ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ: АБАЙ — ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ: АБАЙ — ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

Оқылған 5051 рет

(Абай туралы кітапшаның үзіндісі)

Сонда жауап бере алман мен бишара!

Сіздерге еркін тиер байқап қара!

Абай.

1.     Еленбеген ерекшелік

Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол — өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі.

Армения мен Грузияны былай қойып, басқа бастас елдердің өткенін шолып қарасақ, ең озығы Қазан татарлары екен де, өңгелері содан кейін қарай тізіледі екен.

Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан — қысқасы, — бүтін Орта Азия XIX ғ. ұзына бойында ескі Күншығыс ислам мәдениетінің кірлі көрпесін қалың жамылып, батыс ауасынан әлі тыныс ала қойған жоқ еді.

Түрікпен әдебиетінің атасы саналатын Мағтумқұлидың де күрделі еңбегі — ескі шағатай әдебиетінің шеңберінен шығып, аз да болса, халық әдебиетінің үлгісіне жуыса жүргендігі ғана еді. Бірақ тозған мұсылман күншығысының мәдени қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне қарай жетелеген ақын-жазушы ол кезде, Орта Азия былай тұрсын, — Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел — Түркияда да кем болған. Онда да «бармақ өлшеулі»

[4]

«қаңсығы таңсық» көрінетін-ді.

Башқұртстанға келсек […] шығарған кітаптарын татар тілінде ғана жазған, кейін башқұрт еліне жау болған Зәки Уәлиди сияқты қашқындарды санамағанда, Шайқызада Бабич секілді талантты ақындары да өз тілімен жазып жарымаған.

Татарстанда Абаймен бастас екі-ақ адам бар еді. Мұның бірі — Чиһабудтин Мәржани, екіншісі — Қаюм Насири.

Еділ бойын басқан ескі фанатизм тұманының арасынан алғаш сәуле берген, татардың жаңа өсіп келе жатқан жас буржуазиясына мәдениет жөнінен жол ашпақшы болған XIX ғасырдың соңғы жарымындағы татар жаңашылдары осы екеуі болатын.

Мәржани — шіріген ислам іргесін ақыл кездемесімен жамамақ болған, схолостикаға қарсы шығып, елді ақылға бағындырып, мектепке дейінгі ғылымы мен орыс тілін енгізу қамында өткен, өзінше, Қазанның Лютері

[5]

еді. Дін жөнінде Абайдың ұстаған жолы да осы жол болатын.

Бірақ, Лютер шіркеудің «Авги азбарын»

[7]

болса, Мәржани дін реформасын ұсынғаннан, тарих жайында біріндеп зерттеу жүргізгеннен әрі аспаған; татар тілін ислам ласынан арылтудың орнына, шығарған кітаптарын араб тілімен жазып, ауызекі сөзін де, көбінесе, арабша сөйлеген оқымысты бір молда ғана еді.

Мәржанидың бұл кетігін толтырған — замандасы Қ. Насири болды. Бұл да, Мәржани сияқты, ескіше оқыған молда болғанның үстіне, орысша білімі бар, Қазанның ғылым орындарына қатынасып жүрген адам еді. Ескі түркі кітаптарындағы шағатай тілі үлгісін жойып, татар әдебиет тілін Қазан төңірегінің сөйлейтін тілінше құруға ең алғаш еңбек сіңірген адам осы Насири еді. Бірақ, соның өзінің Насиридің «таза татаршасы» да Абайдың қазақшасындай таза бола алмай, араб-парсы сөздерін көп кіргізген бүйрелеткі тіл болатын.

Сөйтіп, XV-XVI ғасырлардағы неміс Лютерінің бір өзі атқарған қызметін XIX ғасырдың соңғы жарымындағы Татарстанда Мәржани мен Насири екеуі бірігіп барып атқарған […]. Ал Абайға келсек, мұның жөні басқарақ секілді.

Энгельс ренессанстың тарихи ірі мәнін айта келіп, ол дәуірдің ірі адамдар керек қылғанын, сол дәуір тудырған титандардың бірі Лютер екенін айтады

[8]

. Сол Лютердің Энгельс көрсеткен еңбегі, жоғарыда айтқандай, дін реформасын жасау үстіне, дін жайында жазған кітаптарын неміс тілімен жазғандығы, жаңа шіркеу музыкасын жазып, оған жаңа түрлі дүғалар шығарып беруі болатын. Бір елдің әдебиет тілін жасауда мұндай еңбек сіңірген адамды біз Энгельсше бағалай білетін болсақ, XIX ғасырда қазақ ауылында жасаған, сеңсең тон, шидем күпі киіп, Шыңғысты жайлаған Абайдан пролетариат төңкерісіне басшы болуды, немесе «Капиталдың» авторы болуды талап етуіміз орынсыз; бойына шақтап тон пішуіміз керек.

Неміс прозасының іргесін қалаған М. Лютердің тырнақ алды еңбегі «Жаңа өсиетті» («Новый завет») аударғаны болатын. Оның 1521 жылдан 1534 жылға шейін 13 жыл ұдайынан істеген әдебиет қызметі тәуратты (библияны) неміс тіліне аудару болған. Сонда да оған Энгельс «библияны неге аудардың?» деп ұрыспай, тілге сіңірген еңбегін бағалап отыр. Абайдың аударғаны құран емес, Байрон мен Лермонтов, Пушкин мен Гете, Крылов. Өз жанынан жазғандары да дінге қатысты трактаттар ғана емес, «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін ондай сала алмайтын» сұлу өлең, шешен сөз. Сонда да оған «діншілсің» деп ұрсып:

«Мені»-менен «менікі»-нің айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес,-

дедің, идеализмге түсіп кеттің! — деп өкпелейміз-ау! Бұл, әрине:

Түзу кел, қисық, қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, ішін көрмей! -

деп жалынып кеткен Абайдың «арызын» құлаққа ілмегеніміз ғой. Әйтпесе:

«Өлді» деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? –

деген сияқты даусыз ақиқатты да көрген, образды көркем сөзбен пәлсепелік концепцияның қайсысы қай жерде жүргенін де аңғарған болар едік.

Асау жүйрік аяғын шалыс басқан

Жерін тауып артқыға сөз…-

болса да бір сыр, қай кезде дұрыс басқан жерін де «шалыс» деп шатаспаған болар едік.

Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерін былай қойып, тек әдебиет тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін ғана алсақ та, онда ақымыз кететін түрі жоқ. Оның үстіне Абайдың ірі ақын болғанын, оның өлеңі бол, қара сөзі бол, бұрынғы халық ақындарынан да, шағатайшыл молда ақындардан да озып шығып, соны жол салғанын ескерсек, Абай бейнелі ақын ол кезде қазақта ғана емес, көрші елдерде де болып жарымағанын көру қиын емес.

Үйткені, алғаш «Мұхаммедие» ізімен, түрік тілінде жазып жүріп барып, бері келе Европа үлгісіне түскен, сөйтіп, татар өлеңі тарихында жаңа дәуір ашқан Абдолла Тоңайлар «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» жазылғанда, туған да жоқ еді9.

Қырымда сол жылы Ресей пантюркизмнің атасы Измайл Гаспринский «Тілде, істе, пікірде бірлік», «Жоғалсын татаршылық!» ұрандарын көтеріп, «Тәржіман» газетін шығарды. «Тәржіманның» тілі біраз жеңілтіп алған Осман түрігінің тілі еді. Оның «Тілде бірлігінің» астары — бүкіл түрік-татар халықтарының ана тілін құртып, жойып, бәрін де Осман түріктерінің тіліне шоқындыруы еді. Соның әлегінен Қырым татарлары енді-енді құтылуға айналып, өзінің ана тілін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Жуырда болып өткен «Тіл, емле конференциясы» ғана Қырым татар әдебиет тіліне орнықты, тура жол белгіледі.

Азербайжанда Абай өлгеннен екі жыл соң «Шелале», «Пуюзат» журналдарының басында Ахмет Камал, Сабри-бей-зада Налид, Һүсейн-зада сияқты түрікшілдер отырып алып, «Сенің тілің бұзылған Осман тілі… Сенің өзіңде тіл жоқ…»10 — деп, азербайжан еңбекшілерінің өз тілін өзіне бермей, осынысы үшін Гаспринскийден Һүсейн-зада алғыс алып еді11. Азербайжан халқының ана тіліне жеңдіріңкіреп жазылған Нариман жолдастың «Тойы» Абай өлгеннен көп кейін жазылған еді.

Рас, азербайжанның бұл жөнінде бас бәйгі алатын бір реті бар. Үйткені темір жол барып ұштасып, Бакуды капитализм арнасына салып жіберген кезден — 1900 жылдардан көп ілік, XIX ғасырдың орта шенінде ескіліктің қай тарауына да төтепкі беруге талаптанған онда бір адам болды. Ол — Мырза-Фатали Ахундов болды. Мырза-Фатали араб жазуынан қашумен бірге, ескі шығыс мәдениетінің, ескі халық надандығының әр түріне де қарсы күш жұмсаған, сонымен қатар, бірнеше әдеби мұра да қалдырып кеткен адам еді. Азербайжан халқының ана тілі де алдымен соның шығармаларында ғана болмашы орын алған еді […].

Сөйтіп, Абайды көрші елдердегі замандастары, бастастарымен салыстырғанда Мырза-Фаталиден басқа ешкім де шендесе алмай шығады. Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін алғанда, Абай бәрінен де озат шығады. Үйткені ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен шығарған ол елдерде адам болған жоқ.

Абайдың бір қатар сыншылар ескермей жүрген бір оқшаулығы осы.

Абайды өзгеден өңге қылатын оның тағы бір ерекшелігі бар: бұл — Тоқай мен Дәрдімәнддей, Ғали Асқар Камал мен Фатих Әмірхандай, тіпті Мәржани мен Насиридай — кезінің қолайлы жағдайы жарыққа шығарған, өсіңкі тұрмыс тілегі тікелей тудырған адам емес. Ол — ояну дәуірінің толқынынан пайда болған неміс Лютері, француз Малербиі де емес. Сондықтан, Ренессанстай ұлы нөсердің ірі жемістері: Леонардо да Винчи, Альбрехт Дюрер болуы да Абайға «бұйырмаған».

Абай — жағдайының жағдайсыздығы тудырған, басып тұрған қараңғылық ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсықта келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам. Бұл — өз ортасының Дантесі сияқты. Бірақ, Данте — ескінің соңы, жаңаның алды еді. Орта дәуір мен ояну дәуірінің аралығындағы көпір еді. Ал, Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар; ол — соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты. Үйткені, оның төңірегі Эгей теңізі емес, Сарыарқаның шөлі де, өткені классик Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмір ғой.

Абайдың осы алды жоққа жуықтығы, салған жолының сонылығы — еленбеген ерекшелігінің бірі.

2. Абай және шағатай әдебиеті

Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Үйткені Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын.

Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «Әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «Сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы катынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті.

Екіншісі — қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөле таныс ескі Орта Азия үлгісі — шағатай әдебиеті.

Абайдың алды осы екеуі ғана. Абайдан бұрынғы қазақ әдебиеті бұл екеуінің шарасынан шығып көрмеген-ді. Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде осы қолда бар қалыпқа құйылған. Бірқатар сыншылар соңғы кезде де Абай шағатай әдебиетінің шеңгелінен шыға алған жоқ деп мойындайтын сияқты. Бірақ, менің байқауымша, Абай мұны 13-19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, сонан кейін суынып, тастап кеткен тәрізді.

Шағатай әдебиетінің алдымен көзге түсер ерекшелігі — мистицизм, диуаналық лирика. Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның ғашықтығының түрі де бөлек, объекті кім екені белгісіз: құдай ма? әйел ме? — тіпті, еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық. Кәне, Абайда бұл бар ма? — ұшқыны да жоқ.

Жам-у жәм ишрә һузур суы насибумдур мәдам,

Сағия! — та тәркі жам әйләп, геда болдум сеңа!

                                                                 (Навои).

«Рюмке ішіндегі салдуарлық суы мәңгілікті несібем (еді). Ей, арақ құюшы! — рюмкеден баз кешуге де бардым саған («саған» деп ғашығына айтады — Қ. Ж.), бенде (ке-дей) болдым!» деген сияқты диуаналықты Абайдан тауып болмайды. Абай, «Шырақтар, ынталарың «менікінде» болмасын», — деуімен дүниеге қол сілтеген сұпы болып шықпайды. Ол «мен»-ді кірлететін «менікіне» ғана қарсы. Иран-шағатай мистицизмінің қашып құтыла алмайтыны — сол «мен» — «нәпсі» емес пе? Сондықтан Абай ғашықтықты қаншама өзегін өртей суреттесе де, ғашығының «аяғын жалап», басын бүкпейді. Берілгені соншама, «Саған құрбан мал мен бас» деп, өліп кетуге даяр, бірақ Абайдың көксеген өлімі «еңкейіп өлу» емес, «мендігін» сақтай, шалқайып өлу […].

Дүние азабының тізесі батып, көресіні көре-көре «құдай салды»-ға көнген, өлім мен тіршіліктің жігін жоғалтқан, қарсыласар дәрмен көксемей, тағдырдың лағынат қамытына мойнын өзі сұққан көнбістілік, құлдың идеалы — міне, иран-шағатай әдебиет мистицизмі салған жол осы.

Абай бұдан аулақ. Бұл — қолмен болмаса да, оймен бостандық іздеп, «көппен көрген ұлы тойды» бұзбақ болған адам. Тағдыр қамытынан қалай босанудың жолын, әдісін, рас, таба алмаған. Бірақ, бұлқынбады деу — зорлық.

Міне, осы біріндегі «мен»-нен қашу, біріндегі «мен»-ді ардақтау — Абай мен шағатайдың басын бір қазанға сыйдырмайтын.

Бұл жағынан Абайды   шағатайға   ұқсатушы да жоқ болмау керек. Бірақ біз Абайдың пікір бағыты, әдеби нысанасы сопышылдық жолынан аулақ екенін айтумен, осы аулақтықтың Абай өлеңінің поэтикалық техникасына да шалығын тигізгендігін мойындағымыз келеді. Үйткені Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ, оның ойы да — сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сыярлық қана болып қоймайды; бірі олай, бірі бұлай да кетпейді; солардың әрқайсысы, үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді шығарады, тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады. Дін, құдай жайын өлең қылса, «Мәкен берген, халық қылған — ол ләмәкән», «Уә күтубиһи дегенмен ісі бар ма?» деп арабшалап кетеді; орыс мектебі, Салтыков, Толстойларды сөз қылса, жаңа кәсіпке шақырса, «здравомыслящий», «занимайся прямотой» деп орысшылап та қояды. Берілген көңілдің шабытына, көтеріңкі бәсеңдігіне қарай, түрленіп, грамматикалық формалары бірде есім, бірде етістік болса, өлең өлшеуі, ырғағы бірде шұбалаң, бірде жүрдек болып келеді. Сөйтіп, Абай өлеңінің мазмұны өзіне лайық түрге орана келсе, түрі де бойына шақ мазмұнын жамылып келеді. Түр мен мазмұн тек жарасып отырмайды, «бірі-біріне ауысып, бірінен-біріне құйылып» отырады.

Осындай іш пен сырттың біте қайнап, қосылған Абайда шағатайдың іші болып, сырты болмауы немесе сырты болып тұрып, іші болмауы мүмкін де емес. Ондай диссонансты Абай гармониясы көтермейді.

Рас, алғашқы әзірде, өлең дүниесіне қадам басқан кезде, шағатай қармағына Абай да ілінген. Бірақ, көп ұзамай ол қармақтан бұлқынып шығып кеткен сияқты. Әзірге белгілі әр кезеңіне жататын 3-ақ өлеңі бар. Оның да бірінің бас-аяғы жоқ. Бірақ, осы аз өлеңінің өзін жазылған мезгілдері мен формалары арасындағы үйлесімі жағынан алып қарағанда, шағатай қаумасынан Абайдың бір аттаса-ақ шығайын деп тұрғанын көру қиын емес.

Үш өлеңнің екеуі 1858 жылы (13 жасында) жазылған да, қалған біреуі бұдан алты жыл кейін 1864 жылы жазылған. Міне, осы алты жылдың өзі шағатай әдебиеті мен Абай арасына едәуір сына болып табылған. 1858 жылы жазыл­ған өлеңдерінің екеуі екі басқа өлең екеніне ешкім таласа алмас. Үйткені бірін қызға айтқан да, біреуі иран-шағатай ақындарына арналған. Екі өлеңнің өлшеуі де екі басқа. Бірақ солай бола тұрып, осы екі өлең бір-біріне сондай ұқсас, бұл ұқсастықты әлдеқалай бола қалған деуге сыяр емес. Бұл екеуінде мезгіл бірлігіне Абайдың әдеби көзқарасының, әдеби техникасының бірлігі де сай келіп, ол Абайдың қай Абай екенін айтып тұр. Ол — иран, шағатай әдебиетінің классиктерімен танысқан, оларды ұғынған, шеберлігіне қол қойған, сондықтан:

Фзули, Шәмси, Сәйхали

Навои, Сағди, Фердауси,

Хожа Хафуз — бу һәммәси

 Мәдет бер, я, шағири фәрияд! -

деп солардан медет-жәрдем тілеген Абай. Ол — әлі бұлардың өнеріне өз көзімен қарауға шамасы келмеген, тек еліктей берген Абай.

Міне, бұл Абайдың өлеңдері, осы екі өлең — шын мағынасымен шағатайша шыққан. Өлең ұйқасымының лажсыздығы (заруата шағрия) қуып әкеп тыққанда, әсіресе, артықша орын алатын араб-парсы сөздері — шұбар тіл керек пе? Халық метрикасын менсінбей, ғаруз өлшеуін қолдану керек пе? Халық кәдесіндегі өлең ұйқасын, жолын жинап қойып:

Юзи — раушан, көзи — гәуһар,

Ләғилдек бет үши әһмәр,

Тамағи қардан һәм биһтар

Қаши құдрет, қоли шигә,-

сияқты үш рет жалғасынан ұйқасып келіп, төртіншіден бір түйіп отыру керек пе? — Бұл екі өлеңде осының бәрі де бар. Мұндағы теңеулер де көбінесе шағатай ақындарының мініп-мініп жауыр қылып тастағандары — қазақ сезіміне ұғымсыз бейнелер: «гәуһәр көз», «лағылдай (маржандай) үші қызыл бет», «Сүлеймен», «Шәмши», «Искендір» патшалардай мүлікті, байлығы мол адамдар. Кейінгі кезде тұрмыстың қандай қараңғы түкпірлеріне де жанары түскен кырағы көз әлі онда жоқ. Сондықтан тұрмыстан алынған бейне де жоқ. Күншығыс ақындарынан қалған, тозған бейнелерден шетке шықса-ақ «қасы — құдірет, қолы — шеге» сықылды үйлесімсіз сорлы суреттерге ұшырайды. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Айттым сәлем, қаламқас!»-тарды жазған кезде Абай сүйген сұлуына «қолың шегедей» демеген болар еді; қасты құдіретке теңеудің де орнын таба алмаған болар еді.

Міне, бұл — ақындық беті ашылмаған балаң Абай кезі. Абайда,   осындай, түгелімен   шағатай тұтқынында болған дәуір болуы, осы екі өлеңнің екеуінің бір жылда жазылуы, түрінің ұқсастығы осыны көрсетеді: екеуінде де шұбар тіл, екеуінде де ғаруз, екеуінде де үштен тастап, төрттен түйген тізгін ұйқасы, бірінде шағатай ақындарына сиыну болып, екіншісінде солардан қалған жауыр бейне болуы — осының бәрі, осыншама ұқсастық, бұл әлдеқалай, кездейсоқ нәрсе емес. Бұл — Абай ақындығының бір кезеңі — шағатайға еліктеу кезеңі, олардан шығып кетпек түгіл, оларды сынамақ түгіл, әлі олардың өз ішіндегі тәуірін таңдап алуға да, өз ішінен түр іздеуге де шамасы келмеген кезеңі.

Енді үшінші өлеңге («Әліп дек ай йүзіңе ғибрат еттім») келсек, мұны жазған кезде Абайдың бір аяғы шағатайда тұрса да, бір аяғы шетке аттауға таянған кезі көрінеді.

Мұнда алдымен көзге көрінетін — Абайдың шағатай әдебиетіндегі өлең техникасының бұлтарыстарын тегіс аралағандығы, өмірден безіп, кейіпті кескін таба алмай, алдындағы жазудың әріптерін бейне қылып пайдаланған шағатай ақындарының поэтикалық ойынына шейін барғандығы.

Я — ярым! қалай болар жауап сөзің?

Мәт — қасың, тәштит — кірпік, секін — көзің.

Үтірмен асты-үстілі жазуда бар…

Араб әрпінің ас, үс, үтір, секін, тәштиттерінен көркемдік бейнесін іздеу шағатай ақындарына үйреншікті әдет болатын. Навоидің:

Қашларынден, кім ірәр қаниғ көңіл ішре қиял,

О — қызыл кәгәда Нун болұр,- шапақ ішреһилал.

(Қастарыңа көңілдегі қиял қанағаттанады, Ол — қызыл қағазды нұн әрпі, шапақ қызылдығына тұрған ай болып көрінеді) дегеніндегі қасты нұн әрпіне ұқсатуы, немесе:

«Жан»-ымдағы жем — ол екі далаңға пида;

Анден соң әліп — таза ниналіңға пида,

Нуні дағы-ғанбарлық һилалиңға пида,

Қалған екі нуқта — екі қалыңға пида!

(Жанымның «ж» әрпі ол екі қасына құрмандық, Онан соң, «а» әрпі таза бойыңа құрмандық, «н» әрпі дағы жақсы иісті ай жүзіңе құрмандық, Қалған екі ноқат (бірі «ж» ның, бірі «н» ноқаттары) бетіңдегі екі қалыңа құрмандық!), — деген өлеңіндегі ж, д, а, н әріптері мен ноқаттардың бірін ол, бірін бұл мүшелерге меңзетуі — осы әріп бейнесін ісіне асырған ақындық ойыны болатын. Абай осыған шейін барып, шағатай үлгісінің ұшығына шыққан түрі бар. Бұл алты жыл ішінде Абайдың түр іздеу екпіні көп өскендігін көрсетсе, оның үстіне әріп бейнесін шағатайша бейне түрінде қолдануға місе тұтпай, әріп орнына дыбыс алғанын, әр дыбысты сол дыбыспен басталатын сөзге символ есебінде ұстағанын көрсетеді: a — ай, б — бәле, т — тіл, с — саламат, ш — шекер, к — кәміл, м — мейірім, н — нала, тағы басқалар. Осының өзі шағатай үлгісін ішінен шіріте бастағаны болу керек.

Шынында «Әліп дек ай йүзіңе ғибрат еттім» өлеңі алдыңғы екі өлеңнен көріне басқа. Бұл — шағатайдан қашықтай бастаған, қазақтың өз үлгісі қайта бейімделе бастаған кезі болу керек. Тіліндегі шұбарлық нәлі қалмаған да болса, алдыңғы екі өлеңнен көп жеңіл, араб сөзі сирек кездеседі. Өлеңнің өлшеуі де ғарузша емес, буын өлшеулі ұйқасым қазақтың қара өлеңінше. Бұл кәдімгі 11 буынды қазақ өлеңі. Мұны да ғарузша құрылған дәуірлер болуы мүмкін. Ондай күман тудыратын екі-ақ жол бар, ол:

Би — бала и дәртіңе нисбәт еттім,

Си — сәна и мәдхіңа хұрмәт еттім.

Бұл екеуін күманды қылып тұрған — екеуінде де парсы изафетімен байланыстырылған «бала-и-дерт», «сәна-и-мәдх» деген араб-парсы сөздері болуы, изафетттің алдыңғы буыны созылып айтылған болғандықтан, «ұзындық-қысқалық» негізіне құрылған ғарузға ұқсап тұруы мүмкін. Бірақ бір өлеңнің құрылыс жүйесін, өзгесіне қарамай, тек екі жолына қарап шешуге болмайды. Бұл өлеңнің осы екі жолдан басқаларының бәрі, оның үстіне ұйқасымы қазақша құрылғанына дау қалдырмайды.

Ескі күншығыс ақынының әріп бейнесін дөп қолдануы өмірден қашықтап, қаламы мен әрпіне ғана қарап тізесін құшақтап қалған касталық жағдайын көрсетеді. Абай осы белеске шейін өрмелеп барып, шағатай жолының сорлылық үшіне шығып болып, одан безген сықылды. Осы өлеңкен кейін шығыс жұртына қонуды тоқтатқан. Бұдан соңғы Абай өлеңдерінен шағатай үлгісін іздеу, меніңше, құр арам тер.

Абай енгізген өлеңнің жаңа өлшеулерінің кейбірі, — кім біледі — ғарузаға ұқсап та тұратын шығар. Арабтың 28 әрпіне келетін комбинациясының ешқайсысын қалдырмай ұйқасым қуалаған Шығыс ақындарының тоқсан тарау өлең ұйқасымы мен өлшеуі Абайдың қайбір өлеңіне тура келіп те кететін шығар. Бірақ оған қарап, оп-оңай шеше салуға бұл мәселе көнбейді. Қазақтың өлеңінің бар өлшеуін — созып айтып, бұрмалап қараса, — ғарузадан шығаруға болады. Абайдың жаңа үлгілеріне де осыны істеуге болатын шығар […].

Сонымен, 1864 жылдан кейінгі Абайдан шағатай ықпалын іздеу — бос арам тер болып шығады. Үйткені: 1) шағатай әдебиетінің негізгі бағыты мистицизм; Абайда бұл жоқ. 2) шағатай әдебиетінің тілі араб-парсымен шұбарланған шұбар тіл; Абайда бұл — машықтау үшін болмаса, ұшырамайды. 3) Шағатай әдебиетінде өлең өлшеуі — араб-парсының ғаруз өлшеуі; Абай мұны ерте тастаған. 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузын сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып ала жүрген болар еді; Абайдың еш қылуасында олармен әдеби оты өрелі жанатын қылық жоқ.

Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып одан шығып, тастап кеткен ақын.

 

3. Абай және халық әдебиеті

Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі — халық әдебиеті деп едік. Он жасынан бастап «Түйе қайырған қатынға», көңлі ауған қызға Абайдың жұмсаған сөз қаруы осы қалыпқа соғылған. Бірақ ол мұның да қызығына ерте тояттап, ескірген ел даналығын, көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған сияқты. Халық әдебиетінің заман таптап даңғылдаған көне жолы Абайға тарлық еткен. Ол соныдан жол салмақшы болған. «Мәдет бер!»- деп, 13 жасына Навои, Сағди, Фердаусилерге жалбарынған Абай, келелі кеңестің кеуде биі болмақ болып, ескі бише қосарлап сөйлемек болған Абай, ескі ақынша «көр-жерді өлең қылмақ» болған Абай енді бұларды қомсына бастайды. Оның «күншығысы күнбатысы болып», Хожа Хафиз, Сағди орнына Байрон мен Гетенің, Нысамбай, Бұқар орнына Пушкин мен Лермонтовтың етегінен ұстайды. Классик әдебиет дөңіне шығып, артына қарағанда оған енді:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау

Өлеңі бірі — жамау, бірі — құрау,-

болып, олардың «кемшілігі әр жерде-ақ көрнеу тұрады». Ол – қазақтың өнерінің өзіне сын көзімен қарап, ескі әдебиет мұрасының ескірген жерлерін көзі шала бастайды. Ол жалғыз қыссашыларды ғана мінеп, шөп татыған «Әзірет Әли», айдаһарлы ертегіні термектікті» ғана кемшілік деп тоқтамайды. Өлеңнің ұйқасы үшін «ауылда қонған жерін», «астына мінген атын», «айтамын айт дегеннен»-дерді сүйреп әкеп, сөз арасы бөтен сөзбен былғанса, онда Абай: «ол ақынның білімсіз бишарасы» дейді. Сөздің қасын түзеймін деп «көзін шығарып», бітпейтін кейіпті су­реттеген нәрсесінің жанына жарып тығып, өз сөзін өзі есептемей айтып «алтын иек сары ала қыз» табатын өлең арналарын қатаң сынайды. Сонымен қатар Абай «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» екендігін, үйткені онда басы артық қосарлар жүретінін байқайды.

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,-

деп қырағы көзбен бұл кемшілікті шолып өтеді де, өзі «ескі бише отырман бос мақалдап» деп, ондайдан аулақ болатындығын айтады.

Жұрттың бәрі сөз сатқан;

Сатып алып не керек

Екі сөзді тәңрі атқан,

 Шыр айналған дөңгелек? -

дейді. Өткен өмір арбасының дөңгелегімен қоса айналып дөңгеленген ескі тозған сөз үлгісін тастап, Абай «тіл ұстартып, өнер шашпақ» болады. Басы артық бір сөз де өлең ішінде тұрмауын, өлеңнің «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы!» деген шарттарды қояды Абай. Осындай қатаң шарт, ауыр сынның арқасында Абайдың сөздері, Ілияс айтқандай, «қиюынан қыл өтпейтін» нығыз болып, мағынаға малынып келеді. Сондықтан оны ағызып оқып, сыдыртып өте шықсаң, ішкі мәніне жетпей қаламын деп кідіріп, салмақтап, ақынның кестелеген айшықтары, қошқар мүйіздерімен оралып өтуге тура келеді. Абай айтар сөзінің бәрін айтып, орнын тақырлап кетпейді, оқушыға да шығарғыштық сыбаға қалдырып кетеді.

Міне, Абай сөзінің осы қасиеттері, Абайдың өлеңге қойған осы шарттары күні бүгінге шейін құнын жоғалтпаған артықшылықтарының бірі. «Алтын иек сары ала қыз» сияқты жалаң, жалған жалтыр бейнелер (образдар), ұйқасым қуалап, өлеңнің кетігін басқа сөздермен тығындаулар бүгінгі әдебиетімізден де әлі кетіп болған жоқ.

Халың өлеңінде тақырыптан тысқары басы артық сөз болмай тұрмайды. Ондай артықтар жаман өлеңде сорайып көрініп тұрады да, тәуірлерінде бойын жасырып, бірде құрғақ пәлсепе жамылып, бірде мақал, жұмбақ бүркеніп, бірде орынсыз пейзажға оранып келеді. Қалай болғанда да бұлар өлеңнің мәнін сұйылтып, дәнін жұқартпақ. Абайдың алдындағы әдебиет үлгісі осы сұйық мәнді, жұқа дәнді өлеңдер, тозығы жеткен мақалдар, бірөңкей тізіліп жалықтырғыш келетін ертегілер еді.

Айдын көл батпақ атанар

Айдыны құрып, суалса…

Арғымақ аттың белгісі

Аса бір шауып бұланбас…

Ағарып тұрган ай да өлер,

Қызарып тұрған күн де өлер,

Алшаңдаған бай да өлер,

Ардақтаған хан да өлер…

Осы сияқты арзан ақиқат, тозған шындық, керексіз тақпақ ескі өлеңнің мазмұнын да, түрін де билеп алған ескілік ауру болатын. «Ескі бише отырман бос мақалдап» дегенде Абай осыларды айтқан болу керек. Абайдан бұрынғы, Абаймен замандас ақындардың не жақсы дегені де осы бос мақалдан құтыла алмаған. Бұдан құтылмай тұрып, шын мағынасымен әдебиет тілін жасау да мүмкін емес еді. Абайдың сіңірген бір еңбегі әдебиетті осындай артық жүктен тазартуы болса керек.

Халық әдебиеті — халықпен құрдас, бірге жасасып келе жатқан кәрі нәрсе. Оның жаңалығы жарытусыз, бұрынғының үстіне жаңа бояу жағу түрінде ғана болады. Жаңа шығармасы да сол ескі тамырға көктеп өседі. Мұның бәрі өмір ағынының шабандығын, ілгері басуда халықтың мандымағанын, ескінің тігісін сөгіп, ыдыратқандай, халық өмірінде ұлы өзгеріс болмағанын көрсетеді. Сонымен атам заманда айрылып қалған, бір кезде жаңа болған, бірақ, бүгінде тозған бір нәрсені, көнерген сөзді халық әдебиеті қайталап, немесе, болмашы бояу жағып алып, сүйрете береді. Халық әдебиетінің сақталатыны да, оның таусылмайтыны да осыдан келеді.

Оның үстіне басы артық, қосар сөздердің ескі өлеңнен қалмайтын, сонымен сөздің мәнін сұйылтатын тағы бір себебі бар: ол — әдебиеттің ауыз әдебиеті болушылығы. Ауызекі сөйлеген сөз бір айтылғансын өтіп кетеді де, қайта тыңдауға келмейді. Айтушының өзі де, қайтарып айтқанда, алдыңғысын түгел қайта айтып шыға алмайды (жаттап алған болмаса). Ал, жазылған сөзді ескермей қалсақ, қайтадан әлденеше рет қарап алуға, түсінбеген жерімізді түсініп алуға болады. Сондықтан жазылған сөзді мейлінше нығыздауға, сөйлемін орамды, мағынасын терең қылып жіберуге болады. Бірақ ауызекі сөзге мұны істеуге болмайды. Жазылған сөзді қаншама жандандырып-ақ ауызекі айтсаң да бәрі бір өлі сөз болып шығады. Маяковский жазған өлеңдерін декламация үшін қайта өңдейтін-ді. Пьесалардың сөздерін де Мейерхольд еш уақытта өз күйінде қалдырмайды, тыңдауға қолайлы етіп, өзгертіп шығарады. Қазақтың халық әдебиеті де сахна әдебиеті болатын; көпшіліктің тыңдауына бейімделген шығарма болатын. Тыңдалатын шығарма мағынаның артық қоюлығын көтермей-ді. Ондай болса тыңдаушының миын шаршатады. Сондық­тан, халық шығармасында шығарманың тақырыбына катысты сөздердің аралығына, тыңдаушының миына гимнастика болғандай, «басы артық» сөздер енгізілетін. Мұндай қыстырма сөздер, шығарушының шеберлігіне қарай, бірде тақырыптан өте алыс кетіп, тек ұйқасым үшін тұрады да, бірде алыстап орағытып келіп тақырыптың бір жерінен жанасатын. Ауыз әдебиетте мұндай қыстырма әңгіменің мынадай 3 түрлі пайдасы бар:

1) Тақырыптан тыс әңгіме болғандықтан, тыңдамасаң да, не түсінбесең де әңгіменің ұзын ұрғасын ұғуға кемшілік қылмайды. Сонымен ол тыңдаушыға демалыс болады;

2) Тақырыптан тыс әңгіме болғандықтан, тыңдаушының зейінін аударып, миға гимнастика болады;

3) Тақырыптан тыс әңгіменің өзі бір шетімен тақырыпқа байланысып жатса, әрі логика, образ жағынан дұрыс құрылса, тыңдаушыны күні ілгері даярлап, негізгі тақырыпты жақсы, жанды түрде түсінуге себеп болады.

Шора батырдың ханға өкпелеп, елін сағынып, өзінің Қазанға қайтқысы келгенін ханға айту түрі осылайша құрылған:

Арғымақ үйірін сағынар.

Сағынғанда не қылар,

Тұяғын тарпып қағынар.

«Тау көбелей желсем!» — дер,

«Үйірімді көрсем!» — дер.

Ақ сұңқар ұя сағынар,

Сағынғанда не қылар:

Тұғырында тұра алмай,

Тапыл-тапыл қағынар;

«Көк бұлттың ішінде

Көлденеңдеп ұшсам!» — дер,

«Дәмді қанды ішсем!» — дер,

«Ұяласын көрсем!» — дер.

 Ер туғанын сағынар,

Сағынғанда не қылар:

«Күдеріден бау тағып,

Көбе тонды кисем!» — дер,

«Ауыр қолды ертсем!» — дер,

«Дұшпанымды көрсем!» — дер.

Жұрт ойламас ер болмас,

Үйір демес ат болмас,

Ұя демес құс болмас,

Мәнзілді күнде, падишам!

Өзінің жұртын сағынар.

Қауыста қайтқан қараша

Қиқулап қонар көліне -

Өсіп-өнген жеріне.

Қазандай ішім қайналып,

Садағым сала байланып,

 Ниет қылдым еліме.

Міне, осы отыз жолдың ішінде мақсатты ойын айтатыны тек соңғы «ниет қылдым еліме» деген жол, оның үстіне елін сағынғандығы. Арғымақтың үйірін, сұңқардың ұясын, қараша қаздың көлін, жалпы ер жігіттің елін сағынатындығы, олардың қайсысы қалай сағынғандығы, қалай тыпырлайтындығы негізгі тақырыпқа керек те емес. Айтпақшы сөзі ол емес. Сол себепті мұның бәрі де басы артық, қыстырма әңгіме болып шығады. Бірақ, ақын осы тоқсан тарау қыстырма әңгімені негізгі тақырыпқа сондай шеберлікпен байланыстырған, әрқайсысын сондай дұрыс құрған, бұлардың тақырыптан тысқары әңгіме екендігіне таласуға да болады. Бұлардың бәрін байланыстырып тұрған бас арқауы бәрінде де сағыну барлығы: оның үстіне, сұңқардың ұясы, арғымақтың үйірі, қаздың көлі, ердің елі — бәрі де сағынудың объектісі болғанының үстіне, араларында толық ассоциация бар. Сондықтан бұл ұзын қыстырманың бірін де артық қыла алмай, бәрі жиналып негізгі әңгімеге қарай зейінді аударуға себеп болып тұр. Сонымен қатар, негізгі мәселенің өзін баяндап тұрмағандықтан, олардың бірін тыңдамай, не ұқпай кеткеннен зияны да жоқ.

Міне, бұл халық әдебиеті шығармаларының тыңдаушының ынтасына қарай құрылғандағы ең үлкен шеберлікпен, ірі өнермен жасалған түрі.

Өлгенді естіртушілер де қазақта осы әдісті қолданады. Олар да адам атадан бастап, неше түрлі жұрт білетін ірі өлім, аянышты өлімнің бәрін санап келіп, аяғында мақсатының бетін бір-ақ ашады. Онда да бір өлімнің бар екенін сезесін де, бірақ кім үшін айтылып отырғаны, кім өлгені белгісіз. Сол белгісіздіктің өзі тыншытпай, тыңдауға айдап салады. Бірақ, бірқатарын тыңдамағаннан да зиян келмейді. Соңғы түйінін ғана тыңдасаң, ұқсаң болады. Осыны тыңдауға, ұғуға алдыңғы қыстырма әңгімелердің өзі үлкен себеп болады. Ауыз әдебиет үлгісінде бұл — таптырмайтын әдіс. Бірақ, жазба әдебиетте мұндайлар мағынаны сұйылтып әкетеді. Сондықтан, мұнда ұзақ қыстырма әңгімеге орын қалмайды. Мұнда оның орнын сөздің образдылығы ұстайды.

Абай біздің жазба әдебиетіміздің атасы болғанда, өлеңін, қара сөздерін тек кағазға жазғандығымен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеттің осы айырмашылығын ашқандығымен атасы болады. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңісіп болған ескі ауыз әдебиет дағдысынан кұтқарған адам — Абай. Ескі ауыз әдебиетіндегі артық қыстырмалардан алғаш тазартқан Абай.

Абай сынаған «қазақтың ұзын сөзділігі», «ескі бидің сөз қосарлап бос мақалдайтындығы», «ескі ақынның жоқтан қармап, көр-жерді өлең қылатындығы» дегендер — осы басы артық қыстырынды әңгімелер болатын. Абай сөзінің «қиюынан қыл өтпейтін» ықшам, тығыз болатыны да осы басы артықтан аман болғаннан келетін-ді.

Абай ескінің шұбалаң қыстырмасын икемді бейнеге (образға) айналдырды:

                   Іздеп табар сұңқармын

                   Жарастықты шүйгенде.

                   Қылығында жоқ оғат…

                   Сіз — қырғауыл жез қанат,

                   Аш бетіңді, бер қара.

 

Ескі халық ақыны болғанда, «сұңқар» мен «қырғауылдың» өз романын жарыстырып, жігіт пен қыздың әңімесін оның көлеңкесімен бүркеңкіреп қояр еді. Абай, олай, сөзді ұзатпайды. Ұзатпау үшін «сұңқар» мен «қырғауылдың» арасын алыстатып, арасына негізгі тақырыпты кіргізеді; «Сұңқар», «қырғауыл» дегендер «жігіт», «қыз»-дармен теңбе-тең жасайтын, өз бетілік кейіп болмай, «сұңқар» жігіттің, «қырғауыл» қыздың бір мезгілдік қана кейпіне ұқсатылады да, негізгі суреттің анықталуына, толығуына себеп болады.

Абайдың өлеңдері бейнелі, суретті келіп, шын мағынасы мен көркемдік шартын орындап отырады. Сонда Абай образды қолдан жасап, жат кейіп қылып шығармайды. Қазақтың өзіне қашаннан таныс, оны келтіргенде бермекші суретінің бояуын қандырып, ашып кететін суреттерден алады. Суретті ойдағыдай, күшейтіп жіберетін болса, Абай ондай-мұндай ерсілігіне, әдепке шеттігіне де қарамайды. Мұнысын, әрине, мақтауға болмайды. Кәрі шалдың жас қызды еріксіз қатын қылғысы келгенін улы тілмен шаққысы келсе, «тұсап қойып қашырар бұқа ма екен»? деп сөгеді. Елдегі қулардың ұнамсыз қылығын біле отырып, оны тоқтатуға мұршасы келмейтінін айтқанда:

                   Ойнасшы қатын болса қар

                   Аңдыған ерде қала ма ар! –

деп жібереді. Ақы алып өлең айтқан ақын-тыңдаушыны да, сөз асылын да танымай айтады, оны тыңдама деп, ондайдан бездіргісі келсе:

                   Сатып алма, сөз сатса,

                   Ол — асылды аңдамас,-

                  Білеткенің байы ақша

                   Ер жақсысын таңдамас,-

деуге де аузы бара салады.

Абай қазақтың мақалын да, ертегісін де, дінін де, салтын да — бәрін де суретке пайдаланады. Бірақ, осының бәрінде қазаққа таныс образдардың өзі бұрынғы құрысып, қатып қалған күйінде тұрмайды, жүріп кетеді, жан бітеді; жетіліп, өсіп, ашылып, жарқырап кетеді. Өз қалпында қалып қоймай уақиғаның өзіне біте қайнап қосылып кетеді. Мақалдар Абайда босқа қосарланып, «солай дегендей-ақ» болып жүрмейді, жанды суретке, қозғалысқа, процеске айналады. «Адам басы — алланың добы» деген дөрекі фатализм мақалы ғашықтың материяланған суреті болып, бірде теріс ұшып, бірде қайта түседі:

                   Тәңірі добы — бұл ғарып бас

                    Кетті амалсыз! Қорлама,

                     Қайта қақты, қайла болмас,

                     Келді, түсті ордаңа!

Бұл — аудармада кездессе де (ІІушкинде мұндай сөз жоқ), Абайдың өзі тағдырды осылай доп қылып ойнатып қойған. Дәлдеп аударған жерінде де Пушкиннің:

                   Мои сомнения разреши,

                   Быть может все это пустое,

                   Обман неопытной души

                   И суждено cовсем иное,-

дегенін кім біледі, мұның бәрі тәжірибесіз жанның алдануы шығар да, жазмыштың ұйғарғаны басқа болар. Біздегі көп аударғыштарша тікелемейді:

                   Шеш көңілімнің жұмбағын,

                   Әлде, бәрі — алданыс.

                   Жас жүрек жайып саусағын

                   Талпынған шығар айға алыс? -

деп, әрі тура, әрі сұлу, суретті қылып, үлгілі әдеби аударма береді. Міне, мұнда «алыс айға саусағын жайып талпынған жас жүрек» бейнесі қазақтың «арыстан айға шауып мерт болған» дейтін мәтелінен алынған. Сондай таныс нәрсе екені білініп тұр, бірақ ол кейіптен ешнәрсе қалып жарыған жоқ, бәрі де Абайдың өз қолымен жаңартылған. Мұнда арыстанның жыртқыштығы, тәкаббарлығына, сол «бейілінен тапқандығынан» мерт болған артқы аяғы екендігінен ырым да жоқ. Мұнда жүрегі таза жас сәби айды алмақ болып балдыр саусағын шолтаңдатқан күнәсіз қылық қана бар. Сонымен бірге жай қалмай, мерт болып қалатыны да көрініп тұр.

Абайдың қыз бен жігіті ғана құс пен аңға ұқсап қоймайды, құсы мен аңы да қызға, жігітке ұқсай береді. Түл­кіні бүркіт басып, екеуінің алысқанын қара шашы төгіліп, иықтары бүлкілдеп, суға шомылып жатқан сұлуға меңзеп қояды.

Жер — ана деген ұғым қай жұртта да бар. Бірақ, Абайдың жер — анасы не қалыңдық ойнаған қыз болып, ұрын келген күйеуі күнмен жымыңдасып, күліп ойнап кетеді, немесе ол ана елжіреп емізіп кетеді.

Қысқасы, Абайдың образ қолданудағы өзгешелігі: әуелі — қатесіз анық таныс бейне алады; екінші — образы ескі өлі қалыбында қалмай, жанданып кетеді, үйткені, үшінші — ескі образды өсіріп, жаңартып, жалғап әкетеді. Оның ескі, таныс образ алуы тек таныс жағымен тартып, жуықтатып алып, келгеннен кейін басқа жаққа бұрып жіберейін деген сияқты. Ескі әдебиет мұрасын Абайдың пайдалануының бәрі осылай. Ол ескіні де, өз заманын да дәріптемейді. Ескі образды алғанда, оны сүйдіру үшін емес, ескіні бұзып, жаңа қылып, сонымен жаңаны ұғындыру үшін алады. Абайдың әдебиет, мәдениет істеріне қолы тиіп кетсе, ол тек сипап, сүртіп шаңын кетіріп шықпайды, өзінше бұзып, өзінше түзеп, өз қолынан ізін қалдырады. Өлеңнің ырғағы да, ұйқасы да, буыны да, әні де, тақырыбы да, сөз төсегі де, суреті де Абайдың қолынан өткенде бұрын көрмеген жаңа нәрсе болып шығады. Қайсыбіреудің құлағын «шу!» дегенде тосаңсытады. Бірақ, сөйте тұра, Абай өлеңі — қазақ өлеңі, қазақ өмірінің суреті, қазақ тілімен жазылған, қазаққа түсінікті болып шығады. Ол Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты қазақша сөйлетеді, күпілі қазақты Пушкинше, Лермонтовша сөйлетеді. Абайдың арқасында XIX ғасырдың соңғы ширегінде қазақ ауылындағы қыз ойнаққа Онегин мен Татьяна «қатысады». Абайдың арқасында XIX ғасырда қазақтың әдебиеті өзінің атам заманғы «азалы ақ көрпесін сілке тастап», Европаның классик әдебиетінің қалыбына түседі, сөйте тұра қазақ әдебиеті болушылығын да бұзбайды.

Бұлайша ескіні жаңаға ұштастырып, жан бітіру үлкен шеберлікпен ғана болатын іс. Абайдан біз осы ірі шеберлікті көреміз. Абай ақын болғанының үстіне ескі мәдениет мұрасын дұрыс пайдалана білген ақын. Абай ескі күншығыстың экзотик өнерінің бірі — шағатай әдебиетімен де жақсы таныс болып, онан жанына азық таба алмай, ілгері басқан Европа үлгісін таңдап ұстағанының үстіне, қазақтың халық әдебиет мұрасын да жете тексерген, оны барынша бағалаған, онан бар керегін ала білген адам. Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде «қазақтың ертегілерінде есітпеген ертегісі кем шығар. Сонда, қазақтың ескі ертегісінен — бұрын қай жерлерде жүргені; көршілес күндес елдері қай жұрттар екені; елдің ескі салты, арманы, кәсіп, харекеті не екені көрінеді деуші еді» дейді. Міне бұл халық әдебиетін (ертегін) осы ғылым айтуындағыдай бағалай алғандығы. Қазақтың мақалдарына қарап отырып, қазақтың тарихын қарастыруы да, өз сөзіндегі қазақтың шаруашылық қалпын; дүниеге көзқарасын білуге мақалдарды кілт қылғысы келгендері де — бәрі де халық әдебиеті мұрасын қалай пайдалану жолын түсінгенін көрсетеді.

Сонымен бірге, Абай ескі мұраны талғамай ала беретін адам емес. Ол ескіден қалған мұраға да, өз заманының жайына да сын көзімен қарап, өзінің ақыл елегінен өткізіп алған. Қашаннан келе жатқан «мәңгі шындық» саналатын әдет-заңын Абайдай қирата сынаған адам қазақта ол кезде болмаған. «Ата-анадан мал тәтті», «Атың шықсын десең, жер өрте!», «Жарлы болсаң, арлы болма!», «Көппен көрген ұлы той» т. б. неше түрлі мақалдардың сырын ашып сынаған адам — Абай.

1905 жылдың төңкерісі халық санасын басқан қара тұманды бірқатар серпілтіп, онан соңғы реакция дәуірі бүркеулі сырдың көбін ашып, колония саясаты азуын күннен-күнге батырып, қазақ арасында ұлттық сана өрлей бастаған, ұлы көтеріліс ұшқындап келе жатқан кезде, 1916 жылда, орта білімі бар, төңкерісшілдікке бейім азамат қылып көрсетілген учитель Әбіш — Бейімбеттің «Шұғасының» геройы — екі рудың балуаны күрескенде қызынып, бір жағын басқарып жүреді; өз жігіті жыққанға көтеріліп қалады. «Шұға» пьесасынан 40 жыл бұрын Абай осындай күрес, бәйгеге ру болып қызыну, арлану әдетін сөге сынайды. Халық мәдениетінің мұндай жақтарын ашып тануға келгенде, Абай сөйтіп өзінен 20 жыл соң Әбіштер қараған көзқарастан асып түседі. Осының бәрі Абайдың ескі мұраны білудегі күшін көрсете алса керек.

Жоғарыда айтылып өткендегідей, Абайдың халық әдебиеті үлгісіндегі өлең қалыбын өзгертіп, өзінше құруы да әдебиет мұрасын қалай пайдалануды, қалай сынауды жетік білгендігінен келген. Өлеңнің өлшеуі мен ұйқасымына кіргізген сыртқы өзгерісінің өзі тек бола салған іс емес, Абайдың барды сынай отырып, соныға тартқанынан туған жеміс.

Абайдың музыкаға енгізген жаңалығы — жаңа түрлі әндері де — осы өлең құрылысын қайта құруымен байланысты. Жаңа, жат өлшеулерді жұрт құлағына сіңдіріп, көп ұғымына жуықтату үшін оларға ән де шығарып берген шағатай үлгісінен шығарушылар Абайдың жаңа түрлі өлең өлшеулерін, әндердің құрылысын сынатып қарау керек: ән — «ғұшшақ», «науа» тәрізді дәруіш мақамына бейімделген бе екен, жоқ өзі білген дәрежесінше, батыс үлгісіне тарту бар ма екен? Біздің байқауымызша, Абай әндерінде Орта Азияның ескі мақамына тартқан жер жоқ. Абайдың композиторлық тәжірибесі, бәлкім, бізді қанағаттандырарлық емес шығар, солай да болса сол кезде қазақ әнінің құрылысына Батыс әсерін ендіріп, өзгерту талабының өзі — біздің мәдениет тарихымыз елеп өткендей іс. Бұ да қазақ көркем өнерінің қолда барын қанағат қылмай, ескіні ескі біліп, жаңаға тартудың бір ұшқыны.

Сонымен, Абайдың көркемөнер жөніндегі айтқан сөзі емес, істеген ісінде ұлы сыншылық, барды қайта құрушылық барына таласпай көнуге болатын болды:

1.Абай шағатай әдебиетімен жақсы таныс болып, оны баурап алып, соның үлгісімен өлең жазып та көрген. Бірақ, оны қанағат қылмай, оның ішінде қалмай, сыртына шығып, соныдан жол іздеген;

2.Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле тұра, оның айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан;

3.Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген;

4.Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің мазмұндылығы, көркемдігі, бояуы — бәрі де өзгеруі керек деп табады. Бұл жөнінде:

а) Ауыз әдебиетінің өзгешелігі болып сақталып келген өлеңдегі басы артық сөздерді шығарып, өлең сөзінің мәнділігін арттырады; б) Бұрын жай қосақталып, негізгі тақырыппен жарыса жүріп, оны солғындатуға себеп болатын көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне құрастырады. Бұрынғы мақал, мәтел, халық сенімі секілділердің қатып, құрысып қалған суреттерін жанды, жүрдек кейіпке айналдырады; в) Қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер жаңа ұйқасымдар, жаңа ритмдер туғызады; г) Әдебиет тіліндегі халық үлгісінің басы артық қосарларын жоюмен қабат, шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдебиет тіліміздің іргесін қалайды;  д)    Көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан да аударып әдеби аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін іспен береді.

5.Халық әдебиетінің кәрі тарауларының бірі болған мақалдардың жарамсызы көп екенін ашып көрсетіп, өзі де бірнеше мақал шығарады.

6.Әдебиет жұмысында өзгеріс жасауымен қатар, әлінше қазақ музыкасына да жаңалық ендірудің талабын істейді.

Міне, осының бәрі де құрғақ сөз емес, Абайдың істеген істері. Адамды істеген ісіне қарай сынайтын болсаң, бұл істерді, бұларды істеген адамды қалай бағалауымыз керек?

Абайды қолда барға қанағаттандырмайтын, үздіксіз сынға, таусылмас наразылыққа қуып салатын, атам заманнан, ата-бабадан қалған, замандас-бастастары түскен даңғыл жолға сыйдырмайтын не?

Heгe ол даяр әдебиет үлгісін, дайын мәдениет дағдысын сынай береді? Heгe бұлар оның сынына толмайды?

Абайдың әдебиет «бар мәзіріне», мәдениет сатысына бұл сыншыл көзқарасы — өзінің дүниеге көзқарасынан бөлек жатқан нәрсе емес, соның бір бөлшегі, өткенді, төңірегін тегіс сынауының, тегіс ұнатпауының бұл — әдеби формада бой көрсеткен бір түрі. Әйтпесе, өткенді көксеп, төңіректегі барға ырза болған адам сол өткеннің, төңіректің идеологиялық жемісіне — әдебиетіне, ол әдебиеттің дәрежесіне, түріне де ырза болған, қанағаттанған болар еді.

Ойдағы сыншылдық, жалпы бағыттағы жаңашылдықты істе көрсете алу, онда да әдеби формада — ырғақпен ұйқасымда, бейнемен сөздікте көрсете алу — бұл ол сыншылдықтың тамыры терең бойлап кеткенінен келеді. Абайдың тұла бойын түгел алып кеткен осындай өз ортасына наразылық бар. Абай сол заманды, сол ортаны соя сынаған адам. Абайдың әдебиеттегі сыншылдығының түп тамыры осында жатыр. Сондықтан Абайдың заманы деген не еді? Абай оның несін сынайды! — соны қарайық.

(жалғасы бар)

ЕСКЕРТУЛЕР

   * Бұл үзінді алғаш рет «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы 11—12-номерінде жарияланған. — Редколлегия.

   [1] «Бармақ өлшеулі» деп түріктер буын негізді метриканы айтады.

   2 «Қаба діл» — тұрпайы тіл деген.

   3 «Нәфис әдебиет» — көркем әдебиет.

   4 «Ғаруз» — араб-парсының өлең өлшеу, жүйесі дауысты дыбыстардың ұзыны мен қысқасының кезектесуіне сүйенген болады. Абайдың1858 жылдарда жазған: «юзі раушан, көзі гауһар, лафилдек бет үші

  5 Мартин Лютер – 1483-1546 жылдарда жасаған, «Ояну» дәуірінің атақты дін реформашысы; Неміс тіліне библияні (тәурат) аударған, өз жанынан да дінге қатысты көп нәрселер жазған адам.

   6 Авги азбары (авгиевы конюшни). Ескі грек мифологиясында Эллада елінің патшасы Авгидің малы өте көп болған, қора-азбары неше жылдай тазартылмайды екен, мұның арасына өзен ағызып, тек Геркулес қана тазарттырыпты-мыс дейді. Бұрып айтқанда, «Авғи азбары» деп қоқып жатқан нәрсені айтады.

   7 Ф. Энгельс. Диалектика природы. ГИЗ, 1931, стр. 110.

   8 Сол кітапта, 109—110-беттер.

     9 Бұл өлеңді Абай 1882 жылы жазған. Тоқай 1886 жылы туған.

    10 «Пуюзат» журналы, № 21.

    11 «Шелале» журналы, № 1.

Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 1965. – 286-306-беттер.

 

 

 

 

  

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.