ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Ғарифолла ЕСІМ: СОЛОН ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ

Оқылған 7271 рет

Шәкәрім көп оқыған адам. Бірнеше тіл білгендіктен әлемдік тарих пен мәдениеттен мол хабардар болған. «Крез патша» поэмасы осы сөзімізге айшықты дәлел.
Ақынның 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жинағында «Алты әңгіме» деген топтамасында «Крез патша» деп аталатын 24 шумақты шығармасы берілген.
Кітап соңында мынадай түсініктеме берілген: «Крез патша» - ақынның 1924 жылы қазақ тіліне аударған «Алты әңгімесінің бірі». Автор қолжазбада, бұл өлеңді «Лев Толстойдың әңгімесінен» деп көрсетілген, алайда дәл осы аттас әңгімені әзірше Л.Н.Толстойдан кездестіре алмадық (556-б.).
Шәкәрімнің 1988 жылғы «Жалын» баспасы шығарған жинағында «Крез патша» деп дұрыс аталып, жанры поэма делінген. Кітап соңында дәйектемеде: «Крез патша - Шәкәрім 1924 жылы Лев Толстойдан адамгершілік, ізгілік, бауырластық идеясына құрылған». Ассирия патшасы Ассархадон, «Үш сауал», «Крез патша» әңгімелерін тәржімалайды. Мұның екеуін прозамен аударса, соңғысын өлеңге көшірген Ахат Шәкәрімұлының қолжазбасы бойынша (РҚҚ. №210, 16-17-бб.) беріп отырмыз (251-б.) деген.
Крез патша тарихи тұлға. Ол Лидия елінің ең соңғы патшасы (б.з.б. 560-546). Кіші Азияның батыс бөлігін жаулап алып, патшалығын ұлғайтып, бірінші алтын ақша шығарған аты аңызға айналған өте дәулетті адам. Бірақ осы атақ, ересен байлық құмға сіңген судай боп жоғалып, Крездің басынан бағы тайып, дұшпанының қолынан қаза табады. Оны ақын дөп басып, былайша жырлайды:
Ей, Крез! Сенен менің ойым бөлек,
Бұл дүние - шыр айналған бір дөңгелек.
Өлімнің сағатына кірмей тұрып,
Еш адам мен бақыттымын демеу керек!
Шәкәрімнің бұлай дейтіні Крез Парсы патшасы Кир II мен соғыста тас-талқаны шығып жеңіліп, тұтқынға түседі. Сонымен Лидия патшалығы тарихтан өшеді.
Крездің парсылардан жеңілуінің себебін Геродот фаталистік тұрғыда түсіндірген. Оның ұзын-ырғасы былай болған. Крез жеті бабасынан бері патша емес. Оның бесінші бабасы Гигес Лидия елінің патшасы Кандавлдың найзагері, сақшысы болатын. Ол Кандавлдың әйелімен көңілдес болып, оны өлтіріп патша болған. Геродот айтуынша Гигес - 38 жыл, баласы Ардис - 49 жыл, оның баласы Садиатт - 20 жыл, оның баласы Алиатт - 57 жыл патша болған. Алиаттың баласы Крез патша. Ол Гигестің бесінші ұрпағы. Кезінде Гигеске көріпкел ғұлама айтыпты-мыс: «Сенің жауыздығың үшін бесінші ұрпағың жауапты болады», - деп. Көріпкелдің айтқаны келді. Бабасы Гигестің күнәсін Крез қанымен өтеді. Қолға түскен Крезді Кир II отқа тірідей өртеді дейді Геродот.
Шәкәрімнің Солон ғұламаның аузымен Крезге «Өлімнің сағатына кірмей тұрып, еш адам мен бақыттымын демеу керек» деуі осыдан.
Алайда мейманасы асқан Крез патша көршілес елдерді бірінен соң бірін жаулап алып, мемлекетін нығайтты. Әбден байыды, содан кейін дүниеде өзінен бақытты адам жоқ деп есептеді. Осы жайды еліне келген Солон ғұламаның аузынан естігісі келді. Бірақ Солон оған мынадай жауап береді: «Я знаю, Крез, что всякое блаженство завистливо и любит смуту, а ты спрашиваешь меня о человеческом счастье. Как много в своей долгой жизни человек вынужден видеть то, что он не желал бы видеть, а как много он должен испытать? Пределом человеческой жизни я считаю семьдесят лет: эти семьдесят лет составляют двадцать пять тысяч двести дней, не считая вставочного месяца. Если каждый второй год увеличить на один месяц для того, чтобы времена года точно совпадали с летоисчислением, то на семьдесят лет получится вставочных месяцев тридцать пять, что составит тысячу пятьдесят дней. Из всех этих дней в семидесяти годах, а их двадцать шесть тысяч двести пятьдесят, ни один никогда не приносит с собой того, что другой. Таким образом, Крез, человек весь не более, как случайность. Ты, конечно, очень богат и царствуешь над многими народами, но назвать тебя счастливым я могу не раньше, как узнавши, что век свой ты кончил счастливо... Все-таки ранее смерти его воздержись с приговором, не называй его счастливым, но лишь благополучным... Во всяком деле следует смотреть на конец: ведь многих людей божество ласкало надеждою счастья и потом с корнем низвергало их» (с. 16-17). Бұл Крезге ұнамады. Міне, байқап отырсыздар, Геродоттың әңгімесінен Шәкәрім Геродот шығармасымен таныс болған деген қорытындыға келуге әбден болады. Осы жерде жоғарыда келтірілген шумақтың екінші жолына назар аударған жөн. Шәкәрім «Бұл дүние - шыр айналған бір дөңгелек», - дейді. Бұл ақынның дүниетанымына қатысты әңгіме. Мұндай идеяны көптеген ғұламалар айтқан, бірақ оның ғылыми түрде концепциясын жасаған итальян философы Дж. Вико (1668-1744), оның «Айналым теориясы» атты еңбегі өзінен кейінгілерге зор ықпал еткен ілім. Демек, ақын бұдан да хабардар.
«Крез патша» поэмасының сюжетін Плутарх шығармасынан кездестірдім. Мұнда да Крездің шақыруымен Сардаға Солон ғұлама келеді. Оған Крез патша байлығын көрсетіп мақтанып, дүниеде менен бақытты адам бар ма деп сұрақ қояды. Солон бар дейді. Бұл жауапқа ашуланып, Солонды ренжітеді. Солонмен болған әңгіме Кирмен соғыста жеңіліп, тұтқынға түсіп, отқа тірідей жаққалы жатқанда есіне түседі. Сонда жан дәрменімен «О, Солон, - деп үш рет айқайлайды. Сонда есіне түскені Солонның мына сөздері еді: «Царь лидийский! Нам, эллинам, бог дал способность соблюдать во всем меру, а вследствие такого чувства меры и ум нам свойствен какой-то робкий, по-видимому, простонародный, а не царский, блестящий. Такой ум, видя, что в жизни всегда бывают всякие превратности судьбы, не позволяет нам гордиться счастьем данной минуты и изумляться благоденствию человека, если еще не прошло время, когда оно может перемениться. К каждому незаметно подходит будущее, полное всяких случайностей; кому бог пошлет счастье до конца жизни, того мы считаем счастливым. А называть счастливым человека при жизни, пока он еще подвержен опасностям - это все равно, что провозглашать победителем и венчать венком атлета, еще не кончившего состязания: это дело неверное, лишенное всякого значения» (Плутарх. Избр. жизнеописания. − М., 1987. – 184-185 с).
Кир бұл Солон деген кім, құдай ма, адам ба, біл деп кісі жіберсе, Крез Солонмен арадағы болған әңгімені айтып, ғұламаны тыңдамағанына өкініш білдіреді. Ақылды Кир бұл сөзді ғибрат көріп, Крезді өлтірмей, қасына ертіп серіктес қылған көрінеді дейді Плутарх.
Ендігі сөз осы сюжетті Шәкәрім Л.Толстойдан алды ма, алмады ма деген болжам туралы. Жоғарыдағы Ахат ақсақалдың айтуына қарағанда, Л.Толстойдан алғанға ұқсайды. Бұл жөнінде Л.Толстойда не бар екенін қарайық. «Художественная литература» баспасы шығарған жиырма екі томдық Л.Толстой шығармаларының он төртінші томында мынандай түсініктемеге кез болдық.
«Мысль сказки «Царь Асархаддон», - писал Толстой, - принадлежит не мне, а взята мною из сказки неизвестного автора, напечатанной в немецком журнале «Тһеоsophischer Wedweiser», в 5-м номере за 1903 год, под названием «Das bist du» (Т. 74. - С. 167). Сказку «Ассирийский царь Асархаддон» так же, как и две другие - «Три вопроса», «Труд, смерть и болезнь» - Толстой писал одновременно с рассказом «После бала» для литературного сборника, который составлял Шолом-Алейхем. Результат работы не удовлетворял Толстого. 9 августа 1903 г. он писал В.Г. Черткову: «Сказки плохи. Но надо было освобождаться от них» (Т. 88. - С. 302). Ту же оценку Толстой дал сказкам в дневнике: «Только нынче кончил сказки... Недоволен» (Т. 54. - С. 189).
Все три сказки впервые были опубликованы (в переводе на еврейский язык) в литературном сборнике «Гилф» (Варшава, 1903). На русском языке «Ассирийский царь Асархаддон» появился в издательстве «Посредник» (М., 1903). (Толстой Л.Н. Собр. соч.: В 22 т. - М., 1986. - Т. 14. - С. 494-495).
Сондықтан «Крез патша» поэмасы аударма емес, ақынның төл шығармасы деп қарау керек. Бұл жерде Абай дәстүрінің жалғасы бар. «Ескендір» поэмасында негізгі бейне Аристотель хаким болса, мұнда Солон - философ. Мәселе Крезде немесе Кирдің ақылдылығында емес, негізгі сюжет қазығы Солон бейнесі. Оның данышпандығы ұрпақтарға ғибрат. Өлмейтін, өшпейтін, солмайтын, ескірмейтін - даналық.
Солонның өзі өлсе де, сөзі дұрыс, Жастарды соны ұғуға қақпалаймын. Адамның зор кеселі осы мақтан, Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын.
Солон тарихта «жеті ғұламаның» бірі атанған ойшыл. Ол біздің э. д. 640 және 635 жылдар аралығында туып, 559 жыл шамасында дүниеден өткен, Афина мемлекетінің саяси қайраткері әрі әлеуметтік реформаторы. Теңіз саудасымен айналысқан. Грецияға, Ионияға (594 жылға шейін) саяхат жасаған. Египетте, Кипрде, Лидияда (593 жылдан кейін) болды. Демек, Лидияда Крез өлгеннен кейін болған. Ол кезде онда үстемдік етушілер парсылықтар, сірә, аңызды солар шығарса керек. Себебі, бұл оқиғада Кир жағымды болып көрінеді. Геродот пен Плутархтың негізінен парсылар арасында тараған аңыздарды пайдаланғаны да белгілі жай. Поэмада зұлымдық пен ізгілік тайталасқа түскенде ақылға жеңдірген Шығыстық дәстүр ізі аңғарылады. Осы мәнде «Крез патша» Абайдың «Ескендірімен» үндес. Шәкәрім Солон данышпандығын суреттесе, Абай Аристотель рационализмін тақырып еткен. Екі шығармада да тарихи ақиқат емес, идея ақиқаты бар. Тарихи шындық көркемдік шындықты ашудағы тәсіл болып тұр. Шәкәрім тарихты баяндап отырған жоқ. Тарихтан бізге не қалғанын айтып отыр. Сонымен бірге ақын тарихи кеңістікті де естен шығармайды. Мысалы, «Баяғы атақты Айса тумай тұрып» дегенде астар бар. Біріншіден, Шәкәрімнің адамзат тарихын меңгеруі, оны шашыратпай, тарихи оқиғаларды бір-бірімен шатастырмай хронологияны сақтауы, оның тарихи эрудициясын білдіреді. Екіншіден, ғибрат әңгімені Айсадан яғни Христостан бұрын, демек Христиан Ислам діндерінен бұрын болғанын ашып айту, адам болмысындағы ортақ асыл қасиеттерді дінге шейінгі «таза» күйінде түсіндіру, оны өсиет етуде Шәкәрім ұлттық мәдениетте гуманистік дәстүрді жаңғыртушы болып отыр.
Шәкәрімнің «Крез патша» поэмасынан ақынның эрудициясының ғажап екендігі аңғарылып тұр. Сөз соңында осы поэма турасында бір-екі текстологиялық біз аңғарған ағаттықтар жөнінде айта кетейік.
Келесі басылымда мынандай түзетулер мен түсініктемелер берілуі қажет. Мысалы, «Криз патша» емес дұрысы Крез, Айсадан гөрі Ғайса дұрыс болар немесе Шәкәрім Айса десе, оны түсініктемеде айту керек. Айса-Ғайса, орысша Иисус Христос деп. «Рум» деген сөзге түсініктеме қажет. Қазақта «ұлың Румға, қызың Қырымға» кетті деген мақал бар. Шәкәрімнің айтып отырғаны бұл Рум емес, ол Римді, нақтылы айтсақ Афинаны айтып отыр. «Румда бір есті бар Солон атты». Мақалдағы Рум - ол Шығыс Рим империясы немесе Византия. Парсы патшасын Кир ІІ-ден түсіндіру қажет. Екі басылымда да Солон қате Салон болып жазылып кеткен. Көзге бірден ұрынып тұрған бір өрескелдік бар:
Солон айтты: «Атынада» бір кедей бар,
Не қылсаң да болмайсың сен оған пар.
Таза еңбекшіл, асқа да қанағатшыл –
Халқына қиянатсыз қызмет қылар, −
делінген «Жалын» баспасынан шыққанда, ал «Жазушы» баспасынан шыққан жинақта:
«Солон айтты: «Ат нада» бір кедей бар... Сонда: «Аты-нада», «Ат нада» түсініксіз сөздер, оның дұрысы былай болу керек.
Солон айтты: «Афинада» бір кедей бар. Себебі, Солонның бізше айтқанда фамилиясы, тарихта қалған есімі: Солон Афинский. Атақты адамдардың өз «фамилиясы» етіп, туған жерінің алынуы Көне Афинада (Грецияда) қалыптасқан дәстүр. Мысалы, Солонның тұстасы философ Фалес Милет қаласында тұрғандықтан Фалес Милетский деп аталған. Халқымыздың асыл ұлдары: Фараби, Баласағұн, Жалаири, т. б. осы дәстүрді сақтаған.
«Крез патша» поэмасында Шәкәрімге тән емес сюжеттік бір түсінбестік бар. Бірінші бөлік Крез бен Солонның әңгімесі он бір шумақта теп-тегіс жұмыр аяқталған. Екінші бөлімі мынандай шумақпен басталады:
Халқына қиянатсыз қызмет қылар, −
Крездің бір баласы асқан мықты,
Бір күні киік аулап аңға шықты,
Қолындағы мылтығы қапы атылып, −
дейді де мүлдем бірден басқа оқиғаға, Крез бен Кир соғысына, дар басындағы оқиғаға кетеді. Ойлаймыз, осы поэма біздің қолға толық жетпеуі мүмкін. Себебі, Крездің баласының өлімі поэма сюжетімен қабыспай, үндеспей, басы артық тұр. Мұраға деген мәдениеттілік көрсетіп, осы жай туралы текстолог ғалымдар өз сөздерін айтар деп үміттенеміз. Сөз соңында айтарымыз, Шәкәрім ойшыл-ақын ретінде әлемдік мәдениеті деңгейіне еркін көтерілген, адамды адам етіп отырған ақыл ой қазынасы екенін, өзінің діни идеологиялық стереотиптерін бұзып шығып, гуманистік, жалпы адамзаттық тұрғыдан ойлауға белсене кіріскендігін осы поэмадан еркін аңғарамыз. Бұл қазақ мәдениетіне Абай салып кеткен жаңаша ойлау (ренессанстық ойлау) дәстүрінің айтулы жалғасы еді. Сондықтан да мақаланың атын «Солон және Шәкәрім» деп қоюға мәжбүр болдым.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.