Біржан Ахмер: ЖИДЕБАЙ БАСЫНДАҒЫ ЖЫР

 

I

Ойхой, менің қоңыр далам, момын далам, мұңлығым, 
Топырағыңа тəу етер келді ме екен күн бүгін?!
Мен өзіңе кеп тұрмын Абай рухын сағынып, 
Тіршіліктен торығып, 
Тəңіріме жалынып...
Қайран өлең,
Қайран сөз,
Жатқан шығар тұншығып, 
Қапастағы қырандай құладүзге құлшынып, 
...Тар қабірді ашшы бір, тілдесейін ақынмен, 
Тазартайын рухымды Тəңір берген ақылмен, 
Қанат болып ұшайын қаламаған төменді, 
Жүрек болып кетейін жұтып алған Өлеңді!..

Ойхой, менің қоңыр далам, момын далам, маңғазым, 
Жар салшы бір жаһанға, болмайтынын Ар жазым!
Боз жүрегі жұпарлы боз жусаннан аумаған, 
Құлыныңмын мен сенің құмдарыңда аунаған. 
Қағбадан соң құбылам - Қарауылдың мекені,
Құраннан соң қастерлім - Қара өлеңім екені, 
Білінбей ме сендерге, 
Беу, 
Адамның ұрпағы, 
Өздеріңе ашайын нендей ғажап сыр тағы?!
Қарасазды айтам ба, Мұқаң туған, қаламмен,
Қара түнде жыр жазып, тілдесетін ғаламмен? 
Қара-ойымды айтам ба, Махаң туған кешегі, 
Кесілгенше дүр басы, жібермеген есені. 
Қайсыбірін айтайын, 
Əз бабамды сағынып, 
Қайран дала, қайран ел - жыр күтер ме қамығып?..
Мен түгілі, сол кезде қара аспан да егілер, 
Сөйтіп сонау бұлттардан, 
Сағынышы төгілер, 
Жидебайда арындап жыр оқиды күн сайын, 
Жер үстінде – Ақындар, қабірінде – Өлілер!..

Сайларыңа үңілсем, нендей сиқыр таппадым, 
Сөйлеп тұр ғой менсіз-ақ, тауларың мен жақпарың. 
Тарам-тарам тағдырын өретұғын таспалап, 
Мұндағы ауыл, кəдімгі ауылдардан басқарақ. 
Күрдір-күлдір кісінеп күрең шапқан баста анау, 
Кіндік қанын Абайдың сарқып ішкен, "Қасқам-ау " ...
Тұмсығымен түркілеп ару Айдың шекесін,
"Бөріліде" бөрі ұлып, құтырғанда не етесің?
Таңың ғажап, шіркін-ай, 
Далам, 
Сенің түнің де, 
Сайрап тұра берсең ғой əз бақыттың тілінде! 

 

II

Күн еңкейді.
Қарашы, 
Іңір түсті...
Қара түн. 
Сəт те туды көкте анау жарық жұлдыз ағатын...
Кеткім келмей мен тұрмын құшағынан даламның, 
Кеткім келмей тұрмын-ау мазарынан бабамның, 
Адам болса ғаламда, 
Арманына жетпеген, 
Ақындар жоқ ғаламда, 
Ар азабын шекпеген!
Абыздар-ай, 
Абыздар, 
Елесіңнен айналдым, 
Ақ кемеге мініп ап ақиретке беттеген...

...Қар жауды алғаш, мінекей, 
Ол да – аспанның ғазалы, 
Аспан бірақ өлеңін шың-құздарға жазады.
Жауа бергін, ақша қар
Жауа бергін, 
Осылай,
Енді аспанның өлеңін тыңдайықшы, 
Досым-ай!..

Біржан Ахмер,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері.