ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ: КЕЛЕШЕКПЕН ТІЛДЕСКЕН КЕМЕҢГЕР

Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ: КЕЛЕШЕКПЕН ТІЛДЕСКЕН КЕМЕҢГЕР

Оқылған 6531 рет

 

 

Қадірменді оқырман! Баршаға мәлім, «2018 жыл – Шәкәрім жылы» ретінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихына енетін болады. Осыған орай биылғы жылы елімізде қазақтың көрнекті ақыны, ойшылы, тарихшы, шежіреші, сазгері Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы жан-жақты аталып өтіледі.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», - деген тұжырымы  әлемдік өркениеттер үрдісінде жұтылып кетпеуіміз үшін ұлттық мәдениетімізді, ұлы тұлғалардың әдеби мұрасын көздің қарашығындай сақтай білуіміз керектігін айғақтайды. Соның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани асыл қазынасы.

Ұлы Абайдың ақындық мектебінің маңдайалды дарын иесі Шәкәрім де өзінің данышпан ұстазы сияқты қазақ қоғамына білім-ғылым, әлеуметтік-саяси, тарихи, философиялық тақырыптағы шоқтығы биік тың туындыларымен кеңінен танылды. Шын мәнінде, Шәкәрім Құдайбердіұлының гуманистік, адамгершілік, мәдени-ағартушылық, демократиялық идеяларды уағыздаған шығармашылық еңбектері ұлттық жазба әдебиетімізде үлкен серпіліс туғызып, рухани жаңғыру әкелді. Ғұлама ақын «Тіршілік, жан туралы» өлеңінде:  

          Жаралыс басы – қозғалыс,

          Қозғауға керек қолғабыс.

          Жан де мейлің, бір мән де

          Сол қуатпен бол таныс,

 Әлемді сол мән жаратқан, - дейді. Яғни, оның пайымдауынша, әлемді жаратқан – қозғалыс. Сондай-ақ, «тіршілік», «жан», «сана» ұдайы даму үстінде, жаңғыру жағдайында болуы қажет. Ар ілімі туралы концепциясының негізін ол осы «Тіршілік, жан туралы», «Ашу мен ынсап», «Анық пен танық», «Талап пен ақыл» тәрізді тағы басқадай өлеңдерінде қалап, оны ары қарай философиялық тұрғыда «Үш анық» трактатында дамыта түскенін білеміз. Ол «Ар ілімі – рухани тазару жолы», «Ар түзер адамның санасын», - деп  ардақ тұтады.

Шәкәрім – ұлт тәрбиешісі, демократ-ағартушы. Ұлтын шексіз сүйе отырып, міні мен кемшілігін аяусыз сынап айтады. Ар мен ұжданды діни көрсоқырлық пен имансыздықтан, надандықтан жоғары қойып жырлады. «Мұтылғанның өмірі» ғұмырбаяндық дастанында: «Жаздым «Қазақ айнасын», Мiнез түзеу айласын», - дейді.

Шәкәрім шығармашылығы, жалпы өзінің биік идеялық мақсат-мұраты, өмірлік мән-мағынасы, әлеуметтік-саяси, қоғамдық маңызы жағынан осындай рухани жаңашылдыққа, жаңғыруға, жасампаздыққа толы болып келеді.    

2018 жыл, өз кезегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірінің Алаш қозғалысы кезеңімен де ерекшелене түседі. Осыдан тура жүз жыл бұрын ақиық ақын елінің азаттығы үшін күресіп, 1918 жылы Семейде Алашорда үкіметінің жұмысына белсене араласқан болатын. Семей облыстық Земствосының депутаты, Алашорда соты және т.б. қызметтерді атқарды. Бүкіл қазақ, барша Алаш зиялылары құрметтеп «Алашорда ақсақалы» деп атаған Шәкәрім Құдайбердіұлы осы қоғамдық-саяси қызметі үшін кеңес өкіметі тарапынан жазықсыз қудаланып, құрбандыққа ұшырады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы адамгершілік асыл сөздерімен ғана емес, әділет жолындағы ақжүрек істерімен де өзінің нағыз Халық ұлы екенін дәлелдеп кетті.

Ғұлама ақын өмірінің соңғы күндері баласы Ахатқа айтқан әңгімесінің бірінде өзінің азаматтық кредосы туралы былай деп мәлімдеген екен: «Адам болып тудым, адам атымды ақтаймын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым. Арымды сатып бақ алып, мансап тапқанымша, көптің адалын жақтайын, көпке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам баласы үшін жазайын, наданның көзін ашайын, келешектің ойын ашайын деп жаздым... Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым».

Бүгінгі және келер ұрпақ үшін, халқымыздың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының асыл мұрасы өмірде жол сілтер Темірқазық болып табылады. Туған халқының бақыты жолында өзінің мәңгі өлмес сөзімен айналайын қазағына «Ажалсыз әскермен» (өлеңдері мен сөздері – Б.Ж) қорған болған ақын біздің әрқашан ұмытылмайды. «Абай музейінің Хабаршысында» жарияланып отырған мақалалар ел жүрегіндегі осы сөзді тағы діттей түседі.

Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-музейінің директоры.

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.