз мінін, өз дертін өздеріне айтқызып отырғанын айқын аңғаруға болады.

Би мен бекті жақтадым,

Бай, мырзаны мақтадым.

Бәйбішенің мойнына

Жырдан алқа таққаным –

дегенде ол өзін айтып отырған жоқ, Абай сынайтын кәдімгі «қайыр тілеп жұртты шарлаған, әркімге мақтау өлең арнаған, қобыз бен домбыра алып сарнаған» ақындарды айтып отыр. Әлгі пікірді соларға айтқызып отыр. Дулаттың өзінің би, бек, бай, мырзаларды мақтап, жақтап жарытқаны белгілі.

Мүмкін, бұл жолдарды ақын өзі туралы айтқан деп таласушы болар. Ал:

Өсек болды баққаным,

Момынға құрған қақпаным,-

дегенді де өзі туралы айтып отыр ма? Ол үнемі өсек бағып, қараға қастық ойлап, кақпан құрып жүрсе, бұқара үшін мәні зор әдеби дүниелерді неге туғызған?

Қылмыстыны қызықтап,

Мандайынан сипадым,

Қабағынан қақпадым,­-

дегенді де өзі туралы айтып отырса, қылмысты қылықтарды әшкерелеген ащы сатираны өзі неге айтқан? «Қылмыстыны қызықтап, маңдайынан қақпағаны» қалай, олардың бет-пердесін сыпыра әшкерелегені қалай?

Біздіңше, мұнда ақын қазақ ішіндегі белгілі бір топқа, қылмысқұмарлардың қолтығына су бүркіп, айдап caп қойып отырғандарға тән мінезді көрсетіп отыр. Оны солардың өзіне мойындатып, айтқызып отыр.

Біреудің отын үрледім,

Өз отымды жақпадым.

……………………………….

Ырылдасып әркіммен,

He қапқыздым, не қаптым,-

дегенде де қазаққа тән ала ауыздықты, жікшілдікті, бірде жығып, бірде жығылып жатқан бақталастықты лирикалык кейіпкердің аузына салып айтқызған. Осындайдан оңбай жүрміз дегізген.

Зерттеуші Ы. Дүйсенбаев та осы өлеңді Дулат өзі туралы айтып отыр деп түсініп ағаттыққа ұрынған.

Күнәм жойқын, тәубем аз.

Тіршіліктен не таптым.

Дүние — жемтік, мен — төбет,

Соны бақпай, не бақтым? -

деген сияқты жолдарды келтіреді де, «Бұқара көпшілігінің мүддесін көздеп, болашақты дұрыс болжай алмағанын жырау өзі де мойнына алады. Дүниені жемтік, өзін төбетке балап, тіршіліктен тірек таба алмай торығып, сарыуайымға салынған Дулат өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықтарды дұрыс тани алмай, кертартпа ойдың шырмауынан шыға алмаған ақын болады, дейді.[22]

Біз Дулатта қайшылықтың, кертартпа пікірлердің молдығын жоққа шығармаймыз. Тек әлгі жолдарды өз атынан айтып отыр, төбетке өзін балап отыр дегенге қосыла алмаймыз.

Ал, енді «лирикалық каһарманның өзін-өзі әшкерелеу тәсілі Абайдың басқа тақырыптағы өлендерінде де болмаған тәсіл» дегенге келсек, бұл да бекер. Оған жоғарыда айтылған кейіпкердің өз атынан жазылған «Мұқаммаразға» апы эпиграмма бір дәлел болса, акынның «Ойға түстім, толғандым»[23] деген өлеңі — екі дәлел.

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес,-

дегенде мінім шашымнан көп, жүрегім қара, араммын деп Абай өзін айтып отыр ма?

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін,

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын,-

деп отырған да Абайдың өзі ме? Жоқ, бұлай деп отырған — ақынның лирикалық кейіпкері, ел ішіндегі әлгідей дерттің иелері. Олар өз мінін өздері баяндап отыр.

Демек, сыналатын кейіпкердің өзін сөйлетіп, өзін-өзіне әшкерелету тәсілін Абай тұңғыш рет және бір-ақ рет қолданбаған. Бұл ретте ол Дулат дәстүрін дамытушы, кемеліне келтіруші болған.

Ұлы ақынның «Болыс болдым мінеки» сатирасының екінші жазылу ерекшелігі — оның бас жағында болысты «үйттім», «бүйттім» дегізіп өзін-өзіне дүрелетіп алады да, соңында елдегі жалпы жағдайды сыпаттатады. Бұл тұста болыс:

Бұрынғыдай дәурен жоқ,

Ұлық жолы тарайды.

Өтірік берген қағаздың

Алды-артына қарайды,-

деп өз ісі емес, ел ішінің ісі, үшінші жақтың ісі етіп баяндауға ауысады. «Олай болды», «былай болды» тұрғысынан сөйлейді.

Абай болыстар туралы, өз кезінің билеу системасы туралы осы өлеңіндегі сын-сықағын «Күлембайға», «Мәз болады болысың» атты өлеңдерінде дамыта түседі. Бұларда ақын өз атынан сөйлейді. Алдыңғы өлеңде: «Ел билеген адам жоқ ата менен бабаңда»,- деп Күлембайдың тегін кекетеді. Тұқымын өмірі ел сұраған жоқ еді, сен қалай болыс болып жүрсің? деп өзін келекелейді. «Болыстықтан пайда ғып, шығыныңды алсаң жаман ба?» дейді де, «Оған келе де бермес шамаң да» деп ақымақ қылады. Қолыңнан түк келмейтін бишарасың ғой деп ашық айтады.

Бұл өлеңде болыстардың жалтақтығы да, қорқақтығы да ажуаланған. «Атшабар келсе қышқырып, орныңнан тұра шабасың, айдаһардай ысқырып ояз келсе, қайтер ең?» деген сұрауда осы ажуа жатыр. Онда бұтыңа т…п қояр ең деген емеуірін айтпаса да түсінікті. Күлембайдың тағы бір трагедиясы — үйінде күштімсіп, мықтымсып отырады, ал күштілер түшкіріп жіберсе, ұшып кетеді. Бұл — моральдық, білімдік әлсіздік, болыстықта мықты негіздің жоқтығы.

Абай бұл сатирасында да өзінен бұрынғы әдеби дәстүр көріністерін мол пайдаланған. Оны көптеген ауыз әдебиеті туындыларының үлгісімен «уағалайкуссәләм» деп бастаған. «Болыс, мал-жан аман ба?» деп екі адамның кездесуі, бір-біріне қарата сөйлеп, жөн-жай сұрасуы түрін қолданған. Өзінің алдындағы ақындар дәстүрімен Күлембайдың бишаралығын оның тегінен іздеген. Алдыңғы буын-ағалардың ой-пікіріне де еліктеген. Егер Дулат:

Майырдың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын

Ел пысығы жортады,[24] -

десе, Абай:

Орныңнан тұра шабасың

Атшабар келсе қышқырып,­

дейді. Мұнда пікір бір. Тек Дулат «Ол сөйтеді» деп айтса, Абай «Сен сүйтесің» деп айтады. Өлеңге бірінші ақында «борбайға құйрықты қысу», «ел пысығы» деген сөздер уыт беріп тұрса, екінші ақында «қышқырып» деген сөз беріп тұр. Бұл сөзден «Тырнадан қарауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес» дегендей, шақылдап ел мазасын алып жүрген атшабар бейнесі елестейді. Ақынның оязды ысқырған айдаһарға теңеуінде де сыр бар. Мұнымен оның қаталдығын, мейірімсіздігін, қазақ қауымының желкесіне мінген пәле екенін білдірмек.

Абай «Мәз болады болысың» өлеңінде де болыстардың сазайын берген. Отаршыл ұлықтардың шен тағып, шекпен жапқанына, «Жарайсың», «бәрекелді» деп арқаға қаққанына олардың мәз болып, босқа мақтанып, ақымақтанып жүргенін өлтіре сықақтаған. Ақын мұнда да болыстарға тура қарап, көңіліндегісін бүкпей айтады. Ар-ұяттарыңды сатқаннан оқалы тон тола ма, шен, оқа сияқты жылтырауыққа алданатын сендер баласыңдар ма? деп өңменнен өтер орынды сұрақ қояды. Олардың болыс болғанға жас баладай қуанатынына, қой сойып той қылатынына таң қалады.

Көзі барлар ойының

Күлер көтін ашқанға.

Хасиетін бойының

Бекер төгіп шашқанға,[25] –

деген шумақпен бұған мен ғана таңқалмаймын, мен ғана күлмеймін, есі дұрыс, көңіл көзі бардың бәрі күледі дейді. Болыстардың әлгі қылығын қасиетті кетіру, арды төгу деп біледі.

Ақын болыстардың осы психологиясын сынап-мінеп келеді де, өлеңнің екінші жартысын дидактикаға, ақыл-кеңеске айналдырады. «Миың болса жолама, бос желігіп шапқанға» деп болыс болма, болыс болмау — жамандықтан қашу, болыс болу, шен, шекпен алу — ар, абыройдан айырылу дегенді айтады. Болыс болып болдым деу, толдым деу қате, өйтіп толғанға тосқан бар дейді. Ақын ақылы — одан да ғылым іздеп,білім ал!

Абайдың сатиралық өлеңдерінің енді бір тобы жеке адамдардың ұнамсыз мінез-қылығын мінеп-шенеуге арналған. Олардың шартты түрде жазылғандарында кей жігіттердің, жастардың жеке басының міні, теріс жүріс-жорығы әшкереленеді. Ұнамсыз да ұсқынсыз кейпі жасалады. Егер ақын жоғарыда талданған саяси сатиралық өлеңдерінде сын объектісінің кім екенін олардың іс-қылығымен аңғартса, мораль, этика тақырыбына жазған сықақтарында сатиралық образды психологиялық детальдармен жасайды. Кейбір жастардың мақтаншақтығын, кеселді іске үйірлігін, шаруаға олақтығын, қияли қыдырымпаздығын әшкерелейтін «Адасқанның алды — жөн, арты — сокпақ»[26] өлеңіндегі:

Керегеге сабауды шаншып қойып

Бөркін іліп қарайды жалтақ-жалтақ,-

деген жолдардың біріншісінде есерсоқтың кісі күлерлік кимыл-қылығы көрсетілсе, екіншісінде психологиялық деталь бар. Ақ бөркін ақ сабауға іліп қойып, оған сұқтана қарап, мәз болу адамның санасын, психологиясын аңғартады.

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ,-

деген жолдарда психологиялық деталь айқынырақ берілген. Бет-әлпетті тыржыңдатып, қас керу сияқты мимикалық, психологиялық детальмен кейбіреулердің кім екені аңғарылған.

Абай жеке адамдардың жарамсыз қасиет-мінезін сықақтайтын өлеңдерінің бірсыпырасын нақты кісілерге арнап жазған. Туған ағасы, іштей өзіне жауыққан, Оразбаймен бірігіп қастық істеуге дейін барған Тәкежанның пасықтығын, қараниеттілігін әшкерелеп «Тәңірбергенге» деген сықақ қалдырған. Мұнда ақын оның психологиясын ашуға, сол арқылы сатиралық тип екенін көрсетуге бой ұрған.

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп

Өзі ғана келгендей

Дүниеге жансып,

Маң-маң басып,

Менмендігі асып

Мал бітті деп, көңілі

Көтеріліп тасып -[27]

 

деген 8 жолда Тәкежан бар қыр-сырымен тұр. Оның дүниеде өзінен басқа жан жоқтай сезінетін, әлдеқандай боп паңсып, бәлсіп жүретін жан екені, тіпті, салмақситын сыртқы бітімі де аңғартылған. Ақынның айтуынша, мұның бәрі — табиғи мінез-құлык емес, малдың, дүниенің буы, көңілдің, көздің майының өсуінен пайда болған дерт. «Бай, бай дегенге мастанғандық», «қайырымсыз малға желіккендік».

«Семіздікті тек қой көтереді». Дүние, дәулет ақылсыз адамды бұзады. Малдылық, баршылық Тәкежанды да бұзған. «Өз тамағым тоқ, қайғым жоқ» деп ағайынмен амандасуды, жөн сұрасуды қойған. Ағайын басына іс түссе, жаны ашудың орнына, «шоқ-шоқ» деп табалайтын болған.

Абай әшкерелеген Тәкежанның жағымсыз мінезі мұнымен де бітпейді. Ол барып тұрған қаскүнем, қараниет. Ақынның «өтірік жала жабады, біреуге көр қазады» дегеніне қарағанда, басқа адамның аяғынан шалу, етегінен басу — Тәкежанға біткен пасық әдет. Біреуді сүріндірмесе, орға құлатпаса, оның ішкен асы сіңбейді. Сондықтан Абай оны «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабады» деп мінездейді. Қандай орынды теңеу! Бәйге аты шабарға келгенде ала қашып, жұлқынып тұрса, Тәкежан өтірік, өсек дегенде алып қашып, аттандап, қиқу caп тұрады.

Осы өлеңінде ақын Тәңірбердінің сатиралық образын жасау үшін портреттік детальдарды да пайдаланған. «Маң-маң басып» деген сөздермен оның сырт бітімі аюдай балпаңдаған, олақтау, сылбырлау кісі екені аңғартылған. Ал, «кеудесінен буынып, пыс-пыс етіп демігіп» дегенде осы портрет дамып, Тәкежан бейнесі айқындала түскен. Пыс-пыс етіп демігіп, ентіккеніне қарағанда семіз кісі, жүрегі майланған, маң-маң жүрсе де, екі иығынан демалып, буынып, алқынып жүреді.

Сөйтіп әділдік жолында әкесін де аямаған. Абай бауыры Тәкежанды да сын семсерімен осылай сойып салған. Кейінгі ұрпаққа оның пасық психологиясын паш етер сатира қалдырған. Ол туған күйеу баласы Дүтбайдың да ұнамсыз мінез-қылығын, ішкі арам дүниесін терең үңіле ашқан. Ақын суреттеуінде Дүтбай кісіге суық, бірде мұңлана, бірде сұрлана, тағы бірде жылмыңдай қалады. Жылтырап, жылпылдап та кетеді. Бірақ, көзге солай етіп, артынан пыш-пыш өсек жаяды. Бояудай оңып, «жын сықылды бұзылып», «тұрлауы жоқ құбылып» тұрады. Яғни, айнымалы, екі сөзді. Ақын оның осы мінезін ашып, осы мінін қайталап-қайталап бетіне басады. Бұл қулық емес, дерт екенін айтады. Абай күйеу баланы да, Тәкежанның кебін кигізіп, кейінгілер көрсін деп, сатира найзасына іліп тастап кеткен.

Абай «Абыралыға» деген өлеңінде сөзге жүйріктігі, тапқырлығы үшін «Сары жорға» атанған өзінің замандасы Абыралының намазға олақтығын, босқа тоңқаңдай беретінін ажуалаған. Сықақ күлкілі. Мұнда ақын сөзбен емес кейіпкердің қимыл-әрекеті арқылы күлдіруге ден қойған.

Намазшамның артынан

Құржаң-құржаң етеді.

Жер ұшық берген кісідей

Тоңқаңдай ма, не етеді,[28] -

деген жолдарды оқығанда, Абыралының құржаң-құржаң етіп, тоңқандап жатқан қимыл-әрекеті көзге елестеп күлеміз. Ақынның сырттан бақылап тұрып, «мынау тоңқаңдай ма, кәйтеді?» деген сөзі де еріксіз жымитады.

Абай сатирасының екінші саласына жататын бұл өлеңдері — түр жағынан сатиралық портреттік суреттемелер. Өйткені оларда болыстардың, Тәкежан, Дүтбай және басқалардың іс тіршілігі, жүріс-жорығы, жан дүние, психологиясы, келбет-бейнесі ашылады. Соларға мінездеме беріліп, нендей адамдар екені айтылады.

Ақын бірсыпыра сықақ өлеңдерін басқа түр-формада жазған. Оның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Антпенен тарқайды», «Бойы бұлғаң» өлеңдері — сатиралық шолулар. Осындағы бірінші аталған өлеңде қазақ тұрмысындағы көп дерттерді аңғартады: «Алам, алам» деп аузын ашып тұрғандарды мұрнынан тізіп, сыпыра әшкерелеп шығады. Өз тұсындағы кеудесінде жаны бардың бәрінің біреуден алсам деп жүткініп тұратын мінезін, «берем» деген жан жоқ екенін күйіне сынайды.

Кім қайтіп алады? Бай кейін көп берем деп алады; би мен болыс біреуден кегіңді ап берем деп алады. Елубасы шар салып леп берем деп алады; жалаңқай жау бермесең, жек көрем деп алады; досың бермесең, сырт берем деп алады. Әйтеуір:

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Teп -тегіс жұрттың бәрі болды аларман,-

дейді ақын. Сөйтіп, бала атаны, іні ағаны алдауға тырысқан заман болды бұл деп кеиді. Өлең аяғында ақын барлық дертке мынадай қарғыс айтады:

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.

Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір

Өз үйінде шертиген паңы құрсын.[29]

 

«Антпенен тарқайды» өлеңінде де Абай ел ішін жайлаған індет-дерттерге шолу жасайды. «Ор қазып байқайды туа жау емеске» деп қазақтағы өзара қастықты, пәлеқорлықты, «Пысықтар шалқайды таласып теңдеске» деп бақталастықты әшкерелейді, «Таласып тарқайды», «бірлікті шайқайды» деу де ақынның елге қойған үлкен міні, жұртқа айтқан үлкен сыны. Бірлік жоқ, ала ауыздық көп дегені. Бұл өлеңде ақын жегіштікті де, өсімқорлықты да сынаған.

Осы тұста бір айтар нәрсе: Абайдың болыстарды, Тәкежан, Дүтбайды әшкерелеген сатиралық портреттік суреттемелеріне қарағанда, шолулары өткірлік, уыттылық жағынан төмендеу жатады. Оларда сықақтық әдіспен кекетіп-келемеждеп, мысқылдаудан гөрі дертті баяндау, хабарлау, констатациялау басым. Бірсыпырасы сатиралық әшкерелеу дәрежесіне көтеріле алмай, жай сын тұрғыда қалып қойған.

Абайдың сықақ өлендерінің ішінде сатиралық миниатюра да бар. Оның Көкбайға арнаған:

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын;

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әр нәрсенің орынын.

Керенау кердең, бір керім

Жақпайды маған сол жерің.[30]-

деген өлеңі — сатиралық миниатюра. Онда Көкбайдың басындағы бір міні ғана, бәлсініп тұратын керенаулығы ғана сықақ етілген. Өлең тастан ойғандай жұмыр, қысқа. Сөйтсе де онда объектінің әлгі міні жеріне жеткізе әшкереленіп болған.

Абай сатирасының үшінші саласы — мысалдары. Рас, оның дені аударма. Бірақ, оларды өз мүлкіміздей көруге ақымыз бар. Өйткені, біріншіден, тұрақты жол өлшемі, шумағы жоқ, ауызекі сөйленген қара сөз сияқты болып келетін Крылов мысалдары үлкен творчестволық шабытпен өлең етіліп, сахара тіршілігіне лайықталып аударылған. Қазақ өмір-тұрмысына сай емес образдар, есімдер халқымызға тән бейнелермен ауыстырылған.

Осы пікірімізді дәлелдеу үшін, Крылов мысалдарының ориганалын Абай аудармасымен салыстырып зерттеу міндетіміз болмаса да, бірер мысал келтірейік. Орыс мысалшысының «Крестьянин в беде» мысалында ұры кедей-шаруа үйін тонаса, Абай аудармасында байдың үйін тонайды. Өйткені, қазақ өмірінде ұрлық байға жасалады, барға жасалады. Абай осы тұрмыс шындығын айтпай, Крылов ізімен кетсе, қазақ жұрты «ол сорлының несін тонады екен?» деп күлер еді, сенімсіздік білдірер еді.

И.А. Крылов тоналған сорлыға құда-қоңсы, жекжат-жұраттары пысықсып құрғақ қу сөзбен ақылгөйсіді де, іспен көмектеспеді десе, Абай: «Бөз орнына сөз беріп, құда, тамыр, дос кетті»,- дейді. Яғни, орыс классигі мұндайда сөзбен емес, іспен көмектес десе, қазақ классигі сөзбен емес, бөзбен, қолға ұстап, көзбен көретін нәрсемен көмектес дегенді айтады. Сол сияқты Крыловта: басыңа іс түсіп, көмек сұрай қалсаң, ең жақсы досың да мақау-мылқау бола қалады. Ал Абай бұл пікірді мұндайда олардан күштен аларың «бишара» менен «байқұс» қой деп қазақ әдетіне жақындата түседі. «Байқұс-ай, ә» деп аяғаннан басқа берері жоқ екенін айтады.

И.А. Крыловтың «Дуб и трость» мысалында еменнің шілікке мақтанып «Кавказға иық теңеп асқақ тұрмын» дейтіні бар. Абай осыны: «Тау, жартасқа ұзарып бой теңестім»,- деп аударған. Қазақ даласында Кавказ жоқ, сондықтан ақын оны мұнда бар нәрсемен, жұрттың өзі білетін нәрсемен ауыстырған.

Осы сияқты ұлы мысалшының «Лягушка и вол» мысалында бақа өгізбен жазық көк майсада кездеседі. Ал Абайда бұлақ басында, өгіз су ішуге келгенде кездеседі. Акын бұл сәтті

Су ішкелі бір өгіз

Барып еді бұлаққа,

Бақалар қорқып, тарбақтап

Қашып шықты әр жаққа,[31]

 

деп өзінше баяндаған. Табиғи зандылыққа өте жақындата түскен. Сол сияқты «Стрекоза и муравей» мысалын аударғанда инелікті шегірткемен ауыстырған. Мұның себебін М. Әуезов: «Абай қазақтың фольклорында, жайшылық ұғымында инеліктің араласатын орны аз болғандықтан, оны әдейі оқушының ұғымына жақынырақ, қонымдырақ етіп алған тәрізді»,[32]- деп түсіндіреді.

Міне, осындай творчестволық ізденістің нәтижесінде ақынның И.А. Крыловтан аударған «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», «Бақа мен өгіз», «Піл мен канден» мысалдарын халқымыз өзінің төл туындысындай тұлпына оқиды. Жылы қабылдап, жаттап ап, өз ара айта жүреді.

Екіншіден, бұл мысалдарда келемеж етілген міндер мен сыналған кемшіліктер біздің қазақ қауымына да тән дерттер. Шегірткедей қамсыз, бақадай ақымақ, түлкідей сұм, есектей парықсыз, қарғадай әлін білмес әлек қазақ аспаны астында да жеткілікті еді. Мысалдарды оқығанда, көп адамдар өзін көріп, өз психологиясын танып отырады.

Абай ой-пікірді мысалдап, тімсәлдап айтуға жалпы бейім болған. Мысалы, оның:

Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты,[33]-

дегенінде астарлы ой бар. Гуманист ақын жұртқа қолынан келген жақсылығын аямаған. Көп адамға достық еткен, оларды баулып, тәрбиелеп адам еткен. Бірақ соның көбі Абай қадірін білмеген. Достығына қастық, жақсылығына жамандық қылған. Ақын әлгі жолдарда мысалдап, астарлап осы жайды айтып отыр. Өз налысын жұмбақтап ануартып отыр.

Ақынның бұл өлеңі, жоғарыда аталған «Ғабидоллағасы» нағыз мысал болмағанмен де, жанр элементтерінен құр емес. Ал, оның «Есек» дегені — нағыз мысал. Бұл мысал туралы айтарымызды ғалым X. Бекхожин жолдастың мына пікірінен басталық: «Абайдың «Есек» деген памфлет өлеңін — Салтыков-Щедриннің «Бір мұжықтың екі генералды қалай асырағаны туралы хикая» деген шығармасымен салыстырсақ, бұл екі халықтың ұлы жазушыларының арасында идеялық байланыс болғанын көреміз. Абай өзінің бұл шығармасында адамшылық ардан безіп, тек баюды ғана көздейтін адамдарды келеке етеді. Щедрин сипаттаған генералдар сияқты еңбекші халықтың еңбегін қанау арқылы дәурен сүріп отырған байларды масқара етеді.

34]

Біздіңше, бұл орынсыз аналогия, жөнсіз ұқсату. Рас, орыс сатиригі әлгі аталған ертегісінде Россияны асырап отырған қарапайым еңбекші ел екенін, солардың күшімен, еңбекке бейім қабілетімен патшалық қоғамның өмір сүріп отырғанын паш етті. Сол еңбекші ел болмаса, үстем тап өкілдерінің күн көре алмайтынын, аштан өліп қалатынын, олардың арамтамақ, нансоғар, халық қанын сорып жатқан сона екенін аяусыз әшкереледі.

Ал, Абай мысалының айтары бұл емес. X. Бекхожин жолдас айтқандай, «…адамшылық ардан безіп, тек баюды ғана көздейтін адамдарды келеке ету», «еңбекшіл халықтың еңбегін қанау аркылы дәурен сүріп отырған байларды масқара ету» емес. Мысалдың сюжетіне жүгінейік. Мал айдап, сауда қылып жүргендердің керуені елге қайтады.

Алтын артқан бір есек

Соларменен келеді.

Ол жай жүрсе, жұрт та жай,

Ол желсе, жұрт желеді.

Саудагер байдың бәрі соның маңынан кетпейді.

Ортаға алып әлгіні

Бәрі бірдей сыйлайды.

Бірі сүйіп құлақтан,

Бірі жүнін сипайды.

Тіпті, есекті еркелетіп «Жаппарқұл мырза» деп атайды. Елге келген соң байлар есектен алтынды түсіріп алады. Бұдан кейін оның ешкімге керегі болмай қалады. Жаппарқұл мырза аты жойылып, боқ тасуға жегіледі.

Демек, автор кісіні дүниесіне, мал-мүлкіне қарап қадірлейтін, қолыңда барда парқыңды біліп, дәулетің бітсе, алтынды түсіріп алғаннан кейінгі есектей қадірсіз ететін үстем тап өкілдерін келеке еткен. Адамды мал-дәулетіне, байлығына қарап бағалайтын сол қоғамды, сол ортаны әшкерелеген. Малды-жанды, дәулет-мүлікті болса, ит те, есек те мырза атанады деген пікірді айтқан. Ақын осы идеясын мысал соңындағы:

Жұрт ергені соңыңа

Үстіңдегі алтын ғой,-

деген екі жолда да аңғартып кеткен.

Сонымен бірге, Абай кейбір надандардың дүниесімен қадірлі болып, есепке алынып жүргенін білмей, «артық, өзгеше туғанмын, сондықтан сыйлымын» деп түсінетін бишаралығын келекелеуді мақсат еткен. Бұл ниет ақынның байлар қошеметін көп көрген.

Есер шіркін есіріп,

Болып алды тым таңдық,-

деген жолдарынан бір көрінсе,

Алтын үсте жүргенде

Сол қадірмен кеп жүрген.

Өз ойында көк есек

Өзгеше тудым деп жүрген,-

деген шумағынан екі көрінеді.

Мысал шебер жазылған. Оған қазақ тұрмысына, жалпы Шығыс елдеріне тән сюжет берілген. Айтылар идеяға қарай персонаж да табылып алынған. Малымен, байлығымен еленіп, мырза атанып жүрген парасатсыз дәңгеселер де бір, есек те бір.

Абайда бұдан басқа мысал жоқ. Мұның себебін М. Әуезов былай түсіндіреді: «Крылов мысалдарын жақсы көріп аударғанмен, Абай сол Крылов үлгісінде мысал жазбайды. Себебі… жаманшылықтың жайын жалтартып айтпай, Добролюбов үгіттеген жол бойынша, ызалы шабытпен, тура шабуылмен айту керек деп ұғынады. Сондықтан өз бойындағы ажуа мен сатираға толып келген ызалы, толқынды ойларын Абай мысалсыз-ақ ашық, анық өлеңдермен шығарады».[35]

Сатира, юмор элементтері Абайдың басқа да шығармаларынан көп кездеседі. Мысалы, ол «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде молдаларды оңдырмаған.

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңлі бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі,[36] -

деген шумақта молдамын деп жүргендердің көбінің дүмшелігін, құранның оң, терісін ажырата алмайтындығын дәл айтқан. «Мал», «Мал» деп өліп жүретін олардың көңіл көзінің надан, соқыр екені де рас. Қарапайым елді тонауда бүркіттен жыртқыш. Сол ортада ақын осы шындықты батыл да қатты әшкерелеген.

Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлендерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, көреалмаушылық, алауыздык, өтірікшілдік, өсекшілдік, пайда іздеу, ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты дендеген дерттерге қарғыс таңбасы басылған.

Барымта мен партия -

Бәрі мастық, жұрт құмар

Сыпыра елірме, сұрқия

Көп пияншік нені ұғар,[37]-

деген шумақта акын кейісі, ақын ашу-ызасы сыртқа теуіп тұрғаны хақ.

Сатира, юмор элементтері Абайдың қарасөздерінде де көп кездеседі. Әрине, ақын прозалық бұл туындыларын дерттерді сынап-мінеу ниетімен емес, өсиет-өнеге айтып, ақыл-кеңес беру ниетімен жазған. Бірақ, сол ағалық ақыл-тілегін айту үшін алдымен теріс іс, мінез-қылықты шенеп-шенеп алады да, негізгі тілек ниетін сонан соң айтады. Мысалы, Алтыншы сөзінде ақын еңбек қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып жүруді тірлік деп білме! Ондай тірлік итте де бар. Сыртың пасық, ішің нас, артын ойлап ұялмас болып жүріп тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық дейді. Міне, осында Абай, бір жағынан, кеселді жалқау, қылжақбастарды, әзір тамақ, әзір астық иелерін қатаң сынға алған, екінші жағынан, еңбек ет, арлы бол, ұятты бол деген өсиет-өнегесін айтқан.

Абай басқа қара сөздерінде де әлеуметтік дерттерге кұрғақ кейіс білдіріп, қатал сын айтып ғана қоймайды, оған қоса ақыл, кеңес, өсиет өнеге айта отырады. Бір жайларды сынай отырып, оқушысына қарай сөйлеп, сұрау қойып, олармен әңгімелесе, пікірлесе жазады. Оқушысын ойландырып, дерттің неден екендігіне, зияндылығына үңілдіре отырады. Сондықтан да Абайдың қара сөздеріндегі мұндай айшық-өрнектерді дидактикалык сатира көрінісі деп тануымыз жөн.

«Мыңмен жалғыз алысып» шаршаған ақын жоғарыда аталған содыр-сойқандықтарды ашып, әшкерелеп отырғанда:

Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт ғой,

Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар, -

деп елдегі кінәмшіл, басбілмес жастарды ренжімеуге, кінәламауға шақырады. Жалпы елге тән, ортақ дерттерді нысанаға алдым деген болып, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» әдісін қолданады.

Н.Г. Чернышевскийдің айтуынша, сатира, юморға, біріншіден, жақсылықтың, әдеміліктің қадірін білетін, кісілігі, қайырымы мол, ақыл-парасатына сенетін, екіншіден, өз парқын, өз қасиетін түсіне отырып, өз бойындағы мінін де көре алатын, соған күле білетін, үшіншіден, жалпы кемшілік пен кесір-кесапатты аңғарғыш, оған төзбес, ашуланбай, ызаланбай тұра алмас адамдар ғана бейім болады.[38]

Қазақтың ұлы Абайы да осындай жандардың бірі еді. Сондықтан да өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиетті ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа белеске көтерді. Бұрынғы жыр, толғау, дидактикалық өлең, шешендік сөз түрінде ғана келетін сатира-юморды жаңа түр, жаңа мазмұн — жаңа сапамен байытты.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

[1] «Қазақ әдебиеті», 1959, 27март.

[2] «Русское богатство» журналы, 1896, № 10.

[3] «Қазақ әдебиеті» газеті, 1959, 12 июнь.

[4] А.Құнанбаев. Бір томдық толық жинағы, 1961, 57-6.

[5] Бұл да сонда, 569-6.

[6] Бұл да сонда, 554-6.

[7] Бұл да сонда, 587-6.

[8] «Лениншіл жас», 1951, 14 январь.

[9] 1961 жылғы жинақ, 306-6.

[10] Бұл да сонда, 432-6.

[11] «Қазақ әдебиеті», 1965, 4 июнь.

[12] 1961 жылғы жинақ, 416-6.

[13] Бұл да сонда, 270-6. 14Бұл да сонда, 261-6.

[15] Бұл да сонда, 258-6.

[16] Бұл да сонда, 428-6.

[17] М.Әуезов. Б.Кенжебаев. Абай — қазақтың ұлы ақыны. 1945,26 -27-66.

[18] М.Әуезов. Уақыт және әдебиет, 1962, 378-6.

[19] 1961 жылғы жинақ, 578-т.

[20] Абайдың саяси сатирасының идеялық-көркемдік ерекшеліктері, (диссертация қолжазбасы), 1958, 75-6.

[21] Үш ғасыр жырлайды, 1965, 90-6.

[22] Қазақ әдебиетінің тарихы. II том, I кітап, 49-6.

[23] 1961 жылғы жинақ, 302-6.

[24] Үш ғасыр жырлайды, 100-6.

[25] 1961 жылғы жинақ, 133-б.

[26] Бұл да сонда, 430-б.

[27] Бұл да сонда, 430-6.

[28] Бұл да сонда, 64-6.

[29] Бұл да сонда, 76-6.

[30] А.Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық  толық жинағы, 1957,І том, 76-6.

[31] 1961 жылғы жинақ, 407-6  

[32] Қазақ әдебиетінің тарихы, II том, I кітап, 465-6

[33] 1961 жылғы жинақ, 283-6..

[34]Х. Бекхожин, «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», 1964, А.,21-6.

[35] Қазақ әдебиетінің тарихы II том, 1 кітап, 466-6.

[36] 1961 жылғы жинақ, 182-6.

[37] Бұл да сонда, 190-91-66.

[38] 1961 жылғы жинақ, 410-6.

Қожакеев Т. Таңдамалы шығармалар.

 Көптомдық. – IV том. – Алматы: ҚазАқпарат, 2007.

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.