Бақытжан МАЙТАНОВ: АБАЙ ТҰЛҒАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Әлемде кіші халықтар жоқ, ұлы әдебиеттің барлығы - көбімізге мәлім бір ақиқат. Белгілі бір ұлттың арман-мүддесі, барша рухани өмірі, қуанышы мен қасіреті әдебиет арқылы көрініс табады. Әдебиет – сол халықтың ар-ұжданы, өркениетті адамзат алдындағы сән-тұлғасы, тарихтың қатал сынынан қаймықпай өтетін киелі мұрасы.

Орыстар үшін Пушкин, өзбектер үшін Науаи, итальяндықтар үшін Данте қандай қасиетті саналса, Абай есімі жер жүзіндегі түбі бір, түгел қазақ үшін Алатаудай асқақ, Шыңғыстаудай құдіретті! Ол – жалпы адамға тән қымбат ақиқатты өз елінің тыныс-тіршілігінен тауып, күлте-жалын келістіре жырлай білген шын мәніндегі ұлттық ақын, тізе қағыстырар теңдесін кезіктіре берместей терең ойшыл.

Абай орыс әдебиеті үшін «алтын ғасыр» саналатын XIX ғасырдың екінші жартысында (1845-1904) ғұмыр кешті. Әлемдік көлемдегі көркем ой мен философиялық танымның үздік үлгісін ақын орыс әдебиеті мен орыс тілі арқылы танып білді. Төл әдебиетіміз бен шығыс шайырларының озық дәстүрін еркін меңгерген Абай Батыс елдерінің мәдениетінен сусындауға құмартты. Еуропа суреткерлерінің тәкаппар даналығы мен жазу өнеріндегі «кестенің бізіндей» сан қиыр өрнектерден тағылым алуға бар бейілін аударды. Ұлы қаламгер өзінен бұрынғы таланты тау суындай тасыған әйгілі жыраулар мен айтыс өлеңнің теңселе басқан дүлдүлдеріне бейтаныс асудың қиясына шығып, топшысы берік қанатқа қайыспас, таймас тұғыр іздеген еді. Қыр елінде оқыған, сауатты, тілге де, ойға да жүйрік ақындар бар болатын. Бірақ талғампаз тағдыр қазақ жырының мұзарт шыңына Абайды ғана көтерді. Демократ ақын, сырлы-күйлі сазгер, философ, педагог, психолог Абайдың аса бай шығармашылық мұрасын тауыса талдау мүмкін емес. Алайда оның қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап, лирикалық өлеңдері мен эпикалық поэмаларында реализм қайнарының көзін ашып, көмейін кеңіткені, бұл туындыларда дидактикалық сарын өзгеше сергек философиялық ұйғарыммен, белгілі сюжеттік арналар жаңа композиция, тың идеялық тұғырнамалармен біте қайнасып, тұтас жонданып жатқанын атап айту шарт. Абай «қара сөздері» философия мен психология, эстетика мен педагогика ғылымдарына қадірлі олжа қосты. Абай сонымен бірге ұлттық әдебиетіміздегі проза жанрына ауыздық салып, оны жүген-құрыққа үйретті. Абай өз өлеңдеріне арнап әуен түзді, ол әуен әдеттегі таныс мақамнан басқаша күйге бейім болды. Өйткені Абай сазынан алыс әлемнің сан сала даусына тән ырғақ, нақыш байқалды. Ол жұрттың бәрінен бұрын Гете, Гейне, Пушкин, Лермонтов, Крылов жырларын қазақ тілінде сөйлетті. Олар неміс, орыс боп кекірейіп тұрмады, қазақтың елтірі тымағын киіп, кең күпісіне оранып шыға келді. Бірақ ұлттық түр-кескінінен айырылған жоқ.

Абай қазақ өлеңінің құрылымына түбірлі өзгерістер енгізді. Жаңа ырғақ, ұйқас, буын, сөз орамдары қиысын тауып, дүниеге келді. Ата қазақтың силлабикалық өлеңі тотықұстай түрленіп, салқын самал жұтқандай тың кейіппен жұтынып шықты, ерекше тартымды әуезділік танытты. Соңғы кезде Абай есіміне сабақ-тастырып, қазақ әдебиетіндегі қайта өрлеу дәуірі туралы сөз естіле бастағаны мәлім. Бұл – ең алдымен, ақын жырларының мазмұнына қатысты пікір. Замандастарының сөзіне қарасақ, Абай жазған, сызғанын қайта көшіріп, үзбей жинастырып жүрмеген. Айналасындағы дос-жар ағайын ести сала, жаттап алатын болған. Ой орманындағы дара данышпан үшін поэзия бұл дүниенің күрмеуі қиын, шешуі жоқ күрделі мәселелерін толғайтын жан күйігі іспетті еді. Абайға дейін де небір күміс көмей, жез таңдай ақын-жыраулар қамкөңіл елдің мұңын мұңдап, батыр ұлдың, ақылды ханның ұлағатын асыра дәріптеумен халыққа жаққан. Қыр баласына әйгілі қатыгез де әділ, парасатты аға сұлтан Құнанбайдың отбасында дүниеге келген Абай мансап қумай, өнер мен ғылымның көшіне ілесіп, алыс қиырларды қиялмен шарлауға ынта қойды. Соңғы уақытта белгілі болып отыр: Абай би болғаны, болыс болғаны бар, 18 жыл бойына дала жұртына «қара қылды қақ жарған» әкімнің жүгін арқалапты.

Ауыл молдасынан хат танып, орыстың бастауыш мектебінде тіл сындырған болашақ ақын қатал әкенің қалауымен оқуын жалғастыра алмағаны аян. Айналасына беделі зор, құдайшыл, табанды, қайсар Құнанбай үміт күтер баласын буыны қатпай жатып, ру-рудың арасындағы тайталас күрес сырын ұға беруге бейімдейді. Бұл міндетті қайратты жас қаласа да, қаламаса да, белі қайыспай көтере білген.

Абай қайнаған өмірдің асау дариясына қайық салды. Бір кезде жер айдалып келген поляк ұлтының өкілі А.Янушкевич қазақ халқының 100 жылдан соң ең өркениетті елдер қатарынан табыларына сенім білдіріп, көріпкелдік жасаған ғой. Абай сол халықтың нақсүйеріне айналды. Ұлы ақын өз шығармаларында сахара жұртының шаруашылық, әлеуметтік, тұрмыс-салт және іс-әрекет, мінез-қылығын мақтаудан гөрі надандық қамытынан арылмаған ағайынның жалқаулығы мен көрсеқызарлығын, екіжүзділігі мен сөзшеңдігін сынға алады. Көп ішіндегі азған қауымның алдамшы харекетін ақын келеке қылып күлмейді, жүрегінен зар төгіп, запыран қайғысын ақтара сөйлейді. Абайдың өткір кекесінін, бетке шыжғырып айтар сарказмін біз бүгін жалпы адам баласына тән кенеуі мол игілікті сарыла іздеуден туған толғаныстар ретінде қабылдаймыз. Абай «қалың елі, қазағының» сүріне басқан қадамына жаны ауырып, ақыл мен жүрек зеңгірінен күйзеле жыр төгеді. Мұндай биікке ол халық қасіретіне ортақтас дархан көңіл, қуатты рух пен құнарлы ойдың құдіреті арқылы қол жеткізген. Дәл осындай асқақ тұғырдан Күлтегін, Тоныкөк сияқты қайран ер, дана басшы туралы мәңгі өлмес жыр қалдырған, туырлықтай ту ұстаған батыр бабалар ғана тіл қатар еді. Күллі қазақты қандас туыс, бауыр санауға жан қуаты жеткен алып тұлғалар ғана ағайынның асылы мен жасық істерін ашына тұрып, бетке баса алады. Ол ұлтын сүймегендік бола ма? Абай өзі ғана емес, жеке назарға алынған жағдайдағы  замандастары мен Сіз және Бізді де қапалы сезімнің жетегіне ілестіріп алады. Өйткені Сіз бен Біз – екінші дауыспыз. Біз – реніш, өкпеміз. Біз сезім ғана емес, оны жіті аңғарып, әділ таразылаушымыз. Біз – Абайдың жақтасы, қолдаушысымыз. Ақынды жабырқатқан жай тура біздің де көңіл-күйіміз сияқты. Әлдекімдерге кінә тағатындаймыз.

Абай психолог есебінде объективті һәм субъективті байқау, пайымдау, индукция, дедукция, силлогизм, интроспекция, ретроспекция тәсілдерін жете меңгерген. Оның шығармаларындағы өзге әріптестерінен өзгешелік – әдетте көзге түсе бермейтін, қарама-қайшылығы мол әрі қымбат жан сырының нәзік сезімталдықпен суреттелуі. Бұл дүниежүзі әдебиетінің озық үлгісін етене бойға сіңірумен сабақтас қадам. Ол өнеге ой-пікірдің турашылдығы, толғану барысындағы кілт бұрылыстар, сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін дағдыға айналмаған қасиет: сезімнің шектен тыс шынайылығы мен айрықша батыл сөз орамдарынан байқалады.

Абай әлеуметтік әділетті жақтайды, ел арасындағы қырғиқабақ тартыс пен зорлық-зомбылықты әшкерелеп сынайды. Халқының жарқын болашағын аңсаған ақын өз қандастарын әлем мәдениетінен сусындап, білім алуға үндейді, әркімге есесі кеткен қаратабан жарлыны өмірден алар үлесін тануға жетелеп, жігерін жаниды.

Қоғамдық-философиялық, адамгершілік тақырыбына арналған өлеңдерінде ақын аққан селден, сілкінген жерден қорықпайтындай ғажап реалист. Сол кез үшін жан түршігердей шындықты көлгірсімей, ақтара айтуға келгенде ол ешкімнің қас-қабағына қарамайды, өзім жаман көрінем бе деп қиналмайды:

Дос – асықтың болмайды бөтендігі,

Қосылған босаспайды жүрек жігі.

Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз –

Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.

Сеніскен досым да жоқ, асығым да,

Ақыры өлең қылдым жасыдым да.

Көрмеген көп дүние көл көрінді,

Кірлемеген көңілдің ашығында  [1,53],

 - деп, Абай алдымен қиялдағы мұрат тұтар үлгінің асыл бейнесіне қарама-қарсы шындықтың қара жүзін байқайды да, шарасыз халде ауыр күрсінеді. Байқасақ, Абай өмірді Тәңірдің сыйы тұтып, білім іздеу мен лайықты тұрмыс құруды, оған жан сарайындағы тазалықпен жетуді кісілік деп таниды. Құран сөзімен үндес табиғи әрі қарапайым қағиданың поэтикалық көрінісі. Бұл – Абайдың кез келген бауырына ұсынар ақыл-кеңесі. Ал осындай көңіл қайшылығын барша адам сезіне ме? Сезінсе, жүрегіне жүк салып, сана сергелдеңіне түсе ме?! Мұндай парасат биігіне шыққан ағайынның бәрі «кермек» «ойын» өлеңнің қиын өрнегінен өткізе ала ма?

Абай үшін Шығыс пен Батыстың әдеби дәстүрлері ғана емес, әлемдегі діни ағымдар да жат көрінген жоқ. Ислам қағидаларын қатты қастерлейтін ол көне түркілердің Тәңірге табыну ырым-салтын да ардақ тұтады. Алайда ақынның дінбұзар дүмше молдаларды аяусыз шенейтінін ұмытпау керек. Абай поэзиясындағы шындық іздеп, көңілі жұбаныш таппай егілетін қасіретті жанның бейнесі діни сарындармен терең тамырлас. Ағартушы-демократ ғұламаны кешегі ер мінез көшпенділердің бүгінгі қараңғылығы мен қайрансыздығы қапаландырады. Қандас бауырларының қолында билігі бар әркімнің жетегінде кеткен талайсыз тағдыры толғандырады.

Абай поэзиясы – ұлы мейірімгердің рухани қажеттілігінен туған, қансыраған қайғылы жүрегінің шежіресі. Қайрат-жігер, нұрлы ақылға толы бұл жырларда қазақ халқының дүниетанымдық, психологиялық ерекшеліктері қаратүнек бояуларға ғана малынып көрінбейді, жалпыадамдық игіліктерге ұмтылыс үстінде бейнеленеді. Көркем сөздің сандалкері торығу бұлтын серпіп тастап, бәріне тәкаппар парасат бигігінен көз салатыны бар:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың  –  ашыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп болады ермек?

Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған  өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек [1,23]. 

Жер басқан жұмырбасты пенде әлемнің қайталанбас сәттерін алғаш сезген күннен бастап өмір сүріп келе жатқан философиялық мәселеге Абай ғылым назарымен баға беретіндей. Өйткені ол Дарвин, Спенсер, Декарт, Бэкон еңбектерімен кеңінен таныс. Ақ жүзін кір шалған нәзік мұң ба? Ғажап табиғаттың қатыгез үкімін сезінуден туған күрсініс пе? Осынау жұмбағы мол күрделі тіршіліктің алып толқындарымен алыса жүріп, Абай:

Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айырылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған.

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған [1,178],

 – деп тағы бір алуан толғанысқа кетеді. Абайдың уақыт туралы тұғырнамасы жара-тылыс құрылымынан мол хабардар адамға тән ойға, әлеуметтік, физиологиялық заңдылықтар сырын анық тануға негізделген. Тағдыр ұғымы философиялық деңгейге көтеріледі. Бар пейіл-ынтасымен бір Аллаға сыйынатын хакім адам дүниетанымындағы ең басты сауалға айқын жауап тапқандай.

Ұлы Абай жаратылыстың мойын бұрғызбас қатал қағидасын мойындай тұрып, қайғының қара тұманын шақыру себебін өзі де білмейтіндей. Сұңғыла санаткер біртұтам шолақ өмірді мәңгілік көріп, әдеттегі жабайы инстинктінің құшағынан шықпай, аз-кем құштарлық уысында қалатын, жамандықты ұмытпайтын, жақсылыққа жуытпайтын сұм-сұрқия пенделердің жетесіздігіне назаланады. Абай санасының астарындағы ырықсыз сәт деп адамның шетсіз, шексіз әлем алдындағы дәрменсіз бишаралығына дағдару сезімін атаса болар еді. Ақын мұңы мен қасіретінің сырт себептерінен басқа, көзге көрінбес, қыл қобызша сарнаған ішкі эмоциялық арқауы да осы, бір келген жарық дүниенің жалт бергіш опасыздығынан туған ба екен? Қорқыт бабаның зарын Абай неге бастан кешпесін. Асан атаның арманын Абай неге бауырына баспасын. Адам емес пе! Бір еменнің бұта, тамырлары емес пе! Абай жырларындағы уайым, арман сарынының түбірі ұлттық поэтикалық, фәлсапалық сана бастауларынан көз алады. Сатира, сыншылдық – трагедиялық жағдайдың ашынған көрінісі ғана.

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмиша өмір етпек, ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті.

Қайта айналмас, бұрылмас, бұлдыр заман 

– деп дала кемеңгері неге торығады? Ой да таныс, кейбір сөздер де қайталанады. Тағы да «тағдыр» бас тұлға. Тапқыр метафора сағаттың қызметіне байланысты өрістейді. Ақын зымы-ран уақыттың тасбақа қимылынан қарама-қайшылық байқағанмен, тұтас үйлесім заңды-лығын барлайды. Ол адам үшін тиімді емес. Уақыттың қымбаттылығы сонда, ел-жұртына, тұрмыс-салтқа өкпелі Абай, қайсар Абай өзіне жат «бұлдыр заман» елесін жанары мен көкірегінен қуғысы жоқ. Абай жырларының тақырыптық аясы кең. Өмірдегі тарихи-әлеуметтік, құқық, мораль мәселелері философиялық тереңдік, ащы мысқыл тілімен суреттеледі.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жинап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек?

 

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?!

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек  [1,24],

– дегенде Абай баяғы ауылдағы жинақталған шындық суреттерін өткір де сергек кестелейді. Жалған даңғазалық, аяғы көрінген қулық қана емес, «жұмысы жоқ, қолы бостықтан» сенделген бозбала жастың өнерсіз, кәсіпсіз, арзан тірлігіне де күйіне назалану бар.

«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп түсінетін ақынның көңіл-күй лирикасы қалыптасқан дәстүрден аттап, классикалық дәрежедегі үздік өрнектермен көмкерілген. Табиғат туралы өлеңдеріндегі оқыстан табылған жүйрік теңеу, кейіптеу, психологиялық егіздеу мысалдары өзгеше әсерлі. Айналамыздағы сұлу дүниеге жан бітіп, әсем де мәнді қозғалыс, қимылға көшеді.

«Ескендір» поэмасында ақын атақты жиһангер, қолбасшы Александр Македонский тұлғасын жаңаша пайымдаған. Македонский бейнесі аңыз сілеміне оранған мұнарлы кейіпте көрінбейді. Абай әйгілі жауынгер әміршінің шектен тыс менмендігін, адам қанын селдей ағызған жыртқыш қасиетін реалистік тұрғыда суреттейді. Жидебай баурайында ғұмыр кешкен ұлы ойшыл болмыстың таусылмас жұмбақ сырлары туралы философиялық, этикалық, эстетикалық, психологиялық тұжырымдарын «қара сөз» түріндегі трактаттар арқылы жеткізеді. Ол пікірлер қазіргі таңда да өзінің жоғары ғылыми-көркем сапасын жоғалтқан жоқ. Шығармаларын Абай аударған Пушкин мен Лермонтов қыран көктегі құдіретті тұлғасынан бір мысқал  айныған емес. Өкінішке орай, Абай біз білетін таңғажайып, асқақ кейпін таба алмайды. Әрине, бұл тұста тәржіма ісіндегі ерекшеліктерді, әр халықтың өзгеше дара поэтикалық ойлау жүйесін толық қамту қиын міндет екенін ескерту қажет. Ақын стилінің терең мағынасы мен күрделі бейнелілігі, ол жазған өлеңдердегі құбылту, айшықтау амалдарының әсемдігі мен мәнділігі, тосын сұлулығы, фольклорлық үлгілермен жанды жарасымы, жалпы Абай поэзиясының кеуделі эстетикалық мәдениеті – бүгінгі қазақ әдебиеті үшін де қайталанбас құбылыс, алынбас асқар.

Текті тұқымнан шыққан, сый-құрметке малынған Абай әділдік пен адалдық жолында дала ақсүйектерімен арадағы қимастай қызық қарым-қатынасын үзеді. «Атаның ұлы болма, Адамның ұлы бол», «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» дейді ғазиз Абай. Ақын жырларындағы ұлттық тұрмыс көрініс-терінен өріс алатын поэтикалық, дидактикалық ой-толғаныстар жалпыхалықтық мазмұнға толы. Абай дүниетанымында тарихи сипат мол. Абай өмір құбылыстарына диалектикалық биіктен қарайды.

Орыс қоғамындағы озық философиялық көзқарастың әсер-ықпалын бастан өткерген Абай «сегіз қырлы, бір сырлы» тұтас тұлға ретінде қалыптасады. Бұл халыққа деген шынайы махаббат нәтижесінде Татьяна мен Онегин, мұңды тәкаппар Лермонтов жырлары қазақ елінің рухани өмірінен қастерлі орынға ие болды. Абай ауылында дүниежүзілік өркениетті құдірет тұтумен тамырлас аса ізгілікті әдеби мектеп пайда болғаны мәлім. Абайдың рухани мұрагері, немере бауыры, тамаша ақын әрі философ Шәкәрім Құдайбердіұлы Толстоймен хат жазысып тұрады, сонау қияндағы Ясная Полянаға барып қайтады.

Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, көпке аян бір жұтаң шындық бар: неге екені белгісіз, елден иығы үстем даналар әр кезде оқшау қалып, жалғыздың күйін кешеді. Абай да «моласындай бақсының» жеке күңіренген сәттерден ада емес. Абай ХХ ғасырдың басында көз жұмды. М.Әуезов айтқандай, «Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді». Ал оның ауқымы кең, аспан аялы идеялары, кескекті тілі, айшықты суреттері, туған халқы өрге сүйреген өршіл арманы қазір де тірі. Біздің санамыз қайсыбір шақтарда сол ойлармен бірге тербеледі. Біз Абайды мақтан тұтамыз. Өйткені қайта оянған, өз перзентінің арман-мұңын, дана ақылын дұрыс түсінген, өсер өрісі зор әрбір ұлт алыс көкжиекке қажырлы үмітпен көз салады.

Көркем сөздің зергері, ыстық жүрегіне Абай есімімен серт жазып кеткен ұлы Мұхтар Әуезов ақын шығармаларының ерен көркемдігі мен ұлттық сипатын айта келіп: «Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы – Абайдың азбас-тозбас даңқының ең ірі айғағы, міне, осында» [2,39], – деп әулиедей ақиқатты тебірене жариялаған еді. Біз ол ойларға, Абайдың ұлылығына әрдайым бас иеміз.

ӘДЕБИЕТ 

1.Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т.1.

2.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы.– Алматы: Жазушы, 1985. – Т.20

  

Абай институтының хабаршысы. - 2010. - №. 4.