ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • АБАЙ МУЗЕЙІ ДОСТАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ

АБАЙ МУЗЕЙІ ДОСТАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Оқылған 29201 рет

Қазақ даласында дүбірі жер жарған қаншама ас пен тойлар өткен. Көкорай бел мен жазиралы даланың салтанатын асырған, ауыл-аймағының мерейін тасытқан сол тойлардың қайсысы болмасын елдің еңсесін көтеруге, ынтымағын нығайтуға әсер етті. Сауын айтып, сайын даламызды дүбірге бөлеген бабалар тағылымы бүгінге дейін жалғасып, әр заманның мүддесіне сай сәл реңін өзгертті демесек, барлық жиын-той – көпке ортақ қалпында жалғасып келеді. Соның ішінде қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыл арнасы – Абай Құнанбайұлының әр кезеңдегі мерейтойының орыны бөлек.

Абай тойлары халықты біріктіруші күшке айналды. Ұлы ақын мерейтойларын ұйымдастырушылар мен ұйытқы болғандардың да мақсаты сол болды. Нәтижесінде ұлы Абай атымен байланысты ұлы дүбірлердің ұлағатын ұғып, мұрағатын сақтап қалғандар қатары көбейе түсті. Бірқатары арамызда жүр. Оларды музей ұжымы өзінің жанашыр әрі тілекші достары ретінде ерекше құрмет тұтады.

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайы» РМҚК директоры Болат Жүнісбекұлының ұйғарымымен биылғы Музей күні мерекесінде Абай музейінің бір топ достарына жастар алдында дәріс оқу ұсынылды. Музей шаңырағы аясындағы шараның қазір жаппай әдетке айналып бара жатқан қызылды-жасылды шоуға емес, тағылымдық негізге құрылуы мақсат. «Шоу дегеніміз көзді арбағанымен көкейге ешқандай дән қалдыра қоймайды. Біздің міндетіміз – шаңыраққа келген әрбір адамға Абай рухын, Абай тағылымын жеткізу»,-дейді музей басшысы.

Соның нәтижесінде, 18 мамырда «Музей түніне» арналған іс-шараның өзгесін айтпағанның өзінде Абай шаңырағының астында 4 бірдей танымдық дәріс өтті. Солардың ішінде екі дәріс Абай тойларына арналды. Осы тақырыптар бойынша музей қонақтары алдында республикалық «Абай» қорының жетекшісі Отантай Кәріпжанов пен телевизия ардагері Мұрат Әлин өз естеліктерімен бөлісіп, мерейтойлардың мән-мазмұнына тоқталды. Абайдың 125 жылдығы мен 150 жылдығына арналған алқалы жиындарды көздерімен көріп, белортасында болған мұражай достары өз тыңдаушыларына төмендегідей әңгіме легін жеткізді.

Алпыс жасқа жетер-жетпес ғұмырында Абай Құнанбайұлы әлемдік ақыл-ойдың шыңын бағындырғаны – ғажайып құбылыс! Өлмейтін сөз қалдырған алыбымыз өмірден өткенімен оның өнегесін өшірмеу, өрелі ойлары мен өрісті хикметтерін сақтау әрі келешекке жеткізу қажеттілігі туындады. Осы қажеттілікті қамыға сезінгендердің алғашқы легі Алаш арыстары болды. Әлихан Бөкейханов жазған қазанамадан бастап Хакім Абайға Алаш қайраткерлері қабырғалары қайыса сүбелі сөз арнады. Алаш көсемінің кеңесіне сүйеніп Ысқақтың Кәкітайы ұлы ақын шығармаларын баспадан шығарды. «Біз Абайдан қаншалықты алыстаған сайын, рухына соншалықты жақын боламыз» деп Міржақып Дулатов айтқандай, Абай әлемінің кеңістігіне осылай алғашқы қадамдар жасалып жатты.

Сондай көрнекті қадамның бастапқы бірі – ұлы ақынның өмірден өткеніне 10 жыл толуына арнап Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған шығармашылық кеш еді. Онда Жүсіпбек Аймауытов бастаған талай тарланның айрықша атсалысқаны айтылып та, жазылып та келеді. 1925 жылы, яғни, Абайдың 80 жасқа толған датасы Мұхтар Әуезовтың зор белсенділігі нәтижесінде «Орыс географиялық қоғамы» шеңберінде аталып, танымдық іс-шараларға ұласты. Заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлының машақатты еңбегі мен табанды ізденісі нәтижесінде 1940 жылдары абайтану мәселелері нақтыланып, оның ғылыми айналымға енуіне жол ашты. Абай тұлғасы жалпыұлттық биікке көтеріліп, еліміздің астанасы мен ірі қалаларындағы айтулы мекемелерге есімі беріле бастады. Сонымен бірге, ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған жылына дөп келгеніне қарамастан майдан мен  тылдан қалжыраған халық Бас ақынымыздың мерейтойына ерекше ілтипатпен араласты. Себебі, бұл тұста Абай даналығы еліміздің барлық түкпірене еркін тарап, бірегейленді. Ұлы ақынның 100 жылдығын республикалық көлемде аталды десек, 125 жылдығын Бүкілодақтық деңгейде жалғасты деуге толық негіз бар. Өйткені, бұл мерейтойға одақтас елдерден көптеген делегация келген болатын. Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұханов бастаған марқасқалардың Шыңғыстау жеріндегі сапарлары жайында да жеке-жеке естеліктер аз емес.

Ал, енді, ұлы Абайдың 150 жылдығы – Тәуелсіз Қазақстанның төл жетістігі! Бұрын-соңды қазақ даласында болмаған сән-салтанаттың ЮНЕСКО көлемінде аталуы  - Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлем алдындағы абыройының арқасында қол жеткізген табыс. Осы мерейтойыдың аясында Лондонда «Абай үйі» ашылып, ақын шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылып, таныстырылды. Қаншама деректі фильмдер түсіріліп, спектакльдер сомдалды. Абайтану мәслелерінің керегесі кеңейіп, тың туындылар жазылды. Бір мысал келтіре кетсек, сол жылдары Семей телерадиокомпаниясын басқарған Мұрат Сейсенұлы осы жолғы дәріске Абайдың 150 жылдық тойынан түсірілген деректі фильм ала келіпті. Арада 27 жыл өтсе де видиолента сапалы сақталған. Оның да өзіндік мәні бар екен. Сөйтсек, осы деректі көрсетілімде мәлім болғандай, Абай тойына дайындық жөніндегі республикалық комиссия төрағасы Иманғали Тасмағанбетовтың Семейде өткізген жиынында Мұрат Сейсенұлы төраға алдында той көріністерін сапалы түсіру үшін заманауи бейнекамералар керектігін айтып, өтініш түсіреді. Сол кезде Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқаратын И.Тасмағанбетов пәрменімен жергілікті телеарнаға 6 млн. теңгелік 3 бейнекамера алыныпты. Дәріс барысында біздің сұрағымызға М.Әлин өзі қызмет істеп тұрғанда Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысты әрқайсысы 40 минуттық екі деректі фильм жасалып, телеарна қорына берілгенін айтты.     

Иә, бұл аталған нәрселер Абай әлеміне қатысты атқарылған қыруар шаруалардың бір парасы ғана. Негізінен, «той» дегенде көпшіліктің ойына аста-төк дастархан мен ат жарыс келуі мүмкін. Анығырақ айтқанда, ойын-сауық жйын-тойдың сыртқы көрінісі ғана. Ал, ішкі мәселесі соңында қалатын үлгі-өнегесі мен тағылымында болуы тиіс. Әсіресе, тарихи даталар мен тұлғаларымыздың құрметіне арналатын алқалы жиындар. Міне, Абайға қатысты  барлық іс-шараның мазмұны тағылым, таныммен тығыз байланысты болуы керек деуіміздің түпкі себебі де сол. Жоғарыда аталған музей достарының кезекті дәрісінің жалпы мазмұны да осы ұстаным шеңберінде өрбіді.

Атап айтқанда, республикалық «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанов Абайдың 125 жылдығын кеңінен сөз етсе, телевизия ардагері, мәлім журналист Мұрат Әлин ұлы ақынның 150 жылдығын деректі көрсетілімдермен сабақтастыра әңгімеледі. Философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев «Шәкәрімнің шығармашылығы» және Лаура Қадырова «Ұлы тұлғалар және архив» атты танымдық дәрістерін тартымды өткізе білді.

Біраз уақыттан бері жоспарланып келген танымдық дәрістердің бастапқы легі тәжірибе көрсеткендей тыңдармандарының үлкен қызығушылығына ие болды. Осы тектес танымдық басқосулар мен дәрістер, музей достарының лекциялары алдағы уақытта да жалғасын табатыны белгіленіп отыр.

Қайрат Зекенұлы,

 Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

 мемлекеттік қорық-музейінің

 ғылыми қызметкері.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.