ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: ЕЛ АНАСЫ - ЗЕРЕ

Оқылған 4631 рет

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрында 23-24 тамыз күндері «Зере» поэтикалық спектаклінің премьерасы болып өтті. Драма авторы, ұлт ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет үшін хакім Абайды тәрбиелеп өсірген асыл әженің бейнесін сахнада суреттеу – бұйырған үлес, интеллектуальды қойылым болып шықты. Қазақ асқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан бек таныс классикалық кейіпкерлерді театрда кейіптеу күрделі, қиын-ақ. Алып жазушы Мұхтар Әуезов қазақ халқының рухани жолы бұл Абай жолы, көкірегін күмән буса, қазағын адастырмас темірқазық Абай өсиетіне адалдық деп кейінгі ұрпақтардың жадына сіңіруді суреткерлік асыл мұрат етті.

Драматургия жанрының жұмбағы ар­қалы Ұлықбек ақынды біраз абыр­жыт­қанымен, пьесадағы шиеленісті оқиғаның, қи­мыл-харекеттің кейбір олқылығын поэ­тикалық сөз құдіреті арқылы, нөсерлі ақ өлеңмен алмастырып жібергені анық. Бақ­сының сарнауы мифтік қуатпен табиғи беріл­ген. Көркем сөз, шешендік өнердің куль­ті градациялық үдеуі залдағы көрермен үшін ана тілдің құдіретіне бас игізер күшке ие болуы заңдылық, әрине, текстегі сөздік қордың мол кеніштей қатпарлы астарында қырнап-жонып жіберсе дейтұғын артық тұс­тары кездеседі. Образдар жасауда автор қа­зақтың ұлттық дүниетанымына шын адал­дығын таныта беретіні поэтикалық дра­маны сыннан сүріндірмей алып шық­қаны рас. Декорация аз болғанымен, спек­такльдің мазмұнын жұтатпай алып шығуға та­тиды. Бірақ костюмдердің біртектілігі көңіл­ге қонбағаны рас.

Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әс­петова атадан текті туған ұрпағын алтын ұясында шайқап өсірген, ақ сүтін ақтаған, иісі қазаққа абыройы асқан қас жақсыны із­гілікке, кісілікке баулыған ел анасы Зе­ре­нің сипатын беріліп, шынайы сүйіс­пен­ші­лікпен сомдады. Гүлжан Әспетованың эстетикалық талғамы, қазақ әйеліне тән кө­рікті келбеті Зере бәйбішенің мәртебесін ай­қындап берді. Кимешегі жарасып, ақ жү­зі нұрланып тұратын қазақ анасын көр­некті актриса эмоциясын шығармай, ішкі дүниесімен ойнайды. Зере отбасында күй­беңмен жүрген әншейін көп кемпірдің бірі емес, жұрт қамын ойлайтын үлкен тұлға. Зе­ре өмірде ақылды, өте бауырмал, мейі­рім­ді ана болыпты. Театр мен кинода бір кейіп­кердің болмысы екі түрлі ракурста шы­ғады. Бірнеше дубльмен түсіріліп, мон­таж­далатын киномен салыстырғанда, сахна шеберінің тірі ойыны арқылы, кө­рермен қауыммен бетпе-бет келіп, кейіпкер жа­ратылысын алып шығу жүз есе қиы­ны­рақ өнер, нағыз майданға түсумен тең. Зере-Гүлжан әпкеміз биік тұғырдан түс­пе­гені көрінді.

«Зере» – жаһандану мен ұлтсыздану про­цестері жезтыр­нақ­ша бүріп бара жатқан қазіргі қазақ хал­қына есте жоқ ескі дәуір­лерден жал­ғас­қан рухани құндылықтарын қайталау ар­қылы, зор сарынмен анықтап беруімен құн­ды драма. Бұл құндылықтар – елдік ғұрыпты сақтау, кие, бата, ана, әйел, са­уатты ұрпақ өсіру, ел болу идеологиясы. Әнет бабаның өсиетінде жеті қазынаның бірі – ақ жаулық делінген. Әйел заты, ардақты аналарымыз бірқатар ру атына шыққан халықтың ұрпағы екенімізді сахнадан се­зіну мынау қым-қуыт заманда артық ет­пей­­ді. Кейіннен Абай өз өлеңде­рінде күйі­ніп айта беретін надандықпен оның әжесі Зе­ре күресіп, ел билеген баласы Құнекеңмен тай­таласқан Байсал, Бөжей, Қаратай үшеуі­не бала оқыту елдік мұрат екенін ұқ­тыр­ды. Ұлықбек ақын «Қит етсе құдайды да қарғап шыға келетін қазақ» деген айыптау сөзді, жазған құлдың кесірлі пси­холо­гия­­сынан жиренуді Құнекеңнің аузына тек­ке салмайды, бұл-дағы адамзат нәсілін өсір­мейтін, қара пиғыл, керітартпа, тоғы­шар, кеселді түйсіксіз, оңдырмас теріс құ­бы­лыс.Автор қазіргі әлемдік өркениет көшіне ілескен сәтінде қазақ халқының өз стихия­сын дәл түстейді. Оның киелі ұғым­дардан, ұлттық танымнан, тыйым мен ырымнан тұратынын ұқтырады. Бір атадан тараған ағайын арасындағы бақталастықты дәл сурет­тейді. Би Ата Кеңгірбай биге келіні Зере жасөрім баласы Құнанбайды ертіп ке­ліп, үшінші мәрте бата сұрайды. Бұл та­ри­хи шындыққа құрылған эпизод. Ақыры дуалы ауыздан игі тілекті тартып алғандай болғанда Би ата қаттылық танытып, жас Құнанбайға теріс батасын береді.

Аға сұлтан Құнекең Абай­дың әкесі болса, Абай – бір ұлттың маңдайына ту­ған дара тұлға. Ұлықбек Есдәулет елдік салт-дәстүрді молынан салып, қазақ ұлты үшін БАТА өте қасиетті ұғым екенін ай­рықша танытты. Ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын биік нышандар өз ал­дына, Тыржыққыздың «то­қал ша­шу» эпизодында ко­медия­лық элемент арқылы суреттеу елдік қасиеттен ай­рыл­­мау­дың, рухани құл­дырау­ға құла­маудың қамы. Пьесада­ғы лейтмотив – ана­ның ба­ла­ға махаббаты және бата, қорғаушы, жебеуші күш­тің әсе­рі. Бата – магия­лық қа­сиет­ке ие қуатты энер­гия, шын лебіз-батада тұнып тұр­ған құдірет-күш бар, бата құдайдан шығады, сондық­тан адам басына біткен бақты – жазмышты Иран бағындай жайнатады. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер кө­­ге­рер» деп кесіп айтқан қа­­зақ – данышпан халық. Бұл әуелгі Сөз құдай болған деген діни астармен сәйкес келе­тін тылсым.

Құнекең жас Абайының «Сегізаяқ» бір шумақ өлеңін жатқа оқитын тұсы бар. Мұ­ны кейбіреу хронологиялық жағынан жаң­сақтық деп қа­былдауы ғажап емес, бірақ Ұлықбек ақын осыны білмеген соң салып отыр­ма­ғаны белгілі. Бұл көркемдік тәсіл Абайдың әкесіне: «Әке, мен сенен астым!» дей­тұғын еркелік сөзін ақтап алуы деп тү­сіну керек. 

Қаллеки театрының биылғы маусымы «Зере» драмасымен жабылды. Театрдың көр­кемдік жетекшісі ҚР халық артисі Тал­ғат Теменов, директоры Айболат Сексенбаев. Суретшісі – Берік Бөрібаев. Қойы­лым­ның режиссері, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Нұрқанат Жақыпбаев актер ойы­нынан бөлек, сахнадағы жарық пен дыбысқа персонаж сияқты қарайды. Тә­жіри­белі режиссер артистік құрамды сәтті таңдаған. Құнекең рөліндегі «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев жан-жақты дайын­дығы мол актер. Би Ата-Кеңгірбай би рө­лін­де – Жанқалдыбек Төленбаев пен Жә­­нібек Мұсаев, жас Абай рөлінде Жанат Оспанов. Эпизод бола тұра комедиялық рөл­дің күрделі табиғатын екі құрамда ой­наған Айман Аймағанбет, Ботагөз Мақ­сұтова, Айшолпан Ибраева, Алтынгүл Сер­кебаева төртеуі қапысыз алып шықты. Бақыт Исабекова, Кеңесбай Нұрланов, Боранбай Молдабаев, Асылбек Қапаев, Ай­нұр Жүгінісова, Жанар Қасымова, Олжас Жақыпбек, Сая Тоқманғалиева, Самат Байыров, Аманжол Молдахмет, Жасұлан Ерболат, Заңғар Әбенов, Нұрсұлтан Есен, Дастан Әлімов драманың жүгін бір кісідей арқалап шықты.

Айгүл Кемелбаева, жазушы 

«Қазақ әдебиеті» газетінен

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.