«ДАНА МЕН ДАЛАНЫ ДӘРІПТЕГЕН»

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі 16 қазан күні ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаровтың 80 жасқа толуына орай «Дана мен даланы дәріптеген» атты көрме және мәдени-танымдық кеш ұйымдастырды.  

Кеш Абай қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбековтің құттықтау сөзімен ашылып, мерейтой иесіне шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Шара барысында Жарма ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Матанов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік универсиетінің ректоры М.Ескендіров, ф.ғ.д., профессор А.Еспенбетов, «Шәкәрімтану» орталығының директоры А.Смағұлова қатысып,  ыстық лебізіндерін білдірді.

Мақаш Тыныштықбайұлы медицина ғылымының докторы, профессор, академик болса да дүниеге суретші болып келген. 1960 жылдан бастап ол сурет, портреттер, пейзаждар, картиналар сала бастады. Ешқандай арнайы білім алмай-ақ өмірге деген өз көзқарасы бар, өзіндік шығармашылық әдіс-тәсілі бар, қоршаған ортаны бейнелейтін өзіндік сара жолы бар суретші болды.

 «Ұлы Абай мен Шәкәрім әлемі – менің басты тақырыбыма айналды. Сонау 1975 жылдан бері осы тақырыппен үздіксіз айналысып келемін. Абай мен Шәкәрім аталарымыз, олардың айналасы, үлгі тұтарлық өнерлері мен рухани ой әлемдері жайлы біршама шығармаларым өмірге келді, әлі де келе бермек. Бұл тақырып-менің өмірлік бойтұмарым секілді», - дейді Мақаш Тыныштықбайұлы өзінің шығармашылығы туралы.

1975 жылдан бастап Мақаш Әлиакпаров Абай музейімен тығыз байланыста. Суретшінің 17 жұмысын 1975 жылы Абай музейі өз қорына алды.

Егер М.Әлиакпаровтың шығармашылық дәстүрі туралы айтатын болсақ, онда оны қоғамның күрделі құбылыстарды көрсеткен туындылары,  монументалды суреттері болмаса да, оны тарихи суретші деп тануға болады. Ол тарихымыздың тұлғасы, бас ақынымыз Абай тақырыбына келіп, сол арқылы бізге тағы екі ақынды – Шәкәрім мен Ахатты танытты.

Көптеген суреттер сериясын Шәкәрімге арнады, сонымен Шәкәрімнің тағдыры мен шығармашылығын ең алғашқы зерттеушілердің бірі болды және оны насихаттау мақсатында Қарағанды қаласында жеке шығармашылық өнер /сурет/ галереясын ашты.

Талантты суретші Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаровтың дербес көрмелері Семейде, Қарағандыда, Алматыда, Астанада, Москвада және Италияның Милан қаласында үлкен табыспен өткен. Оның картиналары Қазақстанның бірқатар картина галереяларына қойылған. Суретшінің шығармашылығы туралы каталогтар мен репродукциялар альбомдары жарық көрген.

Абай қорық-музейінің көрме залында Мақаш Әлиакпаров коллекциясынан Абай, Шәкәрім тақырыбындағы 90-нан астам туындылары көрермендерге ұсынылып отыр.

Танымдық шараға Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншілері Б.Омаров, С.Мұхамедсадықов, Б.Түктібаев және «Абай» өнер мектебінің шәкірттері қатысып, өз өнерлерін жиылған қауымға паш етті.

 

Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» 

 қорық-музейінің баспасөз қызметі