ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Қабай (哈焕章): АБАЙДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

Оқылған 26521 рет

Абай – ХІХ ғасырдағы қазақтың әйгілі ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, қазақ халықының алға басуына зор үлес қосқан ойшыл әрі қоғам қайраткері. Қазақ арасында Абай жайлы сөз бола қалса, мейлі қай ру немесе ауыл болмасын, барлығы тіл табыса кетеді; егер Абайдың бірер өлеңін жатқа білсең, тіптен ерекше сый мен құрметке бөленесің. Осыдан Абай өлеңдерінің халық арасындағы терең ықпалы мен Абайдың қазақ халықыт жүрегіндегі алар орнын көруге болады. Абай шығармалары ХХ ғасырдың алдыңғы жартысында-ақ көптеген тілдерге аударылып, Орта Азия халықтары арасында кеңінен тарап, «ХІХ ғасырдың соңғы жиырма бес жылындағы қазақ халқының нағыз энциклопедиясы» деп бағаланды. Алайда, біздің ұзақ жылдардан бері Абай мен оның шығармаларына деген бағалауларымыз бен зерттеулеріміз жеткіліксіз болды. Бұл кітапта Абайдың шығармашылық жолын қысқаша таныстырып, әрі оның өлеңдеріне бастапқы зерттеулер жасаймыз, және оқырмандардың қымбатты ой-пікірлер білдіруін күтеміз.

ӨМІР БАЯНЫ

1845 жылдың 10 тамызында Абай орталық Азияның Шыңғыстау өңіріндегі Тобықты руында дүниеге келеді. Әкесі Құнанбай сол рудың билеушісі, әрі феодал заң ережелердің қорғаушысы еді. Алайда шешесі Ұлжан жаны жайсаң, әділ, істің жөнін білетін кісі болды. Шешесінің мәпелеп тәрбиелеуінде, бала Абай бақытқа жарай феодал жанұяның, әсіресе Құнанбайдың ықпалынан аман қалды. Абай жастайынан өлеңге жаны құмар болды. 1855 жылы, он жасқа жаңа толған Абай, «кім екен деп келіп ем түйе қуған» деген шағын өлең шығарады. 1857 жылы Абай семей қаласындағы Ахмет Риза бастауыш мектебіне (медіресе) түсіп оқиды. Мұнда Абай ұстаз белгілеген сабақтан басқа, Араб, Парсы және шығыстың басқа халықтарының тілдерін өздігінен үйреніп, Низами, Физули, Фердауси, Науаи қатарлы шығыс ғұламалары әрі ақындарының классикалық шығармаларын оқиды. Дәл осы шығыс ақындарының сан құбылып құлпырған өлеңдері, ең алғаш Абайдың шығармашылыққа деген ынтасын оятады. Абай шакірт кезіндегі өлеңдерінің барлығы араб, парсы тілдерінде жазылған. Семейдегі кезінде, Абай орыс ауылындағы бастауыш мектепке де барып оқып, Пушкин, Лермонтов, Крылов және Тургенев қатарлылардың шығармаларымен де танысады. Орыстың озық әдебиеті Абайдың ойы мен шығармашылығына пайдалы ықпал етеді. Дегенмен Абай дарыны тасыған жастық шағында өзінің шығармашылығын бастаған жоқ. Сол бала шағында-ақ, Құнанбай Абайды өзінің мұрагері етіп қояды. Бастауыш мектеп бітірмей-ақ Құнанбай оны рудың іс-қызметтеріне араластырады. Абайдың жастық шағы дерлік Құнанбайдың қатаң бақылауы мен басқаруында өтеді. Алайда Абай өзінің арманын еш қашан ұмытпайды, жағдай бола қалса айналасында болып жатқан барлық істерге көз салып, өз болашағына ой жүгіртеді. Он жылға созылған шабармандық өмірінде Абай Жайлым иелері, байлар, діни жоғарғы тап өкілдері мен ру басылары жайнаған алты қанат ақ үйде жүргізген пасық алым-берімі мен зұлымдық қылықтарын көзбен көреді, бұл оның әділетшілдік сезімін тулатады. Ол әкесімен қарама-қайшы өмір жолын іздемекке бел шешеді, сонымен өзі туып өскен ақ сүйек әулиетінің қарсы жағына өтіп, әрі соңында ашық қарсылыққа шығады.

1876 жылдың басында, халықтың ұсынуы мен қоллдауында, Абай халыққа бақ орнатып, жаманшылық пен күреспек мақсатында Қоңыр Көкше руына болыс болып сайланады. Алайда көп өтпей, Қоңыр Көкше руынның басшылары мен жоғарғы адамдары, таптық мүдде мен рулық сыңаржақтылықтан түрлі жалаларды қолдан жасап аудан мен обылыс орталығына Абайдың атына арыз береді. Абай үш жылдық қызмет кезінде үнемі семей өңірлік сотының тергеуіне ілігеді. Ру аралық алауыздық пен таптық қақтығыстар араласқан тым күрделі жағдай да, Абай мен халық арасындағы байланысты үзіп кете алмады, ол үнемі еңбекші халық жағында тұрды. Абай ұсынған саяси жобалар көптен көп қалың кедей бұқараның мүддесін көздеді, бұдан ол халықтың қолдап құрметтеуіне ие болды. 1884 жылы, жеті жүз адам сотта куә болып, Абайды қолдап, арызданушының әдейі Абайға жала жапқандығын мойындатады. Бұл жазықсыз жаланың дұрыс шешіммен аяқталуы Абайдың халық арасындағы сенімі мен абыройын тіптіде асқақтатады. Осыдан бір жыл өтпей-ақ, семей өңіріндегі бес ауданның ру өкілдері Қарамолада өткен үлкен жиында, Абайды төбе би етіп сайлайды. Бұл жиында Абай өзі құрастырып әрі қол қойған «Қазақтың  жетпіс төрт тармақты жаңа заңы» ( «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері» – аудармашы) қабылданады. Бұл жаңа заң Абайдың кейбір озық ойларын заң түрінде бекітіп, қаналған, езілген қалың бұқара халыққа сол кездегі жағдай мүмкіндік берерлікдей өз пайдасын тигізеді. Бұл іс қазақ халықының тарихында маңызды эпизод болып қалды.

1885 жылы, Абай қазақ даласына жер аударылып келген орыс демократтары Михаэлис, Долгополов қатарлы адамдармен танысады, сөйтіп прогрессшіл демократиялық ойларды қабылдайды. Бұл кезде ол халықты ояту мақсатында, халық өзі сүйіп, ұнататын жыр-өлең түрінде ғылым мен демократияны батыл дәріптеудің қажеттілігі кезек күттірмейтіндігін сезді. Нақты айтқанда, Абайдың шығармашылық іс-әрекеті ХІХ ғасырдың сексенінші жылдардының орта кезеңінен бастау алады. Бұдан бұрын Абай тек саны жағынан аздау үйреншік өлеңдер ғана жазған.

1886 жыл Абай өлең туындыларын ең көп жазған бір жыл болды. Бұл жылы ол жиырма неше өлең жазады. «қалың елім қазағым, қайран жұртым», «ат сыны», «күз» қатарлы әйгілі туындылар осы жылы жарық көрген. Егер бұдан бұрынғы Абайдың үйреншік өлеңдерінен, халық жай ақындардың суырып салма өлеңдерінен тәуірлеу өлеңдерді байқаған болсада, бұл бір неше өлеңді оқығаннан кейін, қазақ халықы өздерінің талантты ақынының бейнесін көре бастады.

1888 жылдан 1889жылға дейін, Абай шығармашылықтан үлкен табыстарға жетті. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «сегіз аяқ», «жігіт сөзі», «қыз сөзі» секілді Абай ойының тереңдігі мен көркемдік стиліне өкілдік ететін көптеген тамаша өлеңдер, көбі осы уақыт аралығында жазылды. Бұл кезең Абай шығармашылығының шыңы деп айтуға болады. 1889 жылы Дала уәләяты газетінде бірінші рет Абайдың «жаз» және «Күлембайға» деген екі өлеңі жарық көреді. Осыдан Абай есімі тіпті де көп адамдарға таныла бастайды, әрі ықпалы да кеңейеді. Осы жылы шығармашылық пен қатар, орыс ақыны Пушктннің «Онегин» поэмасын қазақша қайта өңдеп жаза бастайды.

1890 жылы, орыстың Европадағы белгілі бір өңірінде туратын қолбасшысы Барон Таубе ақ патшаның атынан семейге келіп жергілікті рубасыларына шен беріп марапаттау кезінде, Абай оны қатты ашуға толы сөздермен сынаған болатын. Бұл іс өкімет пен жоғарғы тап топтарының қатты назарылығына ұшырайды. 1898 жылы Азберген қатарлы ру басшылары Абайға қастандық жасамақ болады. Достарының қорғауында Абай қастандықтан аман қалады. 1903 жылы Абай мен ұлы Мағауяның семейдегі үйі себепсіз өкіметтің тінтуіне ұшырайды.

Өмірде бастан кешкендер Абайға халықты тәрбиелеу үшін қазақ халықының өткені мен бүгінін зерттеу керек екенін сезінтеді. 1890 жылдан бастап, Абай өзінің қара сөздерін жаза бастайды. Бұл кітап абайдың көп қайрат-жігерін сарқады. Бұл кітапта ХІХ ғасырдағы қазақ феодал қоғамының саяси, экономикалық, оқу-ағартушылық, моральдық, салт-дәстүрлік және басқа түрлі жақтарының жағдайы мен мәселелерін қамтылған, қазақ тарихы мен қоғамдық өмірін зерттеудің ең алғашқы құжаты, көп кезіге бермейтін әдеби тарихи материал, әрі Абай өз халықына қалдырған құнды мәдени мұра.

1898 жылы, Абай жасы ұлғайғаны себепті, барлық қоғамдық әрекеттерін тоқтатып, шығармашылыққа толығымен кіріседі, әрі өмірден озғанша тоқтатпайды. Абай өмрінің соңы едәуір мұңлы болды. Ең сүйікті ұлы, талантты Абдрахман жиырма жеті жасында қайтыс болады, тағы бір ұлы Мағауя да Абай қайтыс болатыннан бір неше ай бұрын өмірден өтеді. Арт-артынан келіп жеткен бақытсыздық, Абай рухани дүниесіне зор күйзеліс алып келеді. Өзінің «ауру жүрек соғады ақырын жай» деген өлеңінде,

Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын

Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін

Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап

Кетірер деп, мазақтап, беттің арын, -

деп көз жасымен жүрегінің жарасын баян етеді.

Өмір жолы тарғалаң болғанымен, Абай өз сенімінен еш қашан тайған емес. Тіпті тұйыққа тірелген кездерде де, ол еш қашан үмітсіздеген емес, ол өз халықының қашан болмасын бір күні мәдени даму жолына, бақыт жолына түсетініне сенді. 1896 жылы ол «Көңіл қыраны» («Қөңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» – аудармашы)  деген өлеңінде өз сенімін былай көрсетеді:

Өткен өмір мұз, қыраудай болса да

Келер күндер күн шуаққа шомылар

 

(Өмірдің алды –ыстық, арты – суық.

Алды – ойын, арт жағы – мұңға жуық–аудармашы)   

   Алайда Абай жаңа дәуірдің шуағын өз көзімен көре алған жоқ, бұл оның өмірлік арманы болды. 1898 жылы жазылған өлеңдерінен оның орындалмай қалған ұлы мұратына деген қайғысын көре аламыз. Ол кейін қалған еліне өзіне түсіністікпен қараса екен деген тілекте болды:

      Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

      Өткір тіл, бір ұялшақ қыз болмай ма?

      Маһаббат ғадауатпен майдандасқан

      Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

...

      Жүрегіңнің түбіне терең бойла

      Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла

      Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім

      Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма

 

      Жасымда албырт өстім ойдан жырақ

      Айлаға, ашуға да жақтым шырақ

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым

Етекбасты көп көрдім елден бірақ

...

      1904 жылы 23 Мамырда, Абай өз туған ауылында ауырып қайтыс болады. Оның қазақ халықының әншісі, ұлы реалистік ақын ретіндегі жарқан бейнесі халық жүрегінде мәңгілік ескерткіш болып сақталады.

Абай шығармаларының толық жинағы

/Қытай тіліне аударған, зерттеу мақаланы

 жазған Қабай. – Пекин: Ұлттар баспасы, 2005. 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.