Әлкей МАРҒҰЛАН: АБАЙ ҚОЛЖАЗБАСЫ

Абай - әлемдік әдебиеттен белгілі орын алған кемеңгер ойшыл, адам баласын шындыққа, игілік іске, еркіндікке шақырған ұлы ақын. Ақынның жазғандары өзінің бейнелі көркемдігімен сәулетті сұлу дүниедей адам көңілін баурап алса, оның мазмұны да жүрекке сәуле түсіргендей, жаңа бір қызықты, қуанышты дүниеге кіргізгендей болады. Бірақ кемеңгер ақынның қолжазба мұралары осы күнге дейін терең зерттеліп, бір ғылыми тәртіпке келмеген. Мұның әлпеті ретінде қазір менің алдымда бірнеше хаттар жатыр. Бұларды жолдаушылар - Абайды зерттеуші жас ғалымдар, Абай музейінің қызметкерлері, диссертация қорғауға дайындалып жүрген талапкерлер. Осы хат иелерінің барлығы да Абай мұрасы туралы кеңес сұрап, сыры ашылмай жатқан соны деректер жоқ па екен деп білгісі келеді.

Абай мен Шоқанға тән жазу мұраларымен мен 1927 жылдан (студент кезімнен) таныса бастадым. Бұл кісілер орыс ғалымдарына көп заманнан белгілі болғандықтан, олар туралы қалайда бір із болу керек қой, деген сенім менде сол кездің өзінде-ақ болушы еді. Бұл жору кейін расқа шықты: Абай мен Шоқанға тиісті мәліметтер Москва мен Ленинградтағы, Омск мен Томск қалаларындағы атақты кітапханалардан, архив қоймаларынан көріне бастады. 1938 жылы Ленинградтағы Күншығыс халықтарын зерттеу институтының архивінен Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты табылды. Онымен бірге Абайдың әкесі Құнанбай мен ұстазы Ғабитханның да Халиуллаға жазған екі хаты шықты. Бұл хаттар 1865-1866 жылдары жазылған. Ол -Абайдың тіршілік майданына жаңа шығып жүрген жас ақын кезі болатын. Сондықтан бұл хаттарды жас Абайдың өмірі туралы қағаз бетіне түскен бірінші деректер деуге болады. Бұлар «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1959 жылғы 6 номерінде жарияланды. Хаттардың қазіргі сақталып тұрған жері - Азия халықтарын зерттейтін институттың архиві (ф. 5 № 13, лл. 50-51).

Халиулла - Омскінің кадет корпусында оқыған, Абайдың жақсы көрген інісі, Шоқан сияқты әрі ойшыл, әрі жазушы болған. Бірақ жастай өліп, артында оншалық із қалдырмаған. Абай орыс әдебиетінің терең сырларын, оның биік тұлғаларын ең алғаш осы Халиулла арқылы білген. Халиулла жазды күнгі демалысында елге келгенде халық жырларын жинау, орыс классиктерін казақ тіліне аударып, оны өзінің жақын достарына, туысқандарына әңгімелеп айтып беру ісімен шұғылданған. Халиулланы жақсы білген Н. Максимов, Г. Н. Потанин,  Н. М. Ядринцевтің жазуынша, ол Толстойды, Тургеневті, Салтыков-Щедринді,  Белинскийді, Добролюбовты тұңғыш рет қазақ тіліне аударған, халық эпосын жинап, зерттеуге көп еңбек сіңірген. Бір өкініштісі сол - Халиулла жастай дүниеден көшіп, оның қолжазбалары әркімнің қолында кеткен. Дегенмен Халиулланың қолжазбаларын,  әсіресе оның орыс-түрік соғысына (1876-1878) қатысқанда жазған дәптерлерін тауып, көпшілік алдына тарту аса қажетті жұмыстың бірі болар еді.

Абай қолжазба мұраларынан біздің әдебиетшілеріміздің жақсы білетіні - Мүрсейіттің  қолжазбасы, не оның кейінгі көшірмелері. Мұны Абай өлеңінің толық қамтыған, аса бағалы, негізгі бұлақ көзі деуге болады. Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі - үлкен кітапханада сақталмай, ауылда, сандық ішінде сақталып келген. Сандық түбінде жатқан сирек колжазбалардың көбі бізге жетпей, көшпелі тұрмыс жағдайында жоғалып отырғаны зерттеуші ғалымдарға бұрыннан мәлім. Егер Мүрсейіт қолжазбасының тағдыры тап осындай болса, онда Абай ақынды жарыққа шығару тіпті қиын болар еді. Бірақ Абай ауылының өзгеше мәдениеттілігінен бұл тамаша қолжазба жоғалып кетпей, кітапханадағыдай сақталып, енді жас ұрпаққа сәулетті мұраның бірі болып отыр. Тегінде, Абай өлеңдері өзінің тірі күнінде қолжазба түрінде жинақталып, орыс ғалымдары арқылы, жоғарыда көрсетілгендей, үлкен кітапханаларға да түсе бастаған. Осы соңғы жылдар ішінде, Шоқанның әдебиет мұраларын зерттеу үстінде, Абай шығармаларының төрт тізбегін таптым. Олар: бірінші князь Кудашевтің тізбегі, екінші Садуақас Құсаұлының тізбегі,   үшінші   Г.   Н.   Потаниннің   жинағы,  төртінші - Н. Я. Коншинның жинағы. Бұлардың ішінде ең ертеректе  жазылғаны - Г.  Н.  Потаниннің жинағы.  Бұл 1884 жылы жазылған. Г. Н. Потаниннің өтініші бойынша бұл өлеңдер тобын Абай өз қолымен жазып жіберген. Конвертте: «Из Чингизской волости от А. К.» деген жазуы бар. Потанинге жіберген Абай өлеңдері көпшілікке тіпті мәлім емес, түгелдей жаңадан табылған өлеңдер.   Сондай-ақ   жинақтың   ішінде үлкен  поэма «Қозы Көрпеш - Баян қыз», «Жаңа закон», тағы басқалар бар. Мұнда халық эпосы, заң-жоралар туралы мәліметтер орасан көп. Онық көбі Күншығыс (қазақ, қалмақ, монгол, якут) тілдерінде. Өйткені көзі ашық, көкірегі саналы адамдардың  Потанин  сияқты  өздері жанындай сүйетін кемеңгер кісіге жазбай қалғандары кемде-кем.

Абай өлеңдерінің бірінші рет топталған қолжазба жинағын Садуақас тізбегі деуге болады. Тегінде, мұны бірінші рет тізген Жүсіп ақын Көпейұлы, ал Садуақас оларды өз дәптеріне содан көшіріп жазған.

Жинақ 1884-1891 жылдар арасында тізілген. Абай шығармаларынан басқа да мұнда бірнеше ақынның жырлары жиналған. Оның ішінде қарауыл Арыстан, Тобылбай ақынның, Жүсіптің, Садуақастың өзінің, тағы басқалардың жазғандары бар. Садуақас осы дәптерін 1897 жылы Петербургқа барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілін, әдебиетін зерттеуші ғалым П. М. Мелиоранскийге сыйға тартқан. Қазір бұл дәптер Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында, академик А. Н. Самойлович архивында сақтаулы тұр (ГПБ, ф. 671, № 94).

Бір қызық жері, бұл дәптерде Абай өлеңдері барын П.М. Мелиоранский де, кейін А.Н. Самойлович те білмеген, егер білсе, олар әлдеқашан пайдаланып, әдебиет жүзінде сөз бола бастар еді.

Садуақастың бұл дәптері қазақ қолжазбаларының ішіндегі маржандай тізілген көркемінің бірі. Садуақас орыс әдебиетін, Күншығыс халқының әдебиет дүниесін жақсы білген, мәдениетті кісі болғандықтан, Абай шығармаларына зор мән беріп, оны өз қолымен мүлтіксіз көшіріп, ғылыми  кітапханаларға тапсыруы  игілікті іс болған, Садуақастың бұлай істеуіне, әрине ертеде өткен Шоқан мен Г. Н. Потаниннің әсері себеп болуында сөз жоқ.

Садуақастың   осы  дәптерінен бұлжытпай көшірген бір нұсқасын 1897 жылы В. А. Кудашев қазіргі мемлекеттік география қоғамының кітапханасына тапсырған. Ол осы күнге дейін сол қоғамның архивінде сақтаулы тұр. В. А. Кудашев. «Перевод киргизских песен и легенд»  (Архив Госд.  Геогр. общ. разряд № 53 оп.  1, № 107, лл. 50-85). Біз бұрынғы мақаламызда («Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары», «Социалистік Қазақстан», 21 сентябрь 1954 ж., Вестник АН Каз ССР, 1955, № 5), Кудашев бұл өлеңдер тізбегін Абайдың өз ауылында, оның балаларынан жазып алған болу керек деп жорыған едік, қазір, Садуақастың жинағы табылғаннан   кейін, ол   ойдан   қайтып   отырмыз.  Өйткені Садуақастың дәптері 1884-1891 жылдар арасында тізілген; екіншіден, Кудашевтың жинағы осы Садуақас дәптерінен көшірілгені басынан  аяғына  дейін   айқын көрініп тұр. Бұл дәптердің жалпы  құрылысын ешбір өзгертпестен, онда не болса соның баршасын тегіс көшірген. Сондықтан Кудашев тізбегіндсгі   Абай өлеңдері   жоғарыда   келтірген   Садуақас   дәптеріндегімен бірдей.

Семейге айдаумен келген орыс революционері Н. Я. Коншин - Абайды жақсы білген кісінің бірі. Ол Семейдің облыстық санақ комитетінде хатшы болып тұрғанда Абайды оған құрметті мүшелікке өткізіп, П. Е. Маковский екеуі Абайдан қазақтың бұрынғы билік заңдарын жора-жосындарын жазып алып отырған.

Н. Коншиннің жинағында Абай шығармалары соншалық көп емес. Ол кісі көбінесе саяси-шаруашылық тұрмысқа ерекше көңіл қоятын болғандықтан, Абайдың тек қана азаматтық сарыны бар, мәдениетті, білімді, тұрмысты жырлаған өлеңдерін ғана жазып алған. Мәселен, бұл жинақта «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Секілді қара қарға шуласып жүр», деген Абай өлеңдері, бұдан басқа «Өткен замандағы қазақ хикаялары» дегендер бар. Бұл соңғы шығарма әлі жарыққа шықпаған, белгісіз жатқан соны нәрсе, барлығы 29 бет.

Коншиннің жинағы 1898-1901 жылдары тізілген. Бұл жинақтың негізгі арқауы Абай, Шортанбай, Жаяу Мұса өлеңдерінен құрылған.

Абайдың өзіне тән әдебиет мұрасымен қатар, оның өмірбаянына керекті мәліметтер де үлкен кітапханаларда, архивтерде кездесіп отырады. Сондай күрделі деректердің бірі - Абайдың әкесі Құнанбай мен оның балаларын патша үкіметі айыптап, тергеу жүргізген істер. Бұл документтер Омскінің мемлекеттік архивінде. Абай туралы роман жазушы Мұхтар Әуезов бұл деректерді көрмеген, сөйтсе де архив деректері мен оның романында айтылған тарихи эпизодтар мүлде бірі мен бірі қабысып жатыр. Бұған қарағанда Мұқаңның қариялар аузынан жазып алған әңгімелері өзінің тарихи негізін бергі кезге дейін жоймай, архивте сақталып тұрған деректермен қатар айтылып келгенін көрсетеді.

Абайдың   өмірбаянына   керек  деректің   бірі - ол кісінің орыс-түрік соғысы кезінде (1876-1878) жазған ашық хаты (ЦГИАЛ ф. 1281, оп. Е. № 807). Бұл хатта Абай панисламизмге қарсы шығып, қазақ халқын орыс әскеріне ат, киіз үй, тағы басқа түрлі көмек көрсетуге шақырған.

Абайдың көп  шығармалары «Дала уалаяты» мен «Түркстан уалаяты» газеттерінің төңірегінде бүркеліп жүргені байқалады. Әдебиет зерттеушілердің біразы тек қолындағы барға мәз болып, тереңге үңіле зерттеуді қолға алмайды, бір айтқанын қайта-қайта айтып, жаңалық ашуға ұмтылмайды. Біздің осы мақалада келтіріп отырған Абайдың қолжазба мұралары аз қазына емес. Оларды зерттеп, соңына түссе, мәдениетімізге күрделі негіз болған бірнеше мәселені шешуге болады, оның ішінде, әсіресе Абай жырларының қай кезден тарай бастағанын, ол неше жинақпен қай жерде сақталғанын, тағы басқаларды анықтау қажет, Абай шығармаларының қазір басылып жүрген тексінде бірталай қателер, күмәнді жерлер бар. Оларды дұрыстап бір қалыпқа түсіру үшін, жоғарыда келтірген нұсқалардың көмегі болатыны сөзсіз. Екінші жағынан, Абайды зерттейтін жас ғалымдар үшін бұлар соны жатқан байтақ материалдар.

 

Марғұлан Ә. Абай қолжазбасы // Абай тағылымы.

Әдеби‑сын мақалалар / Құрастырған филология

ғылымдарының докторы, пофессор Нығмет Ғабдуллин. –

Алматы: Жазушы, 1986. – 300-304-беттер.