ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

С. Қалиев: АБАЙ ТІРІ БОЛҒАНДА

Оқылған 37351 рет

Еске алып күнде сағына іздер,

Әр сөзінде мың мағына жүзген,

Дәл қазір Абай тірі боп тұрса,

Таяқ жер еді тағы да бізден!

 

«Басқа да шауып, төске өрлегені» үшін,

«Қара бір сөзге дес бермегені» үшін,

«Тозығы бар деп дәстүріміздің де!»

Әруақтардан сескенбегені үшін,

Ислам дінін қастерлегені үшін,

Шамани салтты ескермегені үшін,

Тәңірлік дінді хош көрмегені үшін,

Қырауар малды кедейге таратып,

Құнанбай атаға ас бермегені үшін,

Ешқашан оны аямас едік.

Тоқпақтасақ та тоямас едік.

Тоямаған соң қоямас едік.

 

 Қанденге күнін қаратар едік,

Күшіктерімізге талатар едік.

Интернет деген итаршымыздың

Иесіне айтып сабатар едік,

Сақалын оның бір талдап жұлып,

«Вахабис» қылып қаматар едік.

 

Депутат қылып сайлатпас едік,

«Қайран жұртым…» деп сайратпас едік.

Шабарманымызды айдап сап күнде,

Ақордамызды жайлатпас едік.

 

«Әйбәттап» арыз жаза алар едік.

Халқымызды одан «тазалар» едік.

«Қазақты араб қылғысы келген»

Қылмысы үшін жазалар едік.

 

«Ән ұрлағыш» деп дүңк етер едік.

Күллі бір жұртқа күлкі етер едік.

Дінмен соғысқан  адамдардың

«Қара тізіміне» тіркетер едік.

 

Мусинге «мә» деп майлап берер ек.

Жақсы аты болса ылайлап берер ек.

КНБ түгіл ФСБ, ЦРУ- дің

Нысанасына байлап берер ек.

 

Қара сөз жазып құтырмас еді.

Әнші боп жүрсе ұтылмас еді.

«Дана» деп бүгін дәріптеп жүрміз,

Өлмесе бізден құтылмас еді…

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.