Темірғали Нұртазин: АБАЙ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ЖАСТАР

«Ғасырлап жасасаң, ғасырлап үйрен!» деген орыс мақалында даналық терең мән бар. Үйренбейтін жан жоқ. Озық жазушылар да, өрен ғалымдар да өмірін тынымсыз үйренуде өткізеді. Өйткені өмір шексіз мұхиттай болса, білгірдің білгірінің бар аңдап парықтағаны  тамшыдай ғана. 

Сондықтан жас қалам қайраткерлерінің үлгілі ақын, жазушылардан, алдымен Абайдан үйренуге талпынуы заңды нәрсе.

Үйрену қайткенде жемісті болмақ?

Үйренушінің ұстазынан асып түсуі ықтимал, бірақ ұстазынан аумай ұқсауы мүмкін емес. Заманы басқа Абайды былай қойып, бір тойға қатысқан екі ақын түрлі қуанады. Соған орайлас дәл сол тойға арналған шығармалары да екі түрлі болмақ.

Гогольдің әдеби «натуралық мектебі» болды; Маяковскийдің төңірегіне кезінде сәйкес бағыты, творчестволық жолы, тілегі бір көптеген ақындар топталды. Бірақ солардың бірде-бірі я Гоголь, я Маяковский бола алған жоқ; біреулері творчество жағынан қысырап, аттары ұстаздарымен байланысты желсоқты ғана аталарлық күйде өтті де, біреулері әдебиетте өзіндік өзгешелігімен із қалдырды.

Мұның бәрі «Қалайда ұқсап бағам, ұстазымнан аумай түсем!» - деп, омыраулау жеміс бермейтін әншейін әурешілік екенін дәлелдейді.

Үйрену, үлгі тұту керек. Бірақ оның да парқын білген абзал.

Қалам ұстаған қазақ жастарында Абайдың творчестволық арнасына соқпай кететін жан кемде-кем.Талай жастарымыз Абай шығармаларын тебірене жадына алады, асқар ой-пікір байлығы мен күн сәулесі көркемдігіне рухтана сүйсінеді, одан демеу тапқандай қанаттанады.

Мұның бәрі өмірге үздіксіз нәр беретін игі нәрсе. Алайда, Абайдан үйрену ұстаз ақынды бұл секілді іштей тебірене сезінумен ғана шектелмеске тиіс.     

Қаламгер жастар алдымен Абайдың ақындық сипатын, творчестволық принциптерін салалай білуге міндетті.

Абай от мінезді, албырт, қырқысқан қайшылыққа толы өмір базарының әрқашан жуан ортасында жүреді; бойымды шаң-кір шалады деп жасқанбай, шеттемей, қаупі көп тіршілік қат-қабатына қойып кетіп отырады. Абай өлең текшелеген көркем сөз шебері ғана емес, алдымен батыл күрескер.

Әдеби жастар Абайды жадына алғанда әуелі ұлы заманымызға сай тайсалмас, талмас күрескерлікке бел бууға тиіс.

Күрескер Абай, қиядағыны шалатын ой көзі қырағы, заман сырына да, адам сырына да қанық Абай өміріндегі жағымды, жағымсызды талғай-таңдай, жеріне жете парықтай білді. Абай шығармасы – өз заманының айнасы, бірақ ол кез келген көріністі талғамай бейнелей берген жоқ. Кері кеткен келісімсіз болмысты жан түршігердей, жағымсыз етіп, өрге өрмелеген жаңалық нышанын жан сүйінерлік сүйкімді етіп суреттеді.

Бұл бағытта бізге азық боларлық қазына Абайда мол. Біреулер өмірге тұлға боларлық қайраткері жоқ заманда жасаған Абай – сыншыл реалист болатын. Социалистік реализм әдісіндегі совет әдебиеті Абайға жанаса алмайды деседі.

Бұл қате пікір. Конфликтсіздікті дәріптеген өткен бірнеше жылдардағы жалған ұғыныстардың жемісі.

Абайдың асқақтата дәріптеп, бас иген тәңірісі еңбек, еңбек адамдары. Ақынға «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»:

Тұл бойың ұят-ар едің,

Ескеріп, істеп ойлаған.

Тәуекелге нар едің, 

Талаппен терең бойлаған.

Ерлікке де бар едің,

Үйренуге тоймаған.

Жасқа жас, ойға кәрі едің,

Атаңның атын жоймаған! –

дегенде Абай еңбекті, еңбек адамдарын, дене еңбегімен, ми еңбегімен танылғандарды үлгі-өнеге тұтып, шыңға көтерді.

Жаңашыл, прогресшіл демократ Абай ел санасына сіңген ұғымдарды сын елегінен өткізіп, жаңа заман бағытына үндес жаңаша бағалады, жаңаша бағдарлады. Батыр ел ұғымында аса қадірлі жан екені белгілі. Абай жұрттың көңіліне қараған жоқ: «Батырды айтсам ел шауып алған талап», - деп оғаш сотқарлығымен «батыр» танылып жүргендердің шынайы сұмпайылығын ашты. Абайдың батыр танып, дәріптегендері: тәуекелге нарлар, талап пен тереңге бойлаушылар, үйренуге тоймайтын ерлер, атасын, затын бұлдамай, сақалын бұлдамай, еңбегін бұлдайтындар!

Абай заманында мұндай адамдар асқақ арман әлемінде еді. Қазір олар күнделікті өмір әлемінде мың, миллион!

Қазіргі жас қаламгерлерімізге айтып жеткізе алмастай тиімді жағдай да, сын таразысындай қиын жағдай да осы.

Тиімділігі:облыстардағы, аудандардағы, ауылдардағы қаламгер жастарымыз шығармаға герой болып ене кетерлік адамдардың ортасында. Таныс, таны, іс пен рухани өмірдің ойы-қырын тереңдей тінт; жаз, көрсет, келістіріп бейнеле!

Қиындығы: геройдың түп нұсқасы жаныңда отыр. Оны жете тануға керенауланып, көрген-білгеннің тапшылығын кітаптан жылу жиып, оймен жорамалдап барып толтырсаң, жобаң осы болар деп көңілмен тұспалдасаң, құрау-сұрауың күні ертең баттиып, ертең жұрттың көзіне түседі.

Біздегі көптеген шала туған шарана шығармалар осындай көңілмен пішудің нәтижесі.

Өмірді білу, жете білу қажеттігі, бақырайған көзге ғана сенбей, Абайша ой көзін тереңге жүгіртіп, өмірдің қойнау-қойнауын, қалтарыс-қалтарысын жете білу қажеттігі осыдан.

Сыншыл реалист Абайдың сынға көбірек бейім екені рас, бірақ Абай сынаушы ғана емес, адам табиғатының қат-қабат күрделі дүние екенін, конкретті жағдайға қарай жағымжы ниетке де, жағымсыз ниетке де мекен болуы мүмкінін ашқан дана талдаушы.

Ол адамға бала жасынан екі ұлы қамқорлық – жан құмарлығы мен тән құмарлығы барын ашты.

Айттым сәлем, қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас! –

деп малын, басын пида қыла шыққан ақын:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдап көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен, 

Мінезіне көз жетпей көңіл берме! – деп өмірдің бұлтық-сұлтағы көп екенін ашып айтты.

Майдағы жұрттың іші қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар –

Қар жауса да сөнер ме?!

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйқтаған ойды кім түртер! –

дегенде Абай адамның жаратылыс өзгешілігіне  тереңдеп, жігер кернеген уытты жан мен ыбылжыған езгілердің арасында сан айырма барын сипаттады.

Бұл мәселе совет әдебиеті үшін де тың өлке. Аузынан сөзі түсіп, күн жаумай су болып, жұт көрмей жұтап, аяғына ие болмай асфальтта сүрініп жүретіндер күні бүгін де өмірдің әр саласында бар.

Адамды тәрбиелеуге арналған жамандықты жойып, жақсылықты баулып өсіруді міндетіне алған совет әдебиеті ерлер мен ездерді өз өрнегіне түсіруден тайынбасқа тиіс.

Архангельск губерниясы Мишанинск деревнясындағы балықшының баласы Михаил Ломоносовтың оқуды армандап мыңдаған километрді жаяу кешіп, Москваға жетуінде адам сүйсінерлік тамаша сыр бар. Дарынды туған балықшы ұлында қабілетіне сай қайрат та бар! Заманымыздың Ломоносовтарын асыра әсірелей көрсетумен қатар, қарын жабдығын ғана қамдаған қарыс ойлыларды масқаралай отыру міндет.

Қайрат-жігер әркімде-ақ бар, бірақ соның өзі көп жағдайда бекерге зайғы.

Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап,

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап! –

деген  Абай сөзі жазушыларды да ойландыруға тиіс. Ар, намыс, талап дегендер күнде керісіп жүрген көршілердің бойында мол ма екен?

Қазақ  классигінің өлердей қастасып, өмір бойы тынбай алысқан жауы орта ғасырлық тоғышарлық еді. Орта ғасырдың төл ұлдары жайбарақат, барықсыз, қамсыз, талапсыз «бұйырғаны болад та», - деп жата беретін де, Бұл мінез ескі ауылдың байы-кедейіне ортақ болатын.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ.

Адасып, алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық,  алмай,

Не ғылым жоқ, немесе еңбекте жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай! –

дегенде Абай орта ғасырдың былқ етпей бықсып жата беретін сұмпайыларына күйінетін.

Біздің тұсымызда мал бағуға машина бағу, техника бағу, завод, фабрика бағу, темір жол, тас жол, қалалар жасау кәсібі үстелді. Соның бәрі де, ең аяғы малға дейін, өнер жолымен бағылатын салт шықты.

Абайдың тұсында малды жайылымға бағудың бабын білмеген жазғандар дәуірлер дәрісін өтіп, қазіргі заманға сай іскер бола алды ма? Орта ғасырға тән олқылық бізге кәдеге жүрмейді. Ол күмілуге тиіс.

Октябрь революциясы, совет дәуірі әлеуметтік қыспақта келген миллиондарға жол ашты, тегіне, туысына, ұлтына қарап шек қойылмайды. Оқуға, білуге, өнерленуге, әлем таңданғандай ғажап жаңалықтар жасауға өріс шексіз.

Бірақ осының бәрінен сырт, көжеге құрсағын кептегенге мәз сабаздар жоқ па?

Мен жігіт он бес-отыз арасында,

Бұл кезде көп бересі-аласым да, -

дейтін Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Қоғамға берері де алары да жоқ, құрбақа қалыпты күйбеңдер кездеспей ме?

Бізде не көп – оқуға, білімге құмартушы көп. Жоғарғы мектептерде мыңдаған жастар оқиды. Олардың жүзден тоқсан тоғызы табан жазбай отырып білім алу амалында. Олар мақтауға, мадақтауға жұрт көзіне көтере көрсетуге лайық жандар. Алайда оқытушыдан тәуір бағаны еңбегі арқылы тапқан білімімен емес, жаутаң қаққан көзімен алып жүргендер де бар. Оларды көргенде Абайдың: «Терін сатпай, телміріп көзін сатып», - дегені еске түседі.

Осының бәрі біздің өміріміз әлі де қат-қабат шытырман екенін, оның қалтарыс сыр-сипаттарын терең біліп, тану керектігін дәлелдейді.

Оқушыны тарта жөнелетін от, уыт дегендер шығармаға жазушы сүйінген я күйінген дүниесі жайлы жазғанда ғана дарымақ.

Абайдың творчестволық дәстүрімен байланысты күрделі мәселелер сан алуан. Соның қатарында реализм мен көркемдік мәселелердің орны ерекше.

Эстетикада Белинскиймен үндес Абай:

Сөз айттым «Әзіретәлі, айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз», -

деп реалистік стильде жазатынын жариялай шықты.

Абайдың реалистігі, оның сипаттағаны өмір шындығына, өмір көрінісіне үйлесімді екені төмендегі шумақтан айқын байқалады.

Аласы аз, қара көзі айнадайын,

Жүрекке ыстық тиіп салған сайын.

Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,

Тісі әдемі, көріппең қыздың жайын?

Бұл сипатталып отырған сұлу қыз, дегенмен ауыл сайын бар қыз. Өлеңді оқып отырып, оны сіз көріп, сезініп отырасыз.

Ал кейде, кітап, қисса дәстүріне соғып кететін романтик Ақан серінің:

Шәмси – Қамар секілді, Дәптар – Бану,

Кісі қайда жастықта сөзді тану, -

дегенін оқығанда Бану сұлудың қандай екені көкейіңе қона қоймайды. Шәмси – күн. Қамар – ай. Күнді де, айды да көргеніміз бар, ал олар секілді сұлуды өмірде кездестірген жоқпыз.

«Шәмси – Қамар секілді» деген сөздер Бануды ертегі әлеміне шарықтатып жібереді де, біз оны тамашаламаймыз, бірақ реалды түрде сезбейміз.

Абай шығармаларының күші реалистігінде, өмір шындығын буын-буынын таба, жүйе-жүйесін аша, оқушы өмірдің қат-қабат сырын аңдатарлықтай, жағымдысын қалап, жаманынан безерліктей етуінде.

Ал Абай көтерген  көркемдік мәселесіне келетін болсақ, ол шығарманың жаны. Көріксіз шығарма жансыз туады да, оқушы көкейіне әсер дарытпайды, әсер дарытпайды, өмір сүрмейді өледі.

Өлең – cөздің патшасы, ол бөтен сөзбен былғанбауы керек, деп шарт қойған Абай өз шығармаларын шын мәнінде искусство дәрежесіне көтерді.

  Осы күні Алматыда билемейтін жас жоқ дерлік. Бірақ, соның көбіне би өнер емес, бас қосып, көңіл көтеріп сауықтауға сылтау, ермек. Биді өнер, искусство дәрежесіне көтергендер санамалы ғана. Өлеңші, әншілерге келсек те, сондай жайды көреміз.

Қазақтың ауыз, жазба әдебиетіне Абайға дейін де талай саңлақтар үлес қосты. Бірақ мазмұны мен түрі алтын мен күмістің нақысындай шынайы искусствоға тән шығармаларды, тұңғыш рет Абай жасады. «Наданның көзін қойып, көңілін ашуды» міндетіне алған поэзия оқушыға әмірлі әсер жасау үшін терең мәнді болумен қатар, ғажайып көркем болуы шарт  еді. Соны орындауға Абай данышпандығының құдіреті еркін жетті.

Абай  - сөз  шебері.  Сөзді танып, талғап алуда, қиындастаруды теңдесі жоқ. Алайда Абай поэзиясының көркемдігі тек сөз шеберілігінде емес, сөзде ұялаған терең мән, өркеш-өркеш өмір сыры барлығында, олар оқушының көңілін таба қаларлықтай қонымды сипатталауында.

Қазақ совет поэзиясы осы күні шеберленді. Қопсып, қотырланып тұрған сөзді ұшыратпайсың. Дегенмен, көптеген өлеңдер «көңілге жылы тимейді», тебірінтпейді, оқып отырып битарап қаласаң.

Бұл жай өмірді жете білмеудің, сондықтан оқушының қытығына тиер пернелерін таба алмаудың, ақыры кенеусіз сөздің бекерге сыртын сымбаттаудың нәтижесі.

Көркемдікті сөз еткенде, тағы бір жайды ерекше есте тұту керек. Абай заманында қазақ әдебиетінің негізгі түрі поэзия  болатын. Абай қара сөз жазып, әңгіме, памфлет, сын, өсиет сөз жасаудың алғашқы тәжірибелерін істеді. Алайда, ақын творчествосының негізгі ұйтқысы поэзияда.

Поэзияда ол дара образ жасауға, дара кейіпкерлерге дара сөз айшығын кұруға пәлендей бой ұрмады, өзі сөйледі, өзі мінездеме берді.

Қaзipri қазақ совет әдебиетінде әдебиеттің негізгі жанрлары түгелмен бар. Әңгіме, повесть, романдарда, поэмаларда, драмалық шығармаларда жасы, білімі, қызметі, мінезі, шыққан, тәрбиеленген ортасына қарай сан қилы адамдар кездеседі.

Жас пен кәрінің, күйгелек пен салмақтының, шала сауатты мен ғалымның, жұмысшы мен музыкашының сөз құрамы да, сөйлеу әлпі де, үні де, өзін ұстауы да сан қилы болмақ. Соның бәрінің бабын табу жазушыға, әcipece, қаламы төселмеген жас жазушыға аса ауыр міндет, сонымен қатар қалтқысыз орындауға тиісті міндет!

Абай дәстурімен байланысты тағы 6ip төбе мәселе жазушыньң мінез-құлқы, әдет-салты төңірегінде. Жазушы өзін партия, комсомол жиналысында 6ip турлі, жолдастары ара­сында екінші турлі, ecкi дүние мұрагерлерінің ортасында ушінші турлі ұстамасқа тиіс.

Жазушы көрінгеннің бәріне ұнау, жақсы көріну үшін өмір сүрмейді. Ол белгілі ақыл-ой, идея әлемнің көш басшысы. Талайлар мақтап, талайлар даттап жатуы ықтимал. Бірақ ондай жайлар жазушының алған бағытынан толқытпауға тиіс.

Автомашинаның жаман жолда батпақтап жатуы да, үлкен партия комитеті секретарының іскерлігі я олақтығы да, Ала­тау тұқымды сиырдың желіні қазандай болып сүт бермеуі де, басқыншылардың Мысырды бомбалауы да, Имре Надьтің ашық ауыз опасыздығы да жазушының сезімтал санасын дауылдата дүрліктіруге лайық.

Абай: «Жарлы eмecпін, зарлымын!» дегенде Құнанбайды жоқтап зарлап жүрмегені мәлім.

Соңғы сөз жазушы менмендігі жайында. Артистер, жазушылар   арасында  менмендік, өзімшілдік, күншілдік   дегендер арылмай келе жатқан нәрсе. Жуыр арада арылатын сияқты да сезілмейді.

Талайлар белуарлап жүрген сол кінараттардан арашалаушы демеу тағы да Абай болуға тиіс.

Адам  бip  боқ,  боқ көтерген  боқтың қабы,

Боқтан жаман боласың өлсең тағы.

Менімен  сен тең бе?— деп  мақтанасың,

Белгісі   надандықтың  ол   баяғы! —

деген сөзді терең толғанса, омыраулағандардың талайының бойы жайылар еді.

Адам атаулының eкi аяқ, екі қолы бap; бәpi де ас ішеді, шикі суды сыңғыта берсе,— iшi бұзылады, ауырады, өледі. Құралған ет пен сүйек қалпында адамнан адамның артықшылығы жоқ.

Әркімнің артықтығы iciмeн танылады. Әдеби сынның көп мәні бар: шығармаға баға бepiп, оқушы жұртшылықты белгілі пiкiр өлкесіне жетелейді, көпшілік пiкipiн ұйымдастырады; «жақсы-жаман» деген бағалар көп жағдайларда сыншының, бағалаушының дерегіне сәйкес туады.

Жазушының бұл жайды ескермеске, онымен санаспасқа лажы жоқ.

Дегенмен, шын сыншы, әділ де дана сыншы — халық, тарих, өмip. Iciң — шығармаң. Ол миллиондардың, жылдардың сынында. Сондықтан басқалармен иін таластыру, бәсекелесу — әурешілік.

Айналаң күн сәулелі кең өлке, совет өмipi. «Meн классик!» «Жоқ, мен классик!» — деп кеңірдек қызартқаннан өнер ештеңе жоқ. Істеген, жазған, жасаған абзал. Талайлар мақтар, талайлар даттар. Тек ic болсын! Сайып келгенде, өмip өз кортындысын  айтады.

 

Нұртазин Т. Шеберлік туралы ойлар.

– Алматы, 1968. – 141-148-беттер.