ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Қайрат САБЫРБАЕВ: ШӘКӘРІМ ҚОЛТАҢБАСЫНЫҢ СЫРЫ

Қайрат САБЫРБАЕВ: ШӘКӘРІМ ҚОЛТАҢБАСЫНЫҢ СЫРЫ

Оқылған 4501 рет

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай Абайдың бас шаңырағында ашылған көрменің атауы «Әрқашан ұмытылмасқа...» деп аталған. Атаудың осылай таңдалуының да өзіндік себебі жоқ емес. Сол үшін көрме атауы неге «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталғанын бірден айта кетейік. Бұл жердегі басты себеп - осы «Әрқашан ұмытылмасқа» сөзінің Шәкәрімнің өзі қалдырған қолтаңбаларда орын алғандығы. Қажының бізге жеткен портреттік суретінің екі данасының сыртындағы қолтаңбада да «Ұмытылмасқа» сөзіне автор басымдық берген. Сол себепті, Шәкәрім бабаның осы «Ұмытылмасқа» сөзі мен «Мұтылған» сөзінің арасында бір байланыс бар ма екен деген ой да бізді қызықтыра түсті. Осы тұрғыдан келгенде дана Шәкәрімнің «Әрқашан ұмытылмасқа» сөзін негізге ала отырып, «Мұтылған» сөзінің де болмысына өзіміздің де елдің де назарын аударғымыз келді.

Олай болатыны, Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ғұмырында халқымыздың әдебиеті мен мәдениетіне теңдессіз еңбек сіңіргеніне қарамастан, сол еңбегінің кейінгі ұрпақ игіліне қаншалықты жолы ашық болатынына өз басы алаң көңіл болған. Данышпандық деңгейіне көтерілген ақын заңа заманның беталысын, қоғамның күрт өзгерістерге ұшырайтынын ерте сезінген. Өзінің бүкіл өмірбаянын өлеңмен өрнектей отырып, осы биографиялық шығармасын «Мұтылған» деп атауының сыры да әлі нақты анықталмай келеді. Яғни, ұмытылған сөзінің баламасы ретінде «Мұтылған» сөзі мақсатты түрде қолданылып отыр. Жастайынан өнерге деген құштарлықпен халық мұрасын байытып, Абай мектебін өмірлік ұстанымына айналдырып, арғы-бергі оқымыстылардың еңбегін зерделеп, Меккеге дейін барып даңқты кітапханаларды ақтарып, ислам негіздерінің маржанын теріп ел керегіне жарайтын іс тындырсам да түбінде ұмытылып қалмас па екем деген ой айтатындай көрінеді ол осы бір ғана «Мұтылған» сөзімен.

Шәкәрім көкейіндегі осы бір сұрақ оның сол кездегі мемлекеттік баспа басшысы болып отырған жазушы Сәбит Мұхановқа сонау елсіздегі саятқорадан жолдаған хатында да көрініс тапады. Алматыға, Сәбит Мұқанов атына жазған «Ардақты бауырым» деп басталатын хатында: «Шіркін, осы жазып жатқандарымның халыққа қажеті бар ма, жоқ па, бар болса қандай, жоқ болса не себепті, осындай сауалдарға пікір естіп өлсем арманым болмас еді» деген ойшылды он толғандырған сөздер бар.

Осы және өзге де мәселелерге көңіл аудара отырып көрме атауы Шәкәрім қажының өз сөзімен «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталып отырғанының бір себебі осы. Бұл сөздер Шәкәрім бабаның өз қолымен жазған қолтаңбаларындағы негізгі мазұнға иелік жасап тұрғанын жоғарыда айттық. Мәселен, екі суреттің екеуі де екі адамға естелік үшін жазылған. Екі жазуда да «Ұмытылмас үшін» дегенге басымдық берілген.

Мысал келтірейік: 1–сурет сыртындағы жазулар: «Любезному брату Турагулу Ибрагимовичу на добрую память от Шаһкарима Кудайбердина. 15 февраля 1912 г.» деген жазу астындағы араб графикасымен жазылған мәтін қазақшасы – Сүйікті бауырым Тұрағұл Ибраһим марқұм ұлына ұмытпас белгі үшін Шаһкарим Құдайбердіұлынан. 15 февраль, 1912 жыл.

Сондай-ақ, 2-сурет сыртындағы жазулар: Көне қадым ғарпімен үстіңгі көлденең жазудың кирил әріпіндегі қазақша мәтіні – Халелұлы Мұхамедин мырзаға, жас білгіштен әрқашан ұмытылмасқа Шәкәрім Құдайбердіұлынан. 1912 жыл 11 ғиянуар. Сонымен бірге осы сурет сыртында «Араб графикасындағы қабырғалап жазылған жазудың кирил әріпіндегі қазақша мәтіні – 1958 июльде туып, 1931 жылы октябрь айында қаза болды» деген жазу. Бірақ, зерттеушілер дәл осы соңғы жазу Шәкәрімнің өзінікі емес, бертін сурет табылған кезде ақынның туған және қайтқан уақыты  ұмытылып қалмау үшін кейінгілер жазған болуы керек деп топшылайды.

Қалай дегенменде, бір ғана осы мысалдардың өзі Шәкәрім қажының ішкі толғаныстарынан біршама хабар береді. Арысын есептемегеннің өзінде, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1905 жылдан бергі өмірін ғылыммен айналысуға түбегейлі арнаған. Мекке сапарын сандаған кітаптар мен ғылыми еңбектерге қол жеткізуге арнап, елсізден тошала салып, кедергісіз жазуға отыруды не үшін мақсат тұтты? Көшпенділік үрдіс үзіліп, дала дәстүрі мен бабалар институтын жат танымдар баса-көктеп иектей бастағанда ел ертеңін ойлаған абыздар жатпай-тұрмай сол бір «жымысқы зұлматқа» қарсы тұратын имунитет қарастырды. Соның бірі де бірегейі – Абай, Абай мектебі. Абай мектебінен өткен, Абай аманатын арқалаған Шәкәрім ұлы ақын өсиетін өз дәрежесінде орындау үшін бар күш-жігерін жұмсады. Не үшін жұмсады? Алмағайып кезеңде ел қараңғылық қамалында қалып қоймаса екен, өзгенің танымына байланып қалмай ұлттық болмысын сақтаса екен деп, жұртқа ағартушылық жол іздеді. Оны тапты да. Ол – Алашты да, адамзатты да адастырмайтын «Ар ілімі» қағидаты еді. Қазақ халқында ежелден келе жатқан дала демократиясын сақтап қалудың бірден бір жолы Шәкәрім ұсынған «Ар-ұждан» философиясы боды. Бастауында ұлы Абай тұрған бұл ілім сахарада салтанат құрып кетпесе де саңылауы бар саналарда сақталып, өмір сүрді. Соның бір биік көрінісін Алаш арыстарының мақсаттан айнымас күрескерлік болмыстарынан көреміз. Бірақ, ақ пен қызыл тайталасы, больщевиктердің төңкерісі, үстемдік алған кеңес үкіметі, атейзмдік көзқарас, бұлардың бәрі өздеріне дейінгіні сырып тастап, бар білім мен тарихты өздерінен бастағысы келетінін бірден аңғартты. Оның бәрін Шәкәрім ғұлама да екшеп, біліп отырды.

Расында, жиырмасыншы ғасыр басындағы жаңа үкіметтің беталысы абыз ақынды қатты алаңдатпай қалған жоқ. Кеңес үкіметінің өзіне дейінгінің бәрін ұмыт қылатынын жақсы сезді. Сол себепті де «Шіркін, осы жазып жатқандарымның халыққа қажеті бар ма, жоқ па, соның жауабын естіп өлсем арманым болмас еді» деп ағынан жарылып, ақиқатын сұрады. Күдігі күн сайын қалыңдай түссе де келешектен күдер үзбеді. Олай болатыны, жұртқа берген қолтаңбаларында «ұмытылмасқа», «ұмытылмас үшін» деген сөздерді тұрақты пайдаланған. Бұл бізге жеткен екі қолтаңба ғана, осы тектес қолтаңбалардың аз болмағыны анық. Бұдан өзге суреттері мен көзі тірісінде жарық көрген кітаптарындағы қолтаңбалар да осы мазмұндас болған шығар деп топшылаймыз.

Міне, абыз ақынның өз қолымен жазған жазулары мен шығармаларын таразылай келе, ойшылдың рухымен сырласа отырып, ғұмырбаяндық өлеңін «Мұтылған» деп атаудағы сырына үңілуге тырыстық. Ой елегінен өткізе келе  көрме атауын «Сіз енді ешқашан ұмытылмайсыз, ұлы шығармаларыңыз ұмытылмайды, Шәкәрім баба!» деген пейілмен көрме тақырыбына «Әрқашан ұмытылмасқа...» деген өз сөзін лайық санадық.

Бір қызығы, осы «Ұмытылмасқа» сөзін басшылыққа алып, материал жинау барысында біздің алдыға қойған бағытымыз философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есімнің «Мұтылған философиясы» атты еңбегіндегі ойлармен өзектес болып шықты. Ойымызды бекіте түсу үшін мақаламызды академик сөзімен түйіндемекпіз.

«Шәкәрім өзіне-өзі "Мұтылған" (ұмытылған - Ғ.Е.) деп ат қойған. Біздіңше, бұл псевдоним. Мәселенің байыбына барсақ, ақынның өзіне осылайша ат қоюында мән бар. Оның дәлелін "Мұтылғанның өмірі" деген толғау-өлеңнен табамыз.

Жаралы жаным шықсын деп,

Қара жер мені жұтсын деп,

Өлген соң елім мұтсын деп,

Атымды қойдым: "Мұтылған".

Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан...

...Мұтылған деген сөздердің астарында ұмытылмайтын мән жатыр. Ұмытылатыны немесе ұмытылмайтыны қайсы. Әркім өзі ойлануы керек. Өз-өзінен жапырақтың сарғайып, жерге кеуіп түскеніндей, құмды жерге нөсердің із-түссіз сіңіп кеткеніндей болмыста ұмыт болып жататын жайлар аз ба?! Оған кім пәлендей мән берген? Немесе Адам атадан тараған сансыз ұрпақтың қайсыбірінің есімі жұрт есінде қалды? Оның ұмыт болғандары да орынды. Есте қалатын адам есімі емес, оның ұзақ кешкен ғұмыры емес, Абай айтқандай, артына өлмейтұғын сөз қалдыруы. Бірақ сол сөз қалдырғандар да ұмыт болады екен. Осындай жайлар, негізінде, ұмыт болу деген тарихтан, халық санасынан мүлдем жойылу емес. Ел өзінің есін жиған кезінде ұрпағы есіне алатынына сенім білдіру. Сол үшін Шәкәрім өз ғұмырын тиянақты түрде өлең етіп жазып қалдырған. Бұл ес жинағанда елі ұмыт болғандарды есіне түсірсін дегені», дейді академик Ғарифолла Есім.

Қайрат Сабырбаев,

 Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

музейінің жетекші ғылыми қызметкері.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.