ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан ОМАРОВ: "ӘКІМБАЙҒА" ЖЫРЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ

Асан ОМАРОВ: "ӘКІМБАЙҒА" ЖЫРЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ

Оқылған 2061 рет

Жазылу мерзімі әу баста қате белгіленіп кетіп, сол қалпы түзетілмей қалған Абай өлеңдері аз емес. Соның бірі – ұлы ақынның «Әкімбай өлгенде» («Көз жұмғанша дүниеден…) деген жоқтау-жыры. Жоқтау өлең бақандай 20 жылға шегеріліп «1895 жылғы» деп белгіленіп келеді. Дұрысында, ол – 1875 жылғы шығарма. Алдымен жыр қандай жағдайда дүниеге келгеніне және оның қилы тағдырына тоқталайық.

Қу жалғанда қуаныш пен қайғы алма-кезек әсте. Сүйіктісі Әйгерімді жолықтырған 1874 жылы Абай алғаш рет ауыр қазаға тап болған. Бәйбішесі Ділдәдан туған екінші ұлы Әкімбай (Хакімбай) дүниеден өтті. Әкімбай тура тоғыз жаста болған (кейбір басылымдар Әкімбай жеті жаста деп жұртты шатастырып жүр). Ол өте ақылды да сүйкімді жеткіншек болыпты. Ақшоқыда Абай мен інісі Ысқақтың ауылдары  өте жақын орналасқан ғой. Мінеки, сол Ысқақтың бала көтермеген әйелі Мәніке Әкімбайды меншіктеп бауырына салып алады, ол қайтыс болғанда, әрине, осы үйден шығарылған.

Ел «Абай жолы» эпопеясынан білетін ерке де адуынды Мәніке өмірде де өр мінезді, шақпа тілді бәйбіше болған. Жұртшылық оның тілі мен кәрінен қорқып, «Әкімбай Абайдың баласы» дегенді тісінен шығармаған. Тек қана «Абайдың немере інісі»  дескен екен. Аталмыш өлең алғаш рет 1925 жылы, Семейде шығып тұрған «Таң» журналының екінші санында жарияланған. Оған берген түсінікте Мұхтар Әуезовтің: «Бір немере інісі өлгенде айтқаны», – дейтіні содан.

Сөйтіп, бір қарағанда Абай жоқтауды баласы Әкімбайға арнағаны, оны 1875 жылы Әкімбайдың жылдық асында Ақшоқы ауылының жас келіні Әйгерімге айтқызғаны (ел жадында сақталуына қарағанда Әйгерім жоқтауды ән-мақаммен келістіре дауыс қылып, жұртты ұйытқан тәрізді) – бәрі де алақанға салғандай анық сияқты.

Онда ғалымдар неғып жаңсақтыққа ұрынған? Адасу басы қайсы? Бұл жерде белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың «Ақынның бір шығармасының тағдыры туралы» атты мақаласы көмекке келмек. Кәкең әңгімесін «Ұмытпасам, 1935 жылы Мұхтар Алматыдан Семейге келді» деп бастап, Абайды көрген, ақынды жақсы білетін Абай елінің қарияларымен Мұхаң әңгіме-дүкен құрғанын баян етеді. Сол әңгіме арасында қойылған «Абайдың немере інісі кім?» деген сұраққа ақсақалдың бірі «Тәңірбердінің Мақұлбай деген баласы өлгенде, Әйгерім Абай үйретіп берген дауысты айтып жүріпті» деп тұспалдаған (Абай журналы. – №1, 1996 жыл. – 20 бет). Осы мәліметке қол артқан Мұхаң «Абай жолы» эпопеясының «Еңісте» атты тарауында Әйгерімге Мақұлбайды жоқтатып, дауыс қылған эпизодты енгізген ғой (көркем шығармаға, әрине, бәрі де сыйымды). Эпопеяда жоқтаудың «Қызыл балақ қыранның, балапанын дерт алды» деген тұсынан бастап, аяғына дейін келтірілген. Мінеки, Абай өлеңді «Мақұлбай өліміне арнап жазған» деген пайымның таралу тарихы осы.

Күмән-күдік қалмауы үшін дәлел алайық. Өлең 1933 жылғы тұңғыш Толық жинақта, онан соң 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Әкімбай өлгенде» деп дұрыс аталып келген. Бірақ 1957 жылғы жинақта өлеңге алғаш «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» деп жаңаша ат қойылған  және «1895 жылғы» деп жарияланған. Абайдың қолында өскен Әрхам Ысқақовтың айтуымен болса керек, кеткен қатеге әуелі 1961, онан соң 1968 жылғы жинақта түзету жасалған. Бірақ, 1977 және 1995 жылғы Толық жинақты шығарушылар «Мұқаң айтты, болды, бітті» деген шолақ уәжден аса алмай, «Немере інісі өлгенде айтқаны» деген ескі қатеге тағы да ұрынған.

Осыдан соң адасудан көз ашпаған «Әкімбай өлгенде» (көлемі – 40 жол) жырының тағдырын қилы демей көр.

 

Жырдың дерегі не дейді?

Жырдың мазмұны керек дерекке толы. Бастапқы үш шумақ – Абайдың өзін өзі жұбатуы екені жеңіл ұғылады. Өлеңін ақын:

Көз жұмғанша дүниеден,

Иманын айтып кеткені-ай, –

деп бастап, үшінші шумақта:

Ием қабыл алды-ау деп,

Көңіліме қуат біткен-ай!

Қуаттанып бақсам да,

Күнәлі көңілім түйтпеді-ай, –

деп тәмамдаған (түйтпеді – төзімім жетпеді, шыдамады деген мәнде).  Соңғы екі жолда бүгулі астар бар. Ол – автордың өзін-өзі күнәлі сезінуі. Тарата айтсақ, бауыр еті баласына емірене алмай, бар болғаны «немере інім» деп өткен, баласы жанында тек соңғы күндер, соңғы сағатта болған әкенің күйік-зары. Алдыңғы екі шумақта өзін-өзі қанша жұбатып бақса да («Қуаттанып бақсам да») көңіл түбінде жаңағы зіл өкініш ерімей мұз боп жатыр. «Күнәлі көңілім түйтпеді-ай» дейтіні сол. Айта өтері, кейбір жинақта «күнәлі нәпсім түйтпеді-ай» деп басылған. Бұл ағаттық. Қисынға жүгінсек, ақын алдыңғы екі жолда айтқан көңіл күйін, соңғы екі жолда тиянақтаған. Яғни «көңілім» сөзін «нәпсім» деп алмастырудың еш қажеті жоқ.

Сөйтіп, жырдың кілті – «Күнәлі көңілім түйтпеді-ай» деген жолда. Оны  тура мағынасында қабылдаған жөн (Әкімбай өлімінен ауыр сабақ алған Абай енді қолындағы екі баласы Әбіш пен Мағауияға әкелік мейірімін үйіп төгеді. Екеуін де асқан қамқорлыққа бөлеп өткені баршаға аян ақиқат).

Бастапқы үш шумақ ақынның өзін жұбатуы болса, ортаңғы  шумақтар дәстүрлі үлгідегі жоқтау. «Қызыл балақ қыранның, Балапанын дерт алды» деп басталатын көне жырға тән теңеулер осы арада (Әйгерім, сірә да, осы тұстан бастап, дауыс қылған).

Жоқтаудың соңғы қос шумағында Абайдың:

Артына белгі қалдырмай,

Бауыры қатты тас өлім.

Жыламайын десең де,

Шыдарлық па осы өлім?

Орамды тілді ауыздым,

Ақылға жүйрік маңыздым.

Көп жасамай тез кетіп,

Көзімнің жасын ағыздың, –

дегені әке-жүректің ащы зары мен шері. Оған кім таласар екен.

Сөйтіп, аталмыш жыр Абайдың жанына жақын көрген, бірақ жүрек жылуын көрсете алмаған баласына арнап жазған күйініші. Осыны өлеңнің мазмұн-дерегі еш күмән қалмастай паш етеді.

Айтпақшы, «Абай» энциклопедиясы жоқтау жыр жайлы екіұдай мағлұмат береді. Кітаптың 279-бетінде: «Әкімбай – ақынның Ділдәдан туған баласы, 9 жасында (1865—74) дүние салған. Өлеңнің мазмұны да осы тұжырымды айғақтағандай», – деп дұрыс айтып, бірақ 161-бетінде: «…Ағасы Тәңірбердінің баласы Мақұлбай өлгенде Әйгерімге айтқызған жоқтау» деп бұрыс кетіпті. Әттеген-ай. Осы екіұдайылық қалың жұртшылықты әлі күнге шатастырып келеді.

Бәлкім, Мақұлбай өлгенде Абай бүгінгі күнге жетпеген жоқтау сөзін жазса жазған шығар, оны Әйгерім дауыс қылып айтса айтқан шығар.  Бірақ, оның Әкімбайға арналған жоқтауға қатысы қанша? Соңғының Мақұлбайға телінуі ешқандайда сын көтермейді, мүлде иланымсыз.

Дұрысы – «Әкімбай өлгенде». Осы пайымды бекіте түсейік.

1892-93 жылдары  Абай мен Тәңірбердінің арасы суысып кеткені ай мен күндей шындық. «Тәңірбердіге» деген ақын «улы сия, ащы тілмен» жазған өлең соның жарқын куәсі.   Сол сияқты көрші-қолаңға қара қиды да қимайтын сараң бәйбіше, жеңгесі Қаражанға қарата Абайдың «Ана тегі ондағы – өзен судың тұнығы» демесі шүбәсіз.

Жоқтау жырдың төртінші шумағында жігіт Абай:

Ата тегі мұндағы –

Орта жүздің ұлығы, –

десе, бұл өз әкесі Құнанбайды, ал:

Ана тегі ондағы –

Өзен судың тұнығы, –

дегені бәйбішесі Ділдәнің атасы Алшынбайды айтқаны (ол – қаз дауысты Қазыбек бидің шөбересі). Ақиқат осы. Әкімбайдің қазасы – өмірдің Абайға  алғашқы соққысы.

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов өзінің «Абайдың өмір жолы» деген белгілі естелігінде жоқтау Әкімбайға арналған дейді. Жалпы Абайда жоқтау жыр әлденешеу. Соның бірі – Әбдірахманның әйелі Мағышқа шығарып берген жоқтауы. Сол сияқты інісі Оспан өлгенде, жоқтау жырды оның екінші әйелі Зейнеп те айтқан. Бұл жөнінде Әрхам ақсақал: «Зейнеп жоқтауды Абайға жаздырып алып айтып, елді жылатып, көпті сүйіндірді» дейді.

Тілге тиек етілген жоқтау кімге арналған деп жұмбақтай бермей, шынға жығылар уақыт жетті. Жыр 1895 жылғы деуге ғылыми негіз бар ма, өзі? Сенсеңіз, оған тиянақ болар ешбір дәйек я қисын жоқ. Жырдың «Немере інісі Мақұлбай өлгенде айтқаны» деп аталуы жайлы да осыны айтамыз. Абай аға-жеңгесінің пәтуәсіз қылығынан қажып, көңіл суытқан, сондай-ақ, дамуының соны сатысына шыққан. Осы хәлді ескермеу жарамайды.

Сөйтіп, 1875 жылы Әкімбайдың жылдық асында жұртшылық Абай жоқтауын алғаш естіген. Қай жағынан қарасақ та, осыған көз жеткіземіз.

Ескерте кетер бір нәрсе, Әкімбай қазасынан соң көп ұзамай Әйгерім босанған. Үлкендер жаңа туған нәрестенің есімін «ғұмыры ұзақ болсын, тұрсын» деген ырыммен «Тұрағұл» қойған. Қазіргі таңда кейбірде «ұ» әрпі «у» әрпіне алмасып, «Турағұл» деп жазылып жүр. Бұл жаңсақтық. Қазақ «Алланың Тура Құлы» деген мәнде «Әділбек» немесе «Қинаят» (арабта тура жолды «ғидаят» дейді) деген есімдерді қояды. Қосымша уәжіміз – М.Әуезов жазған кезінде ешқашанда «Тураш», «Турағұл» демей, тек «Тұраш», «Тұрағұл» дейді, мұны Мұхаң білмепті я қате жазыпты деп ешкім айта алмас.

Осымен, 1860-1875 жылдар аралығына жасалған шолуымыздың қазығын қағып қоялық. Қай өлеңі болмасын Абайдың жас ақындық жолының куәсі –  өз басының тәжірибесі. Анық деп айтарлық жәйт осы.  Атап айтқанда, «Тайға міндік» – 1870 жылы,  «Әйгерімге» (қазіргі атауы – «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы») және «Жарқ етпес қара көңілім»  – 1874 жылы, ал «Абайдың баласы Әкімбайға жоқтауы» – 1875 жылы жазылған деп тұжырым жасаймыз.

Алдағы Абай жинағында осы қорытындыны басшылыққа алуға толық негіз бар деген ойдамыз.

Дереккөз: zheruiyq.kz

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.