ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Мұратбек КЕНЕМОЛДИН: «ЖӘРДЕМ» БАСПАХАНАСЫ

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН: «ЖӘРДЕМ» БАСПАХАНАСЫ

Оқылған 9081 рет

XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында жапатармағай жарық көре бастаған ұлттық басылымдарымыз секілді емес, қазақ баспаханаларының саны саусақпен санарлықтай аз болды. Сол себепті, ұлт зиялыларының тырнақ алды туындылары көбінесе патшалық Ресейдің Петербор, Қазан, Уфа, Тройцк, Орынбор секілді т.б. қалалары мен Түркияның астанасы Стамбулдан басылып шығып жатты. Бұл арада ұлы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын 1909 жылы Әлихан Бөкейхановтың айтуы бойынша Кәкітай мен Турағұлдың Петербордағы Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан бастырып шығарғаны туралы деректі айтсақ та жеткілікті.

Жалпы, қазақ даласында баспа ісінің дамуына қолбайлау болған қиындықтардың бірі жайында Міржақып Дулатов 1915 жылы «Қазақ» газетіндегі «Жаңа кітап – «Пайғамбар заман» атты мақаласында: «Қазақта баспахана жоқ. Кітап, газета-журналдарымыз ноғай, орыс, еврей баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Баспахана ісімен таныстығы жоқ кісілерден 1,5-2 есе қымбат хақы алады. Егер баспахана ашудың пайдалы кәсіп екенін аңғарған қазақ байлары, саудагерлері болса, бұл істен қазаққа келер пайда көп болар еді» деген еді.

Алайда, патша өкіметі тарапынан бұратана халықтарды қараңғылықта ұстауға байланысты болатын демократиялық шектеулер мен осындай қаржы мәселесі сияқты түрлі қиындықтарға қарамастан ана тіліміздегі газет-журнал, кітаптар жекелеген адамдардың өз қаражаты және әкелі-балалы Тұрысбек пен Есенғұл Мамановтар, Қалжан Қоңыратбайұлы тәрізді тағы басқа ауқатты байлардың меценаттық көмегімен шығып келгені белгілі. Тіпті, осы мақсатта ұлт зиялыларының араласуымен арнайы «Игілік» қауымы, «Азамат» серіктігі сынды қайырымдылық қорлары да құрылған болатын.

1917 жылы «Қазақ» газетінде редакция басқармасы атынан жарияланған «Баспахана туралы» мақалада: «Баспахана жайын сөз қылып отырғанымыз біздің газет басылатын Құсаинов баспаханасы сатылайын деп тұрғанын «Уақыт» газетінен оқып көргендерің де бар шығар. Аламын деп тұрған адамдар бар. Саудалары келіссе баспахана мұсылман қолынан я яһуди, я орыс қолына көшпек. Яһуди я орыс қолына көшкен соң газет һәм кітап бастыру ісі не күйде болар? Ол жағы қараңғы. Мұсылман қолынан кеткен соң мұсылманша жағы нашарлар деген қауіп бар. Солай болған соң осы баспахананы яһудиге жібермей, қазақ болып қам қылып, алып қалу қолымыздан келмес пе?», [1] - деп жазады.

Ал енді осы баспахана мәселесіне байланысты көршілес Қытай еліндегі Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Қосболат Байболатұлы, Шайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы есімді азаматтар: «Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктестігіне 600 сом жібердік. «Алаш» ұранды қазақ баласы «аһ» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе?

Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді», [2] - деген жанашырлық пікірі мен демеушілік қолдауларын білдіреді.

Сол сияқты осы «Қазақта» жарияланған «Азамат» серіктестігі туралы шағын хабарда жоғарыда аталған «Құсайынов» баспаханасын сатып алу үшін Қызылжар уезінен Аллалдин мырза Мамековтің 1000 сом, ал Жетісу облысының Піспек уезінен қырғыз Ахмед мырза Құдайбергенұлы мен Сырдария облысы Қазалы уезінің қазағы Бекет мырза Пұсырмановтың, Атбасар уезінің қазағы Әбуәлі мырза Кенжебаевтің, Жетісу облысы Аякөз қаласының 2-ші гильдиялы көпесі Рахымжан Сасқабаевтың, Ақтөбе уезінің қазағы Бейсенбай мырза Тыныштықбайұлының әрқайсысы 100 сомнан көмек жасағаны [3] туралы айтылған.  

 Патша өкіметі тұсында бұратана халықтардың бірі саналатын қазақтарға газет-журналдар мен кітаптар басып шығаратын баспахана ұстуға ерік берілмеді. Сондай-ақ мешіттер салып, медреселер ашуға да тыйым салынды. Осындай шектеулердің кесірінен қазақтың байырғы қаласы Орынборда Фатих Каримов, Шамсуддин Хусаинов және М.Ширкова, Б.Домбровский сынды тағы басқадай татар-орыс көпестерінің баспаханаларынан басқа бірде-бір қазақ байының баспаханасы болмады. Соған қарамастан олардан қазақ меценаттарының көмегімен ұлт зиялыларының кітаптары  үзбей шығып тұрды. 1911 жылы Орынбордағы татар баспаларынан ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының өз қаражатымен «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» кітаптары [4] жарық көрсе, ал Мәннан Тұрғанбаевтың «Пайғамбар заман» атты кітабын қазақ меценаты Қалжан Қоңыратбаев [5] бастырып шығарды. Қысқасы, өз заманында осы «Қазақ» газеті басылып шығатын «Құсайынов» (Шамсуддин Хусаинов деген татар азаматы – автор) баспаханасынан қазақ зиялыларының ондаған кітаптары жарық көргенін білеміз.

Міне, бағанадан бері бұл жайларға тоқталып отырған себебіміз, осындай ноғай немесе татар ағайындардан сатып алынған баспа орындарының бірі – Семейдегі «Жәрдем» баспаханасы болды. Мысалы, оны 1917 жылы ақпан төңкерісінен соң Семей облыстық қазақ комитеті ағайынды татар көпестері Нығматуллиндерден сатып алады. Литографиялық әдіспен жұмыс істейтін бұл баспахана 1910 жылы Томск қаласынан әкелінген екен. Онда негізінен татар тілінде газеттер, татарша және қазақша кітаптар басылып шыққан. Атап айтқанда, 1912 жылы «Жәрдем» баспаханасынан қазақтың ғұлама ақыны Шәкерім Құдайбердіұлының бірнеше әдеби шығармалары жарық көрді. Ол туралы белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Шаһкәрім» атты зерттеу еңбегінде: «Шаһкәрімнің 1878 жылдан бастап, 1904 жылға дейінгі жазған өлеңдері «Қазақ айнасы» (бірінші бөлім) деп аталып, 1912 жылы жеке кітап болып Семейде басылып шықты. «Қазақ айнасының» қара сөзбен жазылған екінші бөлімінің қолжазбасын Шаһкәрімнің баласы Ахатты 1937 жылы НКВД тұтқындаған кезде алып кеткен.

1888 жылы жазылған «Қалқаман-Мамыр», 1881 жылы жазылған «Еңлік-Кебек» атты тарихи дастандары да 1912 жылы Семейде басылып шығады», [6] - дейді. Сондай-ақ мұнда Абайдың ақын шәкірті, жазушы-драматург Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» повесі, «Балаларға жеміс» және Баймағанбет Айтқожаұлының «Шын мақсұдтар» өлеңдер жинақтары, педагог-ағартушы Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша оқу», «Иман намаз, яки мұсылманшылық» кітаптары жарық көреді.

«Жәрдем» баспаханасы, іс жүзінде Семей облыстық қазақ комитеті тарапынан сол уақыттағы дәулетті қазақ байларының көмегімен сатып алынған. Тағы да Қ.Мұхамедхановқа жүгінейік. Ол өзінің «Тұңғыш газеттің тарихынан» атты мақаласында: «...1915 жылдар ағайынды Нығматуллиндер өз баспаханасын Омбының бір байына сатпақ болады. Қазақ оқығандары баспахананы Семейден жібергісі келмейді. Өнер-білімді, әдебиетті қадір тұтатын Семейдің ауқатты адамдары, қазақ зиялыларының талап-тілектерін қабыл алып, «Ярдамь» баспаханасын сатып алып, қазіргі Жаңасемей қаласына көшіреді (Қазақта да меценаттар болған). Халел Ғаббасов бастатқан қазақ интеллигенттері 1917 жылдан бастап «Сарыарқа» атты газет шығарады. Газет-журнал жұмысына белсенді атсалысқан адамдар: Шәкерім бастатқан Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты аса дарынды ақын-жазушылар, Мәннан Тұрғанбаев, Мұстақым Малдыбаев сияқты мұғалім, тағы басқа жас журналистер болған, [7] - деген деректер келтіреді.

Шынында да 1916 жылдың 9 ақпанындағы «Қазақ» газетінің №168 санында Семейдегі «Ярдамь» атты татар баспасының жабылғаны туралы шағын хабар жарияланғанын атап айта кеуіміз керек.

Ал, журналист Тоқтарбай Қазбалинов «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан» мақаласында [8] XX ғасырдың басында банкротқа ұшыраған «Жәрдемді» қазақ байы әрі меценаты Қ.Үкібаевтің 11 мың рубльге сатып алғаны, сондай-ақ оның «Абай» журналын жарыққа шығаруға да қаржылай көмек жасағаны, әуелгіде бұл баспахананың цехы татар көпесі Садық Нығматуллиннің қала орталығындағы екі қабатты тұрғын үйінің ауласында орналасқаны, алайда 1960 жылдары Семейде орталық әмбебап сауда дүкенінің салынуына байланысты бұзылып тасталғаны туралы жазады.

Сөйтіп, 1917-1918 жылдары «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы бұрынғы «Жәрдем», одан кейінде «Алашорда» деп аталатын баспаханадан шыға бастады. Олар, шын мәнінде Ахмет Байтұрсынов айтқандай «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болды. Мысалы, сол кезеңдегі қазақ басылымдары жайында академик Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» кітабында: «1913-1918 жылдардағы қазақ ұлттық баспасөзін танытатын «Қазақ» (Орынбор), «Сарыарқа» (Семей), «Бірлік туы» (Ташкент), «Жас азамат» (Қызылжар) газеттері мен «Абай» журналы (Семей) беттеріндегі деректемелік материалдарсыз Алаш қозғалысының пайда болуы мен нақтылы қызметін, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде алатын орнын тарихи шындыққа сай көрсету мүмкін емес. Бұл басылымдарда Алаштың қоғамдық қозғалыс болып қалыптасуы, оның саяси дәрежесіне көтерілуі, ұлттық саяси партия құрылған 1917 жылы шілдеде өткен Бірінші бүкілқазақтық съезд Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметін құрған 1917 жылы желтоқсанда өткен Екінші бүкілқазақтық съезд туралы түпнұсқалық маңызы бар деректер көптеп кездеседі», [9] - деп түйіндейді.

Демек, Семейдегі «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газеті тәрізді басылымдардың шығу тарихы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихымен тікелей байланысты деген нақты тұжырым жасауға болады.

Осы орайда Алашорда үкіметі баспасөз органдарының бірі саналатын «Сарыарқа» газетінің шығу тарихына аздап болса да тоқталып өтейік. Бұл басылым 1917 жылдың 15 маусымынан шығарыла бастайды. Мысалы, сол уақыттағы «Қазақ» газетінде: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің 1-ші нөмірі келді. Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. Жылдық хақы 6 сом, жарты жылдығы 3 сом 25 тиын.

«Сарыарқаны» қазақ емілесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз. Алдырушыларға «Сарыарқаның» адресі: Семипалатинск. Ред. газ. «Сарыарқа», - деп шағын хабар берілген. Әр жылдары «Сарыарқаның» редакторы болып Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Шынжы Керейбаев қызмет атқарды. Бұған қоса газетке Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Биахмет Сәрсенов, Ахметжан Қозыбағаров, Сәбит Дөнентаев тәрізді т.б. ұлт зиялылары мақала жазып, редакция жұмысына қолғабыс тигізіп тұрған. Мұнда денсаулығы нашарлап қатты науқастанғанға дейін С. Торайғыров жауапты хатшы болып істеген. Шынжы Керейбаев алғаш газет шыққан күнінен бастап «Жәрдем» баспаханасының меңгерушісі болды. Тіпті, Алашорда үкіметінің соңғы кезеңінде       «Сарыарқаның» редакторлығы қызметін де бірге атқарды. Ол үш кластық медициналық училищені бітіргеніне қарамастан газет пен баспахананың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Өкінішке орай, оның кеңес өкіметі кезіндегі өмірі мен тағдыры белгісіз...

«Абай» журналына келсек, оның алғашқы нөмірі 1918 жылдың ақпан айында Семейдегі «Уақ-қарыз» серіктігінің бастыруымен оқырмандар қолына тиді. Бұл басылымның тұңғыш редакторлары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов болды. «Абай» журналында Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамында болып жатқан түрлі әлеуметтік-саяси оқиғаларға қатысты мақалалары үзбей жарияланып тұрды. Мысалы, 1918 жылы 2 сәуірде Сталиннің Мәскеуден телеграф желісі арқылы Семейдегі Алашорда үкіметі басшыларымен қазақ автономиясы туралы сөйлескен хабарды да барша қазақ қауымы алғаш Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың жазуымен осы «Абай» журналынан естіді. Бүгінде зерттеуші ғалымдар бір ғана «Абай» журналының өзінде Мұхтар Әуезовтің 15-ке жуық мақаласы жарық көргенін айтады. Сол сияқты мұнда Ж.Аймауытовтың «Ұлтты сүю» және оның Мұхаңмен бірлесіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері», Шәкәрім қажының «Шын бақтың айнасы», Мұхтар Әуезов пен Турағұл Абайұлының бірлесіп жазған «Адамдық негізі – әйел», Мәннан Тұрғанбаевтың «Ұлтшылдық», Міржақып Дулатұлының «Алашқа» тәрізді т.б. мақалалар басылып шықты.

1917-1918 жылдары «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының редакциялары, сондай-ақ «Жәрдем» баспаханасы қазақтың бай көпесі Әбдірахман Жүсіповтің бұрынғы Алаш, қазіргі Жаңасемей қаласының «Океан» сауда кешені аумағында қызыл кірпіштен салдырған он бөлмелі үйінде орналасты. Мысалы, «Қазақ» газетіндегі шағын хабарда Семейдегі уақ-қарыз банкісінің (серіктігі) мүшелері Әнияр Молдабаев пен Әбдірахман Жүсіпов туралы, сондай-ақ бұл екеуі де қазақтың мүддесі үшін жан аямай қызмет еткен адамдар екені айтылған. Алашорда үкіметі басшыларының бірі Халел Ғаббасовтың да Мәскеу мемлекеттік университетін үздік бітіріп  келгеннен кейінгі уақытта аталмыш банкте испекторлық қызмет атқарғаны естеріңізде болар. Дегенмен, бұл мәселе өз алдына жеке әңгіме болғандықтан, жан-жақты тоқталып жатуды жөн көрмедік.

Азаматтық қарсыласу кезеңінде, шамамен 1917-1920 жылдары «Жәрдем» баспаханасы ресми түрде «Алашорда» баспаханасы деп аталды. Сонымен қатар осы Әбдірахман Жүсіповтың үйінде, алғашқыда Семей облыстық қазақ комитеті, одан кейінде Алашорда үкіметінің кеңселері орналасқанын айтуымыз керек. Ал оған тақау жердегі Қаражан Үкібаевтың мектепке жалға берген үлкен ағаш үйінде Семей уездік Земствосы басқармасының кеңесі қоныс тепті. Жалпы, сол кездің өзінде Семейде Алашорда үкіметін ашық қолдаған көзі ашық зиялы азаматтар мен меценат байлар көп болды. Алаш қаласында Жақия қажы, Исабек бай тәрізді ауқатты адамдар өз қаржысына мектеп салдырып, бала оқыту үшін мұғалімдер ұстаған. Мысалы, профессор Қайым Мұхамедханов осы Исабек байдың мектебінен бастауыш білім алып, сауатын ашқан. Ал, оның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов Алаш тілегінде болып, «Алаш» партиясын құруға демеушілік көрсеткен.

Әуелгіде «Жәрдем» кейінде «Алашорда» деп аталған бұл баспаханадан «Сарыарқа» газеті 1917 жылдың 15 маусымынан бастап 1919 жылдың 4 желтоқсанына дейін бір жарым жылдай уақыт бойына шығып келсе, ал «Абай» журналының 1918 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында 12 саны (айтпақшы, журналдың соңғы саны араға жүз жыл салып барып 2017 жылы ғана табылды – автор) жарық көрді. Оларға қоса мұнда татар «Мәдениет» қоғамының «Халық сөзі» газеті де шығып тұрды. Бұл басылымдар, тек, 1919 жылдың желтоқсан айында Семейде кеңес өкіметінің орнауына байланысты жабылып қалды.

1920 жылдары Алаш қаласындағы Әбдірахман байдың он бөлмелі қызыл кірпіштен салынған үйі «Қазақ тілі» газетінің редакциясы мен «Алашорда» («Жәрдем») баспаханасының кеңселері, ал 1930 жылдары алғашында «Қазақстан» қонақжайы, одан соң «Қазақстан» мейрамханасы ретінде пайдаланылып келді. Тек 1980 жылдардың басында көп қабатты тұрғын үй құрылысы жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бұзылып алынды. Яғни, ертеректе «Жәрдем», кейінде «Алашорда» болып аталатын бұл баспахана, ендігі жерде Семгубревкомның қарауына өтіп, «Сарыарқаның» орнына «Қазақ тілі» (қазіргі «Семей таңы») газетін шығаруға кірісті. Семей баспасөзінің байырғы ардагері Мұқсұн Қордабаев «Бірінші номер осылай шықты» атты естелік мақаласында: «Семейде 1919 жылдың ноябрь айына дейін Алашорда қайраткерлерінің ықпалымен «Сарыарқа» газеті шығып тұрғаны белгілі. Ал, сол жылдың 1 декабріне қараған түнде қала қызылдар қолына көшіп, Совет өкіметі қайта орнады. Сөйтіп, басқа да ұсақ кәсіпорындарымен бірге баспахана да мемлекет меншігіне алынып, губернияда «Қазақ тілі» деген атпен большевиктік бағыттағы қазақша газет шығару туралы шешім алынды. Ол кезде баспаханада Насыр Ишимов деген байырғы баспахана қызметкерімен екеуміз ғана едік. Мен бет құрастырушы (метрампаж) едім. Сонымен, «Қазақ тілінің» алғашқы жеті номері тікелей сол екеуміздің қолымыздан шықты.

Газеттің атын арабша ірі әріп болмағандықтан қолы ісмер бір етікшіге ағаштан ойғызып алып басып жүрдік. Баспахананың жағдайы ол кезде де оңып тұрған жоқ болатын. Шрифт жетіспегендіктен газеттің бастапқы екі беті машинадан басылып шыққаннан кейін соңғы екі бетке жетпеген әріптерді сол беттерден суырып алып теретінбіз.

Оның тұңғыш редакторы Мәннан Тұрғанбаев өте сауатты және іскер азамат еді. Ол губернияның партия, совет және қоғам жұмысына белсене араласқан адам. Ал, баспа жағында Насир Ягудеевич Ишимов ерекше еңбек сіңірді. «Қазақ тілінің» бесжылдығына байланысты сыртына оның еңбегі атап жазылған күміс сағатты сыйға алғаны әлі есімде», [10] - дейді.

Семей қалалық мұрағатынан алынған деректерде 1920 жылдары «Алашорда» баспаханасында А.Мұхамедов баспахана меңгерушісі, Мұқсұн Қордабаев, Насыр Ишимов, Б.Бумбаков, А.Сейфуллин, В.Кондратьева, В.Ярославцев қазақша және орысша әріп терушілер, А.Исмаилов әріп теруді үйренуші, Ю.Идрисов газетті беттеуші, М.Васильев түптеуші, Г.Сағитов пен Д.Дәукеев газетті басушы,  Х.Хайбуллин күзетші болып жұмыс істеген туралы жазылған. Бірақ та осы жылдың аяғында болған ескі баспаханаларды өзара біріктірулердің нәтижесінде, Семей қаласында тек N1 және N2 деп аталатын екі баспа орны ғана қалды. «Алашорда» баспаханасы жабылып, оның ғимараты, жоғарыда айтқандай «Қазақстан» мейрамханасына айналды.

Ал, Семей губерниялық атқару комитетінің баспасөз органдары саналатын «Қазақ тілі» және «Степная правда» газеттері 1924 жылдың күзінен бұрынғы Семей облыстық баспаханасы, қазіргі «Семей полиграфиясы» акционерлік қоғамынан басылып шыға бастады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

          1. Қазақ, 1917, N227, 26 апрель Қазақ, 1917, N227, 26 апрель.

          2. Қазақ, 1916, N222, 17 март.

        3. «Қазақ» газеті/Бас редакторы Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 363-бет«Қазақ» газеті/Бас редакторы Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 363-бет.

     4. Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. (Құраст. Т.Шаңбай). – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. 83-бет. 

         5. Қазақ, 1915, N137, 21 июнь Қазақ, 1915, N137, 21 июнь.

          6. Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. (Құраст. Т.Шаңбай). – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. 83-бет. 

          7. Семей таңы, 1989, N231 Семей таңы, 1989, N231.

          8. Абай, N9, 1994.

          9. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. 185-бет.

          10. Семей таңы, 1989, №231.

 

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің

жетекші ғылыми қызметкері.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.