Көпжасар НӘРІБАЕВ: АБАЙ — ТҰТАС БІР ӘЛЕМ

Әдебиет пен өнердің әрбір ірі өкілінің өзі – тұтас бір дүние – әлем деуге лайықты үлкен құбылыс. Ал әрбір ірі суреткердің шығармашылық мұрасы адамзат баласының өткені туралы өкінішіне, алдағысы туралы үмітіне толы боп келетіні белгілі. Абай және оның шығармашылық мұрасы жайлы да осыны айту орынды. Қазақтың ұлы Абай Құнанбайұлының өзін де, оның әдеби мұрасын да арғы-бергі дәуірдің баршасының, оның ішінде бүгінгі кезеңнің де көкейкесті мәселелері тұғыр-тұрғысы аясында ғана дұрыс тануға, жете ұғуға болады. Ақынның, адам мен оның заманының немесе бір дәуір шындығы мен сол дәуір адамының ғана сыры емес, тұтас тарих шындығы, халық танымының көп ғасырлық тағдыр-талайы көрініс тапқан ұлы ақынның қаламынан туған шығармалардың ғасырдан ғасырға асқан сайын жарқырай түсіп, ел-жұрттың да, қоғамның да жан дүниесін өзінің ізгілік, гуманистік мазмұнымен байытып отырғаны оның тамыр тартқан тереңдігіне байланысты. Абайдың әдеби мұрасы бүгінгі күні де біздің әрқайсымыздың ойымыз бен кемелденуіміздің қайнар көзі болып табылады. Абайдың Абайлығының, оның әдеби мұрасының кейінгі ұрпақ үшін өлшеусіз зор бағалануының мәнісі осында жатыр.

Ақын қандай өмір құбылыстары туралы жазса да сөздің ажары мен мазмұн-мәніне бірдей жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан да оның өлеңдерінен терең мағына, философиялық биік ой тапқысы келген кісі де, сұлу сурет көріп, әдемі әуез естігісі келген кісі де өз іздегендерін қапысыз табады.

  Ұлы ақынның шығармашылық өнерінің басты құндылығы – оның шыншылдығында. Абай – заманының әлеуметтік болмысын анық көріп, бақылап қана қоймай, оны үлкен парасатпен терең де жан-жақты таныған данышпан ақын. Ол өз шығармаларында қазақ өмірінің күнгейі мен көлеңкелі шындықтарын толық әрі шебер бейнелеумен бірге олардың түпкі мәнін де ашып береді, жақсы мен жаман, адал мен арам арасын ажыратып, саралап көрсетумен бірге олардың шығу тегін, бастау көзін де анық аңғартады. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», − деп өз замандастарына, оларға қоса сіздер мен бізге де абыздық, көрегендік ұлы сөзін айтқан.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ…. –

Абай заманының адамдарының осы бес дұшпаны бүгінгі заман адамдары үшін де дұшпан болып қалып отыр. Ал ақын асыл іс ретінде бағалаған:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым……. –

міне, осы бесеуінен асқан асыл қасиетті бүгінгі күні де табу қиын. Бүгінгі жастарды, жалпы қазіргі қоғамды өсіретін де, өркендететін де осы бес асыл десек онда қателеспеген болар едік. Мұндай ой айту, қай заман үшін де басты, маңызды тұжырым болып қала беретін баянды пікір түю нағыз ұлы ақынның әрі ойшыл дананың ғана қолынан келетін ірі іс.

Менің ойымша, Абай – әлем әдебиетінде сирек кездесетін, жаны да, көңілі де өте күрделі әрі қайшылықты суреткерлердің бірі. Ақын заманының қайшылықтары, қилы шындықтары оның азаматтық өмірінде де, ақындық өнерінде де терең ізін қалдырған.

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да …, немесе,

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау:

Бүгінгі дос – ертең жау,

Мен не қылдым, япырм-ау?!

не болмаса,

Жүрегім менің − қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден…. –

деу қайшылықты өмір шындықтарын ақын санасындағы, оның ақындық танымындағы нақты сәулеленуі екендігінде сөз жоқ. Сонымен бірге бұл секілді өлең жолдары ел аңғармағанды аңғарып, ел танымағанды таныған, қиял аспаған биіктен ақылмен асқан, «елден етекбасты көп көрген» адамның жанындағы жаралы күйден де терең хабар береді.

  Абай бүгінгі ұрпақ үшін де өзінің осындай жүрегі жара, көңілі нала қалпында да аса аяулы, құрметті.

Абайдың өлеңдерінде, поэмалары мен қара сөздерінде адам бойындағы асыл қасиеттерді, оларды қалыптастырып, дамытудағы білім мен ғылымның маңызын өте жоғары бағалайды.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті,

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, −

деп биік адамгершілікті болу үшін адам бойында қандай да асыл қасиеттер болуы шарт екендігін көрсетеді. Осы үш асыл қасиетті бірдей тең ұстағанда ғана адамның мінсіз, келісті болмыс деңгейіне көтерілетіндігін аңғартады. Мұндағы «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» секілді қасиеттер ақынның адам мен заман, адамгершілік туралы ойлар мен толғаныстарының өзегін түзетін күрделі ұғым, қағидалар жүйесіне негіз болады. Ақын өлең сөздеріндегі ойларын тарата, дамыта отырып, «он жетінші сөзінде» Ақыл, Қайрат, Жүректі өнер таласына түсіреді де, ғылымға мынаны айтқызады:

«Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім. Бірақ сонда билеуші, өмірші жүрек болса жарайды. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаңдар, мен жүректі жақтадым».

«Он сегізінші сөзінде» адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ екендігін жазады.

Ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің басын ғылым алдында біріктіру арқылы ақын бұл үшеуіне келіп қонатын және бұл үшеуінен шығып тарайтын ізгілік істердің бәрі ғылым мен білімге тәуелді, ғылым мен білімсіз бұл үшеуі кісіні кісілік жолында ұстап тұра алмайды деген ой тастайды. Мұның өзі Абайдың адамгершілік, ізгілік туралы ойларының, бір жағынан, ерте замандардағы Шығыс ойшылдарының философиялық, этикалық қағидаларымен үндесіп жатқанын аңғартса, екінші жағынан біздің бүгінгі рухани сұраныстарымызбен де толық сәйкес екендігін көрсетеді.

Дүниеге бұдан 150 жыл бұрын келгеніне қарамастан, Абай өзінің ақындық өнерімен де, ұстанған мұрат-тілегінің, қалдырған ақыл-өсиетінің асылдығымен де, сондай-ақ жанын ауыртып, жүрегін сыздатқан қайғы-мұңымен де біздің бүгінгі күнімізге өзі тұстас басқа ақындардың қай-қайсысынан да жақын.

Абайды бүгінгі күнге, бүгінгі күннің жастарына жақындастыруда, абайтану ғылымында үлкен іс атқарылғаны, атқарылып жатқаны рас. Сол істердің басы осы жерде, Қазақ университетінде басталып, осы жерде кең тынысты үлкен ғылыми және оқу-тәрбие арнасына айналғаны да анық. Заманының теңдессіз алып суреткері Мұхтар Әуезов алғаш рет абайтану ғылымын оқу пәні ретінде Қазақ университетінде, оның бүгінде ұлы жазушының өз атымен аталып отырған аудиториясында оқыған еді. М.Әуезов бастаған сол оқу бұл аудиторияда содан бері бір де бір үзілген емес, үзілмейді де. Х. Ж. Сүйіншәлиев, З. Қабдолов, З.А. Ахметов секілді әлем таныған абайтанушы ғалым-ұстаздар М.Әуезов бастаған ұлы істі сол Әуезов белгілеген биіктен төмендетпей, ілгері жалғастырып келе жатқаны – Қазақ университеті үшін де, абайтану ғылымы үшін де зор абырой.

Елімізде 1995 жыл бойында абайтану саласында жүргізілген ғылыми, мәдени және әдеби-көркем жұмыстар абайтану ғылымын жаңа деңгейге көтерді. Ғылымның әр саласында абайтанудың жаңа проблемалары қойылды. Біздің ендігі басты міндеттеріміздің бірі – сол мәселелерді жоғары ғылыми деңгейде шешуге атсалысу. Университет ғалымдары Абайды тану ісінде, абайтану ғылымында алдағы уақыттарда да ел сүйінгендей ірі табыстарға жете береріне сеніміміз мол.

 "Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл" материялдарынан