АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ҰЛЫ АҚЫННЫҢ 172 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 2017 жылдың 23 тамызында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Өлең – сөздің патшасы» мерекелік шарасын өткізді.

 

Шара бағдарламасында:

-       «Артық ғылым кітапта...» І-ші қалалық мектеп жәрмеңкесі;

-       Ақындар шеруі; 

-       Дойбыдан ардагерлер арасындағы республикалық чемпионат;

-       Дойбышы Б.Пышановтың (Тараз) құлағымен көлік (Абай заманының арба - пәуескесін) тартуы.

-       Тоғызқұмалақ ойынынан оқушылар арасында қалалық жарыс;

-       Жас жұбайларға бата беру рәсімі;

-       Концерттік бағдарлама;

-       Тақырыптық экскурсиялар;

-       Алтыбақан

«Өлең – сөздің патшасы» шарасы Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Шарованың құттықтау сөзімен ашылды.

Биылғы жылы мерекелік шара аясында Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе «Артық ғылым кітапта...» деген айдармен мектеп жәрмеңкесі өткізілді. Сатылымда мектепке қажетті оқулықтар және кеңсе заттарымен бірге әдеби кітаптар, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, сонымен бірге Алаш қайраткерлерінің шығармалары болды. Мақсаты - ұлы тұлғалардың асыл мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақтың рухани дамуына мол мүмкіндік беру.

Мерекелік шарада Абайдың шығармалары, әндері және ұлы ақынға арнаулар оқылды. Оған:

- «Ақшам хаттары», «Рауан» атты жыр жинақтарының авторы, белгілі ақын Т.Әбдікәкімұлы;

- «Абай» журналының Бас редакторы, «Сандықтас», «Дүние дидар», «Сүмбіле» атты жыр жинақтарының авторы, танымал ақын М.Оспанов;

- «Ой-сана» ақындар орталығының жетекшісі, айтыскер-ақын С.Молдабеков;

- «Жас алаш» газетінің Шығыс Қазақстан Облысындағы тілшісі, ақын, журналист Сәтжан Қасым;

- туған халқымыздың ерекше мақтан етер ән жұлдызы, Шәкір әндерін жеткізуші  А.Жікенов;

-  әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Сағымбаева;

- «Дариға-ай» жастар театры;

- Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы;

- Семей қаласының мәдениет сарайы;

- Л.Хамиди атындағы №1 музыкалық мектеп;

- «Айналайын», «Ай-Іскер», «»Ертөстік» балабақшалары қатысты..

Қара шаңырақта биыл аталып өткен ұлы ақынның туған күн мерекесінің маңызы ерекше. Өмір жолына қол ұстасып, бірге аттануды ұйғарып, неке куәлігін алған жастар өздерінің алғаш қадамдарын ұлы ақын музейінен бастады. Тоқсанның төріне шыққан еңбек ардагері Әбдеш Имахановтың батасын алған жас жұбайлар  музей экспозициясымен танысты.

Тараз қаласынан ардагерлер арасындағы дойбыдан республикалық чемпионатқа арнайы келген Берікжан Пышанов Абай заманының пәуеске-арбасын құлағымен сүйреп, өзінің ерекшелігімен жұртты таңдай қақтыртты.

Әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Б.Сыбановтың жұбайы Ү.Сыбанова әншінің концерттік костюмін музей қорына сыйға тартты. Мерекелік шара қонақтары жергілікті қолөнер шеберлері бұйымдарының жәрмеңке-көрмесін тамашалады.

«Өлең – сөздің патшасы» шарасы алтыбақан аясындағы музыкалық бағдарламасымен жалғасты. Шараға қатысқа семейліктер мен қала қонақтары ұлттық тағамдар – тіл үйірген қымыз бен  ақ бауырсақтан дәм татты.

 Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелері, оқу орындары мен БАҚ өкілдері  қатысты.