ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Раушан ЕЛЕКЕНОВА: ШӘКӘРІМ ӘЛЕМІНЕН ХАТ

Раушан ЕЛЕКЕНОВА: ШӘКӘРІМ ӘЛЕМІНЕН ХАТ

Оқылған 2671 рет

(Абай музейіндегі бейнелеу өнері туындылары хақында)

Биылғы жылы ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толды. Шәкәрім Құдайбердіұлы - Абайдай ұлы ұстазынан тәлім-тәрбие алған, Абай дәстүрін жай ғана жалғастырмай, дамыта жалғастырушы, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын.

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталғанына 30 жыл толды. 1988 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының аты мен шығармалары толық ақталғаннан кейін ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл жұмыстардың бастауында ұлы Ахаттың сіңірген еңбегі зор. Әкесінің атының ақталуына күш жұмсап, мол мұрасын қағаз бетіне түсіре отырып, араб әріпіндегі еңбектерін қазіргі жазба әрпіне аударып, Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Абай қорық-музейінің алтын қорына табыстады.

Музей қызметкерлері қалалық, республикалық, Ресей архивтерінде сақталған құжаттарды, сонымен қатар, Абай қорық-музейінің қорына өткізген әкесінің еңбектерін қарастырып, Шәкәрімнің өмірі, қоғамдық қызметі, қажылық сапары, фотосуреттері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музей қорына жинақтады. Жинақталған әрбір дерек өз құндылығымен қымбат. Соның ішінде, ақын өмірі мен шығармашылығын насихаттауда бейнелеу өнер туындыларының да алар орны ерекше.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде 778 картина бар, соның 250-ге жуығы Шәкәрім тақырыбын қамтиды. Бейнелеу өнері туындаларының басым бөлігі ұлы ақын Абай Құнанбайұлының және оның туыстық айналасының, ақын шәкірттерінің, Алаш арыстарының, Абай шығармаларын зерттеушілер мен насихаттаушы ғалымдардың портреттік бейнелері және Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларының желісімен салынған сюжеттік этюдтер, туған жерлерін бейнелейтін пейзаждар болып табылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ақталғанға дейінгі суретшілер салған ақын портреттері кездеспейді. Тек Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылғы, кейіннен табылған 1924-1927 жылдар аралғындағы фотосуреттері жарияланып жарыққа шыққаннан кейін ғана ақын портреттері салына бастады. Көбінесе портреттерден 1912 жылғы фотосуретіне қарап салынған ақын бейнесін көре аламыз.

1940 жылы Абай музейі құрылғаннан бастап Абайға қатысты суретшілерге тапсырыстар беру арқылы бейнелеу өнерінің туындылары жинала бастаса, Абай музейінің қорына тапсырыс бойынша Шәкәрімнің алғашқы портреті 1988 жылы шілде айында түседі. Музей қорына Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты портреттер, сюжеттік картиналар мен туыстық айналасына қатысты картиналар жинақталады. Шәкәрім портреттерін салуда суретшілер ақынның шығармаларымен жан-жақты танысып, кейіпкерінің өмір сүрген ортасын, сол заманды зерттей отырып қана қалам тартқан.

Алғашқылардың бірі болып Шәкәрім портретін салған – Тамара Гавриловна Кузнецова. 1943 жылы туған. 1967 жылы Алматы көркем училищесінің театр бөлімін бітірген. 1970 жылдары өткен Семей суретшілерінің қылқалам туындылары көрмесінің қатысушысы, кескіндемеші. 70-80-ші жылдары Ф.М.Достоевский атындағы драма театрында қоюшы суретші қызметін атқарған. Т.Кузнецованың кенепке майлы бояумен салынған бірі - 100х130, екіншісі - 150х220 көлеміндегі екі «Шакарим Кудайбердиев» портреті (КП-5166, КП-5167) 07.07.1988 жылы № 8 акті бойынша Абай музейінің қорына қабылданған. [3. 57 б.]

1995 жылы 14 сәуірде Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі (1997), Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі Нұрбұлан Нұғыманұлы Өтепбаевтың «Шәкәрім» атты графикалық портреті (КП-5818) қорға қабылданды. Музейдің түсім кітабында № 22 акті бойынша сатып алынған. Барлығы- 13 жұмыс деп көрсетіледі. [3. 101 б.]

Суретші Н.Өтепбаевпен Абай музейінің шығармашылық байланысы осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Н.Өтепбаев Абай музейінің бейнелеу өнері қорын 2008 жылы сангинамен салынған «Шәкәрім» портреті 50,5х40 (КП-6529), қағазға тушьпен салынған «Ахат Құдайбердиев» портреті 28х21, 2018 жылы қағазға гуашьпен салынған «Шәкәрім» портретімен толықтырды.

Н.Өтепбаев: «Елімізде Шәкәрім бейнесін кескіндеме және графика түрімен салған портреттерін көріп жүрміз. Бейнелер әрқилы, бір қарағанда ұқсастық болғанымен кемшін тұстары да жеткілікті. Біріншіден, ақынның бас бейнесіндегі пропорциялар сәйкестілігі дұрыс жолға қойылмаған. Екіншіден, форма кеңістігін айқын көрсете алмау себептері, үшіншіден, сурет көрнекті натураға ұқсайтындай, көлемі мен мінездемесін, ішкі мазмұнын айқын көрсете білмеуде жатыр» - деп, Шәкәрім портреттерін салудағы суретшілердің қателіктеріне баса назар аудартады. [6. 2 б.]

Н.Өтепбаев салған Шәкәрім портреттерінен ақынның шынайы бейнесін көруге болады. Оларға қарағанда ақынның өткір көздеріне еріксіз назар аударасың, көздері арқылы терең ойға шомып, болашақты бағдарлап тұрған бейне, өз өлеңдерін іштей оқып, өміріндегі көргенін, білгенін жеткізгісі келетіндей сезінесің. Суретшінің ақын бейнесін толық меңгеріп, бет-әлпетіндегі қатпарды, пропорциясын, бейненің қағаз бетіне композициялық орналасуын жан-жақты ойластырғаны көрініп тұр.

Сөз ортасында тағы бірнеше қылқалам шеберлерінің туындыларына тоқтала кету орынды. Бұхарбаев Әбдімәлік 1940 жылы туған. Өзбекстанның белгілі монументалист-суретшісі, протретші. Ұлты – қазақ. Ташкент метрополитеніндегі Хамза мен «Өзбекстан» станцияларын, «Чор су», «Тата» қонақ үйлерін әрлеумен айналысқан. 1990 жылдан туған халқының тарихы мен мәдениетіне, оның дана ойшылдарына ойысып, Күлтегін, Асан қайғы, Әл-Фараби, Қорқыт ата, Ақсақ Темір, Абайдан басталып, бүгінгі қоғам және өнер қайраткерлері Н.Назарбаев, Б.Төлегенова, Т.Әубәкіров, Ф.Оңғарсынова, О.Сүлейменов т.б. циклді портреттерін салған. Бұл репродукцияларды музейге қабылдау туралы түсім кітабында (Акт № 13 1997 г. Куплено у известного художника момументалиста Узбекистана Абдумалик Бухарбаева г.р. 1940. Ташкент. Казах. «Шакарим Қудайбердиев» бумага 28х35. 2000 теңге. КП-6080 29х35, КП-6063 22х32) көрсетіледі. Яғни, Ә.Бұхарбаевтың «Шәкәрім Құдайбердіұлы» 29х35 (КП-6080), 22х32 (КП-6063) көлемді екі портретінің репродукциялары бар. [3. 111 б.]

Суретші С.Пожарскийдің «Шәкәрім портреті» КП-6336 [3.135б.] және Абай ауданының «Құрметті азаматы» Амантай Мұқатаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі болған Ж.Кәрібжановтың 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойында сыйға берген «Шәкәрім» портреттері музей қорын толықтыра түсті.

1998 жылы суретші А.Манабаевтың кенепке майлы бояумен салған «Шәкәрім» портреті [3.135 б.] музей қабылданады.

Музей қорындағы мазмұны жағынан да, салыну техникасы жағынан да ерекше туындылар сериясы Мақаш Әлиакпаровтың портреттік, композициялық, сюжеттік картиналарымен молыға түскен.

1970 жылдан бастап Мақаш Әлиакпаров Абай музейімен тығыз байланыс жасап келеді. 1975 жылы музей өз қорына суретшінің 17 жұмысын алса, бүгінгі күнде барлық жиыны - 213 картинасы түскен.

Қазақ әдебиетінде орыны ерекше Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолымен ақынның ұлы Ахат арқылы кеңінен таныс М.Әлиакпаровтың: «Шәкәрім Құдайбердиев» (2006), «Шәкәрімнің портреті» (1975), «Абай мен Шәкәрім» (1995), «Ұмытылған» (1995), «Құлагер» (1995), «Абай жерінде» (1995), «Өрмекші» (1995), «Шәкәрімді қайта жерлеу» (1995), «Бастау» (1997), «Шаған өзені» (1999), «Шынғыстау даласында» (2001), «Туған жер» (2008), «Ымырт» (1996), «Қойтас» /Еңлік пен Кебектің кездескен жері/ (1975), «Саят қора» (2006), «Абайдың туған жері – Қасқабұлақ» (2003), «Қызыл тастар» (1997), т.б. картиналары ақынның ауыр да қызықты тағдыры, туған жерінің жазиралы даласын, қыстауы мен саят қорасын жан-жақты суреттейді.

Кейбір картиналарына тоқтала кетсек, «Абай мен Шәкәрім» суретінде (1995) – хакім Абай сүйікті немере інісіне өлеңнің күші мен құдіретін таныстырып, кең даланың қасиетін түсіндіріп тұрған әсерге бөлейді. Екеуі тұрған төбеден Шыңғыстың сұлулығын тамашалап, жас Абай оң қолын інісінің иығына қойып, сол қолымен құшағына қыса тұрып өмір қасіреттерінен сақтандырғысы келгендей, ал інісі ағасының бауырынан қорғаныш іздегендей, болашаққа апарар жолды бірге ойласып тұрғандай болып суреттелген.

М.Әлиакпаров шығармашылығындағы «Ұмытылған» (1995) сериялы жұмысының орны ерекше. «Бұл туындыны «ержүректік симфониясы» деп атауға лайық. Батырлық пен батылдық кең де еркін жырланған, сары және қызғылт түспен асқақ бейнеленген. Тұңғиық пен жарық дүниенің бітпес күресі суретшіні күйбең тіршіліктен, тұрмысты бейнелеуден арашалап алады. Оны қатайтып, бізді жалғыздық тұңғиығына жетелейтін түстердің алмасуына әкеледі. Бұл қияметтен инедей болып көрінген үміт сәулесі ғана құтқара алады. Тек сол ғана, қараңғылықты серпіп жіберіп, өмірді сақтап қалатын сәуле – Қайырымдылықтың жеңуіне деген үкідей үміт» -деп суреттейді музейде ұзақ жылдар қызмет атқарған М.Мұхамедова[5.4 б.].

Мақаш ағамыздың «Өрмекші» (1995), «Шәкәрімді қайта жерлеу» (1995) шығармалары – Шәкәрім тақырыбына салынған суреттерінің ішінде музейге келген көрермендердің ұзақ тамашалайтын туындылары. Олар Шәкәрім заманындағы құрығын салған соқыр саясаттың қанды күрмеуіне түскен сол кезеңдегі зиялы қауым бейнесі, ойды, сөзді, тілді тұншықтырған кезеңді суреттейді. Ұлы француз суретшісі О.Роденнің «Қараңдар, тағы да қараңдар!» деген сөзі осы кезде ойға оралады. Кенепке майлы бояумен салынған «Өрмекші» картинасының жанынан жай ғана қарап өтпей, оған үңіле қараған ақын Б.Ахмер ішкі сезімін, толғанысын «Өрмек» өлеңімен білдіреді:

 

Күнә – шеңгел, кеудеге көз ораған,

Сабырсыздау сондықтан назалы адам.

Жанға түскен жалғыз дақ қанға тарап,

Алпыс екі тамырды мазалаған.

 

Тылсым өмір, жұмбағы шешілер ме,

Ағат кетсең, адамдар кешірер ме?

Жүрек пен көз тұрады күнде айқасып,

Жалған ғұмыр – қан майдан есіл ерге.

 

Аттамайды арынан шайыр екі ел,

Ол бұзылса, күңіреніп сайын кетер.

Сұлу қылып қойсаң да сұмдығыңды,

Көз жетпейтін шындыққа ойым жетер.

 

Шексіздіктен келетін әрі асқысы,

Қиял дейтін санамның талмас құсы.

Көз жасы мен күлкіден тоқылыпты-ау,

Мың перделі ғұмырдың алғашқысы... [7.135 б.]

Бүгінгі күнде аталған суретшілер салған Шәкәрімнің бейнесін көптеген кітаптардың иллюстрациясы мен мұқабаларынан көруге болады.

Бейнелеу өнері – адамзат мәдениетінің ең бір ертедегі хат түрі екенін ескерсек, бұл адам хатының бірінші тарихи түрі. Тасқа қашалып салынған сурет бізге жіберілген хат іспетті, бейнелі сөздер қалдырды. Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ізін «Мен кетермін, сөз қалар, Ақ қағазға басылып» - деп өлеңдерімен қалдырса, ақын бейнесінің бейнелеу өнеріндегі ізін суретшілер жеткізбек.

Әдебиеттер:

1.Каталог. Семей қаласының суретшілері ХІХ-ХХІ. «Дом печати» полиграфиялық орталығы. Семей, 2017

2.«Шәкәрім» энциклопедиясы. «Тенгри» баспасы, Семей, 2008 жыл.

3.Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің түсім кітабы. № 6

4. М.Әлиакпаров. Ізгілік. «Сезоны» баспасы, Мәскеу, 1997 жыл.

5. М.Әлиакпаров буклет. Дайындаған М.Мұхамедова.

6. Н.Өтепбаев. Шәкәрім. Қолжазба.

7. Б.Ахмер. «Өрмек» өлеңі.

Раушан Әлиханқызы Елекенова

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-музейінің ғылыми қызметкері

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.