ШӘКӘРІМ ЖЫЛЫ – ШӘКӘРІМТАНУ ШЫҢЫ

Жақында бір ғасыр бұрын Алаш арыстары ту тіккен Алаш қаласы Семейде «Абай музейінің хабаршысы» ғылыми-танымдық журанылының кезекті саны жарық көрді. Журналдың толықтай шығарылымы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен өміріне қатысты фотосуреттер, архив құжаттары мен деректерге арналып отыр. Бұл даламыздың даңғайыр данышпаны, озық ойлы философ, танымы бөлек тарихшы, әуезді әні бір төбе сазгер, Абайдың ақын шәкірті әрі інісі, өз заманындағы Алаш қайраткерлерінің ірісі Ш. Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ұйымдастырылған бірегей бастама.

Аталған журналдың түрлі-түсті бояумен безендірілген негізгі беттері кемеңгер тұлғаның ғұмырбаянынан ерекеше орын алатын киелі жерлердің фотосуреттерімен, ақынның ақталуына байланысты табылған дерек пен дәйекке толы құжаттармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. 120 беттен тұратын басылымдағы ғылыми мақалалар мен зерделі зерттеулер Шәкәрім өлеңдерінің бір-бір тармағы бойынша тақырыпша болып, арнаулы 10 тарауға бөлініп берілуі ізденуші оқырман үшін үлкен пайдасын тигізіп, ыңғайына қарай жеңіл оқылады.

Алғашқы «Адамдық борышың – халықыңа еңбек қыл» тарауындағы Абай қорық-музейнің директоры Болат Жүнісбековтың «Келешекпен тілдескен кемеңгер» атты мақаласы тұтастай Шәкәрім Құдайбердіұлына арналып жарыққа шығып отырған журнал санының алғы сөзі іспетті басылып, автордың ақын өлеңдеріне, жалпы шығармашылығы туралы идеясы   оқырманға ой салады деп сенеміз. Осы айдардағы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 22 сәуірдегі №121 санында жарияланған алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Қалқаман-Мамыр» атты мақаласын сол дәуірдегі Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасымен қатар жалпы ақын шығармашылығына берілген ең алғашқы лайықты баға, соған қоса зиялы қауым өкілдерінің парасатты пікірі есебінде қабылдауға болады. Осы рубрикадағы белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессорлар Арап Еспенбетовтың «Ұлылықты тануға ұмтылыс» және Балтабай Әбдіғазиұлының «Шәкәрімтану: Ізденістер мен жетістіктер» атты мақалалары арқылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталғаннан бері шығармашылығының халыққа жетуі, таралуы мен әдебиет саласындағы ақын мұрасының зерттелуі хақында танымдық дүниелерге қанығуға болады.

Қызығушылық танытқан оқырмандар Ғарифолла Есімнің «Солон және Шәкәрім», Мекемтас Мырзахметұлының «Шәкәрімдегі жантану ілімі», Сиирт университетінің (Түркия) философия докторы (PhD) Илияс Эрпайдың «Дін тазасын діннен ізде» мақалаларымен бірге ойшыл Шәкәрімнің философиясына үңіле алады.

Журналдың «Үш сурет сыры» тарауындағы «Шәукен сақтап қалған фотосуреттер», «Фиельструп түсірген фотосурет», «Шыңғыстаудағы фотосурет» атты мақалалар Шәкәрімнің бүгінгі күнге дейін бізге беймәлім болып келген жұмбаққа толы ақын ғұмырының сырын іздеуге әрі табуға көмектеседі.

«Абай музейінің хабаршысы» журналынан Шәкәрім Құдайбердіұлының ән өнерінде қалдырған мұрасымен, қолөнер бұйымдарын жасаудағы шеберлігімен, былтырғы жылы тұсауы кесілген «Shakarim.kz» виртуалды көрмесі жайында мәлімет алуға болады. Бұған қоса, Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері мен әдебиетші ғалымдар мен шәкәрімтанушылардың Шәкәрімге қатысты кейнгі жылдарда жазылған зерттеу еңбектерін оқуға болады.

Биылғы жылы аталған журнал беттерінен ақынның шығармашылығы мен өмірінен елеулі орын алатын тарихи деректерді, орынды ойларды, пайымды пікірлерді парақтайтын боламыз. Шәкәрімге қатысты ғылыми мақалаларды жарыққа шығару арқылы, оның философиялық өлеңдеріндегі жұмбақты шешіп, тұғыры биік туындыларындағы түйінді тарқатып, аз да болса Шәкәрім шыңына, Шәкәрім әлеміне аяқ басып, жақындай түсетініміз анық.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің ғылыми қызметкері