ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан ОМАРОВ: ҚОҢЫР-КӨКШЕ ЕЛІНДЕГІ ӨЛЕҢДЕРІ

Асан ОМАРОВ: ҚОҢЫР-КӨКШЕ ЕЛІНДЕГІ ӨЛЕҢДЕРІ

Оқылған 2161 рет

 (1876-1878 жылдар аралығы)

Абай араға жік салмай 12 жыл болыс болған. Оның соңғы үш жылын Қоңыр-Көкше елінде  өткерген еді. Бұл бір болыс ел – Сарының Қоңырбике деген бәйбішесінен туған үш ұлдан (Мәмбетей, Мәмбетсопы, Кішік) және Көкше руынан тараған ұрпақтұғын. «Қоңыр-Көкше» аталуының мәнісі сол.

Жасы отызға келген Абай өзінің Шыңғыс болысынан бөтен елге алғаш шыққан ғой.

Бөтен елде бар болса,

Ежеттесің, сыйласың,

Сыбырлас, сырлас көп болған,

Көптен тату қимасың, –

деп өзі айтқандай, бөтен елде қарт ақын Байкөкшені қасына ертеді және ежеттес, сыйлас көп досты (Уандық, Жақсылық, Уәйіс, Көжекбай, Мұса және т.б.) табады.  Сол үш жылда болыс Абай өлең жазған ба, жазса ол өлеңдер қайсы? Төменде осы мәселені тексермекпіз.

Сөздің ашығы керек, Қоңыр-Көкше елінде Абай «Бүркіт сыны» және «Қансонарда» деген  қос өлеңін дүниеге әкелген.  Өзіңіз де ойлаңыз, Байкөкшедей ащы тілді қарт ақынды қасына ерткен Абай ақындығын сынға салмай тыныш жүре ала ма? Әрине, жоқ. Ол Тәңірі берген ақындық қабілетті сезінген және оны сынауға деген құштарлығы орасан болған.

Жаңа аталған екі туынды да өзін сынға салудың жемісі. Осы тың пайымды дәйектеуден бұрын «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Рахымшалға» және «Ағыбайға» деген төрт өлеңге тоқталмақпыз.

Алдыңғы үш өлең алғаш 1933 жылғы Толық жинақта басылған. Бірінші өлең шамасы 1876 жылы жазылған. Онда Абай замандасы Абыралы (1839-1920) дейтін адамның намазды қарадүрсінге салып, құр еліктеп оқығанын қалжыңымен қағытқан.  Інісі Ысқақ болыс болғанда алты жылдай соған кандидат болған Абыралы Абайға дос есебіндегі жақын танысы. Өзі шешен, қалжыңбас кісі болған соң, жұрт оны «Сарыжорға» деп атапты.

Енді «Жақсылыққа» деген бір ауыз өлеңге келер болсақ, оның жазылу мерзімі жаңағы «Абыралыға» деген өлеңнен алшақ емес. Бірақ барлық Абай жинақтарында «1880 жылғы» деп қате белгіленіп жүр. Неге? Оған себеп –  1933 жылғы Толық жинақта берілген түсінікте: «Өлеңнің айтылған реті: 1880 жылы Абай Қоңыр-Көкше деген елге назначениемен болыс болғанда, «Мырза» деген таптың Жақсылық деген кісісі: «Борышымды елге бөліп салып, мені құтқар», – депті. Борышты болғанда, өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Сонда Абай айтып еді деп, Көкбай марқұмның жиған өлеңінің ішіне жазылыпты», – делінген (323-324 бб.).

Негізі, Абай Қоңыр-Көкшеде 1876-78 жылдар назначениемен болыс болған. Мұны ресми құжат растайды. Демек, Көкбай бұл оқиғаны «1880 жылы» деп үш жылға жаңылыс айтқан.

Абайдың «Ағыбайға» деген ауызша өлеңі мазмұны бойынша жаңағы «Жақсылыққа» деген өлеңіне қос тамшыдай ұқсас. Онда Абай Мұқыр болысының ел сенімін ақтамаған арамза биін өлтіре шенеген: «Адам деп есеп қылма Ағыбайды» деп. Сарыны, мазмұны бір қос өлеңді екіге бөлгеннен ұтарымыз не?  Екеуінің де жазылу мерзімі «1876-77 жыл» деп танылғаны дұрыстық сияқты. Бұл жігіт Абайға ащытілді Байкөкше үзеңгі серік болған уақыт екенін ұмытпай ескергеніміз жөн-ау.

Енді Абайдың «Рахымшалға» («Сұлу аттың көркі – жал») деген екі шумақ өлеңіне келер болсақ, ол да 1877 жылғы туынды. Бірақ басылымдарда «1896 жылғы» делінген. Осы қателікті жоққа шығарып көрелік.

«Рахымшалға» деген екі шумақ суырып салма (экспромт) өлеңге Абай энциклопедиясының 528-бетінде: «Мамай тобықтыға жататын Көжекбай деген кісінің Рахымшал есімді баласы аса тентек, аузының байлауы жоқ, былапыт өсіпті. Оның осы одағай мінезі балаларына жаман үлгі көрсетеді деп қауіптенген ақын Көжекбайға ат-көлік, сауын сиыр беріп, аулынан бөлек отырғызған» деп түсінік берілген.

Бұл жерде «Абай балалары» деп кімдер меңзелген? Әрине, Әбіш пен Мағауия. Өйткені, Абай Мұқыр болысына болыс сайланған 1876 жылы Әбіш 8 жаста, ал Мағауия 6 жаста. Жаңағы тентек, бейпіл ауыз Рахымшал олардың тай-құлындай тебісіп өскен құрдасы.

Оның әкесі Көжекбай Жамантайұлы (1847-1916) Тобықты ішінде Мамай руы Еламан табынан шыққан адам. Ол кедей таптан, дөңгеленген дәулет иесі кейініректе болған.  Абай 1876-78 жылдар назначениемен Мұқыр елі билігіне келгенде болыстық кеңсесін Ақшоқыда емес, Мұқыр, Кіші Орда аумағында ұстаған. Жаңағы Еламан жұрты Кіші Орданы мекен еткен. Ақынның Жамантай ауылымен көршілес болуы осымен өз түсінігін табады.

Сөйтіп, Абайдың «Рахымшалға» деген  Көжекбайдың баласын сынға алған экспромт өлеңі  анық 1876-77 жылдардікі. Ол да «Жақсылыққа», «Ағыбайға» сияқты Мұқыр еліндегі болыстық қызметі шағына сұранып-ақ тұр.

Жігіт Абай Тобықтының Қоңыр-Көкше (кейінде – Мұқыр) дейтін еліне болыс болған үш жылды  неліктен бөлектеп қарастырып отырмыз? Оның өзіндік себептері мынау. Бұл елге Абай отыз жаста, 1875 жылы бекітілген. Абайға дейін болыс атаулы бір жылға да жетпей істі болып, ауыса беріпті. Измайлов деген ояздың  ұсынысы бойынша жоғарғы билік Абайды сайлауға түсірмей-ақ, бірден тағайындағаны сол. Омбының мемлекеттік архиві былай деп дерек береді: «Құнанбаев Қоңыр-Көкше тобықты болысының управителі. Жылына қоғамнан 300 сом еңбекақы алады. Бұрын сотты болмаған, награда алмаған» (М.Бейсембаев. «Абай және оның заманы». – Алматы, 1988. -15-бет). Абайтанушы М.Бейсембаев: «Абаймен бірге сайланған өзге болыстар жалақы алмаған, еңбекақы тек Абайға ғана төленген» дейді.

Өз кезегінде бұрын тоғыз жыл болыстық қызметте ысылған Абай Қоңыр-Көкше елінде ұрлықты тыю мақсатын алға қойған.  Ұры-қарыға қызыл балақ қыранша шүйлігіпті. Бұл әрекеті, әрине, қарсы жаулықты көбейткен (арыз-шағым қарша борағанын мұрағаттық деректер паш етеді). Дей тұрсақ та, бұл, сірә да, қызық пен шыжыққа бай уақыт болған. Ондаған жылдан соң өткенді, оның ішінде Қоңыр-Көкшедегі қызық күндерін, есіне алып ақын:

Есіңде бар ма жас күнің,

Көкірегің толы, басың бос.

Қайғысыз, ойсыз, мас күнің –

Кімді көрсең – бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ (1899), –

дейді. Әсілі, осы шақтарға Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» бастатқан «сұлу мағыналы» (Әуезов) әлденеше өлеңдері сұранып-ақ тұр. Әттең, дәрменсізбіз. Ешбір дерек жоқ қолымызда. Бұлар әні шығарылып, халыққа кең тараған 1889-91 жылдарға мәңгі телініп кете барар, тегі.

Қысқа айтқанда, жаңағы экспромт шумақтар мен ғашықтық өлеңдер Қоңыр-Көкшеде өткен үш жылға тиесілі болуы  заңды. Өйткені, бұл Абай қамсыз, «ойдан жырақ» сүрген өмірдің соңы,  албырт жастық ақырытұғын. 1878 жылдан соң жаны тыныш, көңілі жәйбірақат хәлде Абай бір жыл түгілі бір ай да болған емес.

Қоңыр-Көкше елінде жігіт Абайға құшақ жайған сәттілік – руы Қабас Байкөкше (Абай оны «Байкөке» деген) ақынмен достасуы еді.

Бәкеңнің ақындығына жасынан қанық Абай, оның өлеңін реті келген жерде сынай да жүріпті. Соған қарымтаны қарт ақын былай деп қайтарыпты:

Атам – Қабас, Боранбай туысым зор,

Мырза мен Мамайдың зорлығы мол.

Екі өкпемнен екеуі қысқаннан соң,

Тілімнің ащы болатын себебі сол.

Құрысын бүйтіп елді меңгергенің,

Жақсы мен жаманды теңгермедің.

Күн көргенім қызыл тіл өлең еді,

Оны да сынап, мінеп жол бермедің.

Қабаспен бірге туған Боранбай тұқымдары – Мырза, Мамай балалары көптігін жасап, қорлық көрсеткен ғой. Байкөкше осыны айтқан. Оған қоса, қалжың ғып, Абайдың болыстық қызметін сын садағына іле кеткен. Көп ұзамай-ақ аға ақын мен іні ақын жақын табысқан ғой. Осыдан соң: «Абай Байкөкшені ұнатып, өз қасынан тастамай ертіп жүретін жолдасы, серігі қылады» деп жазады Әрхам ақсақал. Міне, Абай «Бүркіт сыны» және «Қансонарда» деген қос өлеңіне Бәкеңмен бәсекелестікте әрі оған өзінің ақындығын сынату мақсатында қалам тербеген деген ойдамыз.

Дереккөз: zheruiyq.kz

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.