"ҚАР ЖАУСА ДА СӨНЕР МЕ?"

Абай – айналасының ғана артық-кемін айтушы емес, өз мінін де іремей сойған және өзінің де қай биікте екенін қапысыз білген ғажайып тұлға. «Өзім де басқа шауып, төске өрледім», «Өзімді сонша зор тұтып», «Өз мінімді қолға алдым» деп келетін өлең жолдары қазақтың «өз мінін білген – данышпан» ұғымының үдесінен шығып тұр емес пе?!

Иә, хакім атамыздың бұл данышпандығы турасында аз айтылып жүрген жоқ. Біз «Қарашада өмір тұр» деп басталатын өлеңінің алғашқы сегіз жолын өзімізше талдай отырып өзін-өзі таразылай білген кемеңгердің өз салмағын да бағамдай алғаны туралы айтқымыз келді.

«Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң қайтып келер ме?

Майдағы жұрттың іші – қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да сөнер ме?», дейді.

Былай қарасаң аса бір жұмбақ, түсінікке ауыр дүние емес секілді, бірақ өлеңді іштен сезінген тұста осы сегіз жолға тұтас адам өмірі һәм бағасы сыйып тұрғандай алапат сезімді бастан кешесіз. «Қарашада өмір тұр» – бұл Абайдың баршын тартқан уақыты. Қарашадан кейін – жылдың соңы желтоқсан. Оны адам өмірімен қатар өргенде өмірдің ақыры дейміз. Қарашаны орталап, сол ақырға қарай аяңдап келе жатқан уақытты тоқтатып, тосып, кідіртіп тұру мүмкін емес әрине. «Арттағы майы» – жастық шақ. Ол енді оралмайды. Бұл төрт тармақ былайша айтқанда жалпы  өмірдің ұстыны. Хакім енді философиясына көшеді.

«Майдағы жұрттың іші – қар», дейді. Бұл енді кейінгіге қарап отырып кейігені. Өзі «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» адамның ең негізгі қасиеті санайтын Абай кейінгі «Кеудесі – толған қулық ой, Бәрі де пысық, езбе емес, Құмары оның – айт пен той, Пайда мен мақтан – өзге емес» жастардан соны таба алмай қайрандайды. Білім де, парасат та сол үш қасиетке қонбақ еді ғой. Ал, майдағы жұрттың іші – салқын, суық, жігерсіз, нұрсыз, талапсыз. Оған енді бәйшешек өнер ме, парасат, білім қонар ма? Ал, ендігі байламды қараңыз! «Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да сөнер ме?!». Қараша келіп, желтоқсанға ұласса да, желтоқсан бітіп өмірін ақырластырса да ішінде оты бар адамның «мені» сол сөнбеген қалпы, жалындаған қалпы «менікінен» ажырап қана кете барады екен. Міне, өмір! Құлшыныс, қуат! Ішіндегі оты сөнген отыздан он есе, жүз есе артық алпыс! Ол – Абайдың алпысы!

Кейде айналамнан сондай алпысты, жетпісті, тіпті сексенді көрем. Қызығам! Ішімдегі қоламтаны үрлеймін кеп! Шырпы салам, лап етіп барып өшіп жатады. Жанталасам! Отты кәрілік – бықсық жастыққа бергісіз қарттық. Ол бықсыған жастығыңға пысқырып та қарамайды. Айтпақшы, қарттықтың қуатын Жетпісбай, Сексенбейлармен ғана байланыстырып ойлайтын бастар көп. Біздің айтпағымыз басқа. Өмірге деген көзқарас, құлшыныс, еңбек, парасат, «мені мен менікі айырылғанша» маздап тұрар от, мәңгі мығым құрыштай қуат. Ондай адамдар сонша көп те болмайтын секілді ме, қалай?

Мен анау бір ақсақалдың кеудесінен сексеуілдің шоғы маздаған сексенді, томыртқаламап ұрттамасаң ауыз күйдірер тоқты сорпасындай қайнап тұрған тоқсанды да көрем. Сіз ше?

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»