ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • АБАЙ ШАҢЫРАҒЫ – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МУЗЕЙІ

АБАЙ ШАҢЫРАҒЫ – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МУЗЕЙІ

Оқылған 7801 рет

Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің республикалық «Уақыт Таңдауы – Выбор Времени» Агенттігімен бірлескен жобасы бойынша Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында дәстүрлі жыл таңдаулылары анықталған болатын. Үздік облыс, жоғарғы оқу орны, кітапхана, музей...  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі – «Жылдың үздік музейі» атанды.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің сексен жылға жуық тарихы бар. Тарих тереңінен тамыр тартатын музейдің жеті бөлімінің бір шеті орталықтан 600 шақырым, екінші қиыры 270 шақырым шалғай орналасқан.

Ұлылар елі – киелі Жидебай (қорық алқабы – 6400 га) мен Бөріліде, Семей қаласында төл мәдениетімізді танытатын 31 тарихи ескерт­кіш шоғырланған. Абайдың мұражай-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, Би-ата мазары мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі көпшілік ерекше қастер тұтып, зиярат ететін киелі орындар.

Музей қорына алынған жәдігерлер саны мен сапасы, құрамы мен құндылығы жағынан қолжазбалар, құжаттар, ескі басылымдар, этнографиялық заттар, бейнелеу өнері туындылары және фотосуреттер болып табылады. Қазір мұнда 20 791 жәдігер сақтаулы, оның 11 797-і негізгі қорды құрайды. Ғылыми кітапхана қоры – 14 мыңға тарта кітаптан тұрады. Атап айтқанда, ұлы ақын Семейдің өлкетану музейіне тапсырған тұрмыстық заттар (17 дана), ұрпақтары сыйлаған дүниелер, Абайдың тұңғыш жинағы, ақынның ұлдары Ақылбай, Турағұлмен (1896 ж.) және отбасымен (1903 ж.) Семейде түскен суреттерінің түпнұсқалары, ұлы ақын білім алған Ахмет Риза медресесінің 252 кітабы, қолжазбалар мен естеліктер, сирек кітаптар, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты – ақынның көзіндей, ұлттық құндылықтар.

Бұған қоса, музей қызметін қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылады.

Елордамызда биыл өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі Абай музейінде де үлкен серпіліс туғызды. Халықаралық көрме аясында Абайдың мемлекеттік қорық-музейі Астана қаласындағы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық академиялық кітапханасында үш тілде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен қатар, биыл қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің туғанына 120 жыл, Ә.Найманбайұлының туғанына 150 жыл, «Алаш» партиясымен автономиясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты тұрақты және жылжымалы көрмелер, конференциялар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеу еңбектері шығарылды.

Ұлы даланың Ұлы ақынының музейінің ұжымы Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығын насихаттауды өзінің абыройлы да ардақты борышы санайды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.