АБАЙ РЕСЕЙ КӨРМЕСІНЕ ТАПСЫРҒАН ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР

Қазақ руханиятының қайнары, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абайға қатысты әрбір дерек оның өмірінің көптеген фактілерін толықтыруда, сол арқылы ақынды әр қырынан тануда маңызы зор айғақ болып табылады.

Қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абайдың ерекшелігі оның жан-жақты, сан қырлы дарын иесі болғандығында екені баршамызға мәлім. Ақындығымен қоса, өнердің қай саласына болмасын еркін бойлай білген Абай өз заманындағы қоғамда болып жатқан дүниелерден  тыс қалмай, сол бір «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» «мыңмен жалғыз» алыса жүріп, қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясына да ден қояды.


Ұлы ақын мұрасын насихаттаумен қоса, қорды молайту, құнды деректер жинақтау жұмыстарын құрылған күннен бастап жүргізіп келе жатқан Абайдың қорық-мұражайы Қазақстан, сонымен бірге Омбы, Мәскеу, Ленинград, Тобыл, Түмен, Қазан, Ташкент қалаларындағы мұрағат, ғылыми кітапханалармен тығыз байланыс орнатқан-ды. 1970-80 жылдары қарқынды жүріп жатқан бұл игі істің нәтижесі барынша мол болды.  Мұрағаттардан табылған Өскенбай,  Құнанбай, Абай, Халиолла, Әбдірахман, Майбасар,  Тінібай, Шыңғыс және т.б. тарихи адамдарға қатысты архив деректері мұражайдың негізгі қорын толықтыра түсті.

1990 жылдардың аумалы-төкпелі кезеңі зерттеу жұмысының бұл бағытына кері әсерін тигізбей қоймады.  Көш басының түзелуі мұражайдың шет елдермен байланысын жандандыруға, қарқынды дамуына жол ашты.

Осы  бағытта Мәскеу, Омбы қалаларының мұрағаттары, мұражайлары мен ғылыми кітапхана қорларында ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғастырылды. Абай айналасындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметі айқындалып, мұражай қоры шығармашылық мұраларына қатысты деректермен, қолжазбалармен, сирек басылымдармен толықты. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары Абай, Шәкәрім, Көкбай, Ысқақ Құнанбаев, Ақылбай, Мағауия Абай ұлдары, Әзімбай Тәңірбердіұлы, Тінібай Кукенов, Әріп Тәңірбергенов, т.б. адамдарға қатысты болыстыққа сайлануы, марапаттау қағаздары және өзге мәселелерге де байланысты біршама жаңа деректер табылды.

Абай мұражайының  негізін салушы ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов, мұражай ашылғаннан кейін де ұлы ақын өміріне, шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне қатысты құнды деректер, заттарды іздестіру ісіне басшылық жасап отырған. «Абай юбилейі туралы» және «Зерттеушілерге» деген мақалаларында ол мұрағат құжаттарын зерттеу қаншалықты маңызды екені турасында: «...Абайдың өмірі, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені – Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві көп мағлұматтар беруі тиіс еді. ...Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері – Омск қаласының архивін де зерттеу керек...» (11-том, 151-153 бет) деп бағыт-бағдар беріп, жол сілтегені көпке мәлім.

Ия, Батыс және Шығыс Сібір, қазақтың байтақ жерінің тарихынан сыр шертер құжаттар Омбы мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Ертіс өзенінің екі жағасында орналасқан, үш ғасырға жуық тарихы бар Омбы қаласы қазақтардың ежелден мекендегені тарихтан белгілі. ХІХ ғасырда Батыс Сібір (1839 жылдан), кейіннен Дала генерал губернаторлығының, Омбы әскери округының орталығы болып табылды.

2011 жылы Абай мұражайының Омбы қаласының орталық архивіне ұйымдастырған іс-сапар барысындағы зерттеу, іздеу жұмыстары да нәтижесіз болған жоқ. Соның бірі – ХХ ғасырдың бастапқы төрт-ақ жылын көрген ақынның өмiрiне қатысты архив дерегінің табылуы.

Өз заманының қоғамдық өміріне тек өлең-жырларымен үн қосып қана қоймай, қазақ қоғамына өз ісімен де үлесін қоса білді. «Қалың елі - қазағын» өркениетті елдердің қатарынан көргісі келген ұлы ақын өз ұлтының бай этнографиясын  өзге елдерге таныстырып, дәріптеуді мақсұт етеді. Абайдың мұндай игілікті істері мұрағаттағы «Документы (список экспонатов, акт, переписка) об участии отдела на международной выставке в Санкт-Петербурге» деген бума (86-қор, 1-тізбе, 121-іс) құжаттарынан қапысыз танылады. Абайдың бір ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне екі киім үлгісін («костюм мальчика и киргиза») жібергендігі туралы деректі кездестірдік.

Сібір ғылыми қоғамдарының өзара және шетелдік мекемелермен байланысының негізгі түрі – ғылыми мәліметтер алмасу болып табылған.  Бұл арнадағы жұмыстар баспа өнімдері, экспедиция нәтижелерімен алмасу, сонымен бірге халықаралық конгрестер мен көрмелер өткізу сияқты бағыттарда өрбіген.

Тарих беттеріне үңілсек, әр жылдары Париж (1861, 1900), Петербор (ІІІ халықаралық ориенталистер конгресіндегі көрме, 1876), Екатеринбург (Сібір-Орал ғылыми-өнеркәсіп көрмесі, 1878), Мәскеу (Бүкілресейлік өнеркәсіп-көркемөнер көрмесі, 1882), Қазан (ғылыми-өндірістік көрме, 1890), Омбы (болашақ патша Николайдың Шығыс  сапарына орай ұйымдастырылған киіз үйлер көрмесі, 1891), Нижний Новгород  (өнеркәсіп-көркемөнер көрмесі, 1896) қалаларында түрлі көрмелер ұйымдастырылып отырғанын көреміз.

Құжаттың 9-бетіндегі Ресей Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің бланкісінде жазылған хаттың мазмұнын қазақша аударсақ, былай болар еді: 

Нұрмұхамед Сағынаев мырзаға

Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің атқару комитеті Сізге ұлы мәртебелі княжна Ксения Александровнаның қамқорлығымен биылғы жылдың қараша айында С.Петербургте ұйымдастырылатын халықаралық көрмеге төменде тізімде көрсетілген костюмдерді жинастыруыңызды және жіберуіңізді өтініп сұрайды.

Жіберілген костюмдер көрме аяқталғаннан кейін алғыспен қайтарылады. Костюмдерді посылка түрінде мына мекен-жайға жіберу қажет: Омбы, Батыс Сібір бөлімі. Поштамен жіберу шығындарын бөлім өз мойнына алады.

Буманың 10-бетінде дәл осы мазмұндағы жазбаның соңында берілген көрмеге қажет костюмдердің тізбесі ерлер, әйелдер, ұл бала, қыз бала, күйеу бала мен ұзатылған қыз киімі деп топталады. Беттің екінші бөлігінде хабарландырудың арабша жазумен жазылған аудармасы бар.

Осы беттің бас жағындағы  «қырғызша мәтінді  20-50 данаға облыстық баспаханаға  тапсыру. 27.ҮІ.1902ж.» деген жазбадан көрменің нақты өткізілген жылын анықтай аламыз.

Қоғамдық қызметке белсене араласып, әр түрлі қоғамдарға мүше болған Абай Ақмола, Атбасар уездерінің бай, болыстарымен бірге көрмеге заттар жіберген.  Бұдан бұрын да, яғни Семейдегі 1883 жылы ашылған өлкетану музейіне қазақтың этнографиялық заттарын өз қолымен тапсырғаны мәлім.

12-бетке бетке зер салсақ, аталмыш көрмеге атақ-даңқы талай атырапқа жеткен  қазақтың көзі ашық адамдары, болыстар, байлар мен билердің осы оқиға дүрмегіне араласып, атсалысқандығын көреміз.  Олардың аты-жөні мен ұсынған киім үлгілерінің  тізімін сол нұсқада бергенді жөн көрдік:

 

1.

Нурм.Сагнаев

костюмы:

киргиза и девочки

2.

Темур. Нурекин      

 

киргизки и мальчика

3.

Джангр. Бегалин

 

жениха и невесты

4.

Мейрам Джанайдар

 

жениха и невесты

5.

Махмуту Валих.

 

киргизки и девочки

6.

Ибраю Кунамбаеву

 

киргиза и мальчика

7.

Оразбаю Аккулину

 

жениха и невесты

8.

Садуакасу Чорман

 

киргиза и девочки

9.

Садуакасу Коппаеву

 

киргизки и мальчика

 

Сонымен бірге бұл тізімге қосымша Қарқаралы уезі, Ақбота болысы Әлімбетовтің де заттар жібергендігі, көрмедегі кейбір заттардың жоғалғандығын өзге де дерек - буманың 77-бетіндегі Әлихан Бөкейхановтың 1904 жылдың 14 қазанында хаты растайды.

Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі Ә.Бөкейханов атқару комитетіне жазған хатында сырқаттанып қалуына байланысты комитет мәжілісіне қатыса алмайтындығын айта келе, «...Петр Андреевич атқару комитетіне Қарқаралы уезі, Ақбота болысы Әлімбетовтің көрмеде жоғалған екі затының құнын алудан бас тартатындығы туралы маған жіберген хатын жеткізеді».

Міне,  ертеден қазақ халқының төл мәдениеті мен әлемдегі озық елдер өркениетінен сусындаған данышпан Абайдың мұндай әрекеті өз заманының қоғамдық-мәдени өміріне де белсене араласқандығын, өз жұртын асыл мұраттарға жеткізуге талпынғандарын растай түседі.

Ақын өз ұрпағына тек өзінің өлең-жыр, ән мен күй мұрасын ғана емес, қазақ халқының этнографиясынан, сол кездегі тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, бүгінде Абай мұражайының төрінде тұрған, 1885 жылы орыс досы Н.Долгополов арқылы тапсырған құнды заттарын да мұра етіп қалдырды.

 

Шынар Садықова,

Абайдың мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми хатшысы