АБАЙДЫҢ «ЖАЗУЫ» МЕН «АЙТУЫ»: ЖАҢА МЕНТАЛЬДІК ЖОЛЫНДА

Руханияттың ұлы реформаторы Абай Құнанбайұлы қазақ қоғамына соны сападағы, тың тараптағы дүниетанымдық жаңалықтарын енгізіп, ұлт ментальдігінің  дәстүрлі де дағдылы сипаттарын қайта таразылайтын түбегейлі төңкеріс жасады.  Оның бір қыры ақын мен жұртшылық арасын жалғаған үйреншікті үрдістерге көзқарасынан белгі береді.

Осы орайда Абай өз лирикасында сөз ұғу («Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?»; «Мұндасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық»; «Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық»; «Сөзімді ұғар елім жоқ», т.б.) және сөз тану («Қабыл көрсе сөзімді, Кім таныса, сол алсын»; «Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы»; «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ»; «Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса») тіркестеріне біршама жүгінеді. Алғашқысы ақын сөзді – өнеге, өсиет реңкінде жұмсайтын тұстарда көбірек қолданылса, кейінгісі сөзді – өлең, өнер рәуішінде кәдеге  жарататын жерлерде молырақ пайдаланылады. Әрине, бұл да қатып қалған бөлініс емес; себебі өлең мәтіндерінде сөзді ұғу мен сөзді тану ұғымдары кейде талғамның (эстетиканың), кейде тәрбиенің (этиканың) өлшемдері ретінде орындары ауысып отырады.

Абай алдымен дара ақындық декларациясын жариялайды. «Сонымен қатар өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді, – дейді М.Әуезов. – Өсиет өлең халық  дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын  өзгеше құрал деп біледі».      

Суреткер Абай халықты түзеп-тәрбиелеу мәселесіне табан тіреген тұста оны өзінің теңдессіз жасампаздық табысымен – эстетикалық тың принципімен, төңкерісті платформасымен  біте қайнастырады:

                                     Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел,

                                     Сендерге де келейін енді аяңдап.

Абай аудиториясының басым бөлігі – қағазға түскенді көзбен түйсініп, көкірекке түюші емес, ауызша айтылғанды құлақпен қабылдау дағдысындағы қауым. Сондықтан ақын әрі жазуға,  (жазып отырса да) әрі айтуға мәжбүр. Мысалы, ол «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңінде:      

                                     Көкірегі сезімді, тілі орамды,

                                     Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, –

деп әуелгі әңгімесін оқырманға  бағыштап келеді де, әрі қарай күтпеген жерден тыңдаушыға бет бұрады:

                                     ...Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

                                      Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.

                                     Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,

                                     Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

 

                                     Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»...

Ұлы ақынның лексиконында жазу мен  айту  сөздерінің образдық өрістерінің осылайша ортақ семантикалық, синонимдік қатарда тоғысып-табысып жатулары – ғажайып қызық құбылыс.

Асылы, Абайға қатысты алғандағы «ақын» және «тобыр» проблемасы белгілі бір дәрежеде «айтушы» мен «тыңдаушы» арасындағы қарым-қатынаспен тезге тартылмақ.

М.Әуезов ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» өлеңдеріндегі құлақкүйдің «қартайдық» деген сыр-сарынмен сабақтаса келтірілуінің астарын былай ашады: «Бұрынғы ақылшының  көбі  – кәріден, атадан, ақсақалдан шығады деп түсініп қалған көпшілікке өзін де солайша, жақсы етіп, тоқтаған, ой түскен, ел мұңшысы есебінде танытпақ боп, әдейі солайша бастайды. Болмаса, өз басының қажыры мен өнеріне қарасақ, ол жылдарда (бұл шығармалар 1886 жылы жазылған А.Ш.) өсіп, дами бастаған анық шабытты ақынның шалқып жанған жалынын сеземіз. Ол жалын – ел жайына қарап отырып ызаланып, ширыға түсіп, күйінген ердің көкірегіндегі ашулы жалын болады. Ал үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалын екеуі де кәрілік  нышаны емес».

Бұлардан басқа, Абайдың, «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» (1886), «Келдік талай жерге енді» (1890), «Менсінбеуші ем наданды» (1891), «Қайғы шығар ілімнен» (1891) атты өлеңдерінде де өзін қарттың орнына қойып сөйлейтіндігін байқауға болады.

                                     Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп,

                                     Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық. 

 

                                     Айтып-айтып өтті қарт,

                                     Көнбеді жұрт, не ылажы?

 

                                     Қайғылы, қартаң біздей шал,

                                     Қарай берсең, қайда жоқ?

Талас жоқ, ақынның кемеңгер, көреген «айтушы-қарттың» кейпіне кіруі – ағартушылық арманын жүзеге асыру амалының, кенже қалған көпке өлеңмен өрнектелген өнеге, өсиетін тура жеткізу тәсілінің бір түрі.

Сондай-ақ, Абай «әдемі қартайған» абыз ақсақалдың тұлғасын «жат қораны күзеткен», «итше індет тілеген», «басалқа сөзі жоқ», «қозғау салып қоздырғыш» кезбе шалдың сүйкімсіз, санасыз образына қарсы қояды.

Бүгінгіден бойы түршігіп, болашаққа бағдар түзеген ұстаз ақынның насихат-нақыл, үгіт-үлгі сөздерінің басты бөлігі қоғамның тәрбие тұрғысынан икемге  келгіш, илеуге көнгіш жігі – жастарға арналады. Онда да сүйегі қатайып, сезімі қасаңданып, шын түзелуден шығыңқырап кеткен «қу борбай, сымпыс шолақтарды» мінеп-мінездегені болмаса, оларға ақыл шығындамайды.

«Айтушы-қарттың» жастар жағындағы бірінші «тыңдаушысы» – ел ішіндегі әлі де аптығы басылмаған, «көкірегі зор, уайымы жоқ» бозбалалар. «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» (1886), «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» (1886) өлеңдерінің ерекшеліктері сол, мұнда автор жастарды тіршілік тәжірибесіне (дос пен жар таңдау, өнер іздеу, мал табу, т.б.), қылық пен құлықтың дұрыстығына (есі барлық, бір сөзділік, талаптылық, татулық, сұхбаттастық, сырын сыртқа жаймау, т.б.) үйретеді. Бозбала шаққа тән салдуарлық, әсем салдық, сәнқойлық, қызды ауылға  қырындау, даңғойлық... – бәрі алдамшы, алмағайып нәрселер, босқа уақыт  ұтқызушылық («Қартаймастай көрмелік, ойланалық»). Абай ұғымында күлкінің өзі – қарабайыр психофизиологиялық құбылыс емес, әлеуметтік-философиялық категория. Сол себепті, «күлкі – қымбат», «күлкі өзі бір мастық», жастық шақтағы «бір күлгенің – бір қаралық». Олай болса, «күлкіні онша күйлемеу» абзал.

Ақын «Төртінші сөзінде» күлкінің мән-мағына-мазмұнын жан-жақты саралаған.  Оның ойынша, «күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек». Әрине, ұдайы күлкісіз күн кешіруге жан шыдамайды; оның да өз орны бар. Абайдың осы орайда айтатыны: «Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл; ызалы күлкі – өзі де бір қайғы. Ал  уайым мен қайғы  – «ер қорғаны, есі барлық». Бірақ уайым мен қайғыға «қамалып қалмақ» – тағы да жөн емес; «ол өзі  де – бір антұрғандық». Сондықтан әуелі күлкіні уайымға жығып берсең, соңынан уайымды келесі құтқарушы күш – «орынды харекетпен азайту» қажет. «Күлкі – уайым – еңбек» байланысының сыры осында.

Ендеше, Абайдың сұхбаттастыққа іздейтіні – «бояма күлкіден» таза, «арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік ер».

«Айтушы-қарттың» жастар тарапындағы екінші «тыңдаушысы» – білім бұлағына бас қойған, ғылымға талпынып ғибраттанған «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы» қазақ баласы. Бұл ретте ақынның 1886 жылы жазылған  «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» шығармалары бірін-бірі толықтырып тұр.

Алғашқы – «Интернатта оқып жүр» өлеңінде «шариғатқа шала», тырысса – орыс тілінде  «прошение» жазарлық қана шамасы бар, істің ақ пен қарасын бақпайтын «ынсапсыз», «қаны бұзық», «көңілінде санасы жоқ» шәкірттердің сықпыт-сиқы сынала сипатталады. «Балам закон білді деп» далақпайлана қуанған ата-ана да бір түйреліп өтеді. Ал ақынды әлгі балалардың болашағы шошытады. Өйткені олардың оқу оқығанда жететін жері – «я тілмаш, я адвокат» болып, отаршылдардың  сойылын соғатын атқамінерге айналу. Ойшыл «Бұл іске кім виноват – //Я Семейдің қаласы?// Я қазақтың аласы?» деген дилемманың арсында қалады.

Өлеңнің екінші бөлігінде Абай тікелей ақыл айтуға  көшеді; мұнда ол сөзі сіңімді, өнегесі өтімді болу үшін әдейі «шалақазақ» шәкірттердің «шүлдір-шатпақ» – өздеріне жақын «терминдерімен» тұздықтап сөйлеуді таңдаған секілді. Мысалы:

                                     Военный қызмет іздеме,

                                     Оқалы киім киюге.

Бұл – балаларды  өз жұртына қару жұмсайтын қанқұйлы болып шығудан алдын-ала сақтандырғаны.

                                     Қызмет қылма оязға,

                                     Жанбай жатып сөнуге.

Бұл – елге залалыңды, зияныңды тигізбеу үшін патшалық кеңсесінен жырақ жүр деп кеңес бергені.

Олардың орнына: «Алыс та болса, іздеп тап, // Кореннойға кіруге», – дейді ақын. Біздіңше, коренной русизмі бұл арада «өз елің», «туған жұртың, тұрғылықты жерің» деген  мәністі  меңзейді; сонда одан «қиналсаң да, халқыңа қызмет қылып», «счетың  тура» келетін бейтараптықтың жолы бар; ол қалса, өз бетіңмен «занимайся прямотой» дейтін тәуекелдің тарабы да жоқ емес дейді.

«Интернатта оқып жүр» өлеңімен  ақынның «Жиырма бесінші сөзіндегі» идеялар сабақтасып жатыр.

Ертең қызмет жолын қуатын шәкірттерге Абай жоғарыдағыдай тағылымын табыстаса, екінші – «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде ол алдымен өскелең ұрпаққа «бес дұшпан» (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ), «бес асыл» (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) не екендігін тарқатып түсіндірген соң , «дүние де өзі, мал да өзі» – ғылымның жолына түскен жастарға арнауын айтады. «Ғалым болмай немене, // Балалықты қисаңыз?» деп, ақын шын ғалымдықтың шарттарын санамалап шығады, олар: жамандықтан жирену, жақсылықтан үйрену, білгендердің сөзіне махаббатпен еру, кез келген іске «ақыл – мизанды» өлшеу қылу, надандарға бой бермеу, көп орында көріне айтпау, сөзге ермеу, т.с.с. Өлең:

                                     Мұны  жазған, білген құл –

                                     Ғұламаһи Дауани,

                                     Солай депті ол шыншыл.

                                     Сөзін оқы және ойла,

                                     Тез үйреніп, тез жойма,

                                     Жас уақытта көңіл – гүл, –

деген жолдармен аяқталады.

Байқаған боларсыздар, Абай өзін қарттың орнына қойып сөйлегені секілді, тағы да бір тиімді көркемдік-дидактикалық тәсілді тауып отыр. Біріншіден, оқушы (тыңдаушы) қазақ ақынының Ғұламаһи Дауани деген данышпанның еңбектерімен таныстығын ескереді. Екіншіден, өз насихатын жұртқа «біз айта береміз ғой, баяғыда өткен бір атақты ғұлама былай деген екен» деген кішік жолмен ұйытып барып ұғындырудың әсері әдеттегі құр үгіт, құрғақ үндеуден әлдеқайда мықты шығатыны мәлім. Әйтпесе, осы өлеңіндегі ойлы оралымдарды, тартымды тіркестерді Абай өзі жүгінетін Ғұламаһи Дауанидан тұп-тура, сөзбе-сөз, қаз-қалпынша алып пайдаланбағаны аян. Үшіншіден, ұстаз ақын шәкірттерді алдыңғы өлеңінде орыстың ұлы жазушылары  Салтыков пен Толстойды білуге бағыттағанындай, ендігі кезекте Ғұламаһи Дауани сияқты Шығыстың ірі философын да танып-түстеу талабына шақырады.

Жастар жайын тереңдете жырлаған Абай бұдан былай да аталмыш тақырыпқа арасында сан айналып соғып, оның аясына кіретін мәселелерді таным-тәжірибесіне қарай кеңейте суреттеп, көркейте сипаттап отыруын толастатпайды. Мысалы, «Заман  ақыр жастары» (1891), «Жас өспірім замандас қапа қылды» (1891) өлеңдерінде ақынның зәрлі де зарлы сыншылдығының сырлары таңбаланса, «Жастықтың оты жалындап» (1891), «Әсемпаз болма әрнеге» (1894), «Қуанбаңдар жастыққа» (1901) туындыларында ағартушылық арнадағы сарындар жалғаса жаңғырады.

Жастық – болашақтың болжамды бейнесі. Данышпан ақын өз өлеңдерінде «ақыл – жүрек – қайрат» триадасы жарасым тапқан жанның келбетін көксеп, оның кемел тұлғасын келешектің төрінен көрді. Ол мезгілсіз қыршынынан қиылған перзенті Әбдірахманға арнаған жоқтау жырларында («Арғы атасы қажы еді», «Тұла бойың ұят-ар еді», «Жиырма жеті жасында», «Талаптың  мініп тұлпарын», «Бермеген құлға қайтесің?», «Жылағанды тоқтатып», «Айналайын құдай-ау») «жаңа жылдың  басшысы» болатын адамның  идеалын сомдады.

Абай өз замандастарының арасынан – «жалғыз-жарым болмаса анда-санда» – аңсарындағы жақсыны, арманындағы жайсаңды жолықтыра алған жоқ. «Соқтықпалы, соқпақсыз» жерде өсіп, елден «етекбастыны көп көрген» кемеңгердің жалғыз жүріп алысқан «мың»-ының    құрамын қараңыз: «әбілет басқан елерме», «сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыз», «күлкішіл кердең надан», «сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез», «көзінен  басқа ойы жоқ», «сыпыра елірме, сұрқия, көп пияншік», т.с.с Осындай азғын ортада «айтушы» мен «тыңдаушы» проблемасын, сондай-ақ бұзылған жұртты түзету талабын ақынның пайдасына шешіп берерлік шарттар шала, шикі күйде еді. Сондықтан оның өлеңдерінен торығу, түңілу сарындарының ұдайы ұшырасып отыруы таңданыс туғызбайды:

                                     ...Тыңдаушымды ұғымсыз

                                     Қылып тәңірім берген-ді.

                                     Осы жасқа келгенше,

                                     Өршеленіп өлгенше,

                                     Таба алмадық бір адам

                                     Біздің сөзге ергенді.

 

                                     ...Түзетпек едім заманды,

                                     Өзімді тым-ақ зор тұтып.

 

                                     Таппадым  көмек өзіме,

                                     Көп наданмен алысып.

                                     Көнбеді ешкім сөзіме,

                                     Әдетіне қарысып.

Тірлік кешкен тұсынан ойы озып, ұғымы ұзап кеткен даналардың талайының тағдыр-теперішінен таныс жалғыздық тауқыметі Абайды да айналып өтпегені айқын. Мұндай сипаттағы мұң оның бүкіл шығармашылығының бітім-болмысынан кейде ашық, кейде астыртын түрде сезіліп тұрады. Мейлі, «достан да, дұшпаннан да» қалған көңілі қайғы құшсын, мейлі «қатын-баланың қонағы» сияқты қораға қамалсын, мейлі, «ойлы адамға» бұл жалғанда «қызық» жоқ екенін ашына айтсын, тіпті орыс қауымындағы «артық адамның» образы – Онегиннің аузына: «Бұл заманның қашқыны деп,// Мен ғаріпті есіңе ал», – деген сөз салсын, – қайткенде де бұлардың арғы жағынан  ақынның өзінің – дүниеден суынып, дүрмектен  сырттаған «қаны қара, жаны жара» кісінің трагедиялық тұлғасы  оқшаулана мен мұндалайды. 

Амантай ШӘРІП

филология ғылымдарының докторы,

ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму

институтының директоры