ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Нұрсұлу ӨМІРБЕКОВА: АХАТ АТА ЕСТЕЛІКТЕРІНЕН

Нұрсұлу ӨМІРБЕКОВА: АХАТ АТА ЕСТЕЛІКТЕРІНЕН

Оқылған 3561 рет

Шәкәрімдей ұлы тұлғаның үміт күткен ұлы Ахат Құдайбердіұлы ақын, ұстаз кеңес дәуірінде қаншама куғын-сүргін, ауыр да азапты жылдарды бастан өткізсе де сағын сындырмай таудай төзімі мен қайсар мінезімен әкесінің 30 жылдай көмусіз қалған сүйегін сол кездегі саясатқа да қарамай Абай ағасының қасына жерлеуінің өзі үлкен ерлік.

Ахат Құдайбердіұлы 1939-1960жылдары Алматы облысының «Тастақ», «Байсерке» деген жерлерінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққаннан кейін 1968 жылы өзінің жеріне көшіп келеді. Халық  асылдың сынығы Шәкәрімнің ұрпағын зор құрметпен қарсы алады. Кейіннен Жидебайдағы Абайдың музей-үйінің меңгерішілігіне тағайындалады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Абай музейінің қызметкері болған.

Көрген қиыншылықтарына қарамастан елге келіп халық арасында атасы Құнанбай, Абай, Шәкәрімге қатысты деректерді сол елдің жезтаңдай қарттарынан алған. Ұлы тұлғаның ұрпағы Ахат өмірінің соңына дейін естелік жазған. Жазып кеткен естеліктері Абайдың музейінің қорында сақталған. Сол естеліктерінің бірі – бірі Құнанбай Өскенбайұлы жөніндегі туынды. Естелік Абай мұражайы қорында сақталып,  қазақ  Ғылым Академиясының қолжазба қорына тапсырылған болатын. Кейіннен сол негізде «Жас Алаш» газетінде 1991 жылы 17 қыркүйек санында жарияланды. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы «Менің әкем халық ұлы – Шәкәрім» естелігі  «Жұлдыз» журналының 1992 жылы №11  санында жарық көрді. Мұражайымызда сақталынған қолжазба ақын өмірі мен шығармашылығы туралы шағын монография.

Ахат Шәкәрімұлының Абайға қатысты, Абай айналасындағы кей оқиғалар мен адамдар жөнінде шағын жазбалары, Жидебайдағы Оспан-Абай қыстауының тарихы жөніндегі  жол танытқыш еңбегінің мәні де ерекше.

 1934 жылы Шымкент қаласында жазылған Құнанбай туралы естелікте  Құнанбай Өскенбайұлының уәдесіне беріктігін, ұстамдылығы, қайраттылығы, ерік жігерлігі, сабырлы, шешен, болжампаздығы, әділ билік айтқан мырза болғандығы туралы толық қамтылған. Ахат Шәкәрімұлы естелігінде қазақ балаларының оқуын арман етіп, Құнанбай өзінің күзегінде ең алғаш там салдырып, қазақ балаларын, өз балаларын тегіс оқытқаны туралы сөз етеді.

Құнанбай Өскенбайұлының халық қамын ойлаған, қазақтың намысын жоқтаған адам болғанын былай көрсетеді: «Біз адамбыз ғой, біз неге келешек ұрпақтарымыз үшін қам жемейміз. Сондықтан маған бір ой түсіп жүр. Осы ойымды сендерге ашып айтып,  ақылдаспақпын. Қаратай сенде де, Бөжей сенде де, Сүйіндік сен де, менде нашар малы аз кедейлер көп. Осы кедейлердің басын қосып керекті көлік саймандарын алып беріп, бір жерге отырықшылыққа орналастырсақ, олар еңбек етіп, егін салар еді. Осы істі істесек, адамшылық баршамызға да,  болашағымызға да пайдалы деп отырмын » - деген осы сөзден-ақ Құнанбайдың өз дәуірінде кім болғанымен жете таныса түсінуімізге мүмкіндік туады.

Ахат Шәкәрімұлы Құнанбайды тану мәселесіне  елеулі  еңбек сіңірді.

Құнанбайдың ел басқару жұмысын балаларына қалдырып өзі ораза намазға бой ұрғаны туралы, балаларын орысша оқытқаны туралы Меккеде екі ай жатып жүздей адам  сиярлық қонақ үй салдырып қайтқаны туралы Ахат Шәкәрімұлы да, Әрхам Кәкітайұлы  да өз естеліктерінде тоқталған.

Әрхам Кәкітайұлы естелігінде Құнанбай Өскенбайұлы жетпіс тоғыз жасында қайтыс болды десе.

Ал, Ахат Шәкәрімұлы Құнанбай Өскенбайұлы сексен бір жасында қайтыс болды дейді. (1804-1885)

Енді М.Бейсенбаевтың «Абай және оның заманы» атты  кітабында Семей өлкетану музейінің архивінде  санақ комитетінің 1887 жылы 7 ноябрьде өткен мәжіліс протоколы сақталған. П.Д.Лобановский салған Абай портретін Сібір-Орал көрмесіне жіберу үшін № 6 суретке мынандай түсініктеме жазған.  Ибрагим Құнанбаев Семей уезі, Шығыс болысының қазағы, қазақ даласына ерекше белгілі Өскенбаев Құнанбайдың баласы (Құнанбай 1886 жылы қайтқан деп) өлген жылы жақша ішіне алып, анық көрсеткен. Бұл деректі Құнанбайдың жылын дұрыс анықтау үшін көрсетіп отырмын.

Ахаттың  Құнанбай Өскенбайұлы туралы құнды естелік жазуы Шәкәрім Құдайбердіұлының әке-шешесінен 7 жасында қалып, Құнанбай тәрбиесінде болуы, әкесінен естігенін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Әке сөзінің бүкіл халықтық қазына екенін анық түйсінген.

Ал, Әрхам Кәкітайұлы көп жылдар Абай тәрбиесінде болып, сондағы көрген білгенін, ақынның жақыны, ағайыны, достары, алыс, араз адамдарын көріп, кезінде олардың да әңгімелерін тыңдап  көп жылдар ішке түйіп келіп Абай туралы көлемді естелік жазып отыр. Біз үшін бұл естеліктердің де маңызы зор. Екі естелік те бірін-бірі толықтырып отырады.

Енді Ахат Шәкәрімұлының Жидебайдағы Оспан-Абай қыстауы тарихы жөніндегі жол танытқыш естелігінде Ахат Шәкәрімұлы «Жидебай – кісі аты, руы Мамай» Ерте кезде осы араны Жидебай қыстаған. Сондықтан осы жер  Жидебай атанып кеткен. 1840 жылдар шамасында Абайдың әкесі Құнанбай кірпіштен там, қора салдырып, осы араны қыстау еткен. Құнанбайдың Ұлжан деген  әйелінен туған баласы Оспан ержетіп, үйленген соң, Құнанбай Жидебайдағы қыстауын Оспанға беріп, өзі «Ақшоқы» деген жерге орналасқан  Оспан өлгеннен кейін, Абай  игілігіне көшкендігі туралы естелікте кеңірек баяндалған.

Абай қайтыс болғаннан кейін Жидебайға Абайдың баласы Әубәкір ие болып қалған. Ол үйге Әубәкір өзгеріс енгізгені туралы айтылған.

Кейіннен Абайдың 125 жылдық мерекесі қарсаңында, бұрынғы үйді қайтадан қалпына келтіріп жөнделсін деген қаулы шыққан. 1971 жылы   Абайдың алғашқы үйінің планын сызып берген Абайдың інісі, Ысқақтың немересі Әрхам Кәкітайұлы болғанын өз естелігінде айтады.

Ахат Шәкәрімұлының Абайға қатысты, Абай айналасындағы кей  оқиғалары мен адамдар жөніндегі шағын жазба естеліктерінде Абай Құнанбайұлы өз заманындағы көзі ашық жастарды тәрбиелеп, соларға ұстаз болғаны, Абай айналасына әнші, домбырашы, өлеңге, сөзге құмар  жастардың болуы жайлы, солардың ішіндегі өлеңге құмар, өздері де аздап өлең шығарып жүретін Көкбай деген замандасы, балалары Ақылбай, Мағауия өлең шығару қасиетін сезген Абай Құнанбайұлы ірі шығармалар жазуға көмектескені туралы баяндайды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдың ұлылығын, данышпандылығын тани білген. Бұған Шәкәрім Құдайбердіұлының өз өлеңдерінен дәлел келтірейік. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы» деген атпен ертеде басылған өлеңдері жинағының ішіндегі «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан» өлеңінде:

Аяған сонан жанынды

Кімге сақтап беруші ең?!

Өзің кімнен көп едің,

Кім үшін уайым жеп едің?

Күдеріңді үздің бе,

Сүйенішім мықты деп едің! –

деп, Абайдың өзіне сүйеніш жәрдемші тәрбиеші болғанын айтады.

Ал енді «Жолама қулар маңайға» өлеңінде:

Кім жағады сендерге

Тартқызған азап Абайға?

Соның да тілін алмадың,

Сабадың, сөктің, қарғадың,

Көріңе қашан кіргенше,

Арсылдап иттей қамадың.

Сендерден белгі нең қалар

Жемтігін жеген  жем қалар, -

деп кемшілігін Абайдың батыра айтатынын, онысын ақыл екенін тәрбиелеп, өсірген Абай екендігін, білім жолына Абайдың ақылы, кеңесі арқылы берілгенін айтады.

Осы айтылған дәлелдерден Абай заманындағы, сол кезде, Абай маңайындағы, Абайды көріп, тәрбие алған жастардың да Абайды бағалай білгендігін, Абайдың оларға ұстазы болғандығын Ахат естелігінен айқын көруге болады.

Шәкәрім  Құдайбердіұлы туралы жазылған Ахат Шәкәрімұлы естелігі қалың оқырманды ойландырады, толғанысқа бөлейді, Шәкәрім өмір сүрген орта рухын сезінуге жетелейді. Шағын монография  еңбегі, алдымен туа біткен дарындылығын, өскен ортасы ақын болуы, ағасы Абай тәрбиесі жайлы сөз етеді.

Ақынның бозбала шағында жазған жастық, кәрілік, өнер-білім, жақсы-жаман, дін туралы өлеңдерін келтіре отырып Ахат Шәкәрімұлы әр өлеңіне тоқталып дәлелдеп отырған.

Ұлы тұлға Шәкәрімнің басынан өткізген істері өте көп те, әрі қызық.

Шәкәрім бір әңгімесінде «әкем қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ. Мен қыстаудың алдындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алдым. Өлтірсем де оған жаным ашып, өз  жетімдігім ойыма түсіп, «құрт болып» өлең шығарғаным есімде. Басқасы ұмтылып, екі аузы ойымда қалды» дейді.

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?

Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.

Жетімдік қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!

 

Менің де жетім қалды балаларым,

Олар да жылайды аңсап аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы,

Жоқ екен басыңда ми-саналарың, -

деген өлеңін Абайға оқып берген. Сол кезден бастап Абай өлең жазуға тәрбиелеген. Абай өрнегін жете игеру, берік ұстаумен қатар екі жыраулық поэзияның, бұрынғы-соңғы сахара ақындарының көркемдік жүйесін кеңінен қолданып отырған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары ғасырлар бойы сараланып, қалыптасқан халық  поэзиясының көркем тілі мен қанатты сөздерін, шеберлік дәстүрін үлгі, тұтып қазақ поэзиясына өзінше  қайталанбас өрнек салды.

Шәкәрімнің ұстаз болып, тәрбие алған адамы Абай. Ол жайды айтпай - ақ Шәкәрімнің 19 жасында шығарған «Жастарға» деген ұзақ өлеңінде оқысақ жетіп жатыр.  Онан соңғы ұстазы үлкен әсер еткен өз шешесі Төлебике.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мені адалдық жағынан  тәрбиелеп ақыл берген үлкен әкем – Құнанбай» деп отырғанын сан естігем дейді Ахат Шәкәрімұлы.

Естелікте ақын аға өмірі, өскен ортасы, шығармашылығы тереңінен қамтылған. Ақын шығармалары халық игілігіне айналған кезде, бар күш жігерін осыған жұмсаған Шәкәрім Құдайберді баласы Ахат Шәкәрімұлы  арамызда жоқ. Бұл естелігінде Шәкәрім Құдайбердіұлының әсіресе, қазақ  ұлтының ерекшеліктеріне, оқу білімінің аздығына, ұйымшылдықтың жоқтығын, керенаулыққа байланысты  жәйттерді батыл көрсеткен.

Шәкәрім жазықсыз өлтіріліп, балалары түгел қудалауға ұшыраса да ақыры әділет салтанат құрды «Аққа пәле жұғар деп қылман қауып» деп ақының өзі айтқандай болды.

Шәкәрім өмірінің соңғы шағында Ахат деген ұлына тәлім беріп: «Мынандай уақыт кезігуі де мүмкін – сен өмір сүру үшін біреуді ұстап беріп тірі қалуды көздейтін, бұндай істен сақтан, адал бол! Егер өткелге кісі салып өтсең тіріде өзім, өлсем аруағым разы болмайды» - деген әкем Ахат Шәкәрімұлы естелігінде.

Әке есімін туған халқына қайтсем де оралтамын деп бел шеше күреске түскен Ахат Шәкәрімұлы уақыттан оза ой кешіп, 1967 жылы алғашқы тарауларын қағазға түсіріп содан 1977-1982 жылдар белесінде жалғастыра жазып, сексен екі  жасында көлемді естелігін хал-қадірі жеткенше тәмамдап шығады. Иә, алпыс жеті жасынан бастап табаны күректей он бес жыл  бойына естелік жазу, бүгінгі күні оқырмандар сұранысына  бағытталған  өреде қолға қалам алу, мұндай ерлік қай-қай қазақ перзентінің болсын пешенесіне жазыла бермесе керек.

Ойшыл ақын осылайша соңғыларға сөнбейтін жасыл шырақ жақты. Қазақта ескіден келе жатқан «періште жаққан шырақты шайтан үрлеп сөндіре алмайды» дейтін сөз бар.

Асылдарымыздың әдеби мұрасы олар жаққан шам-шырақ қой. Қаскөйлер өшігіп қанша жер сабағанымен  әулиелеріміздің шырағы да, ізі де  өшпек емес.

Нұрсұлу ӨМІРБЕКОВА,

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің

жетекші ғылыми қызметкері.

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.