ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан ОМАРОВ: ІЗДЕНІС БАСЫ ЖӘНЕ ЕЛІКТЕУ ШАҒЫ

Асан ОМАРОВ: ІЗДЕНІС БАСЫ ЖӘНЕ ЕЛІКТЕУ ШАҒЫ

Оқылған 1121 рет

Кіріспе сөз

1879-1883 жж. Абай рухани кемелденуінің кезекті сатысына шықты.  Осы аралықта үлкен оқымысты ғалым болып қалыптасты.  Сонымен қатар, ақындық шеберлігі шыңдалып, қаламгерлік тәжірибесі толысты. Ұлы тұлғаның қай қайсысын да (Гете, Байрон, Лермонтов, Толстой, Пушкин және т.б.) классик шыңына шығарған құдірет – қажырлы ізденушілік, сол сияқты олар аз ба, көп пе еліктеу шағын да бастан кешті.

Абайда ізденіс басы – 1878 жыл. Осы жылы алғаш істі болды және жер аударылған орыс зиялыларымен табысты. Бес жылғы табанды ізденіс арқасында сол заманғы ғылымның бар саласын, оның ішінде заң ғылымын қапысыз меңгергені хақ. «Дүниеге көзім ашылды» деп өзі айтқандай, ой-санасына орыс пен батыстың классикалық әдебиеті өзгеше әсер еткен. Бірақ, әдебиетте Абай құр еліктеуден аулақ, еліктеуі ізденіспен өріліп, нәтижесінде шығармалық соны биікті бағындырған. Төменде ақын өлеңдерін тексере отырып, осыған көз жеткізетін боламыз. 

  Достарынан нені үйренген?

Абай шығармашылығының еліктеушілік кезеңін сөз етуден бұрын ХІХ-ғасырдың екінші жарымында қалыптасқан тарихи-мәдени ахуал және ақынның сара ғылым соқпағын қалай тапқаны жайлы бірер сөз айту орынды сияқты.

Еуропалық ренессанс (екінші аты – «Ояну дәуірі») бергі орта ғасырларда басталғаны аян. Оның толқыны ХІХ-ғасырда прогресс жолынан қағаберіс жатқан патшалық Ресейге де жетті. Орыс әдебиеті гүлденіп, алтын ғасырын бастан кешкені содан. Әдебиеттің гүлденуі – самодержавиеге қарсы наразылықтың күшеюіне әкеп соқты. Өйткені, бұл елде қалың бұқара халық басыбайлы құлдық (крепостной) жағдайда еді. Олар бұғаудан босатылса, еркін дамуына жол ашылса. Көзі ашық орыс зиялы қауымының  басты арман-мақсаты осы болды. Астыртын ұйымдар құрылып, оларға студент жастар мол тартылды. Заңсыз ұйымға кірген адамдар аяусыз жазаға тартылып, көбісі кең байтақ Сібірге жер аударылып отырды.

Қысқа айтқанда, 1870 жылдардың басында Семей қаласына «халықшыл» делінетін жер аударылғандардың екінші толқыны жетті. Бұл толқын Евгений Петрович Михаэлис деген ірі оқымысты, зор қажыр-қайрат иесі төңірегіне топтасты. Семейде Статистикалық комитет, кітапхана, музей сияқты қоғамдық мәдени ошақтар пайда болуы солардың арқасы. Міне, іс қозғалып, сотты болған 1878-1884 жылдары Абай осынау халықшыл топпен үйірлесіп, өзі аңсаған, жанына жақын көрген ортаны тапты (болашақ қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін неткен сәттілік!).

Ел жұмысынан, яғни толассыз он екі жыл болыстық қызметтен әбден қажыған Абайдың басқа әлемге тап болғандай рахат сезімге бөленгені сөзсіз.  Сол заманның озық ойлы адамдарымен аралас-құралас болу және орыс, батыс классиктерінің шығармаларын игеру келешек ұлы ақынға өзгеше әсер етті. Сөйтіп, Спенсер, Милль, Бокль, Дрэпер бастатқан философ, білімпаздардың еңбектерінен «адамзат көшін ілгерілетуші құдірет – ғылым» деген қорытынды түйін Абай санасына нық шөгеді. Мәселен, «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты кітаптың авторы адамзат өркениетінің ежелгі бесігі Үнді, Қытай сияқты шығыс елдері екенін шынайы әділетті қаламымен тамаша баяндап берген-ді. «Өзіңе, айналаңа қара,  ежелгі өркениет бесігі – күншығыс екеніне көзің жетеді, – дейді Дрэпер еуропа адамына. – Таңертең тұрғанда иығыңа ілетін жібек халат, ішетін шай, кофе, олар құйылған фарфор кесе, трубканы толтырып тартқан темекің, бәрі-бәрі қайдан? Әрине, шығыстан әкелінген».

Осындай қызғылықты деректерге толы кітаптың Абайды тебіренткені соншалықты, оны оқып шыққаннан кейін: «Күн шығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс болып кетті» депті.

Абайға ең жақын дос Михаэлис Семей қаласына 1869 жылы, өзгелері кейініректе: Гросс 1883 жылы, ал Долгополов, Лобановский және Леонтьев 1884 жылдың жазында айдалып келген. Гросс 1884 жылдың, ал Долгополов келесі жылдың жазында Абай ауылында бір ай қонақтап қайтады. Ал Лобановский Абаймен танысқан 1884 жылы, қарындашпен ақынның суретін салып, сурет артына: «Семей уезі Шыңғыс болысының қазағы. Өз халқының әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар арасында үлкен ықпал иесі. 45 жаста», – деп түсініктеме жазған. 1885 жылдың соңында американ жазушысы, саяхатшысы Джордж Кеннан Семейге келіп, қаладағы саяси тұтқындармен әңгімелескенде (жиынға 15 адам қатысқан) «мен бір оқымысты қазақты білемін» деп, оған Абай туралы дерек берген кісі –  Леонтьев болатын. Абай «болмасаң да, ұқсап бақ» дегенде көңіл жайлауында осы аталған достары тұрғаны анық.

Семей кітапханасы жайлы бірер сөз. Жаңа аты аталған Джордж Кеннан өзінің естелігінде оның қоры байлығына таңданысын жасыра алмапты: «Мен Спенсер, Бокль, Льюс, Милль, Тэн, Леббок, Гексли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Уэллес және сэр Генри Меннің шығармаларын, Скотт, Диккенс, Мариэт, Жорж Элиот, Жорж Мак-Дональд, Эккерман-Шатриан, Эдгар По және Брет Гарттың романдары мен повестерін көріп қатты таң қалдым. Әсіресе, ғылыми шығармалар мол, оның көбісі саяси экономия жөніндегі шығармалар екен».

Осынау рухани қайнардан сусындаған Абай туннельдің соңынан жарық көргендей әсерде болған. Өзі «дүниеге көзім ашылды» депті. Қырдағы қалың елі қазағының келешегін ойлап, оның уайымын арқалай бастаған  тұс осы. Дос-інісі Көкбай:

Семейге Абай келсе, бізде думан,

 Ән салып босамаймыз айғай-шудан.

Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,

Секілді бәрі ғылымның жолын қуған, –

деуінде сол уақыттың табы, тынысы бар.

Сонымен, 1879-1883 жылдары аралығы Абай ғылым-білім баққан, оны меңгерген уақыт. Халықшыл достары оған білім шалқарына шығуға бағыт  берді, ал әлемдік ғылым мен әдебиет санасына «ғылым – қоғамның қозғаушы күші», ал «асыл сөз – адамның жан сарайын көркейтудің, ақылын, ой-санасын өсірудің құралы» деген сенімді нық ұялтты. Әрине, ұйқылы-ояу мүлгіген шығармашылық қуаты да оянды.

Осы айтылғандарда ешқандай жаңалық жоқ, бұрыннан аян жәйттер. Бірақ төменде Абай поэзиясын тексеру барысында айтылар қисын, келтірер уәждеріміз түсініктірек болуы үшін оларды оқырман жадында жаңғырта кетуді жөн санадық. Енді ақынның еліктеу шағында туылған поэзияға ойысатын уақыт жетті.

Дереккөз: zheruiyq.kz

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.