ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА КӨШЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ХАТ ЖІБЕРІЛДІ

ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА КӨШЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ХАТ ЖІБЕРІЛДІ

Оқылған 2021 рет

 

Қазақтың алыбы да, асқары да – Абай, ұлы ақынның асыл мұрасы да адамзатқа ортақ. 2020-шы жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, ұлы ақын музейінің құрылғанына 80 жыл толады. Бұл мерейтой - республика жұртшылығы үшін айтулы оқиға.

Абай, Шәкәрім, Мұхтар, сондай-ақ күллі алаш арыстарының мол мұрасын ертеңге жеткізу - тек Абай қарашаңырағы қызметкерлерінің ғана емес, барша ел игілігін ойлаған азаматтардың парызы.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен үстіміздегі жылдың 16 қазанында Семей қаласының әкімі Е.Сәлімовке республикаға еңбегі сіңген бір топ қайраткерлер мен абайтанушылар атынан Құнанбай Өскенбайұлына көше беру туралы хат жіберілді.

Абайдың туыстық айналасында әкесі Құнанбай Өскенбайұлының орыны ерекше. Заманында туған ұлтының салт-дәстүрін берік ұстанып, ел-жұртына мығым билік құрған аға сұлтан Құнанбай - өз заманының біртуар қайраткері. Адольф Янушкевичтiң «Күнделіктер мен хаттар» кiтабындағы Құнанбайға берген мiнездеме оның 40 жасқа дейiнгi мiнез-құлқын, iс-әрекетiн, абырой-беделiн танытады: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан бiраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман».

Құнанбайдың өз заманындағы қандай кесек тұлға болғанын Қазақстанның, Ресейдің Омбы, Санкт-Петербург, Москва қалаларының архивтерiндегi Тобықты елiнiң жай-күйi баяндалатын жазбалар да мәлім етеді.

Құнанбай Өскембайұлы оқу-ағарту iсiне де көп көңiл бөлiп, қазіргі «Ескі там» деген жерде мектеп салдырып, бала оқытуға арнайы молла алдырады. 1846 жылы Құнанбай өз елiн отырықшылыққа, егiншiлiкке үйрету мақсатында, ел арасын жайлаған апат-ажал шешекке қарсы егу жұмысын жүргiзуге, қайыршы-кедей жатақтарға зекет, жәрдем жиып көмектескен. 1847 жылы Қарқаралыда мешiт салдырып, қазақ балаларының оқып, жеткiлiктi бiлiм алуына ықпал жасайды. Жасы ұлғайған шағында ел билеу iсiн қойып, тек дiн жолын ұстаған Құнанбай Меккеге қажылыққа сапар шегедi. Осы бір жылға жуық сапарында өз қаражатына Меккеде «Тәкие» қонақ үйiн салдырған.

Құнанбай қажы қоғамдық өмiрде тарихи тұлға, көреген көсем, парасатты шешен, ел қамқоры әрі ұлына ғана емес, ұлтына да әке бола білді. Әке тұлғасын «жұмбақ жан», «қатпар-қатпар шың секілді» деп үлгі тұтқан. «Құнанбайдың кiм екенiн бiлмесек Абайдың кiм болғанын бiлу де қиын, бұлар заманның туындысы» деген Әуезов пiкiрi Құнанбайды танудың маңызды екенiн көрсетеді.
Осы айтылған жайларды ескере отырып, қала әкімінен қаламыздың көрікті бір көшесіне қазақ халқының Құнанбайдай аяулы перзентінің есімі берілуін сұрап, Семей қаласы зиялы қауымы атынан Н.Сембаев, Х.Матаев, А.Еспенбетов, Н.Әпсәләмов, Б.Ерсәлімов, М.Жанболатов, А.Ахметжанов, С.Кошкин, З.Тоқаев, Т.Әбдікәкімов, Б.Жүнісбеков, М.Мұхамедиұлы, А.Омаров және т.б. қол қойды.

Семей қалалық әкімдігінің осынау өскелең ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеудегі мәні зор игілікті істі бірауыздан қолдай отырып, Абай Құнанбайұлының алдағы 2020 жылы тойланатын 175 жылдығына орай қала тұрғындарына ерекше тарту жасарына сенімдіміз.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі
қорық-музейінің баспасөз қызметі

Сурет авторы: Н.Өтепбаев

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.