«БІЗ ТАНЫҒАН АБАЙ» КӨРМЕСІ

Абай және оның шығармашылығы - Қазақстан бейнелеу өнеріндегі іргелі тақырыптардың бірі. Суретшілер ұлы ақын бейнесіне отызыншы жылдардың ортасынан бастап, әсіресе қырқыншы жылдардың басында назар аудара бастады. Олар кескіндеме, графика, мүсін, театр декорациясы, сәндік-қолданбалы, монументті және көркемдеу тәрізді бейнелеу өнерінің барлық салаларын қамтыды. Абай тақырыбында бой қөрсетпеген жанрды табу қиын: ол портретте, пейзажда, натюрмортта, тақырыптық композицияда, иллюстрацияда көркемдік шешімін тапты.

Жақында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық музейінде «Біз таныған Абай» атты көрме ашылды. Көрмеде қыл қалам шеберлері Ә.Қастеев, Е.Сидоркин, О.Кужеленко, О.Қайыр, Ә.Абызбеков, Ә.Жантасов, А.Шоржанов туындылары жан-жақты ашылған. Ә.Қастеевтің 8 жұмысын осы көрмеден көруге болады. Абай тақырыбына Ә.Қастеев  алғашқылардың бірі болып қалам тартқан кескіндемеші. Ұлы ойшыл, дара тұлға Абай бейнесі Ә.Қастеевтің  шығармашылығына ғұмырлық азық болды. Суретшінің «Абай портреті», «Шыңғыстаудағы жаз», «Жас Абай», «А.Құнанбайұлының портреті», «Бақанас пен Байқошқар», «Қарауыл төбе», «Сырымбет», «Сарыкөл» сияқты бірқатар суреттері көрермен назарына ұсынылды.

Бұл көрмеде Е.Сидоркиннің жұмыстарына да орын берілген. Е.Сидоркин графиканың әр қилы материалдарының әр қайсысының қолдану орнын жақсы білген. 1957 жылдан бастап қазақ жерінде тұрып жұмыс істеді. 1960 жылы бүгінгі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің тапсырмасы бойынша суретші «Абай жолы» романына иллюстрация жасаған. Оның музей қорында бірталай еңбектері сақталған. Солардың бір тобы 20 линогравюра жұмысын көрмеден тамашалауға болады. Е.Сидоркиннің «Абай», «Абай әжесі Зеремен», «Ұлжан», «Құнанбай нөкерлерімен»,  «Қарашығын», «Тоғжан», «Қазақ әйелі», «Базаралы», «Абай және Михаэлис», «Ауылдағы ән», «Әзімованың соты», «Абай соты» «Абай Әбдірахман моласында» «Жұт», «Абай және шәкірттері» сынды суреттер келуші қонақтарға сыр шертеді.

Сонымен қатар, аталған көрмеде әр жылдардағы хәкім Абайдың мерейтойы қарсаңында жарыққа шыққан буклеттер мен шақыру қағаздары, ақын шығармашылығы мен өміріне арналған кештердің бағдарламалары және музей қорындағы Абай мерейтойына қатысты кітаптар көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз.

 

Ержан Қыдыралиев,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің қызметкері