ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан ОМАРОВ: АЙГЕРІМГЕ АРНАЛҒАН ҚОС ӨЛЕҢІ (1871-1875 жж.)

Асан ОМАРОВ: АЙГЕРІМГЕ АРНАЛҒАН ҚОС ӨЛЕҢІ (1871-1875 жж.)

Оқылған 2911 рет

Төменде Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды» деп басталатын шығармасын тексермекпіз. Оның жазылу мерзімін анықтау жаңағы «Тайға міндік» өлеңіне қарағанда қиынырақ. Себебі, бұл алғаш рет көтеріліп отырған мәселе.

Барлық Абай жинақтарында аталмыш шығарма «1884 жылғы» делініп қате көрсетіліп келеді. Өз аңдауымызша, көлемі он шумақ өлеңнің бастапқы бес ауызы – анық Әйгерімге арнау. Оны жас ақын он жыл бұрын – Әйгерімді алғаш жолықтырған 1874 жылы жазған. Оған дәлел, қисынымыз қайсы?

Абай аяулы жары Әйгерімді (шын аты – Шүкіман) алғаш 1874 жылы жолықтырып, келесі жылы Ақшоқыда отау құрған. Бұл оқиғаны Әрхам Кәкітайұлы өзінің естелігінде тәптіштеп, баяндап береді. Онда Бекейдің бойжеткен қызы Әйгерім былайша суреттелген: «Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен» (Абайдың өмір жолы. Естелік. –Семей, 2010. -61 бет). Қарап отырсақ, өмірдегі Әйгерім мен Абай өлеңіндегі сұлу бойжеткен арасында айырма жоқ. Ескеруге тұрарлық маңызды факті емес пе.

Бірақ біз тірек етер дерек басқа. Ол – «Қақтаған ақ күмістейдің» екі бөліктен құралғандығы.  Бастапқы бес шумақ арудың сән-сымбатының суреті болса, оған тақырыбы,  идеясы бөтен тағы бес шумақ тіркелген. Негізі, өлеңдегі екі бөлімнің табиғаты ғана емес, жазылуы мерзімі де бөлек.  Сөйтіп, жырда қос тақырып тоқайласқан.

Енді М.Әуезовке де жүгінейік. «Жырдың бас жағындағы өлеңнің тақырыбы қазақтың бой жеткен қызының сырт көрінісін, пішін, мүсін келбетін суреттеуге арналады», – дей келе, ғалым «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деп басталатын келесі бөлімін бөлектеп айтады. «Екінші бөлімі, – дейді Мұхаң, – Абайдың бұл өлеңін композициялық тұтастық, көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ауыстырып әкетеді. Оның себебі – өлеңнің бас жағы бір тақырыптан басталып, аяқ жағы екінші бөлек тақырыпқа ауысқаннан. …Басында сұлулыққа сүйсіне сөйлеп, кейін ұрсып тоқтайды» (Аталған монография, 105-бет).  Көрдіңіз бе, зерттеуші жырдың бас жағы мен аяқ жағы сәйкес емесін соқырға таяқ ұстатқандай айтып отыр. Өйткені, бірінші бөлім жігіт Абайдың, екіншісі ағартушы өсиетші Абайдың сөзі екені айқын көрініп тұр.

Сонымен, «Қақтаған ақ күмістей» деп басталатын бөлім – жігіт Абай өз басының тәжірибесін жырлаған кезеңдікі (1875 жылға дейін), ал «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деп басталатын екінші бөлім – ел ағасы Абай қоғамды, ел мінін сынап, өлеңді ақыл-өсиет құралы ғып айтқан кезеңдікі (1884-1886 ж.ж.) деген қорытынды түйінге келеміз. Оған шығарманың дерегі мен Мұхаңның пайымы негіз болады.

 

Екі туынды бір-ақ өлең болып басылғаны несі?

Жоғары сөз болған екі өлең 1909 жылғы тұңғыш жинақта бір-ақ туынды болып басылған.  Неге? Осының анық-қанығын тексеріп көрейік.

Әділі керек, гәп Абайдың тұңғыш жинағын баспаға даярлаған Кәкітай, Тұрағұлдың ұстанымында жатыр. Екі туыс қаңқу сөз болмасын және адамдар арасы ашылмасын дегенді қатты ескергені шүбәсіз. Мәселен, Тұраш «Қақтаған ақ күмістей» мен «Жарқ етпес қара көңілім»  өз анасы Әйгерімге арнау екенін білмеді емес, білген, сөйте тұра, оларды бүркемелеп баққан.

Тұңғыш жинақта мұндай мысал үшеу. Олар: Әйгерімге («Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»), Ақылбайға («Ата-анаға көз қуаныш») және Көжекбайға («Бөтен елде бар болса»).  Осы аталған үшеуі де бүркеулі, яғни тақырыбы бөлек туынды ретінде тіркелген. Қайталап айтайық, оған себеп – өлеңнің кімге арналғаны көмескі қалуға тиісті болатын.

Мынаған қараңыз: Абайда қырық шақты жеке адамға (мәселен, Абыралы, Көкбай, Күлембай, Оспан, Әбдірахман, Тәңірберді, Дүтбай, Қыздар, Рақымшал, Күйісбай, Разақ, Ғабидолла және т.б.) арнау өлеңдер бар. Олардың арасынан тұңғыш жинаққа тек үшеуі ғана кірген. Бұл, әрине, көңілі «бір атым насыбайдан да қалатын»  ағайын-туысқа алаң болудың айдай айғағы. Бұл хақында Мұхаң: «Кәкітай мен Тұрағұл сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала, бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді», «араздық ұстанады» деп жасқанып қалған», – деп түйін түйеді.

Міне, екі туынды бір-ақ өлең болып басылғаны несі деген сұраққа берер жауабымыз осы.

Сөз соңы, жігіт Абай сүйікті жарына арнаған бес шумақ  «Әйгерімге» деп аталып, 1874 жылғы шығарма ретінде қабылданса жақсы. Оған қатарлас «Жарқ етпес қара көңілім» деген тамаша өлең орын алса нұр үстіне нұр. Ал өлеңнің «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деген екінші бөлігі, әрине, өзінің заңды орны – он жыл кейінгі шығармалар арасында қалуға тиіс.

Асан Омаров,

Абайтанушы ғалым

Дереккөз: zheruiyq.kz

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.