Мұхтар МАҒАУИН: ЖАҢА ЭПОС ЖАСАУ ЖОЛЫНДА

Қазақ поэмасының, нақты сыпаты, өзіне хас түр-тұлғасы бар поэманың, жасалуы кейініректе мүлде дерлік жаңа жанр прозаның, оның күрделі формасы ро­манның тууы мен қалыптасуына пара-пар, аса күрделі процесс болды. Халықтық эпостың көне дәстүрі, бұл саладағы туындылардың шегіне жете дамып, биік көркемдік өреге көтерілуі, ал ғасырдың соңғы ширегінде қисса, хикаят аталатын, өлеңмен жазылған аңыздық-романдық эпостың үлкен табысқа жетуі басқа пішім, өзгеше үлгідегі жанрдың қадамын қысқартып қана қойған жоқ, оның әдеби шеруден өз орнын алуына, өлең сөздің жаңа үлгілерінің дамуына да бөгесін болды. «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,  Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз» –  эстетикалық идеал ғана емес, тақырып таңдаудың да үлгісі. Және бұл сөздер соныдан соқпақ салудың қиындығын танытса керек. Алайда, Абайдың ұлылығы нәтижесінде реалистік әдебиеттің тууы да, жаңа үлгідегі жанрлардың қалыптасуы да оп-оңай жүзеге асқан тәрізді көрінеді. Шындығында, шап-шағын ғана «Ескендір» мен «Масғұтта» тек қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл шығыс әдебиетінің сан ғасырлық даму жолының таңбасы жатыр.

Я алла, құрметіңе досың Махмұт:

Тілге яр бер, білінсін тұғры мақсұт…

Классикалық шығыс әдебиетінде әрбір сөз алла атынан басталатын. Бүкіл әлемге аян атақты дастандардың барлығында ең алдымен хақ тағалаға мадақ айтылады. Содан соң жүз ныспылы, бір кейіпті пайғамбарға сыйыну шарт. «Әуелі аят, хадис сөздің басы» екенін жақсы білетін Абай ескі дәстүрден аттап кете алмайды. Бірақ баптана созып, уағыз айтудан да аулақ. Екі-ақ ауыз сөз. Содан соң: «Һарун-Рашид халифа заманында, – Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт», –  деп, тікелей әңгімеге кіріседі. Осындай нақтылық, суреткерлік, аз сөзге көп мағына сыйғызған шеберлік нәтижесінде әдепкі мысал әңгіме жай ғана сюжетті поэма емес, үлкен ой, мазмұнды жүк көтерген тамаша шығармаға айналған. Әділет пен зұлымдық, ақыл мен парасат, адам мен қоғам туралы тереңнен толғаған, мол пішім, кең мағыналы поэманың көлемі тіпті шағын – небәрі жүз жетпіс алты-ақ жол.

Дәл осы көлемдегі «Ескендірде» Абай манағы көне салт жұқанасынан да бас тартады. «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?!» Жұрт біледі. Бірақ ол –  басқа Ескендір. Басқа үлгідегі әңгіме, дастандардың кейіпкері. Абай «Ескендірі» — қазақтың жаңа эпосының басы, әрі мың жылдық тарихы бар, сонау Низами мен Фердаусиден басталған шығыс дастанының ең соңғы, қорытынды нүктесі. Бұл дара сыпат – ұлы ақынның кейіпкер кескіндеуінен ғана емес, идеялық тұғырынан ғана емес, бүкіл көркемдеу жүйесінен, шығармашылық болмыс-бітімінен танылады.

Абайдан соң бүкіл қазақ әдебиеті соны сапаға көшті десек, ұлы ақынның шапағатын тікелей сезінген жақын төңірек – ізбасарлар мен шәкірттер жаңа үлгідегі поэмаға бірден-ақ ден қойғанын көреміз. Бұл тараптағы туындылардың кейбірі қазақтың ескі өмірінен көрініс берсе («Сабалақ», «Еңлік – Кебек»), кейбірі басқа халықтар тұрмысынан алынған («Дағыстан», «Зұлыс», «Медғат – Қасым», «Салиха – Сәмен»). Сырттай қарағанда, өз заманынан аулақ, сол кездің әлеуметтік, қоғамдық мәселелерінен тысқары сияқты. Алайда Абай ізбасарларының тақырып таңдауында белгілі бір заңдылық бар. Өткен заман туралы айтылсын, бөтен халықтар тұрмысы негізге алынсын, тек қазақ өмірі, және басқа уақыт емес, XIX ғасырдың екінші жартысындағы ауыл, сол заманның көкейкесті әлеуметтік, қоғамдық мәселелері төнірегінде сөз қозғалады. Сол дәуірдегі қазақ қауымының дерті мен мұңы, сол заманның зары мен арманы алға тартылады. Түптеп келгенде, ізбасарлар Абай жолын одан ары дамытты. Абай өрісін ұзартты, қазақ әдебиетінің іздену аймағын, көкжиегін кеңейтіп, идеялық бағыт-бағдарын, көркемдік мұратын айқындай түсті.

1

Абай ізбасарларының идеялық бағдарын нақты тану үшін әуелі олардың тарихқа, заманға көзқарасын анықтау кажет. Поэмалардың тақырыбын, өмірлік негіздерін нақтылауымыз керек.

Ғасырлар бойы қазақтың өзін өзі тануы ескі шежіре, көне жырлар арқылы жүзеге асып келді. Өткенді ғылыми тұрғыдан байыптау, шын мәнісіндегі тарихи ұғым Шоқаннан басталса, тарихи көркем әдебиет Абайдан беріде ғана өріс табады деуге тиіспіз.

Абайдың өткен тарихқа көзқарасы бұрынғылардан мүлде өзгеше болды. Алдымен Абай қазақтың тегі ту­ралы байлам жасауға талпынады. Ақын кейін туған кейбір шежірелердің, діндар қауымның қазақтың асыл негізі арабтан деген сөзін теріске шығарады. «Онысы, әрине, тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс», – дейді «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты шағын жазбасында. Өз кезіндегі ғылым деректеріне,   шығыс тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып, Абай қазақ рулары орталық Азиядан, моңғол, татар текті тайпалар ортасынан бөлініп шыкты деген пікір түйеді. Қазақтардың ел болып құралу, ұлыс болып ұйысу кезеңі туралы ақын ұғымы тым бұлдыр. Абайдың 1832 жылы шыққан үш томдық А. Левшин тарихын («Описание киргиз-каза­чьих или киргиз-кайсацких орд и степей. В трех час­тях»), 1864 жылы басылған В. Вельяминов-Зернов еңбегін («Исследование о Касимовских царях и цареви­чах. Часть вторая») қолына түсіре алмағаны байқалады. «Үшінші сөзде»  Қасым ханның   «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі   жолын»,   Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысын» еске алған, яғни, көне қазақта өзіндік ел билеу жүйесі, мемлекеттік заң кодекстері  болғанын ескертетін Абай, «Отыз тоғызыншы сөзде» бұрынғы бабалардың бойында   бірлікке құмарлық, елдікке ұмтылу сияқты озық қасиет, арлылық, намысқойлық, табандылық тәрізді абзал мінез мол болғанын айтып, кейінгі ұрпақ ұлысқа күш берген осындай сыпаттардан айрылғанына қынжылатын Абай сол қазақтың ұлттық мұраты туралы, дербес тарихы туралы жарытымды ештеңе айта алмайды. Әрине, дәл осы мақалада алдына мұндай мұрат қоймағаны хақ. Бірақ бытырай көшіп, берекесіз тірлік кешкен, көрінгеннен жеңіліп, әркімнің шылауында жүрген Ата Қазақ туралы ұғым европалық ғылымның олқылығынан емес, қазақтың қоғамдық ойының балаңдығы мен шалағайлығынан туындағанын мойындауымыз керек. Және, өкінішке қарай, дәл осындай, бейкүнә күйден зиянды көпке көшкен түсінік, каншама жылдар бойы ескіге көзқараста жетекші қызмет атқарды.

«Ескілік киімін» этнографиялық тұрғыдан тамашалаған, өз заманынан жиренсе де өткенді мансұқ етпеген, бірақ бар назарын болашаққа бағыттаған Абайдың «һарун Рашид халифа заманына», Ескендір тақырыбына қалам тартуы – қазақ болмысынан аулақтау емес, қайта өз заманының көкейкесті мәселелеріне жауап беруде тапқан төте, әрі ұтымды жолы. Шынында да, Масғұт оқиғасы – ұлы ақынның өз басындағы хал: көп есер қашанда жалғыз естіні жынды етпек; «Сократка у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп; ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал». Масғұт жөнге салудың жолын таппады, жалғыз ақылман есінен алжасқан көпті түзей алмайды екен, ал шындығында ақиқат жол бар еді – көппен бірге болу – көптің ақылсыздығын бөлісу емес, оларға ақыл қосу; поэма астарында Масғұт өзі білген құпияны тек жалғыз халифаға ғана естіртумен шектелмей, барша халықты хабарландыруға тиіс еді деген ой жатыр. Ал Абай мұраты – бүкіл «қалың елі – қазағының» көзін ашу. Яғни, шығыс аңызы негізінде жазылған, сырттай қарағанда дәл Абай заманынан алыс тәрізді көрінетін «Масғұт» – ақынның ағартушылық идеяларын айқындай түсетін философиялық поэма.

Аңызға құрылғанымен, тарихи материал негізінде, тарихи кейіпкерлер турасында жазылған «Ескендір» де замана талабына орай туған шығарма, ұлы ақынның отаршылдық экспансия күшейген XIX ғасыр турасындағы ой-толғамдарының нақты көрінісі болып табылады. Шындығында Ескендір – жалғыз Ескендір ғана емес, ол – Наполеон, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, адамзат тарихында жаулаушы соғыстар жүргізіп, кейінгіге жиһангер, қолбасы, саясатшы атын қалдырған қанішерлер әулетінің типтік өкілі. Абай басқаны емес, Ескендірді алса, оның есімінің қазақ құлағына сіңістілігінен: ел аузындағы әңгімелерде Ескендірдің дана, білгір, әділ, жеңімпаз ретінде мадақталатыны, сондықтан жалпы ұғымға қарама-қарсы бейнедегі кейіпкерді жұртшылықтың қабылдамауы да ықтимал екендігі Абайды тоқтата алмайды. Ақын көңілінде ел аңызы ғана емес, Ескендірді ойшыл, ақылман, жаңаға құмар жасампаз, қара қылды қақ жарған әділ әмірші кейпінде бейнелеген Низами, Фердауси, Жәми, Науаи дастандары да тұрған еді. Соның бәріне қарамастан, Абай Ескендірі мүлде басқа сыпатта – ұнамсыз кейіпте көрінеді:

Сұмдықпен әскер жиып каруланды…

Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты…

Қанішер каһарлы хан ашуы көп…

Тарихи Ескендір тек жаулаушы, қиратушы ғана болмағаны, оның адамдық кейпі «мақтан сүйгіш, қызғаншақ» мінезбен шектелмегені мәлім. Абайдың Ескендірмен тек әдебиет нұсқалары, аңыз арқылы ғана емес, нақты тарихи еңбектер арқылы да жақсы таныстығы күмән туғызбайды. Алайда, Абай бағасы нақты әрі қа­тал. Ескендірдің күтінбеген бейбіт жұртты қырып-жоюы, барған сайын араны ашылып, жердің жүзін түгел басып алуды ниет тұтуы – басқаша бағаға жол қалдырмайды. Поэмадан ақынның сыншыл реалистігін ғана емес, үлкен ойшылдығын да анық түйсінеміз.

Абай төңірегіндегі ақындар әдебиеттің таным аумағын кеңейте түседі. Қазақ өміріне тікелей қатысты, бірақ басқа халықтар тұрмысы, басқа орта тіршілігі фон етіп алынған поэмалар жазумен қатар, тікелей қазақ тақырыбына да қалам тартады, әдеби шерудің, қоғамдық ойдың жаңа серпілісін, өзгеше тынысын аңғартады.

Өткенді суреткер көзімен ғана емес, тарихи тұрғыдан, ғылыми негізде тану жайына келсек, Абай шәкірттері орыс ғылымының екі ғасыр шегіндегі жетістіктерін кеңінен пайдаланумен қатар, түрік тарихшыларының зерттеулеріне де ықылас қояды. Тұма-намада (источ­ники) XIII ғасырдағы «Монғолдың құпия тарихынан» («Юань-чао би-ши») бастап, XVII ғасырда жазылған Әбілхазы-бахадұр-хан шежіресіне дейінгі біраз мұраны мұқият қарастырады. Сонымен қатар, ел аузындағы ескі хикая, көне аңыздар негізінде жазылған шежіреден қа­зақ халқының құралу кезеңіне, оның тарихындағы белгілі бір оқиғаларға байланысты әңгімелердің сұлбасы танылады. Әз-Жәнібек, Қасым, Шығай, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, Әз-Тәуке атына байланысты деректер қазақтың ұлттық тарихы болғандығын, ата-бабалардың ел үшін, жұрт үшін, тәуелсіздік үшін аяусыз күрес жүргізіп келгендігін, қоғам мұраты қашанда жеке адам мұратынан биік тұратындығын көрсетеді.

Жалпы, XIX ғасырдың екінші жарымындағы қазақ әдебиетінде көнеге бет бұру, хикаяны ескі замандардан қозғау айрықша белең алған еді. Мыңға қарсы жалғыз шабатын алып күшті батырлар ерлігі, расул алла заманы, дін жолына бас тіккен ғазилар күресі, немесе, Бағдат, Мысыр, Шамда, әлде басқадай ертегілік елде болыпты-мыс ғажайыптар. Әрине, мәні, сыры бар, аса күрделі құбылыс. Абай ізбасарлары да дәл өз тұсындағы қазақ өміріне қалам   тартпайды. Бұл —  замана тақырыбын игерудің қиындығынан да емес, сол кезеңге тән толғақты мәселелерден тайқу да емес, дамудың белгілі бір кезеңіне тән құбылыс, керек десеңіз, Абай төңірегіндегі ақындардың уақыт талабын өтеуде ұстанған өзіндік тәсілінің көрінісі еді. Абай ізбасарлары қазақтың өткен тарихындағы белгілі оқиғалар туралы, көне тірліктің келеңсіз көріністері туралы, сыры, сыпаты беймәлім Африка туралы, аты, жайы бейтаныс Дағыстан туралы әңгімелей отырып, өз тұсындағы қазақ кауымының көкейкесті ойларын, арман-тілегін баяндай білді, заман зарын, қоғам мерезін, қауым кеселін ашып көрсетті. Бұл ретте өткен тарих жай ғана фон емес, нақты сурет объектісіне айналғанын байқаймыз.

Әуелі Көкбайдың «Сабалақ» дастанының тарихи негіздерін қарастырайык.

Бұл поэма Абай тапсырмасымен туған және, Көкбайдың өзінің куәлігі бойынша, жазып шығарылған. Алай­да автор қолжазбасы біздің заманымызға жетпеген. Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық кітапханасының қорында жырдың екі нұсқасы бар. Бірін Қазақстанды зерттеу қоғамына 1925 жылы, яғни Көкбайдың көзі тірісінде Саубан Бекташ тапсырған (Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық кітапханасының қолжазбалар қоры (ҒАҚҚ), п. 1337), екіншісі —  Мәшһүр-Жүсіпке тиесілі. Екі нұсқаның негізі бір екені көрінеді, өзара түбірлі айырмашылық жоқ; тек Бекташ нұсқасының аяғы Абылай ұрпақтары туралы жырға ұласады, бажайлап қарағанда бұл – дербес жыр екені байқалады, өйткені, бұл бөліктің «Ер Наурызбай» аталатын жеке нұсқасы тағы бар (сонда, п. 1337).

Шағын көлемді (550 жол шамасы) «Сабалақ» жырына Абылай өмірінің алғашқы кезеңі ғана арқау болған. Бұл – Шоқан еңбегінен белгілі, халық аңыздарынан жақсы мәлім жайыт —  Абылайдың жау шапқан Түркстаннан арып-ашып   сақараға жетуі, үйсін Төле бидің түйесін бағуы, жоңғарға қарсы бүкілхалықтық жорық кезінде көзге түсіп, қалмақтың бас батырын өлтіруі, Әбілмәмбет бастаған бүкіл қазақ қауымы танып, Абы­лай атымен сұлтан (аңыздағы сияқты, жырда да хан) көтерілуі. «…Хан еді қазақтағы қолы жеткен, Үш жүздің баласына еңбек еткен», – деп, Абылайдың жеке басына арналған авторлық мадақпен басталатын жыр оның заманы туралы шағын толғаумен аяқталады.

Автордың бағамдауынша, XVIII ғасыр – қазақ халқының тарихындағы қаһармандық кезең. Және жұртшылық кейінгі дәуір XIX ғасырдан мүлде басқаша тірлік кешкен, қауіп-қатері мол, сонымен қатар елдік сана, ерлік дәстүр айқын көрініс тапқан өзгеше заман.

Бұл қазақ тәубасынан жаңылмаған…

Садақ белде, дап-даяр найза қолда,

Ат белдеуде тұрады, түйе қомда…

Шүберекке түйілген жан болыпты,

Ұйықтап жату жігітке ар болыпты…

Жырда Абылайдың ел билігіне жеткеннен соңғы күресі, басынан өткерген оқиғалары, жорықтары мен өзіндік саясаты туралы ештеңе айтылмайды. Көкбай Абылай тарихын жазуды да, Абылай туралы желілі, ұзын сүре дастан шығаруды да мұрат тұтпаған. Автор мақсаты нақты әрі айқын: ру аралық тартыс, бықсық-қоқсық жайлаған өз заманына өткен ерлік кезеңін қарама қарсы қою, «бас басына би болған өңшең қиқым» ел әкімдерінің тұлғасы қаншалық қораш екенін көпшілікке таныту.

Көкбайдың өзінің айтуынша, қатал сыншы Абай «Сабалаққа» көп мін тағады. Ниеті түзу, мұраты айқын болғанымен, Көкбай ұлы ақын діттеген көркемдік биікке жете алмаған еді.

Бекташ нұсқасында Абылай туралы әңгіменің жалғасы түрінде берілген, ал басқа бір қолжазбаларда дербес жыр ретінде ұсынылған «Ер Наурызбайдан» Кенесары қозғалысы туралы, ол қозғалыстың себеп-салдары, тірек-күші, бағыт-бағдары, мақсат-мұраты тура­лы ешқандай дерек ала алмаймыз. Көкбай бейнелеген Наурызбай ру аралық барымта қаһарманы ретінде ғана көрінеді. Жыр халық арасына кең тараған ғашықтық дастан «Қаншайымның» әлсіз нұсқасы сияқтанады. Оқиға желісінде айырма аз, бар ерекшелік – қыз аты Пәтима, қырғыз.

Жалпы, Абай шәкірттерінің ескі қазақ тұрмысынан жазылған поэмаларының ешқайсысы да тарихи шығарма емес. Жанрлық тұрғыдан алғанда, бірі – лиро-эпикалық жырға бейім, енді бірі – әлеуметтік дастан, ал кейбірі махаббат драмасы болып табылады. Бұларда тарих – фон ғана, автордың баса назар аударғаны – әлеуметтік мәселелер, мінез-құлық жайы. Бұл ретте ақындар халық аңыздары негіздеген жүйеден көп ауытқи қоймайды.

Ел арасына кеңінен тараған Қалқаман – Мамыр, Еңлік – Кебек хикаяларын еске алайық. Мұның алғашқысы – ақтабан-шұбырынды қарсаңы да, соңғысы – жоңғар, шүршіт шапқыншылықтарынан кейін болған өмірлік оқиғалар. Алайда халық жадында бедерлі таңбаланғаны – олардың өмір сүрген заманы емес, қайғылы махаббаты, сол махаббат трагедиясына белгілі мөлшерде қатысы болған адамдар тұлғасы. Десе де, уақыт таңбасы мүлде өшпеген. Трагедияның ең басты себептерінің бірі – замана мінезі, уақыт үкімі деген ұғым бар. Мәселен, Еңлік – Кебек трагедиясына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайлар XVIII ғасырдың үшінші ширегінде шығыс облыстарға ауа көшкен рулардың өзара күресіне тікелей байланысты.

Ел аузында дадан тобықты Қараменде би Кеңгірбайға жолдапты дейтін шағын өлең сақталған.

Басында Сырдан шығып Орға келдік,

Табан тиіп жүре алмай, зорға келдік,

Құл алдынан құрулы талқы деген,

Бұл жаққа бақытқа емес, copғa келдік.

Бұдан соң Қараменде белі берік атанға күш салып, «аты жақсы дариядан», яғни Ертістен ары өтуге шақырады. XVIII ғасырдың үшінші ширегінде қазақ руларының сапырылыса қоныс аударуының, басы асау бірталай тайпаның шығысқа карай жөңкілуінің толып жатқан себептері бар. Мұрат – патша өкіметінің құрығынан аулақтау, әрі кең қоныс, жайлы мекен табу болатын. Ел әңгімелеріне, ескі шежіреге қарағанда, тобықтының Ор­да мен Ертіс аралығындағы жерге алғаш келуі – 1780-жылдардың қарсаңында. Кеңгірбайдың әуелде бет түзеген сораппен Ертістен ары өтіп кетпеуі – шарасыздықтан болған іс. Бұл кезде көне түркілердің ата мекені, соңғы ғасырлардағы ойрат қонысы Жоңғарға саны мол, жауынгер Абақ керей орнығып қалған болатын. Шыңғыстау да иесіз емес. Кеңгірбай бұл өңірге жиырма шақты жыл ғана бұрын келіп орныққан матаймен беттеседі. Төбеде отыратын, бақас руларды бейбіт жолмен бітістіретін төреші жоқ жерде кімнің хақысы артық екенін қанды қару ғана шешуге тиісті. Яғни, «Еңлік – Кебекте» тобықты мен матай арасындағы жер дауы, шөбі шүйгін Шыңғыс үшін күрес жайын баяндау – ескі шежірені тірілту емес, бас кейіпкерлер – тобықты жігіті Кебек пен матай қызы Еңлік өмір сүрген қатал заманның суретін жасау және ғашықтардың баянды бақыт табуға ешқандай мүмкіндігі жоғын – трагедиялық ситуацияны нақтылай түсу.

Абай төңірегіндегі ақындар жазған поэмалардың енді бір парасы – жат жұрттар тіршілігінен алынған. Бұлар – тау халықтарының тұрмысына қатысты «Дағыстан», сюжеті Африка, Занзибар төңірегімен байланыстырылатын «Медғат – Қасым», «монғолдың ескілікті тұрмысынан» алынған «Салиха – Сәмен». Шет жұрт тақырыбына қатысты енді бір шығарма «Зұлыс» –  ағылшын жазушысы Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романының өлеңмен жасалған еркін аудармасы болып табылады.

Алдымен аталмыш шығармалар шынында да жат жұрттар тіршілігін бейнелей ме, әлде басқа өлке, баска халық аты тек перде ғана ма – осы жағын анықтау қажет. Қорытынды пікірімізді сөз басында айтсақ, Мағауия – Африканы, Ақылбай – Кавказды, ал Әсет – көне моңғол тұрмысын жазып отырғандарына нық сенеді, сонымен қатар, бұл экзотикаға, шытырман сюжетке әуестік емес, туған ел өміріне тікелей қатысты әлеуметтік мәселелер турасында толғанудың, қазақ қоғамдық ойының айқын көрінісі болып табылады.

«Жаңа ашылған Африка – бір гүлстан», – дейді Мағауия «Медғат – Қасымда». Әрине, Африка жаңа ашылған жоқ, бірақ ақын айтқандай, «кені қалың, пайдасы мол болған соң», қара континентті отарлау, талан-таражға салу күшейе түскен шақ. Және, бай өлкені біржола бөліске салу да осы, XIX ғасырдың екінші жартысында өріс алған еді. Алда ағылшын – бур жанжалы, бірінші дүниежүзілік соғысқа орай, отар өлкелердің өз ішінде жүргізілген қантөгіс шайқастар тұрған. «Медғат – Қасымның» оқиғасы  өрбитін  Занзибар  төңірегі (қазіргі Танзания) ежелден-ақ араб ықпалында болған, ал Мағауия ақын, азамат ретінде қалыптасқан тұста – XIX ғасырдың 80-90 жылдарында немістер мен ағылшындар арасында бөліске түскен өлке. Арабтар әлденеше ғасыр бойы ислам дінін таратумен, тиімді саудамен шектеліп келсе, европалықтар бірден-ақ өлкенің бар байлығын омыра жалмауға кіріседі, жергілікті суахили, ньямвези және басқа қара түсті халықтарды, тіпті, бұрын ұтымды жағдайда өкім құрған «пайғамбар әулеті» арабтардың өзін бар хұқығынан, адамдық кейіптен айырады. Мағауия поэмасында Мұрат байдың банкротқа ұшырап, борышын төлеу үшін егіндігін, үйін сатып, бар құлын базар арқылы өткізіп Мысырға қайтуы оқиғаның дамуы үшін қажетті қимыл ғана емес, ақынның жаңа отарлардағы қожайындардың алмасуы туралы оқыған, білгенінің көрінісі. Ал Қасымның Медғат, Ғазизалармен бір әкеден туса да, анасы қара өңді болған себепті бай ұлы емес, қатардағы құл саналуы, өз ағасы тарапынан қатал жазаға ұшырап, әке мен бауырға қарсы, бүкіл үстем әулетке қарсы күреске шығуы, тек Қасым ғана емес, «ағаш толы зәңгі» атаулының «ақ жүзділерге» өшпенділікпен қарауы – автордың нәсілшілдік ғұрып, отаршылдық тәртіп және жергілікті халықтардың оған деген реакциясы туралы нақты ұғым болғандығын көрсетеді. Әрине, европалық түсінік бойынша, араб – ақ нәсілге жатпайды, бірақ Қасымның (әрине, автордың да) танымынша, мысырлық Мұрат пен оның мейрімсіз баласы Медғат – зорлықшыл бай ғана емес, сол зорлықшылдар қауымының өкілі – «ақ жүзді». Қасым түнгі аялға тоқтаған керуенге шабарда «бұттарына жалғыз дамбал» ғана киген, өңшең жалаңаш зәңгі батырларына «тірі ұстаңдар ақ жүзді адамдарын» деген тапсырма береді, қолға тірі түскен тұтқындар ішінен Медғатты қатал өлімге бүйырады.

Сонымен, Мағауияның бай мен кедей арасындағы әлеуметтік қайшылықтар туралы толғамдары, жазықсыз жапа шеккен құлдың кек жолына бас байлауы қа­зақ қауымы үшін үйреншікті болмағанымен, түсінікті жайыт десек, аты бейтаныс, сыры беймәлім, жердің екінші бір шетіндегі алыс Африка, ондағы нәсілдік теңсіздік туралы сөз қозғауы қазақ әдебиеті үшін мүлде жаңа тақырып еді. Әрине, жан-жақты білімді бүгінгі оқырманның «Медғат – Қасымнан» табиғаты да, болмыс бітісі де өзгеше өлке Африканы нақпа-нақ тани қоюы қиын. Керек десеңіз, Мысырдан келген Мұрат бай үй салып, тоған тартатын Ніл дария – автор сыпаттап отырған өлкеден бірнеше мың шақырымда жатыр, ал Занзибар қаласы – шығыс жағалаудағы шағын аралда тұр, оған керуен тартып, құрлық арқылы бару мүмкін емес. Қасымның нағашы жұрты Зұлыс елі – Зулуленд Оңтүстік Африкада, бұл екі аралық та неше мың шақырым жол, яғни Қасымның Зұлысқа барып, батыр жігіттермен Занзибар маңына қайтып келуі – қисынсыз. Бірақ бұл арада іс мәнісі географиялық деректердің нақтылығына иә жаңсақтығына орай шешілмесе керек. Ақын Африка туралы мағлұмат беруді емес, сол алыс өлкені тілге тиек ете отырып, әлеуметтік мәселелер көтеруді ниет еткен. Және өз мақсатының үдесінен шыға алған деуге тиіспіз.

Ақылбайдың тау халықтары өміріне зер салуында да белгілі бір заңдылық бар. Бұл орыс ақын, жазушыларының Кавказ тақырыбына арналған шығармаларын оқып, қызықтау, сырлы да сұлу, өзгеше өңір табиғатын тамашалау нәтижесі ғана емес, тау халықтары тірлігінің дәл осы тұстағы өзгеше сыпатына ден қоюдың да көрінісі болып табылады. Шамиль бастаған ұлт азаттық қозғалысы, оның көркем әдебиетте, журналистикада жан-жақты, әрі нақты сурет табуы алыстағы қазақ даласына да әсер еткен.

Сөкпе, қалса сезімнің шалалары,

Кітапта жазған орыс даналары.

Бұрын неше соғыста ойран болған,

Көрінді Дағыстанның қалалары.

Ақылбай Дағыстан туралы негізінен орыстың ұлы әдебиеті арқылы мағлұмат алғанымен, каторгадан қашып, Абай аулына жетіп пана тапқан таулықтардың мінез-құлқы, олардың бастан кешкендері мен өскен ел туралы әңгімелерінен де көп жайытқа қаныққаны күмәнсіз. Бұл – қазақтың «Ат жақсысы кермеде тұрады, ер жақсысы түрмеде отырады», – деген мақалы шыққан кез. Түрме мен айдауға әуелде ұлт азаттық қозғалыстарына белсене араласқан азаматтардың, ал кейінірек, ел іші біршама тыншыған шақта жана тәртіпке мойын ұсынбаған, жуандармен сыйыса алмаған еті тірі жігіттердің ғана кетуі патша түрмесі, айдау мен азап ту­ралы дәл осындай түсініктің қалыптасуына негіз болған. Сондықтан да Абай аулы (Абай аулы ғана емес, бүкіл қазақ) түрмеден, айдаудан, еріксіз солдаттан қашқан ұсақ ұлт өкілдерін меймандостықпен карсы алатын. Мұндай қашқындардың кейбірі жаңа туыстарының арасында біржола тұрақтап қалса, кейбірі ес жиып, әлденген соң ат мініп, керек-жарағын алып, әйтеуір туған жерге жетіп өлу мақсатымен қатерлі сапарға бет түзейтін. Абай аулына тұрақтап қалған немесе бірер жыл қонақтап, алыс отанына аттанған бірталай адамның атына дейін белгілі (ҒАҚҚ, п. 559).

Абай сөзі патша өкіметі тарапынан қатаң бақылау астында болғаны мәлім. Қысас пен аңдудың кульминациялық шегі – 1903 жылы патша охранкасының Семейден арнайы жасақпен шығып, ұлы ақынның үй-жайын ақтарып, үсті-басына дейін тінтуі. Ешбір деректе нақты атап айтылмағанымен, Абайдың барлық колжазба қағаздары дәл осы жолы қаттауға түскені және қайтарылмай, сол бетінде жоғалғаны тағы күмәнсіз. Мойынға шылбыр салмағанымен, сырттай тұзақтау, доңайбат пен қысас Абай өмірінің соңғы жиырма бес жылында ақын жанын жаралап қана қойған жоқ, оның әдеби еңбегіне, бүкіл қоғамдык қызметіне өлшеусіз зиян келтірді. Бұл жалғыз Абай емес, оның төңірегіне де құрылған талқы болатын. Сондықтан да Ақылбай «Дағыстанның белгілі бір жауы» кім екенін, атап айта алмайды.

Жөнелді Дағыстаннан өңшең батыр,

Жауменен соғысқалы келе жатыр.

Өзі туып көрмеген Дағыстанда,

Қиындық бір жол болды заман ақыр.

Көбелектей көп әскер сайдан дулап,

Қамданған қалың кісі шықты шулап.

Қара қошқыл түтіннен от жарқылдап,

Қорқынышты дыбыспен оқ зуылдап.

Топ тигендер құлайды оннан, бестен,

Шалшықтағы балықтай жатыр тулап.

Осы санаулы ғана өлең жолдарынан Шамиль көтерілісі кезіндегі аттаныстар жайын – зеңбірегі бар, қару-жарағы мол, саны басым («Бірге – бес кісі шықты», – дейді ақын) патша әскерлері мен ыза, намыс буған таулықтар арасындағы соғыс көрінісін тану қиын емес. (Кейбір деректерге қарағанда, Ақылбайдың «Шамиль» дейтін поэмасы да болған).

Ал Әсеттің «Салиха – Сәмен» поэмасының болмыс-бітісі Ақылбай, Мағауия дастандарынан өзгешерек. Бұл – махаббат хикаясы. Ақын атап айтқан «моңғолдың ескілікті тұрмысы» – тек фон ғана. «Қазақтың ескілікті тұрмысы» десе, ештеңе өзгерместей. Әйтсе де, Әсеттің халық атын да, хан атын да нақты көрсетуі кездейсоқ емес. Поэма ақынның 16-жылғы дүрбелең кезінде Шығыс Түркстанға қоныс аударуынан соң, Алтай тарабында ел аралап жүргенде моңғол арасынан естіген әлдебір ескі хикая негізінде туса керек. Тарихты білетін адамға «батыр хан Ясукәй», «татардан қолға түскен Темір ер», «Шығыста Шыңғыс деген хан болады» деп сәуе айтатын Көкше әулие есімдері көп нәрсе аңғартады.  Ясукәй – атақты   Шыңғыс  ханның  әкесі  Есугей (Йисугэй), Темір – сол Есугеймен соғысатын, Темуджін (болашақ Шыңғыс хан)  туар қарсаңда қолға түскен татар батыры Темуджін, ал Көкше әулие – моңғолдың бас абызы, жұртшылық әулие таныған, кезінде Шыңғыстың хан көтерілуіне зор үлес қосқан, кейін әміршісімен бақ таластырған безерлігі үшін омыртқасы үзілген Көкечу (Көкэчу). Моңғолда, поэмада аталғандай жұрат деген ру болмаған, (Алтайдан алыс, Ішкі Моңғолиядағы, XVIII ғасырда маньчжурлер талқандаған джаруд ұлысының жайы өзгешерек), бұл, сірә, ескі шежіреден белгілі шаджірат (джаджират) руы болса керек. Есугей бөржіген қият руынан шыққан, бірақ көшпенді моңғол мемлекеті құрылар қантөгіс жылдарда шаджірат – моңғол руларының ішіндегі ең атақтыларының бірі еді. Шыңғыс ханмен билікке таласқан Жамуха-шешен осы шаджірат руынан шыққан.

Сонымен, Әсет тілге тиек етіп отырған заман – Шыңғыс хан дәуірінің карсаңы екені көрінеді. Бірақ поэмадағы тарихи есімдер – шартты белгі ғана сияқты, ал Алтай – XIX ғасырда да сол баяғы XII ғасырдағы кейпінен өзгере қоймаған зеңгір тау, әсем табиғатты өлке – географиялық фон ғана. Ақын хикаялап отырған махаббат драмасы патриархалды тәртіп үстем болған кез келген дәуірге тән жайыт. Шынын айтсақ, әйел теңсіздігі, бақытсыз ғашықтар тақырыбы Әсет әдебиетке араласқан кездің өзінде-ақ дағдарысқа ұшырай бастаған еді. Үйлес тағдыр, ұқсас сюжет, бірыңғай шешім, ортақ идея… Ізденімпаз ақын атаулы, әрине, жаңа сорап, өзгеше өpic қарастыруға тиіс-ті. Әсеттің өз тақырыбын «атақты Алтай тауын мекендеген» көне моңғолдар тұрмысынан іздеуі осы таптаурын тақырыпқа тың тыныс беру талпынысынан туғаны күмәнсіз.

Түйіп айтсак, Абай төңірегіндегі ақындардың бәрі де (Көкбайдан басқасы) тарихи тақырыптағы шығарма жазуды, өзге бір халық тұрмысын нақпа-нақ сыпаттауды мұрат тұтпаған. Сонымен қатар, поэмалар сюжеті бас­қа ғасыр, бөтен халық тірлігінен алынуы да кездейсоқ емес. Тақырып тандау – сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің даму дәрежесіне сай, көркемдік нысана мен идеялық тұғыр орайынан туындаған демекпіз.

 

2

Кез келген көркем шығарманың заттық құрылымы, яғни, қаламгер бейнелеген әлем кейпі – автордың әдеби тәсілі мен өзіндік талғамына, дүние танымына, ой өресіне, көркемдік мұратына, идеялық бағдарына тікелей байланысты екендігі белгілі. Көркем әдебиеттің ұйтқысы, мәйегі – жанды, тірі адам десек, әдепкі өмірдегі тәрізді, шынайы шығармада да заттық болмыстан тысқары, аспан мен жердің арасында асылып тұрған персо­наж болмаса керек. Шығармадағы заттық әлем – артық әшекей де, үстеме бояу да емес, кейіпкер тұлғасын, автор мұратын айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Көркем шығарманы изоморфизм тұрғысынан, біртұтас система ретінде қарастырсақ, ең алдымен оның заттық болмысының негізгі түрлері – пейзаж, интерьер, тұрмыстық реалиялар жайын, олардың жасалу жолдары мен өзіндік ерекшеліктерін сөз етуге тиіспіз.

Эпос та, лирика да дамудың биік өресіне жеткен ортағасырлық шығыс поэзиясында қазіргі ұғымдағы пей­заж ұшыраспайды. Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінен де табиғат суретінің кейбір елестерін ғана көреміз. Бояуы қанық, нақты, әрі жанды пейзаж – қазақ пейзажы Абайдан басталады. Абай бейнелеген жаз бен қыс, көктем мен күз, жайлаудағы ауыл, даланың түнгі тынысы – әртүрлі кейіптегі табиғат көріністері ғана емес, адам жанының құбылыстарымен, елдің тірлік тынысымен тікелей байланысты өміршең суреттер.

Алайда, Абай поэмаларынан адамның табиғи ортасын көре алмаймыз. Кейіпкер туып-өскен жердің аты ғана айтылады: «Македония шаһары оған мекен», «Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт», «Болыпты ағайынды екі жігіт – Бағдатта Мұстафа мен Сапа деген»; персонаждың іс-әрекетіне, түскен ситуациясына орай, жер кейпі, табиғат құбылыстары сипатталар тұстардың өзінде бажайлап бейнелеу жоқ, бедерлі сурет жасалмайды: «Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті»; «Сандалды cap далада су таба алмай», «Болған соң уәделі күн жауын жауды».

Осыған қарамастан, «Ескендірдегі» аңызақ шөл сыпаты санаға айқын таңбаланады: бар суын ішіп тауысқан әскер қиын халге ұшырайды, жан-жануарға дейін тегіс аңқасы кебеді, ал Ескендірдің өзі шөлдегенге шыдай алмай, қызметшілерінің бәрін де өлтірмекші болады. Масғұттағы кеселді жауын кейпі де осы тәрізді: межелі күні жауған жаңбыр су атаулыны тегіс былғайды, одан уланған адамның бәрі ақылы ауып, жынды болады, ас ішуді, ұйқы ұйықтауды ұмытқан жұрт улап-шулап, әрнеге таласады, ақыры сол дүрліккен беті хан мен уәзірді өлтірмек болып, ордаға келеді. Екі түрлі жағдайда да Абай табиғи кұбылыстың өзін емес, оның адамға әсерін сыпаттайды. Бұл ақынның аталмыш поэмаларда алға қойған мұратына үйлес ең ұтымды тәсіл еді. Күн шақырайып, құм суырған, тозаңы аспанға ұшып, төңкеріле кеуіп тұрған шөл кейпі, найзағай сатырлап, бұлт үйірілген, селдете төккен жауын суреті оқырман назарын басқа тарапқа бұрары өз алдына, поэмалардың композициялық құрылымына, біртұтас архитектоникасына үйлеспес еді, олардың жанрлық сыпатына нұқсан келтірер еді. Өйткені, «Ескендір» де, «Масғұт» та әлеуметтік-философиялық поэмалар.

Қазақ әдебиетінде адам тағдырына құрылған сюжетті шығармаға пейзажды алғаш енгізуші Ақылбай болды. Және бір қызығы, бұл – алыс аймақ, сырлы өлкелер – Кавказ бен Зұлыс суреттері. Дәл осы ретте өзінің тыңнан соқпақ салып отырғанын пайымдаған Ақылбай қызғылықты хикаяға құлағы үйренген жұрт үшін көркем табиғат кейпінің тосаң естілерін жаксы біледі.

Артық нәрсе дүниеде айтпақ үшін,

Деме, жұрт, тау мен өзен неге керек.

Бұл жолдар Абайдың: «Сұлуды сүймектік – Пайғамбар сүннеті» – сұлулықты, әсемдікті тамашалау адамның адамдық табиғатынан туындайтын сыпат деген көркемдік танымымен үндес. Сонымен қатар «Дағыстандағы» пейзаж сұлулықты жалаң тамашалау емес. Кавказ суреті –  экзотикаға әуестіктен сүйкей салды, жалпылама суреттен ада. Ақылбайдың ақындық үлкен мәдениеті ең алдымен осы пейзаждан танылады дер едік.

«Дағыстандағы» пейзаждың кеңістіктегі құрылымы өте шебер қиюластырылған. Алдымен Кавказ аталатын тау туралы жалпы дерек беріледі. Бұл – географиялық сыпаттама емес, оқушы мен тыңдаушы көңіліне дөп тиер нақты ақпар:

Қазақтың «Қап» дегені Кавказ серек…

Мұсылман мифологиясындағы Қап тауы – жерді шеңберлей қоршап тұрған, аспанмен таласқан зеңгір биік; жын-перінің ойнағы, адам баспас сырлы, пәле-жаласы мол, кесапатты жер. Ақын Кавказ бен Қапты шендестіру арқылы (XIX ғасырда мифтік Қап – Каф тауының тұспалы – Кавказ деп саналатын, кейініректегі зерттеушілер Каф — Гималай жотасы деп есептейді) бірден-ақ өз тақырыбының қазаққа етенелігін жариялайды. Кавказдың – Қап екендігін естісімен жұрт сиқыры болмаса да шытырманы мол ерекше оқиғалы хикая күтпек. Алайда, «Қап тауы» туралы дерек мүлде басқаша жалғасады. Құбыжық емес, «сұлу, биік…» Сонымен:

Қазақтың «Қап» дегені Кавказ серек,

Тәңірім сұлу, биік еткен ерек.

Ақырып айдаһардай жүз толғанып,

Тауды бұзып, тас жарған долы Терек.

«Дағыстан» авторы – шәкірттік кезеңнен өткен, өзіндік қолтанбасы бар ақын. Әлбетте, жалаң еліктеушінің өзі ұстазының  тұтас тіркесін  иеленбесе  керек. Абай аудармасындағы «Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып», «тауды бұзып жол салған тасты жарып» «асау Терек» алдымыздан сол калпында шықса, бұл ауысу да, алмасу да емес, білімдар ақынның саналы қадамы. Бұл жердегі ақын ниеті – Абай арқылы етене таныс Теректі тілге тиек ете отырып, оқушы (тыңдаушы) назарын ертегіден ақиқат өмірге қарай бұру.

Кавказды сұлу қылған құдай қалап,

Көрген адам кете алмас тамашалап.

Белгілі ер шеркестен көп халық бар,

Сол тауда өмір сүрген жанасалап.

Міне! Жын пері де, айдаһар мен жалмауыз да жоқ. Кәдімгі адамдар. Бірақ жай адам емес. Ер шеркес. Кәдімгі, қазақ құлағына танымал, Абай атымен байланысты, «Қанжардағы» «кекке соғылған» болат қанжарды қайрайтын ер шеркес!

Келер саты – жалпыдан нақтыға қарай ойысу. Ақын Кавказдың, алыс көкжиектен көрінер суретті сұлбасын жасайды.

Ақ жиек көкшіл сұрғылт сәуле берген,

Мұнартқан Кавказ буы көтерілген.

Алтын шатыр сәулесі тау басында,

Атырабы мәлім болды талай жерден.

Бояу реңі, сәуле ойыны – қазақ пейзажында күні бүгінге дейін жете игерілмей келе жатқан, керек десеңіз, назардан қақас қалған («Абай жолындағы» Әуезов пейзажының кейбір сыпаттарын есепке алмасақ) нақыш. Мұнартқан таудың ақжиек, көкшіл сұрғылт сәулемен құбылуы, шың басындағы ақ қардың күн нұрымен ал­тын сары түске енуі акынның биік көркемдік талғамын нәзік суреткерлігін, сонымен қатар тіл мәдениетін, шеберлік өресін танытады. Абай мектебін ғана емес, орыс классикалық әдебиетінің шарапатын да көреміз.

Жол озған сайын, ақынның оптикалық позициясы негізгі объектіге жақындай түседі, сурет ірілене береді, детальдар нақтылана бастайды.

Бұлбұл құс ұйқысынан көзін ашып,

Түріне гүл-бәйшешек таңырқасып,

Күн ыстығы түскенше сермелік деп,

Үнін, жүнін түзетті жабырласып…

Әуелгі суретке үстеме, рең аша түсер соны бояулар жағылды. Тау басы алтын шатыр болып құбылуы – таң атып, күн жаңа шыққан екен. Түн – кемпір «қара шәлісін» жинап алғаннан соң «сайраған құмыры бұлбұл үні» – таң жыры ғана емес, өмір жыры, дарқан тіршілік, кеніш табиғат мадағы. Әлем толы қуаныш сияқты. Шығыс поэзиясында бұлбұл – бақыт символы. Қамсыз, қайғысыз көңілдің жаршысы. Оның үстіне, әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін қалыптасқан (біздіңше, біржола ескірген) ұғым бойынша, табиғат реңі қашанда адамның көңіл күйімен астаса берілуі шарт сияқты: күн бұлыңғыр болса, кейіпкердің көңіл күйі де қамрықты, аспан ашық болса, кейіпкердің де жаны жадыраңқы. Яғни, экспозиция бітісіне қарасақ, поэма –  кең өмір, бақытты тағдыр жайында болмақ.

Міне, осындай дәйекті психологиялық үйірімнен соң ақын оқыс бұрылыс жасайды. Осыншама әсем де асқақ табиғат аясында дарқан тірлік жоқ, қайғы мен қасірет қана бар.

Бұрын неше соғыста ойран болған

Көрінді Дағыстанның қалалары.

Бұл – Дағыстанның авторлық биіктен шолғандағы жалпы сұлбасы. Кадр қайтадан іріленеді:

Бұзылған Дағыстанның қу қаласы,

Көрінді қарт Жүсіптің үй-ханасы.

Жүсіп тұр қайғы басқан үй алдында,

Дүниенің әсер бермей тамашасы.

Салтанатты әуеннен соңғы трагедиялық ноталар санада айрықша бедермен таңбаланғандай. Шұғыл кон­траст Жүсіп кайғысының бар салмағын бірден аңғартады.

Енді бір тұста ақын табиғат реңін нақты оқиғамен шендестіре береді. Қарт Жүсіптің екі ұлы бірдей аңда жүргенде:

Кавказдан қара бұлт шықты аспанға,

Түсі суық корқыныш байқасқанға…

Бір түрлі жауын жауды сатырлаған,

Жүктей тас домаланып батырлаған…

Табиғат дүлейі – трагедияның себебі ғана емес, фо­ны да болып табылады. Ақылбай пейзажды сюжет өрбіту үшін пайдаланумен қатар, психологиялық әсер туғызар кұрал ретінде де шебер қолданған.

Пейзаж – Акылбайдың көркемдік арсеналындағы ең басты құралдардың бірі. Ақылбай пейзажына хас сыпат – суреткерлік дәлдік пен пластикалық тұтастық. Со­нымен катар, жат өлкелер көрінісіне арналғандықтан, автор пейзажға танымдық қызмет жүктегенін көреміз. Бірақ бұл –   жалаң ақпар да, тәтпіштеп сыпаттау да емес, кең көлемде алынған жанды сурет.

Қызық хикаялы «Зұлыстың» алғашқы жолдарын еске түсірейік. Зұлыс тауының асқақ та қаһарлы кейпі, үңірейген шатқалдары мен бытысқан тоғайы, жан баспаған жабайы кейпі аз ғана сөзбен әсерлі, әрі ұтымды бейнеленген. Тіпті, хайуанаттар әлемі туралы деректердің өзі шебер көрініске үстеме рең берер нақыш тәрізді. Енді осы тауға орай айтылар қандай хикая болмасын, ықыласпен қабылданбақ.

Ақылбай пейзажы – қосалқы бөлшек, үстеме бояу емес, шығарманың кажетті мүшесі ретінде көрінеді. Табиғат көріністерінің шығарма сюжетімен, адам тағдырымен астасып жатуы – ақын шеберлігінің ғана айғағы емес, қазақ әдебиетінің жаңа сапаға біржола көшкендігінің, халқымыздың рухани-көркемдік дамуында Абай үлгісі, Абай жолы жетекші орынға шыққандығының да белгісі болып табылады.

Әсеттің «Салиха – Сәмен» поэмасындағы пейзаж да осы жаңа леп, соны ізденістер орайында. Ақынның көркемдеу принциптерінен, поэманың бүкіл бітіс, болмысынан Абай өнегесі айқын танылады. Ақылбаймен туыстық та даусыз.

Әсеттің жанын баураған да өзгеше сырлы, әсем тау, бірақ алыстағы Кавказ емес, жақындағы Алтай. Ақылбай «ер шеркеске» ден койса, Әсет «моңғолдың ескілікті тұрмысына» үңіледі. Әрине, қазақ құлағына шеркестен гөрі моңғол есімі үйреншікті, Кавказдан гөрі Алтай етене. Содан да болар, Әсет хикаяның «атақты Алтай тауымен» байланысты екендігін ескертеді де, «Дағыстандағы» тәрізді, өлкенің жалпы тұрпатын сыпаттаудан аяқ тартады. Поэма экспозициясында табиғат суреті атымен жоқ. Пейзаж сюжет дамуымен орайласа бой көрсетеді.

Жалтыр тау, шатқал өзен, заңғар биік,

Тұрғандай бұлттан өтіп, көкке тиіп.

Темірдей кара жартас сұрғылт түсті –

Қабағын, қаһар көзін карыс түйіп.

Мұңды тау аспанменен бой теңескен,

Тұрғандай бейне мүлгіп басын иіп.

Ақырған аждаһадай тасқынды өзен.

Сарқырап төмен аққан шатқа құйып.

Белгілі Жая деген бір қиын тас,

Сескенбей ендігі жан бара алмас…

Бұл – шартты түрде алынған бүкіл Алтай да, оның сілемі, бөлігі де емес, өлшеп, кесіп пішілген нақты бір жер. Алайда, сурет сұлбасы «Дағыстандағы» Ақылбайдың көркемдеу тәсілдерін еске түсіреді. Мұнда да жалпыдан нақтыға көшу бар: алдымен кең панорама жасалып, содан соң бедерлі бейне сызылады. Ендігі бір елеулі сыпат – оптикалық позиция автордың белгілі бір нүктедегі, немесе кеңістіктің әлдебір жеріндегі тұғыры емес, кейіпкердің өзінде. «Дағыстанда» қарт Жүсіптің екі ұлы бірдей апатқа ұшырарда Кавказдың қаһарлы кейіпке көшуі Зайраның көзқарасы тұрғысынан берілетін. Және Зайра автордың оптикалык нүктесі ғана емес, толқыныс объектісі де болып табылады. Сондықтан тек трагедиямен ғана тынуға тиіс, ызбарлы, әрі ауыр сурет жасалатын. Әрине, бұл – Ақылбай ашқан жаңалық, Абай салған жол емес, сонымен қатар батыстың биік өрелі әдебиетінен қақас, қаламгерлік жоғары мәдениеттен махрұм ақынның қолына түспес қазына екені тағы айқын.

Европа өнерімен етене таныспаса да, Абай алдынан өткен, Абайдың ақындық дәрісін бойына сіңірген, көкірек көзі ашық Әсет дамыған әдебиетке ғана хас ұтымды тәсілге машықтығын аңғартады. Жоғарыда келтірілген сурет туған үйінен безіп, сүйгенімен біржола қосылмаққа бел байлап, Жая тастағы құпия үңгірге бет алған Салиханың көзі мен түйсігі арқылы берілген. Әуелі жал­тыр тау, бұлттан өткен заңғар шың, шатқал өзен; содан соң «сұрғылт түсті реңі» айқын көрінген «темірдей қара жартас», шатқа кұйып сарқырай төгілген өзен ағысы. Қыз көңліндегі толқыныс, қауіп пен қатерге орай асқақ та сұлу табиғат өте қатал, әрі жат сезіледі. Сонымен бірге, «мұңды тау», «қаһар көзді жартас», «аждаһадай тасқынды өзен» – трагедиялық толғаудың алғашқы ак­корды сияқты.

Әсет кейіпкерлері – шырышы бұзылмаған табиғаттың бұла перзенттері. Тусырылған табиғат пен асау сезім астас қана емес, туыстас, өзара ажырамас бірлікте бейнеленеді. Тылсым тау арасында, долы өзен қабағындағы көк жартасты үңгір ішінде екі ғашық табысарда қараңғы түн –  тыныштыққа бөленіп, құшақ жаяды, аспандағы ай әсем баса түрленіп, құттықтай қарайды, жұлдыздар жарастықпен жымыңдайды, құмарлық бесігіндегі жастардың көңіл түпкірінде жатқан қатерлі түйткіліне «майда жел мұңын қосып», сыбырлайды, мауқы басылып, ұйқыға батқан ғашықтарды таудан асқан таң шапағы оятады…

Абай өрнегі еріксіз еске түседі. Пәк таза махаббаттың белгісіндей жарық айлы, желсіз түн. Жан толқынысына үн қосқандай сыбырласқан қалың ағаш жапырағы. Жүрексінген көңіл, бұлықсыған сезіммен астас, көлеңкелі, терең сайға гүрілдей құлаған өзен дыбысы. Осындай сырлы, сұлу түнде, әлдеқайдан естілген әсем сазды ән, тынымсыз тірлік, алмағайып уақыт дабылындай бейсауат үрген ит пен үздік-создық айтақ астында сүйгенімен жолығуға аулаққа асыққан сұлу қыз…. Бір ғажабы, өзгеше сезім құрсауындағы сұлу қыз, жоқ, жай ғана қыз – түн жамылып, сүйгенімен кездесуге шыққан қыз туралы тек өлеңнің үшінші шумағында ғана, онда да соңғы тармақтарда айтылады. Оған дейін…

Атақты өлеңді жолма жол келтірмей болмас:

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы.

Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Даралап алсақ, бұл екі шумақ Сары-Арқаның түнгі табиғатының бір көрінісі ғана болып шығар еді. Бірақ келесі толқын әсем, тіпті, идиллиялық суретке мүлде басқаша кейіп береді. Үстірт қарағанда, бұрылыс шұғыл сияқты. Қас қаламгердің шеберлігі де осында. Әуелі көңілдің жаңа ырғағына көшер, әрі тек қана қазақ тіршілігіне сыйысар детальдар келтіріледі, ол – тау жаңғыртқан ән, үрген ит пен айтақ даусы. Және бір ғажабы, ақын атап көрсетпесе де, ән – сырлы, мұңды, әуезді, иттің үрісі мен оған қосыла шықкан айтақта зіл, қатер белгісі жоқ. Бұл – өлеңнің алғашқы шумақтары арқылы көңілде берік орныққан лиризмнің нәтижесі.

Тау жаңғырып, ән қосып,

Үрген ит пен айтаққа…

Көңіл күйі ғана алмасқан жоқ, қас зергер шығарманың заттық құрылымында да жаңа сапаға қарай ойысады: әлгінде ғана назарда жансыз табиғат тұрса, енді жанды тіршілік лүпілі естіледі. Сондықтан да келесі тармақтарда адамның – жол тосқан қарақшы, кеш қал­ған жолаушы емес, сүйгенімен кездеспек жас сұлудың шыға келуі табиғи қабылданбақ.

…Келмеп пе едің жол тосып,

Жолығуға аулаққа!?

Қандай қыз, қандай сезімдер жетелеген жан – кімге болмасын айқын. Абай кейіпкерлерінің сезім толқыныстарын ретроспектива арқылы бейнелеген. Санадағы сәуле – желсіз түн, жарық ай, тасыған өзен суреттері – кері шағылысып, құпия кездесуге, бәлкім, өз өміріндегі ең алғашқы махаббат сұхбатына бет бұрған қыздың жүрек лүпілімен астас жарастық табады. Айлы түн, дірілдеген сәуле, қамсыз да бейбіт дыбыстар, оңашаға асыққан қыз – бәрі келісімді үндестікте. Сыртқы әсерді көкірек сыздатар сырға айналдырып, сезім қылын шегіне жеткере бұраған ақын енді бірден ағытылады. Сырлы түн де жоқ, сүйген жігіт те жоқ, қыз сезімі – жаңағы табиғат көріністерінің тіпе-тік ішкі толқынысқа ұласуы, рухы таза, жүйкесі нәзік сұлудың жан дірілі:

Таймаңдамай тамылжып,

Бір суынып, бір ысып.

Дем ала алмай, дамыл қып,

Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп.

Дүрсіл қағып жүрегі.

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі.

Кенет жүрекке мұң құйылады. Кешелі-бүгінді бол­ған, болып жатқан жай емес. Жекелік сыпаты мол, нақты сезім күйінің суреті екен, өтіп кеткен, бағзы бір күндерден қалған естелік екен, жасы жеткен, немесе заманы озған жанның енді қайталанбас бақытты сәті екен. Өлең әсері ең соңғы жолдарда, «тұрмап па еді сүйеніп» дейтін, өткен шақ формасындағы тіркестен соң бұрынғыдан әрмен күшейе түседі. Енді манадан бері көзге көрінбеген, сүттей түнді сырттай бақылап, именшек сұлудың жолын тосып тұрған жігіт – дәл қазіргі сәтте сол бір қимас шағын мұңды сағынышпен еске алушы ақын (немесе оның лирикалық кейіпкері) бой көрсетеді және сәт озған сайын тұлғалана, еңселене түседі. Өлеңнің тылсым күші де осында. «Желсіз түнде жарық ай» — әлем поэзиясындағы ең таңдаулы үлгілердің бірі.

Әрине, Абай мәдениеті өзгеше. Абай суреткерлігі – туған әдебиетімізде әзір ешкім жетпеген биік. Әсеттен біз келтірген үзіндіде Абайдағы мінсіз түзім, қапысыз дәлдік, буынсыз тіл, сиқырлы сезім болмағанымен де, бұл –  жаңа мұратты жаңа ақынның ғана колынан шығар сурет. Қазақ әдебиетінде пейзаждың біржола орныққанын, оның қызметі мен мән-мағынасы терең пайымдалғанын аңғартады.

Тағы да бұлттар шығып борандатты,

Найзағай шартылдайды онан қатты.

Күркіреп, ғардың іші ақ боран боп,

Есігін Көкше әулие қайта жапты.

Жекелей қарағанда, жұпыны ғана сурет – дауылдата бұлт шығуы, найзағай шартылы, үнгір іші ақ боранға толуы тыңдаушы көңілін толқытардай құбылыс емес. Ал осы сөздердің көлемдірек контексте қабылдануы мүлде басқаша. Салихадан тірідей айрылған Сәмен ендігі бар үмітін соған артып, айшылық жерде, Тянь-Шаньның Мамаржа биігінде жатқан Көкше әулиеге тауап ете келген. Батыр Сәмен Көкше әулиенің мекені көк жартас бетіндегі үңгірге қарап, құлшылық ұрғанда:

Күн жауып, бұлттар шығып борандатты,

Найзағай шартылдайды онан қатты.

Артынан қоңыр майда желдер соғып,

Көрсетті ғардан шығып шарапатты.

Батырдың тілегі қабылданбады. «Ол қызды кұдай саған бұйырған жоқ!» – дейді Көкше әулие. Ол аз болғандай, астындағы атын тартып алып («Әулие қолын бұлғап қалып еді – Кісінеп буырыл шауып ғарға кірді»), иен тау ішінде жаяу қалдырады. Міне, дәл осы, үкім айтылып, тілек кесілген сәтте: «Тағы да бұлттар шығып борандатты – Найзағай шартылдайды онан қатты». Бірақ «қоңыр майда жел» де, рахым-шарапат та жоқ, ғар іші күркіреген боранға толып, есік біржола жабылады. Бұл – үміттің үзілуі, өлесі үкім. Және мистикаға толы көрініс. Шығарма табиғатынан туындаған, оның трагедиялық тақырыбымен үндес сурет. Сондықтан да әсерлі.

Сырттай қарағанда «Дағыстанмен», «Салиха – Сәменмен» туыстас – жат өлке фонындағы жат жұрт өкілдері турасында жазылған, бірақ болмыс-бітісі мүлде өзгеше «Медғат – Қасымда» осы сөздің толық мағынасындағы пейзаж жоқ. Ақын бейтаныс өлкедегі белгісіз жандар туралы толғана отырып, табиғи ортаға, ел мен жер кейпіне мүлде көңіл бөлмегендей көрінеді. Осы орайдағы санаулы тіркестерді сүзіп алсақ, табиғат жадау, сурет селдір сияқты. Алайда, контекстегі сараң сөзді шағын тіркестердің бәрі өз орнын тапқан және сюжет арқауымен астас, адам тағдырымен өрістес берілгендіктен жанды, әрі әсерлі сурет түзеді, артық бояу қажет емесін көреміз. Жекелеген тіркестерді контекстпен байланыста алып, тағы бір пысықтасақ, географиялық орта – нақты Африка деп танылмаған күннің өзінде, қазақ даласынан басқаша сыпаттағы алыс өңір кейпі сараң сөзді кең панорама арқылы біршама бедерленгенін аңдаймыз. Африка –  «жаңа ашылған гүлстан»; тіршілік қайнаған осы бір алыс өлкені қақ жарып атақты (қазаққа аңыз) Ніл дария ағып жатыр; дарияның екі өңірі су жайған тоған, егіндік пен бақшалар; «саудасы артық, пайдасы мол» жерге көшіп келіп, бұрынғыдан әрмен қоттанған байдың үйі бақ ішінде; шеткері аймақ – айлық жолы бар иен сақара; өлкеде заңғар таулар да ұшырасады, пайдакүнемдер игеріп үлгірмеген бұл тауда жолбарыс, аю сияқты жыртқыш аңдар мол (ескерте кетейік, «Зұлыста» да, «Медғат – Қасымда» да аталатын аю мен жол­барыс – Африкада   ұшыраспайтын   хайуанат), малға кеселі тиер жәндіктер көп. Жыл мезгілі біреу-ақ – жаз, қажетті жерінде тәулік әлеті аталып отырады, кеш пен таңның, күн мен түннің алмасуы іс-әрекеттің дамуына, ситуацияға орайлас. Бір сөзбен айтқанда, поэмада өзіне хас географиялық фон, персонаждарда өлшеулі қимыл кеңістігі, белгілі табиғи орта бар. Мағауияның экзотикалық болар, әдепкі болар, тәптіштелген пейзаж жасауды мұрат тұтпағаны байқалады. Шынында да, драмалық шиеленіске құрылған поэмада әредік болса да, тұтас, қалың бояулы пейзаж берілсе, бұл шығарма бітімін бұзбағанымен, қосымша жамау тәрізді көрінер еді. Яғни, ақын пейзаж жасаудан тайқымаған, қайта оның дәл осы поэма бітімімен үйлес, оңай емес, ауыр, әсерлі әрі ұтымды тәсілін тапқан.

Ал «Еңлік – Кебекте» персонаждардың табиғи ортасы мүлде басқа тұрғыдан көрінеді. Бұл –  белгілі сипаты, өзіндік ерекшелігі бар заттық кеңістік емес. Қазіргі ұғымдағы пейзаж атымен жоқ. Кебектің аңға шығуына қатысты айтылатын бірлі-жарым жолдардың кейбірі мезгіл белгісі ғана болса, енді бірі – сюжет өрбуіне септесер деталь қызметін атқарады. Сондықтан бұларды пейзаж элементі деп айтудың өзі қиын.

«Еңлік – Кебек» оқиғасы «осы Шыңғыс тауында» болғандықтан, автор өлке келбетін, өңір суретін арнайы сыпаттай кетуді қажет таппаған. «Шидің бойы» «шөбі шүйгін, малға тойым» жер екендігі айтылса, қалған қоныс, тұрақ, тау атаулары жай ғана санамадан өтеді. Поэманы оқыған (тыңдаған) «осы Шыңғыс» өңірінің адамдары үшін кез келген нақты атау белгілі бір ассо­циация туғызбақ. «Түлкіден бұрын шықты Хан басына» – Хан шоқысының қаншалық биік екенін білетін оқушы (тыңдаушы) еріксіз таңдай қағады, аңшының құмарлығын ғана емес, батырдың қажыр-қайратын, оның атының әл-қуатын да пайымдағандай болады. Мұндай алдамшы әсерге айрықша ден қойған ақын нақты мекен, белгілі нүктелер туралы сөз болғанда оның қай жерде тұрғанын, қазір кімнің қонысы екендігін айту жеткілікті деп санайды. Орда мен Ханның сұлбасы да, Кебек тағдырын шешкен қара жартас суреті де жоқ. Ақын сурет жасауды ойға да алмаған. Поэмадағы толып жатқан атаудың ең басты қызметі – сондай бір трагедиялық оқиғаның өмірде болғандығын айғақтау ғана. Шығарманың шыншылдық сыпатын арттырмақ мұндай белгілер ақыр соңында Еңлік – Кебек моласының бүгінде қай жерде тұрғанын хабарлаған, көпке белгілі, ақиқаттығына ешкім дау айта алмайтын дерекпен тамамдалады. Әлбетте, осының бәрі – аталмыш коныс, қыстаулармен, өзен, таулармен тікелей таныс адам үшін үлкен эффект. Ал Ащысу, Орда, Хан, Ақшоқы тәрізді географиялық атауларды сырттан ғана естіген немесе дүниеде сондай жер барын білмейтін жұрт қайтпек? Ұтыс мысқал, ұтылыс батпан. Көне эпоста ұнасымды детальдар (мәселен, Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы жер аттары) жаңа үлгілі поэмаға үйлеспейді екен.

Кеңістік жайы тәрізді, уақыт өлшемі де шартты. Еңлік пен Кебек қарашада табысады. Көктемде біржола қосылып, елден жыраққа бой тасалайды. Қазаға ұшырауы екі айдан соң, яғни, жаздыгүні. Жыл мезгілдерінің алмасуы нақты көрсетілгенімен, жоғарыда айтқанымыздай, мезгіл суреті жоқ, уақыт алмасуы оқиғаның дамуына ғана қатысты. Тәулік әлеті де осындай: «түн боп калды»; «түн ортасы ауғанда»; «таң жарығы түскен соң»; «күн шыққанша»… Жыл мезгілдері сияқты, тәулік әлетінің алмасуы да тек информациялық қызмет атқарады. Автордың өз персонаждарының табиғи ортасын шартты белгі деп қана есептегені байқалады.

Әлбетте, ешбір қаламгер көркемдеу тәсілдерінен кол­лекция жинамайды. Кез келген шығармада, тіпті, көлемді туындының өзінде пейзаж болуы міндетті емес. «Еңлік – Кебекті» окыған ешбір адам табиғат көріністерін жоқтамасы анық. Автор мұраты басқа тарапта. Әйтсе де, аталмыш шығармада елеусіз сыз берген ұтымсыз тәсіл өлшеулі шегінен асқан шақта үлкен кемістікке айналғанын көреміз. Өйткені адам – өзі өскен ортамен қатар, өнген табиғаттың да перзенті, ал табиғат – өзгермелі атаулар жиынтығы емес, сұлу болар, сиықсыз болар, мейірбан болар, қатал болар, өзіндік сыпаты, қайталанбас белгілері бар, сонысымен де көңіл түкпірінен, көркемдік санадан орын алар өзгеше кате­гория және көркем әдебиеттің зерттеу, бейнелеу объектісі, көркемдік дамудың өресін танытар өлшемдердің бірі.

 

3

Әдепкі өмірдегі сияқты, көркем шығармада да табиғат – өмір өрістер кең ая десек, адамның күнделікті тіршілігіне, жүріс-түрысы, тіпті, қимыл-тынысына тікелей қатысты үй-жай, интерьер, киім-кешек, әртүрлі кұралдар мен жабдық, жарақтар кейіпкердің бітіс-болмысы, қимыл-әрекетімен ажырамас байланыста. Зерттелмек шығармалардың өзіндік сыпатын толық тану үшін заттық болмыстың негізгі компоненттерінен саналатын тұрмыстық реалиялардың жасалу жолдарына зер салалық.

Біз қарастырып отырған поэмалардың бір ерекшелігі – персонаждар тірлігімен, қимыл өрісімен байланысты көрінуге тиіс мекен-тұрак, үй-жай сыпаты назарға алына бермейді. Кейде тіпті, қимыл мекенін ойша ғана тұспалдауға тура келеді. Мәселен, «Еңлік—Кебекте» Кебек Нысан абызға бал аштырады. Екеуі кайда жүздесті? Әрине, ашық аспан астында емес. Ашық аспан астында болса да абыз мекенінің іргесінде. Тіпті, абыз үйінің ішінде. Алайда дәл осы көріністің табиғи декорациясы туралы ешқандай дерек жоқ.

Бұл – шетін мысалдар. Көбіне-көп біздің ақындарымыз қимыл мекенін естен шығармайды. «Дағыстанда» қайғы басқан кәрі Жүсіп «үй алдында» тұрады. Ілкідегі «бұзылған қу қала» деген сөзге қарағанда, Жүсіп үйі – там; бұл үй оқиғаның даму барысында тағы да әлденеше рет аталады: «Бір қатын үйден шықты қадам басып»; «Ақшамда байқайын деп тысқа шықты»; «Дірілдеп, азар салып үйге келді». Екі ағасы бірдей тосын қазаға ұшырайтын күні көңілін кауіп жеңген Зайра әкесімен үй ішінде отырып сөйлеседі. Алайда, сырттан қа­рағанда үй көрінісі, іштен карағанда интерьер жайы жанарға ілінбеген. «Медғат – Қасымда» ауыр жазадан соң есінен танып қалған Касымды «амбарға апарып» тастайды, бай қызы «балконнан қарап» тұрады, жаудан кек алған «Сары бастық» көгалға «кенеп шатыр» тіктіреді; «Салиха – Сәмен» мен «Сабалақта» хан тұрағы «орда» аталады; әйтсе де осының бәрі шартты белгілер ғана. Тәптіштеп сыпаттау түгілі, жекелеген штрихтар да жоқ.

Бұл ретте «Еңлік — Кебек» кана өзгешерек сыпат танытады. Кебек боранда адасып жүріп, жалғыз үйлі бейтаныс коныс үстінен шығады: «киіз үй, шарбақ қорған». Қыстау салу салтқа біржола енбеген көне заман көрінісі танылады,. Кебек «белдеуге атын байлайды», «таң жарығы шаңыраққа» түседі. Еңлік «тең шешіп», сыйлы қонағына «маңлық көрпе» алады. Төр алды бос, үйде (сірә, әдепті орын – оң жақта) қыз төсегі бар. Киіз үй үлкен бе, кіші ме, малды айнала коршаған шарбақ бітісі қандай, шаңырақтың аумағы, немесе, басқа бір белгісі, тең жайы, тесек тұрпаты –  ақын ешқайсысын да бажайламайды, бірақ жалпы да болса бедерлі көрініс жасай алған.

Заттық болмыстың адам тіршілігіне тікелей қатысты, күнделікті өмірмен, әрбір сәтпен тығыз байланысты бір саласы – көлік және әрқилы құрал, жабдық, жарақтар, киім-кешек, бұйымдар десек, Абай ізбасарларының поэмаларында мұндай тұрмыстық реалиялар жайы да үстірт. Әйтсе де, бейнеленіп отырған заман кейпі, жұрт салтына орайлас мағлұмат, деректер жоқ емес.

Кебек батыр қарашаның алғашқы қарымен «құс алып аңға» шығады. Кейіпкерлердің астына мінген аттар – жүйрік болса да, белді болса да, ертегінің пырағы, эпостың тұлпары емес, кәдімгі төрт аяқты мал кейпінде көрінген. Кебек Қозы күрең атпен жау қоршауында қалады. Сәмен батыр Сайын буырыл атымен Қөкше әулие тұрағы Мамаржыға ай жүріп әрең жетеді. Тіпті, Абылай жекпе-жекке мінген ат та баяғы Тайбуырыл, Байшұбарларға мүлде ұқсамайды. Сонымен қатар, жүйрік сыпаты мүлде ескерусіз қалмаған. Арда күрең жебеден оза алмағанымен, соңынан қуған қаншама қауымға жеткізбей кетеді. Сайын буырыл «қамаған қалың қолға ұстатпастан», жарадан қансырап жатқан иесінің басына келеді. Әрине, жүйріктің көпке жеткізбеуі де, жорық атының айналып иесіне оралуы да шындық шеңберінде. Сол сияқты, Қасымның қолды болған, иесі арттан айқайлағанда табандап тұрып қалатын қара арғымағы, Сәлім мінетін арабы көк, Ясукәй мінген «қара да, торы да емес, қодырсымақ» қасқа ат – барлығы да табиғи кейіпте: Көкбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы жылқы малына қатысты деректерден көне тұрмыстың өзіндік реңі бар бір қырын танығандай боламыз.

Осы реттегі тіршілік кебіне байланысты тағы біраз заттық дерек «Еңлік — Кебектен» ұшырасады. Шай ішу тұрмысқа енбеген. Кештете келген қонаққа үй иелері: «қарсақ жон», яғни сұйық езілген майлы құрт ұсынады. Қонақ алдына таңертең де сары май салып қою езілген құрт және қазы-қарта, жал, жая, «бір табақ ет» койылады. «Абылайда» түйе бағып жүрген Сабалақтың өзіне тиесілі атаулы астан (бас пен жамбас) серіктеріне сыбаға үлестіруі туралы айтылады. «Еңлік – Кебектегі» қонақасы тұрмыс көрінісіне бейім десек, «Абылайдағы» эпизод Сабалақ баланың ақыл-парасатын, көпшілдігін айғақтар жайыт.

Бейбіт тұрмысқа орай тағы бірер заттық деталь – «Еңлік – Кебекте» Еңлік «қазанға қар салып» ерітеді, яғни киіз үйде қыстаған заманда су басына тоқтау шарт болмағаны; мал далада жайылатындықтан, қыс ішінде қоныс аудару да мүмкін екен. «Медғат – Қасымда» тау сағалаған еркін аңшылар кешкілікте «маздатып отын жағып», «шай қайнатып», «тағанға шөңке іліп», күнұзаққа атқан аңдарын сойып жатады. Әдепкідей, мұнда да бажайлы сурет, нақты қимыл, қозғалыс жоқ; жанған от, асылған қазан, сойылған аң – кең көлемдегі көріністер ғана.

Жалпы, қарастырылған поэмалардың барлығында да қадау-қадау ғана кездесетін тұрмыстық реалиялар (ка­зан, шөңке, балта, көсеу, ер, бүркіттің бөлеуі, насос, кран) жалаң атау түрінде қалады. Тек «Дағыстандағы» кейіпкерлердің бірінің жазықсыз жігітті басқа ұратын «сым ораған қамшысы» мен «Еңлік – Кебектегі» Нысан абыздың «темір масағы» жыбырлай сылдырлаған, кара қалмақ, Қорқыттың күйін тартып азынайтын қобызы ғана шын мәнісіндегі заттық кейіпте көрінеді. Бұл – оқшау мысалдар. Тұтастай алғанда, Абай төңірегіндегі ақындардың тұрмыстық реалиялар мен одан туындайтын заттық детальға ден қоймағаны байқалады.

Әйтсе де, материалдық болмыстан тыс тіршілік жоқ. Көне тақырыптағы шығармада кейіпкерлердің үй-жайын, тұтынған жабдығын ескерусіз қалдырған күннің өзінде, оның өмір сүру формасына, жасаған заманына сай кейбір сыпаттарды мүлде атаусыз тастау мүмкін емес. Соның бірі – әскери феодалдық дәуір туғызған қару-жарақ жайы.

Ескі қазақ тұрмысына қатысты поэмаларда суық қарудан қанжар мен кылыш, найза мен садақ аталады. Абай дәуірінде жаугершілік өмірге лайық тіршілік кебі ұмытыла бастаған, ал көне заманда кең тараған қару-жарақтар қолданудан мүлде шыққан болатын. Ал садақ сияқты күрделі қарулардың аты ғана қалса ке­рек. Сондықтан кейде авторларымыздың қару-жараққа қатысты ұғымы жаңсақ демей-ақ қояйық, дүмбілез шығады.

Еңлікті алып қашып, иенге барып жатқан Кебек батырдың басты қаруы – қанжар. Жау қоршап алған кезде «ары-бері қанжармен соғыс салды». Ақыры, «көп­ке топырақ шашсын ба», «бірталайын жаралы қылса-дағы» қолға түседі. Кебектің көпке топырақ шашпасы рас, бірақ дұшпандарын қанжармен жаралауы қисынға келмейді. Батыр асса кере қарыс қана қанжарын суырған сәтте кез келген жауы оны сойылмен бір-ақ ұрып жалпасынан түсірер еді. Оның үстіне, күндіз-түні қатер күткен жанның, жай ғана сері жігіт емес, атты ұрыс, жаяу соғысқа бірдей ер жігіттің, жаңа низам тұсындағы сойыл сүйреткен барымташы емес, бар жарақ бойдан түспеген алмағайып замандағы батырдың не садағы, не қылышы болмауы таңқаларлық.

«Салиха — Сәменде» көне жаугершілік тұрмыстың өзіндік белгісі ретінде байырғы қару-жарақтарға елеулі орын беріледі. Жұрат елінің ханы Иәсукәйдің:

Белінде жібек баулы алтын қанжар,

Басында дулығалы темір тымақ,

Сары алтын жаркылдайды шар айнасы…

Бұл – батыр ханның қалың әскер ортасында келе жатқандағы кейпі. Поэмада шын мәнісіндегі батальдық сурет болмағанымен, Сәмен Салиха қыздың соңынан қуып келген хан жасағымен «найза мен садақ тартып, қылыш шауып» ұзақ арпалысатын соғыс көрінісі бар.

«Садақ белде, найза қолда» тұрған замандағы кейбір жарақтар жайы Көкбай поэмасынан ұшырасады.

«Медғат – Қасымда» көне қарулар кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы, жан толқынысымен астас беріледі.

Өлесі өші бар Медғаттың керуені тақау жерде қонып жатқанын естігенде, Қасым:

Қылышын суырып алды жалаңаштап,

«Жүр! –  деді Обағаға – тура бастап!»

Сәлім Ғазизамен оңаша сұхбат кұрып, бақта отырғанда, қарындасының кедей жігітпен көңіл қосуына наразы Медғат жіберген көп кісі: «залымды ұста, өлтір деп шуылдасып», ду жүгіреді. Кейіннен осы оқиғаны еске алған Сәлім:

Қылышпен қарбаңдадым мен дағы ұрысып,

Осынша жаздым не деп ашу қысып, –

дейді. Келер сәтте Ғазиза көлденеңдей тарта берген атқа «қарғып мінген», «қылышқа маһир» Сәлім «топты қақ жарып» өте шығады.

Қасым тобы керуенге шабар сәттегі көрініс:

Ашудан екі көзі кетті жайнап,

Жеңдерін босатады белін байлап.

Мылтықтарын ыңғайлап атарына,

Алты ауыз, қанжарының бәрін сайлап.

Асау қаны құтырып, ашу қысып,

Тісін қайрап, асығып, іші пысып,

Қанжарларын аузына тістеп алып,

Керуенге тиіп кетті қышқырысып.

Жансыз зат пен сол зат иесі адам бірлік, байланыста бейнеленгендіктен, санада айқын таңбаланар бедерлі сурет жасалған.

Мылтықтарын атарға ыңғайлап, канжарларын аузы­на тістеп, лап қойған зәңгілер алғы планда, кең кадрда көрінсе, шабуылға ұшыраған керуеншілер әуелде арыдан, сұлбаланып қана танылады. Онда да нақты кісі, нақты бір қимыл емес, жалпы жұрттың қарбалас әрекетінің нәтижесі арқылы.

Керуен де жауды көрді келген жетіп,

Мылтықпен қоя берді дүрсілдетіп.

…Қорғасын бұршақпенен алды тосып.

Қасым бастаған зәңгілер керуенге жақындаған сайын сурет сұлбасы айқындала түседі. Тіке шабуыл сәл дағдарған кезде Сары бастықтың жарлығымен зәңгілер керуен бекінісіне қарай жайдақ аттарын айдайды.

Керуенге аттар кірді араласып,

Хайуанды ата алсын ба, қалды сасып.

Іле-шала артынан өңкей зәңгі

Жауға кірді қанжармен шуылдасып…

Бұдан соң қасап қырғын, Медғаттың қолға түсуі және жазаға тартылуы біршама тәптіштеп баяндалады.

Осы, керуенге шабуыл суреттелген эпизодта ақын ашумен суырылған жалаң қылыштан бастап, дүркірей шауып, керуен тұрағына кірген асау аттарға дейінгі аралықтағы жанды, жансыз заттардың барлығын қимыл өрісіне шебер орналастырып, ретімен пайдалана білген. Санасыз суреткерлік емес, қаламгерлік мәдениет нәтижесі. Бір Мағауияның, немесе Абай төңірегінің ғана емес, жаңа тұрпатқа ие болған ұлттық әдебиеттің ізденіс өрісін, көркемдік бағдарын аңғартатын сыпат.

Ал тұрмыс кебі, заман талғамынан туындайтын, со­нымен қатар жанды характер жасауға септесер киім жөніне келсек, бұл жағы әзірге назар аумағынан тысқары жатқанын көреміз. Персонаждардың сыртқы кейпі бұлдыр, әйел, еркек үлгісі, қазақ пен басқа ұлт өкілдерінің айырымы танылмастай. Бір сөзбен айтқанда, киім жайы тым сырдаң. Әредік, кездейсоқ деректер ғана ұшырасады. Мәселен, «Еңлік – Кебекте» киім атаулыдан жалғыз тымақ аталады, жай емес, «түлкі тымақ». Кебек қыз әкесіне байлаған түлкіден тігілген сыйлы нәрсе.

Ақсақалға байланған түлкі әуелде Кебектің ізеттілігін, жомарттығын, мол қонақасыға орай сыйын көрсетсе, кейін, матайлар Еңлікті іздеген кезінде айғақ қызметін атқарады. «Медғат – Қасымдағы» Сары бастық әуелде «атаманша киінеді», «киімі сондай жақсы»; керуенді қырғынға ұшыратып, Медғатты қолға түсірген соң, «бетінің бояуларын жуып тастап», «киінді бар киімін бейне патша». Әуелгісі – жақсы болса да өзгеше тұрпат берер киім сияқты, соңғысы, әрине, салтанатты, қымбат дүниелер. Ақын киім жайын тәтпіштеуді қажет таппайды, алғашқысы – беттегі бояу сияқты, жасанды кеп, соңғысы – шын, табиғи бейне – жол тонаушы Сары бастық баяғы Қасым құл болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш поэмалардағы кейіпкерлер киімі, әдетте оқиғаның өрбуіне қызмет етеді; тұрмыстық де­таль, басқа бір көркемдеу тәсілдерімен астас бояу ретінде қолданылмаған.

Әлбетте, заттық әлем: жалтыраған декорация, этнографиялық мәлімет, аламыш реквизит емес, жанды су­рет –  кейіпкердің тұрмыс-жайы, қоғамдағы орны, тірлік тынысынан мол мағлұмат берер, оның объективке ілініп отырған сәттегі қимыл-қозғалысын, көңіл-күйін, айқындай түсер бедерлі реалия, бояуы қанық интерьер, жарасты пейзаж, жанды портрет – көркем прозаның, жай ғана көркем проза емес, дамыған, мәдениетті прозаның еншісі. Сонымен қатар, биік өрелі поэзияға да жат емес. Осы тұрғыдан алғанда, Абай ізбасарлары жазған поэмалардың заттың құрылымы екі ғасыр шегінде қазақ әдебиеті жаңа сапаға біржола көшкендігін, қазақ қаламгерлері эпостың үлкен формаларына қарай ойысар ыңғай танытып, көркемдеу тәсілдерінің жаңа бір жүйесін игере бастағандығын куәландырса керек.

 

* * *

Ұлттық өнеріміздің өміршең дәстүрлерін жаңғырта отырып, орыс және батыс әдебиеттерінің жаңашыл, озық сыпаттарын етене игеру Абай ізбасарларының кейіпкер тұлғалау тәсілдерінен әсіресе айқын көрінеді. Нәтижесінде әдебиетімізде кесек пішімді, өмірдің өзіндегідей жанды бейнелер жасау мақсаты жетекші орынға шықты. Осыған орай бүкіл көркемдеу жүйесі мүлде жаңа сыпат табады. Конфликт жеке адамдар арасындағы сыйыспаушылықтан емес, қоғам дертінен, әлеуметтік қайшылықтардан туындайды. Сюжет таңдаудан өзгеше тыныс танылса, композиция түзуде соны ізденістер бой көрсетеді. Тіл өрнегі Абай дәстүрін одан әрмен орнықтыра түседі. Ал идеялық бағыт-бағдар, авторлық Мұ­рат өз тұсындағы қоғамдық ойдың озық арнасында. Әлбетте, аталмыш сыпаттардың әрқайсысы дербес мақала жүгі, көлемді зерттеулер ұйтқысы болуға лайық. Біз әзірше әдебиетімізде Абайдан соң өріс алған үлкен серпілістің кейбір көріністеріне ғана тоқталдық.

Жұрт санасында орныққан, көнеден қалыптасқан, озық үлгілі болғанымен, заманы қайтқан ескі эпос үлгісінен мүлде басқа кейіпті поэтикаға ұмтылыс – Абай із тастаған, Абай қалыптастырған жаңа эпос өнегесі арада ширек ғасыр өтпей-ақ, қазақ әдебиетің соны өрістегі биік өреге жеткізді. Мұның ең айқын айғағы ретінде 20-жылдардағы Әуезов прозасын атар едік. Түптеп келгенде, «Абай жолы» да Абай салған жолмен заңғарға шыққаны хақ.

Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құрастырған филология 

ғылымдарының докторы Нығмет Ғабдуллин. –

Алматы: Жазушы, 1986. – 372-403-беттер.