ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • А.МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: СЕМЕЙ - ҚАЗАҚТЫҢ САНКТ-ПЕТЕРБУРГІ ЕДІ

А.МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: СЕМЕЙ - ҚАЗАҚТЫҢ САНКТ-ПЕТЕРБУРГІ ЕДІ

Оқылған 1461 рет

Иә, Семей – Қазақтың Санкт-Петербургі, Ұлылар мекенінің, Ұлы бастамалардың күре тамыры. Кәзіргі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы екінші орынды алып жатқан Ертістің екі жағасында орналасқан ірі қала тәуелсіз Қазақстанның туристік саяхат нүктесіне айналар рухани орталығы болуға әбден лайық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағыты бойынша: «Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шы¬найы оқиғалар қалыптастырады» - дегеніне сүйенсек, нағыз рухани жаңғырудың қайнар көзі де, нүктесі де Семей емес пе?! Ұлылардың үні, батырлардың тұяғының ізі қалған қасиетті Семей қамқорлыққа бөленіп, рухани- мемориялдық қорық мұражайы іспеттес дербес туристік қалаға айналса, әр тасы мен түйір топырағы сонау тарихтан сыр шертіп сөйлеп қоя берер еді. Оған дәлел – Семей қаласында тұңғыш ірге көтерген мәдени-рухани ошақтар. 

Негізі 1718 жылы бірінші Петрдің шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлығы бойынша Семипалат бекінісі бекітілді». «Семей» сөзі – көне түркі тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «Алаш» сөзі – түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі. Саналы ғұмырым Семейде қалыптасқан соң ба, өзіме сондай ыстық қаланың кәзіргі қауқарсыз қария кейпін көрген сайын шарам қалмай, жаным жай таппай қайтамын. «Қасиет қарапайым болады» дегенді жиі айтатын қариялар сөзін жаныма медет тұтамын да, «қасиетті бағалауымыз керек қой» деп ойлаймын. Ойлап қарасам, киелі мекенде тарих биігінде тұрған құны жоғары оқиғалар жетіп артылады екен. Тізіп шығайын: 
Тұңғыш рет - 1863 жылы Семейде екі оқу орны жұмыс істеді. Сонымен бірге бір уездік училище, екі шіркеулік-приход училищесі, 14 қазақтардың және 9 жеке татар мектептері болды. 1864 жылы әйелдер мектебі екінші разрядты училище болып қайта құрылды. ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қалада ерлер мен әйелдер гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. 
Тұңғыш рет - Қазақстан бойынша Семейде 1873 жылы телеграф тартылды. Кәзіргі таңда алғашқы жылдары пайдаланған байланыс құралдарының коллекциясынан тұратын мұражайы бар, Семей байланыс колледжі қаладағы тарихи оқу орындарының бірі. 
Тұңғыш рет - Қазақстан бойынша т 1878 жылы Семей қаласында Облыстық статистикалық комитет құрылды. Семей статистикалық комитетінің бірінші хатшысы саяси жер аударылып келген Е.П.Михаэлис болды.
Тұңғыш ш рет - Семей қаласында Е.П.Михаэлистің ықпалымен 1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейі ашылды. Яғни, кітапхана да, мұражай да алғаш Семейде ашылды. 
Тұңғыш рет – Семейде қазақ даласында фото-суретке түсіру қалыптасып, суретші-этнографтар көптеген тарихи суреттер мен фотоқұжаттар түсірді. Кітапхана мен өлкетану музейінің белсенді қайраткерлері ағайынды В.Н.Белослюдов және А.Н.Белослюдовтар Қазақ фольклорының шығармаларын жинап, қазақ ертегілері басқа фольклорлық деректер географиялық қоғамның «Жазбахатында» жариялады. Олар қазір Қазақстан Республикасы ғылым Академиясы кітапханасының қорында қолжазба төрінде сақталған.
Тұңғыш рет - 1906 жылы жоғарғы Ертісте су арқылы қатынастың ресми ашылуы болып ірі өнеркәсіптер іске қосыла бастады. 
Тұңғыш рет - 1910 жылдан телефон және Қазақстандағы тұңғыш су өткізу жүйесі құрылды. 
Тұңғыш рет - 1903 жылдың 23 қыркүйекінде Семейде мұғалімдер семинариясының ашылуы болды. Мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан оқыды. 

Тұңғыш рет - қазақ топырағында  футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол «Ярыш» («Жарыс») деп атал­ды.  Оның құра­мында жартылай қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ойнаған. Алғашқы кездесуі Жаңа Семей командасымен өткізген «Ярыш» құрамасының сол кезде түскен фотосуреті де сақталған. Оның құрамында барлығы 24 ойыншы болыпты.
Тұңғыш рет – әдеби кеш өткізу Семей қаласынан бастау алды. Қазақ қыздарынан шыққан ұстаз, этнограф, аудармашы, журналист Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырды. 
Тұңғыш рет - 1917 жылы Алаш партиясы Семейде құрылып, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, сынды қазақ зиялыларының шоғыры бас қосты. Алаштың белсенді мүшесі Әлімхан Ермеков Семей ерлер гимназиясын алтын медальға аяқтап, кейін Томскінің технологиялық институтын бітірді. 
Тұңғыш рет - 1927 ж. Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы арнаулы басқармаға жүктеліп, солтүстікте Семей жағынан, ал оңтүстікте Луговой стансасы жағынан бастап салуға шешім қабылданды. Семей қаласынан басталатын Түрксиб темір жолы еліміздің маңызды құрылысының бірі болды.
Тұңғыш рет – М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьессасынан бастау алған театрлық труппа 1920 жылдың қазан айында құрамында 15 адамы бар «Ес-Аймақ» театрлық труппа болып құрылды. Олардың арасында қазақ сахнасының көрнекті қайраткерлері – Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Елебековтер болды. 1934 жылы Семейде қазақ сазды-драмалық театр ұйымдастырылды. 
Тұңғыш рет - 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзі сән өнері көрмесінде Семейлік Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, екінші бәйгемен қоса күміс медаль алды. 
Тұңғыш рет - 1949 жылы тамыз айында әлемге әйгілі атомдық жарылыс Семейде болды. 
Тұңғыш рет - Семейлік Ғұсман Қосанов 1960 жылы Кеңестік Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяғы атанып, күміс медалға ие болды. 
Алғашқы құрылғанынан бастап, Азиялық көпестер сауда операцияларын бақылау мақсатында Семей қаласы бірден облыстық орталыққа айналды. Семейде бес жылдан артық (1854-1859) орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский тұрып, өзінің мәңгілік шығармаларын жазды. Бұл қалада Ф.М.Достоевский, П.П. Семенов Тянь-Шанский, Шоқан Уәлиханов, Г.Потаниндердің тарихи ізі қалыптасты. Семейге Петербург университетінің студенті Е.П.Михаэлис саяси жер аударылып келіп, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановский, А.Леонтьев, Н.Коншин және басқалары үлкен ғылыми және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізіп, қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраћим) Құнанбаевпен достық қарым-қатынаста болды. Олар қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен тұрмысын оқып үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын өте жетік біліп, қазақтың салт-дәстүрлері, көне заңдары, генеалогиясы, аңыздары және этнографиясымен танысты. Г.Н.Потанин, В.А.Обручев, Г.Д.Гребеншиковтар басқа да көрнекті ғалымдар Семейде жұмыс істеді. 
1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында Р.Марсеков, Қ. Ғаббасовтар бастаған «Сарыарқа» үнқағазы шығарыла бастады. Онда Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ш. Құдайбердиев, М.Әуезов, Ж. Аймауытов, А.Ермеков, М.Молдыбаев, Ж.Ақпаевтың мақалалары және басқа да Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің мақалалары жарияланды. 
Семей - мол өнімдік базасы бар ірі мал шаруашылық аймағының орталығы болды. Соғыс алдындағы жылдары қалада ірі өндіріс орындары салынып, бес жылдықтың ірі құрылысы ет консерві комбинаты ашылды, ол еліміздегі тамақ өнеркәсібі жөніндегі қуатты өнеркәсіптердің бірі болды. Семей Ұлы Отан соғысы жылдарында да облыс аумағында 238 және 8 атқыштар дивизиясы, ерлік істері үшін 238-ші атқыштар дивизиясының 13 мыңнан астам жауынгерлері ерлік көрсетті. 
Жаратушының өзі берген киелі құдірет деген осы. Әдетте жақсы адамдарды көргенде «киелі топырақтан » деп жатады. Рас шығар, кие топыраққа қонады, топырақ арқылы перзентіне ауысады дейді. Сондықтан да Семейдің киелі топырағы Әсеттің, Ақтамберді мен Дулат Бабатайұлының, Абайдың алдын көрген дарынды ақын шәкірттерінің мекені бұл. Махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның, Еңлік пен Кебектің, Абай, Мұхтар, Шәкәрім шығармаларының тарихи отаны. Әйгілі Кемпірбай әнші, Сәбит Дөнентаев, тіпті кешегі ұлт қайраткері Қайрат Рысқұлбековқа топырақ бұйырған жер. 
Сол киелі топырақтың төл перзенттері бүгінгі таңда да Қазақстанның әр саласы бойынша елін сүйіндіріп, түкпір-түкпірде жүр. Әдебиет саласында ел танитын тұлғалар мен қайраткерлер – Шәкір Әбенов, Қайым Мұхамедханов, Қалихан Алтынбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жүмаділов, Несіпбек Айтов, Дәмеш Омарбаева, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Медеу Сәрсеккев, Төкен Ибрагимов, Әзілхан Нұршайықовтардың ізін жалғап жүрген жастар өсіп келеді. Азулы айтыс ақындарын дайындап, үкілеп, түлетіп отырған ақындар орталығы да осы Семейде. Ортамызда жүрген Дәулеткерей, Серікзат, Айнұр, Ринат, Сара, Қарлығаш, Нұржан, Жалғас, Мерейден бастап Жүрсін Ермановтың алдында жүргендердің жартысынан көбі осы ақындар орталығының түлегі. 
«Ахау, Семей, тіл мен көмей» деп екі-ақ сөз әнге арқау болған Семейдің тілі – ақындар, көмейі – әншілер. Бибігул Төлегенова, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов, Санақ Әбеуов, Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Бақыт Үдербаева, Баян Сағымбаева, Майра Илиясова, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Ерлан Құжыманов, Гүлмира Сарина, т.б. тізе беруге болады. Күйшілерді - Секен Тұрысбековтан бастап тізбелеп, бишілерді - Болат Аюхановтан (балет), бастап таратсақ мейір қанар еді. 
Сөз түйінінде айтайын дегенім, қай заманда да батысқа қарап іліп ала жөнелгіш болдық. Мәсеуде Арбат бар деп Қазақстанның үлкен қалаларының барлығының демалыс орындарын Арбат атайтын болдық. Ал, неге Қазақстанның Семейін Санкт-Петербургпен теңестіре алмай жүрміз?! Қалай дегенмен де руханиятқа толып, тұнып тұрған Семей қазақ мәдениетінің ошағы болуға бек лайық қой.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы

 Астана.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.