ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Болат Жүнісбеков: ҚАЗАҚҚА ЕМЕС, ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҚАПАЛЫ

Болат Жүнісбеков: ҚАЗАҚҚА ЕМЕС, ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҚАПАЛЫ

Оқылған 28271 рет

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи-танымдық, тағдырлық-кезеңдік еңбегінде «біздің санамыздың ісімізден озып жүруінің» маңызына ерекше назар аудара келіп, рухани мәдениетіміздің бір парасы – «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» деп ардақ тұтады.

Ұлы даланың рухани қазынасына қамқорлық, әсілі Елбасымыздың берік ұстанымы болып табылады. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 150 жылдық торқалы тойында республика басшысының «Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын»   деген аманаты ұрпақтан ұрпаққа ауысар мәңгілік ұлағат.

Хакім Абайдың адамзаттық құндылықтардың асыл қорын байытқан жауһар шығармаларын азат ой-санамен тағы бір зерделесек, қызыл империяның қазақты қасақана ашаршылықпен, саяси қуғын-сүргінмен қырып-жойып, оның біртуар ұлдарын жалған жаламен атып-асып, қапасқа салғаны аздай, ұлттық жадымызды қалайша жүндей түткеніне еріксіз қайран қаласыз. Диктатура халқымызды бұрынғыдан бетер басып, жаншып, тұқыртып ұстау үшін, небір сұрқия амалдарға барды: бізден өткен надан, сауатсыз жұрт бұрын-соңды болмағандай, тіпті ұлы ақынның қараңғылықтың көгінен «жарқырап, ұйқыдан көңіл ашар» өсиет сөздерін де «қайран қазағына» қарсы пайдаланды.

 

ҚАЗАҚҚА ЕМЕС, ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҚАПАЛЫ

Ұлы Абай мұрасын қызыл билік қалай бұрмалады? 

Замана көшінде туған халқымыздың төл мәдениеті мен өнері, ұлттық рухы мен қайсар намысы өз тұсындағы өзге жұрттың ешқайсысынан да кем емес, қайта бірқатарынан биік тұрғаны ақиқат. Ұлы дала елінің жасампаз рухы – батыр әрі мейірімді, еңбекшіл әрі жомарт ата-бабаларымыздың сан ғасырлық жеңістері мен жеңілістері нәтижесінде шыңдалған  қайратты ақыл мен озық сананың жемісі екені кәміл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, біздің баршамыз  халқымыздың «...тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын» қалайтынымыз анық: «Біріңді, қазақ, бірің дос/Көрмесең, істің бәрі бос».

Еліміздің өткен жолында қызыл империяның жымысқы саясатының сойқанды іздері сайрап жатыр. Ата тарихтың, туған тіл мен ділдің, салауатты салт-дәстүрдің қапасқа салынып, одан қала берді Кеңес билігінің қажетіне қарай илеуге түскенінің куәсіміз. Тіпті, ұлы ақын мұрасы мен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да шырғалаңға түскені аян. Бірақ, ғұлама суреткердің диктатураның көзін алдау үшін шебер қолданған көркемдік әдістерін  көретін көз –  соқыр, саралайтын сана тұманды еді.

Соның салдарынан егемен ел болғанымызға ширек ғасыр өткен соң да әлемнің Әуезовінің ғажайып қаламынан титтей де жапа шекпеген дала данышпаны Құнанбайдың бейнесі туралы «авторға заман айтқызбады», немесе «қазір жазса, басқаша жазар еді» деген сәуегейлік тоқтамауда. Ақиқатына келсек, ұлы дүниелер,  яки шығармалар бір-ақ рет дүниеге келеді. Олар заман ызғарынан түршіксе де, алған беттерінен түңілмейді. Нағыз өнер сол өнер мұратына қашанда адал: Әуезов те саясат көзін шебер байлап, өз дегенін айта да, жаза да алған. Сондықтан «Абай жолы» сол қалпында мәңгі әрі елімен бірге жасай беретін асыл мұра.  

Диктатура Абай шығармаларын да аяусыз бұрмалады: дана ақынның туған еліне қарата айтқанымен,  барша Адам баласына арнаған, надандық пен қараңғылықты сынаған өсиет сөздерін әспеттеген  бола отырып қазақ ұлты өзге жұрттан төмендетіліп көрсетілді. Қазақтан өткен қараңғы халық жоқтай, күллі адам баласына тән надандықты бетімізге басып, бізді мәдениетке бастаған, жеткізген, сөйтіп көсегемізді көгерткен Кеңестер өкіметі дәріптелді. Дүние жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара қанаттас тірлік кешіп, бірін-бірі толықтыра отырып өсіп-өркендейтіні есепке алынбады. Ал, Абайдың қазақты емес, ең алдымен қараңғылықты сынағаны кәміл.  

Қазірдің өзінде біздің халқымыздың берекелі бастауы – ауыл мәдениеті көршілерімізден артық болмаса, одан қылдай кемшін табу мүмкін бе?!  Демек, ұлы ақын аманатын, біріншіден, оның жалпы надандыққа, яғни иісі адам баласының қараңғылығына арналғаны тұрғысынан,   ал екіншіден, сол адамзатқа ортақ кемшіліктерді туған қазағының бойынан көргендегі  жан ашуы ретінде қарастыру орынды.

Хакім Абайдың  ұйқысын қашырып, жүрегін сыздатқан ұлы уайымы да, әлбетте қарындастарының талайы тағдыры еді. Алты алаштың дана перзентінің бар  мақсаты «...тіл ұстартып, өнер шашпақ,/Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ»:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

          *  *  *

Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі...

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі .

Aлайда, «іші өлген, сырты сау» ақынның жанына айналайын қазағының ғана емес, Аллатағаланың барша пендесінің қараңғылығы мен надандығы батады: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!.. адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен... Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» (отыз сегізінші сөзінен). Демек, «Сәулең болса кеудеңде,/Мына сөзге көңіл бөл:

Біреуден біреу артылса,

Өнер өлшеніп тартылса,

Оқыған, білген –білген-ақ,

Надан – надан-ақ, сан қылса.

          *  *  *

Білгенге маржан,

Білмескке арзан,

Надандар бәхра  ала алмас.

Ақын өлеңдері мен «Ғақлиясын» одан әрі оқи бастасақ,  тағы да Абайдың өсиет сөздерінің, ең алдымен, барша адам баласына арналып отырғаны айдан анық: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» (төртінші сөзінен).

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз...

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме.

Алайда, арлы, қайсар, жайсаң, намысшыл қазағының жаны таза болған соң, ақын үшін оның «шырайы да сондай жақсы». Ендеше, кеңес дәуірінен бері біздің санамызды улаған Абай «қазақты ащы мысқылдап, өлтіре сынайды» деген дауықпа сөзді, ақын «қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» десек әділетті болады. «Қапамын мен, қапамын,/Қуаныш жоқ көңілде./Жас өспірім замандас қапа қылды,Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды...» 

Ақын «көкіректе сәуле, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген» қараңғылық құрсауынан, әлбетте, ең алдымен, қаракөз бауырларын арашалап алудан үмітті: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі демек, бұлар – жүрек ісі» (он төртінші сөзден).

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Дегенмен, ұлы ақынның қарауылға алған басты нысанасы, мұны жоғарыда да айттық, надандық, барша адам баласы: «Адамды сүй, алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа». Себебі «Адам баласына адам баласының бәрі – дос (отыз төртінші сөзден), әттең «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» (қырық төртінші сөзден). Ал, қазақ сол адамзаттың бір тобы ғана, яғни барша адам баласына тән артықшылық пен кемшілік бізге де жат емес:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

               *  *  *

 «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ».

Олай болса, «өтірік пен өсекті жүндей сабағанша, ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талапты» естен ұстап,  «терең ой, терең ғылым іздегенге» не жетсін. «Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі... Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез, деген нәрселермен озбақ (он сегізінші сөзден).

Өкінішке қарай, «...надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері (жиырма алтыншы сөзден).

Ұлы ақын өзінің көңіліне түйген ойларын «бірін-бірі дос» көруіне тілеулес қарындастарына арнап, жандарына батыра айтқанымен, «сөз ұғарлық кісі» болса, ең алдымен, адамзат қоғамын басқан қараңғылыққа қапалы екені даусыз.Туған халқының  тұлпар-уақыт тұяғының астында шаң қауып, өзге жұрттан көз жазып қалмауын «сырты дүрдей, бірақ іші у мен өртке тола» отырып толғанады:

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

    *  *  *

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз...

Ақылы бар кісіні

Ғайбаттайды, даттайды.

Ауқаты бар туғанды

Қайырсыз ит деп жаттайды .

Амал не, қып-қызыл саясат, халқымызды қанға бояп, қырып жою арқылы құлдық сананы шегелей отырып, тұтас ұлтты сауатсыз, надан деп көзтүрткі жасады. Соған да қарамастан кейбір табанды лениншіл ағаларымыз кезінде құлтемірге айналғанымызды ұмытып, тексіз міскіндердің қолымен тұрғызылған сарайларды әлі күнге дейін коммунизм елесіндей көлденең тартуларын қоймауда. Жаңағылар ұлттық еркін сана және туған тіл мен ділдің құрып кете жаздағанын да мүлде естерінен шығарады. Тұрмыс сананы билеген жерде басқаша болуы да неғайбіл еді. Шындығында, тұрмыс сананы билей алмайды: тұралаған  қоғамда ғана қарын уайымы миды «қайнатып», жанарды жасқайды. Сондықтан ұлы Абай тірлік қайнары да, көшбасшысы да сана деп біледі:

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,

Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.

Жан құмары дүниеде немене екен

Соны білсең әрнені білгендерің.

               * * *

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз.

Ұлы дала мәдениеті күні-бүгінге шейін кімді де болса таңдандырумен келеді. Адамзаттық құндылықтар тізіліміне қосылған ұлы даланың айтыс өнері, қос ішекті домбыра мен киіз үй секілді қазыналары ғана неге тұрады?! Бұған көз жеткізу үшін, тіпті, Елдордамыз – Астанадағы Ұлттық музейге бір бас сұқсаңыз жетіп жатыр! Жалпы, Күншығыс елдерінің адамзат өркениетіндегі көшбасшы рөлі жалпақ дүние мойындаған шындық. Сондықтан Абайдың қалың елі қазағына аманаты көрнекті ғалым Зәки Ахметовке жүгінсек, «жалпы жұрт туралы айтылса да, артық айтылған демей, ашынып айтылған десек болар»:    

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.  

* * *

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге .

Сонымен Абай мұрасын талдап, түсіндіремін деу – ағаттық, оны оқу, түсіну, таразылау әркімнің өзінің жан қалауы болса құба-құп. Сондықтан   оқырманға осы қазынаның кілтін ұстату жетіп жатыр, қалғаны кеудесі сәулелі жанның ырысы. Ақынның өзіне жүгінейік: «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,/ Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман;/ Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,/ Күні бойы шабады бос салақтап;/ Сәлем –  борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?..»

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат,  ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Хакім Абай мұрасына тереңдей түскен сайын көз алдымызда адам мәртебесін асқақ санаған, жүрегіне Алланы қондырған ақын тұлғасы тұрады көз алдымызда. Өйткені, қай заманда да біздің қазақ көрші елдерден арта қалып, ескі жұрттағы қоламтаға қарайлаған емес. Сана үшін, саналы да өнерлі өмір үшін «мыңмен жалғыз алысқан» Құнанбайдың Ибраһимінің бақыты да, сананы тұрмысқа тәрік еткен «қияли коммунизм» көсемдерінен биік тұратыны да содан.

 

*  *  *

Алланың сыйы – Тәуелсіздік туған халқымызды адамзат өркениетінің төріне оздырып,  алты алаш өзін-өзі енді ғана тани бастады. Кеңбайтақ жері және келісті дәулеті мен сәулетінің қазағымыздың ерлігі мен елдігінің арқасы екеніне көзіміз бірте-бірте ашылып келеді. Мәңгілік ел құру мұраты даңқты да данышпан ата-бабалар аманатына адалдықтың жарқын айғағы. Қазақстан Республикасы Президентнің халқымызға арнаған 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға  баса көңіл бөлініп, ұлтжандылықты дамытудың қажеттігі атап   көрсетілген. Бұл үшін біз, ең алдымен, халқымыздың Абай секілді ұлы перзенттерінің асыл мұрасын кең насихаттап, терең танып, білуіміз парыз.

 

Абайдың «Жидебай –Бөрілі»

Мемлекеттік қорық-музейінің директоры

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.