ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Қабай (哈焕章): АБАЙДЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Қабай (哈焕章): АБАЙДЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Оқылған 38601 рет

Абайдың қазақ әдебиетіне деген үлесін талқылағанда, қазақ ұлтына қысқаша таныстыру жасап кетудің қажеттілігі туындайды. Осылайша Абайдың қазақ әдебиеті тарихында алатын ролі мен ықпалын толығырақ түсінуге болады.

Қазақ халқы - ежелгі халықтардың бірі, ұзақ тарихы мен мәдениеті бар. Қазақ халқында мазмұны бай батырлар дастанымен қоса ғашықтық жырлары толып жатыр, әрі ұшан теңіз халық әндері мен өлеңдері бар. Халық арсында мынадай бір сөз тараған: «Өлең мен тұлпар қазақтың - қос қанаты». Қазақ халқы шығармашылықта нәтижелі адамдарды ақын деп атаған. Үлкен мерекелік іс-шаралар кезінде ақындар дәстүрлі айтысқа түсіп отырған. Қазақ халқының өміріндегі маңызды іс-шаралар, мысалы, шідеқана, той-томалақ, өлім-жітім, туған күн, мереке-мейрамдардың бәрінде өлең-жыр қатар жүреді. Абай өзінің бір өлеңінде: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», - деген. Поэзия қазақ өмірімен біте қайнасқандықтан ғана қазақтар «жыр елі» атанған.

Алайда Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясы дәстүрлі фольклорлық жырларының пішінінен шыға алмаған, поэзия әлі де болса ауыз әдебиетінің саласына жататын. Абай өз шығармашылық тәжірибесімен, фольклорлық жырлардың негізінде, басқа халықтардың поэзиясынан үйреніп, үлгі алу арқылы, осы заманғы қазақ поэзиясын жасағаннан кейін ғана, жаңа поэзия жеке жанр болып қазақ әдебиетіне енді. Мұқтар Әуезов: «Қазақ жазба поэзиясын жасаған – Абай», - деп жазады.

Абайдан бұрын қазақ ауыз әдебиеті болып саналатын поэзияда, тек төрт жолы бір шумақ болып, әр жолда он бір буын болатын, және ұйқасы да тұрақсыз, әл жолда жеті буын болатын ұзақ өлеңдер ғана бар еді. Кейін келе, өмірдің байи түсуіне байланысты, жоғарғы екі үлгі поэзия тақырыбының түрленуіне үйлесе алмады. Көптеген ақындар, оның шінде Абай өзі де, шығармашылық ынталарына сай еркін көсілетін кеңістікке жол ашпақты қатты аңсады. Дәл осындай жағдайда, Абай жаңа өлең үлгілерін жасап шықты, мысалы әйгілі «сегіз аяқ», ж.т.б.. ХХ ғасырдың алдыңғы жартысында, қазақ ақындары ішінде, еркін үлгідегі өлеңдер жазатындар біртіндеп көбейді, бұл қазақ поэзиясының өркендеп, өрістеуіне алып келді. Бұл ең алдымен Абайдың іздненісі арқасында деп білеміз.

Абайдың поэзия жайлы жазған арнайы еңбегі жоқ, алайда ол өзінің өлеңдерінде көп рет поэзия жайлы танымын айқындап кеткен. 1887 жылы жазылған «өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңі осындай шығармалардың өкілі деуге болады. Төменде сол өлеңнің негізгі жерлерін алып көрелік:

Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы

 

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы

Ол – ақынның білімсіз бейшарасы

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы

...

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап

Жоғардығы өлең жолдарынан, Абайдың поэзия шығармашылығындағы мазмұн мен үлгі, тіл, метрлік жүйе, ырғағына дейін айқын ойлар айтқанын байқаймыз. Абай шығарманың мазмұнына ерекше көңіл бөледі, әрі ақындарға өмірдегі қоқысты, керексіз бұлғанышты, өлеңге қалай болса солай қоса бермеуді көп рет баса айтады, және де шынайы өмірді бейнелейтін, халықты алға жетелейтін шығармаларды жазуға ынталандырады.

Абай ақынның ар-намысы жайлы да сөз қозғайды. Ол ақында асқақ рух болуға тиіс, өлең жазғанда мақсатты түрде жазу керек, өлеңді саудаға салуға мүлдем болмайды деп біледі. 1888  жылы жазған өлеңінің бірінде былай деп жазады:

Сый дәметпе, берсе алма, еш адамнан

Нең кетеді, жақсы өлең сөз айтқаннан

Сүйсінерлік адамды сүй, құрмет қып

Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан

Абай кезінде жайлым иелері мен байлар жалдап баққан ақындарды қатты сынап, былай деген: бірер бас мал табу үшін тілін бұрап көки беру ақын үшін намыс. Ол басқаның босағасында жүрген ақындарға, өз бойындағы пайдакөстік әдетін тастап, халықтың ақыны болуға ақыл айтады. Абайдың тәрбиесі, өзінің шығармашылық тәжірибесін өнеге етуі, қазақ әдебиетінің жаңа дәстүрін қалыптастырды.

Шетел классикасын аудару мен таныстыру да Абайдың әдебиеттке қосқан маңызды үлесі. 1889 жылы Абай бірінші рет Пушкиннің «Онегин» поэмасының үзіндісін қазақ тіліне аударады. Кейін келе ол Лермонтовтың көптеген лирикасын және Крыловтың мысалдарын аударады. Және орысшадан Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» атты лирикасын аударады.

Абай жазған үш поэма да шығыста кең тараған аңыздарға негізделе жазылған. Абай қазақ халықы үшін әлем әдебиетіне асар алғашқы көпірді салып берді. Абайдан кейін, әлем әдебиетін таныстыратын адамдар көбейе берді, бұл қазақ оқырмандарының тәлейіне ХХ ғасырдың басындағы, әсіресе, Қазан төңкерісі кезеңіндегі прогрессшіл және төңкерістік әдебиетпен танысуға мүмкіндік берді. Абай аударған өлеңдер түпнұсқаның мазмұнын дәл баяндай білді, әрі түпнұсқаның көркемдік стилін сақтай білді. Оның әдеби шығармаларды аудару барысында ұстанған мұқият пейілі де әдеби аудармашы қызметкерлерінің үйренер өнегесіне айналды.

Абай - шынайы өмірді сынау жолымен қазақ феодал қоғамының заң түзімдерін шенеген алғашқы адам. Абай шығармашылық жолына түскен ХІХ ғасырдың соңы - қазақ қоғамының ең қараңғы, ең сұрапыл жылдары еді. Патша үкіметінің қанауы мен бұлауын, ірілі ұсақты ру басыларының берсе қолынан, бермесе жолынан алатын қылығы, түрлі діни айыппұлдар бейне бірнеше бұғау секілді қазақ халықының мойнына батып-ақ тұрды. Абайдан бұрынғы фольклорлық шығармалар, халықтың қиыншылығы мен феодал қоғамның іріп-шіруін және қараңғылығын суреттеген болса да, көбі үстірт кетіп, өзекті мәселелерге жете қоймаған еді. Абай сахара өміріне терең бойлай отырып, феодал қоғамның түрлі кемшілігі мен қарама-қайшылығын жеріне жете ашып көрсету арқылы, әбден ашкөзденіп шіріктескен жоғарғы тап өкілдерінің айнымас кескінін суреттеп, қазақ әдебиетінде шынайы өмірді сынға алатын реализм үлгісін жасап берді. Осы себептен Абай қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Абайдың дәуір дерттерін сынағын шығармалары мен саяси лирикаларының жарыққа келуімен байланысты қазақ әдебиетінде реалистік шығармалар біртіндеп көбейе бастап, поэзия да жалдамалы ақындардың ықпалынан ақырында босады, сөйтіп қараңғылық пен жауыздықты әшкерелейтін, ақ пен ақиқатты жырлайтын құралға айналды. ХХ ғасырдағы қазақ прогресшіл әдебиеті, оның ішінде Мұқтар Әуезовтің Абайдың өмірбаянына негізделе жазған «Абай» және «Абай жолы» да Абайдың реалистік сыншылдығынан зор ықпал алған.

Абайдың ең көз тартарлық еңбегі – оның халыққа мұра етіп қалдырған шығармалары. Абайдың өлеңдерінің саны көп болмаса да (200-ге жуық өлеңдері мен 50-ге тарта аудармалары), олар - қазақ әдебиетінің жаухары. Әсіресе, өмірінің соңындағы лирикалары көркемдік жағынан өте жоғары деңгейге жеткен.

Абайдың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі бар қазаққа белгілі. Абайдың шығармалары шығыс ғалымдарының тамсануы мен қызығуын тудыруда. Абай есімімен қазақ әдебиеті нұрға бөленіп отыр. Абайдың әдеби өнер туралы ойлары мен өнер стилі барлық қазақ прогрессшіл әдеби қызыметкерлеріне өнеге болып, ықпал етіп келеді. Дүниенің төрт бұрышына шашылған қазақтар, мейлі қай ел азаматы болмасын, Абай шығармасы барша қазақ ұлтының мәдениетінің шұғылалы өнегесі деп біледі. Абай аты қазақ әдебиетінің үздік дәстүрінің символы болуға татиды.

Абай шығармаларының толық жинағы

/Қытай тіліне аударған, зерттеу мақаланы

 жазған Қабай. – Пекин: Ұлттар баспасы, 2005. 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.