ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Мекемтес Мырзахметов: АБАЙ ӨМІРБАЯНЫ - АБАЙТАНУДЫҢ ІРГЕЛІ САЛАСЫ

Мекемтес Мырзахметов: АБАЙ ӨМІРБАЯНЫ - АБАЙТАНУДЫҢ ІРГЕЛІ САЛАСЫ

Оқылған 24821 рет

Қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ ұлы классигі Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың өмірбаянын толығырақ білу тілегі мен қажеттілігі ойшыл ақын қайтыс болған соң-ак, көп ұзамай қолға алынды. Жалпы қазақ ақындарының арасында тұңғыш рет Абайға ғана баспасөзде арнайы өмірбаяндық деректер беріле бастады.

Бұл салада Абайдың тұңғыш биографы - Қәкітай Ысқақұлы. Қәкітай ұлы ақынның немере інісі болуы себепті 12 жасынан бастап тікелей Абай тәрбиесінде өсті. Ес біліп есейген шағынан бастап Абай өмір сүрген ортаның сыры мен қырын танып, ақын өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бәріне де тікелей араласты. Қөптеген Абай шығармаларының дүниеге келу сыры мен жазылу себептерін де өз ортасында кімнен болса да анағұрлым жетік білді. Абай өлеңдерінің қай жылы жазылғанын анықтау   жолында да көп еңбек сіңірді.

Қәкітай ЬІсқақұлы жазған Абайдың тұңғыш қысқа түрдегі өмірбаяны өз заманында елеулі қызмет атқарып, соңыра абайтану тарихынан лайықты орны мен бағасын алды да.

Абай шығармалары Қазақстанда қазақ халқының рухани мұрасы ретінде қоғамдық ой-санада өрісті де өскелең орын алуына сай дәрежеде танылу міндеті алға қой­ылды. Қалам қайраткерлерінің көпшілігі Абай мұрасын зерттеу,. бағалау ісіне әрқайсысы өз шама-шарқына қарай ат салысты. Бірде адасып, бірде табысты боп зерттеу процесі үздіксіз жүріп жатты.

20-30-жылдардағы абайтану саласында жазылған ірілі-ұсақты еңбектердің дені, негізінен, ақын шығармаларының әлеуметтік төркіні мен мұрагерлік жағына көп аялдады. Осымен қатар кейбір мақалаларда алғаш рет Абай өмірбаянын жаңа деректер негізіне сүйеніп, толықтырып қайтадан жазу талабы да көтеріледі. Бірақ ұлы ақын өмірбаянын бірден есілтіп жазып кетуге нақтылы деректердің қалмауы үлкен қол байлау болғанын М. Әуезов: «Биография - оның олқылықтары, Кәкітай (күнделік, хат, мемуарлардың болмауы, тіпті оның кезінде мерзімді баспасөздердің жоқтығы) ауызша естеліктер», - деп тезис ретінде атап өтуі жай нәрсе емес еді.

20-жылдардың басында Абай мұрасын зерттеу саласында талантты көркем шығармалары мен әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерімен үздік таныла бастаған М.О. Әуезовтің араласуы абайтануға үлкен зерттеушінің келіп қосылғанын бірден аңғартты. Жас таланттың ерте қанаттанып, өз ортасында даралана бастаған қазақ әдебиеті тарихына байланысты зерттеушілік қадамын жете тани білген Семей губерниялық Атқару Қомитетінің 1925 жылы 20 июньдегі Ленинград университетіне жолдаған ресми қатынасында «... ж. Әуезов қазақ әдебиетіне қызығуы мен осы саладағы өз бетінше жүргізген зерттеулері арқылы техникумда қазақ әдебиетін оқытатын лектор ретінде бірден-бір кандидатура болып табылады», - деп көрсетуі шындық еді. 1924-1925 жылдар аралығында Семейдегі оқу орындарында Абай мұрасынан дәріс оқып, «Таң» журналында ақын шығармаларын жариялап, Абайдың өмірбаяны жайлы деректер мен шығармаларын толықтыра түсу жолында тынымсыз әрекет етіп жүрген М. Әуезовті көреміз. Ол бұл кезде көлемді монографиялық еңбегін жазу үстінде болатын. Абайды көзі керген ақын замандастарына естелік жаздырып, ел аузынан Абай өмірбаяны мен сол заман шындығы жайлы деректерді қағаз бетіне түсіріп қалуға асыға кірісті.

Ақын мұрасын зерттеу жолындағы алғашқы белсенді әрекеті Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу үшін жаңа деректер жинап, ақын шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастыру жолындағы күрделі де қиын жұмысқа бағытталды. Әдеби қауымға М. Әуезов сол кезде-ақ Абай өмірі мен шығармаларының аса жетік білгірі ретінде танылып қалған еді.

М. Әуезов 1922-1923-жылдары Ташкент оқу орындарында дәріс беріп жүріп те Абай өмірбаяны мен ақын шығармаларын таныту ісімен айналысады. Ол 1923 жылы күзде Ленинград университетінде оқуға түсіп, соңыра ұстаздық, творчестволық жұмыспен айналысқан кезінде де Абай мұрасын зерттеуден, өмірбаяны жайлы деректер жинастырудан қол үзбейді. 1924 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуының жиырма жылдығына арналған әдеби кешті ұйымдастырды. М. Әуезов жетекшілік еткен осы әдеби кеште ерекше сипат алған нәрсе - ақын замандастарына Абай туралы естелік айттыруға төтенше мән берілді. Кейін Абай еліне деректер іздестіру мақсатымен дүркін-дүркін соғып отырған. Тек баспасөзде жарияланған деректерге ғана сүйенгеннің өзінде: 1936 жылы Абай туралы жаңа деректер жию мақсатымен барса, 1943 жылы арнайы ұйымдастырылған экспедицияны өзі басқарып барады. 1944 жылы Е. Ысмайылов бастаған экспедицияны ұйымдастыруға ат салысса, 1945 жылы Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында Семей өңірінен басқа Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан тарапынан да арнайы экспедиция шығару мәселесін юбилей комиссиясы алдына қояды. Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында жазылған Абай өмірбаянының үшінші нұсқасын даярлау үстінде «Тіл-әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып (1943 ж. М. Әуезов басқаруымен, 1944 ж. Е. Ысмайыловтың басқаруымен) Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты жаңа материалдар тапты. Бұл осы жинаққа кіріп отырған жаңадан жазылған ғылыми өмірбаян, естегі сөз, ескертулерде толық пайдаланылды», - деп хабарлайды. Әрі Абаймен бірге болған, ақын өмірінің ең жемісті тұсында жазылған шығармаларының дүниеге келу сыры мен көп оқиғаларға куәгер болған тірі архив иелерінің естеліктерін дер кезінде түгел, сарқа жазып ала алмай, көз жазып қалғанына, соңыра қатты өкініш те білдірген еді.

1924 жыл - М. Әуезовтің Абай өмірі мен шығармаларын зерттеп, жинастыруда ерекше орны бар тарихи кезең. Осы тұста алғаш рет Абайдың толық басылымының тұңғыш нұсқасын жасауға кірісіп, ақын шығармаларының толық жинағын жариялауды тиісті ресми орындар алдына қоюы мен Абайдың тарихи орнын анықтауға ұмтылуы - абайтану негізінің 20-жылдар басында-ақ қаланғанын көрсетті. Әсіресе осы жылдардан бастап ақын жайлы деректерді ел аузынан жинастырғанда, алдымен Абай өмірін зерттеуді тарихшы ретінде бастағанын ескертеді де. Жас ғалымның мәселені әуелі тікелей тарихшы ретінде Абайдың өмірбаянын зерттеуден бастауы да жай нәрсе емес-ті. Өйткені тұңғыш рет жазылған Абай өмірбаяны абайтану мен «Абай жолы» эпопеясының да тарихи желісінің ірге тасына айналғаны - жұртшылыққа танымал нәрсе.

Абай өмірбаянын жазып, тұңғыш толық жинағын даярлаумен қатар М. Әуезовтің монографиялық еңбегі, автордың көрсетуінше, 1925 жылы Ленинградта аяқталған. Осы еңбектен М. Әуезов жалпы қазақ ақындары өмірін жете білмей тұрып, бұл ақындар шығармаларының табиғатын толық танып білу ісі қиынға түсетінін өз тәжірибесінде мықтап ұғынған, осы себептен де: «... ақындардың өмір тарихын білсек, соның әр қайсысы өмір сүрген заманның тірі пішінді белгісін тауып алғандай боламыз», - деп ескертеді. Яғни зерттеуші әрбір ақын өмірін терең білу - сол ақын шығармасын талдауда ол өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік болмысын танудың өзекті желісін, кілтін тапқандай пікір білдіреді. Демек, Абайға дейінгі қазақ ақындарының өмірбаянын зерттеу ісін қолға алғанда, оны қай тұрғыдан зерттеу мәселесі жайлы өзіндік ой тұжырымы мен дербес пікірін біршама қалыптастырып қалған қалпын танытады. Бұл болашақ ғұлама ғалымның бойындағы ғылыми зерттеу ісіне даярлықтың сол тұста-ақ биік деңгейде болғандығын аңғартады да.

Қазақ әдебиетін жинау, зерттеу жолында 20-жылдардағы елеулі орын тепкен кемшіліктердің бірі: «... бізде бұл уақытқа дейін Абайдан арғы ақынның өмірі туралы жиналған мағлұмат жоқ. Бүгінде қазақ ескілігіне көз салып, жинастырып жүрген азаматтардың қатты ескеретін бір жұмысы осы болу керек», - деп жазу арқылы М. Әуезов Абай өмірбаяны жайлы деректердің біршама жиналғанынан хабар беріп тұр. Қелешекте қазақ ақындары шығармаларын зерттеуде алдымен қолға алар жұмыстың бірі - ақындар өмірбаяны болу керектігіне ерекше назар аудартады да, «енді Абайға көшеміз» деп, болашақ зерттеу жұмысының ғылыми нысанасы неден басталарына меңзейді. Абай өмірбаянын жазуды алдымен қолға алып, ол жайлы деректерді ел аузынан жинап, естеліктер берген тірі архив иелеріне көп көңіл бөлгенін: «...Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Қөптеген деректер тобын жинастырдым. Қөкбаймен, атаммен, Ділдамен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім. ... Қөкбай, Ділда, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім», - деп еске алып өтеді.

Ленинград университетінде оқып жүргенде, Абай өмірі мен мұрасын бүкіл Одақ халқына танытып, насихаттау ісіне ерекше мән береді. Университеттегі ұстаздары профессор В.В. Сиповский, Р. Куллэлермен етене араласып, оларды Абай емірі мен шығармалары туралы деректер көзімен қызықтырады. Бұл профессорлар А.С. Пушкин мұрасын зерттеумен айналысатындықтан, Пушкинді қазақ сахарасында терең танып аударған Абай творчествосына қызығуы да заңды еді. Олар М. Әуезов арқылы Абай өмірбаяны мен шығармаларын танып біле келе, кейін университет қабырғасында Абай мұрасына арналған «Абай сағаты» деген атпен лекциялар циклін оқып, мақала да жазады.

1922 жылдан бастап Мұхтар Әуезов Абай шығармаларының толық жинағын құрастыру, Абай өмірбаянынан деректер жинау, ақын мұрасы жайлы ғылыми мақалалар жазып, Абай өмірі мен творчествосын баспасөз бен дәріс оқу орны арқылы насихаттау жұмыстарын қатар жүргізеді. Осы көп салалы күрделі жұмыстар арасында, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда әуелі қандай жол ұстанатынын жан-жакты ойластырып, анықтап алады. Соңыра Абай өмірбаянын  сан рет қайта  жазу үстінде  осы ұстанған жолдарын дамыта отырып, өз танымының өзгеру, жетілу деңгейіне сәйкес үнемі қолданып  отырғаны М.О. Әуезовтің әдеби-мемориалды музейінің (ЛММА) архив деректерімен салыстыра қарағанда барынша айқындалып отыр. Оларды саралай қарағанда, төмендегідей мағыналы жіктерге бөлінеді:

1) М. Әуезов  Абайдың бастан кешкен  қайталанбас өмір жолындағы ақын санасына өз таңбасын қалдырған әр турлі әлеуметтік ірі оқиғалар тарихымен тереңірек танысқан сайын, олардың ақын шығармаларындағы көрінісін аша түсуге ерекше ден қояды. Абай жасаған әлеуметтік ортаның шындығы мен ақын өлеңдеріндегі басты сарындардың үндесуін, байланысын ашып   отыруды - биограф өзінің зерттеуінде шешуші тетік ретінде ұстанған. Осы ерекшелік, әсіресе, өзінің көп жылға созылған зерттеулерінен соң жазылған  «Абай жолы»  эпопеясын жазу үстінде Абай шығармаларын эпопеяның іргелі өзегі етіп: «Әрбір көркем терең ойлы  шығармасы  әлеуметтік тартыстың үлкен бір құралы, тарихтық акт есебінде туып, қалыптасып отырады»13. Эпопеяда Абай өлеңдерінің жазылу, туу себептерін суреттеген жерлерінде де Абай шығармаларының нәр алар әлеуметтік басты сарындары тікелей ақын өмірімен, ол араласқан  әрқилы  әлеуметтік оқиғалармен іліктес туындап жататын құбылыстар екеніне айрықша мән беріліп отырған.

Абай өлеңдеріндегі белгі берер басты әлеуметтік сарындардың негізін, ақын өмір сүрген заман шындығымен, онда орын алған тарихи оқиғалармен сабақтастыра отырып ашуды, Абай емірбаянының 1924-1927 жылдары жазылған нұсқасында-ақ қолданған болатын-ды. Бұл процесс соңыра қайта жазылған Абай өмірбаянының жаңа нұсқаларында молығып, қоюлана түскен.

Алғаш, 1933 жылы жарияланған Абай өмірбаянының тұңғыш нұсқасында   биограф ақынның творчестволық өнерпаздық жолының басталуы мен соңыра бастан кешкен түрлі әлеуметтік оқиғаларға араласқан өмір жолына байланысты 13 өлеңіне сүйенген (9 өлең-үзінді ретінде алынып,4 өлең аты аталады).  Бұл  өлең-үзінділер жай алына салмай, олардың аталу себебі Абай араласқан әрқилы оқиғалар желісімен ұштасып, кейбіреулерінің жазылу себептері де ашыла түскендей.  Мысалы,  «Науаи, Сағди, Фирдоуси» атты өлеңі еліктеу жолындағы алғашқы ақындық талпынысты сездірсе, 1898 жылы жазылған «Болды да партия» өлеңі Оспан, Оразбай дауынан соңғы Абай араласып,   әділет, тыныштық үшін алысқан   өмір жолының көрінісін береді. Немесе 1886 ж. жазылған «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінен Абаймен дос жар бола жүріп, «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп ақын мансұқтаған жолға түсіп, Абайға сырт беріп, жауласатын Күнту болыс болудағы «достарының» қиянатшыл әрекетіне ашынудан туған ақын жанының азалы сарыны естілгендей. Әрине, бұл іспеттес өлеңдердің туу, жазылу себебі мен ондағы әлеуметтік сарынның ақынды қоршаған емір   шындығынан туындап жатқан сабақтастықтың сырын ашу - Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында әлі де сонша тереңдеп ашыла бермесе де, биограф осы бағытын келешекте мықтап ұстанып, дамыта беруге бет алғаны сезіліп тұр.

1940 жылғы Абай өмірбаянында және осыған қосымша ретінде берілген деректерінде жалпы саны 24 өлең (13 өлең-үзінді,  бір естелік  сөз, 11 өлең аты  аталған) қамтылған. Алғашқы  өмірбаянмен  салыстырғанда бұл жолы да 8 өлең аты жаңадан қосылып, «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңі Абайдың композиторлық өнерін сөз етуге байланысты берілген. Абай әндері негізінен өз тарапынан қазақ өлең құрылысына ендірген жаңа түрлердің тыңдаушысына тосырқаусыз жетуін ойластырудан туған әрекет екенін көрсетеді. Осымен қатар Абай өлеңдерінің жазылу жылына да жіті назар аударады.  Әрі кейбір өлеңнің пайда болу, жазылу себебімен онда айтылар ойдың төркіні Абай өмір сүрген заман шындығында, ақын араласқан белгілі әлеуметтік оқиғаларда  жатқанын ашуға көп көңіл бөлген. Мысалы: Оспан, Оразбай тартысының басталып, Оспан өлімінен кейін Абай басына ауысуы, Мұқыр сайлауындағы қайғылы жай тұтаса келіп бұрыннан рухани ішкі дүниесінде бұлқынған сезім «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген атақты өлеңінде басты ой сарынына айналғанын айтады.

1945 жылы жазылған, бірақ әлі күнге дейін жарияланбаған Абай өмірбаянының үшінші нұсқасында ақын шығармаларын қамту сан жағынан да, сапа жағынан да молыға түскен. Абайдың 30 шығармасы қамтылып, аты аталады (17 өлең-үзінді, бір қара сөз, 12 өлең аты аталған). Бұрынғы нұсқаларға қарағанда мұнда тыңнан 8 өлең үзіндісі, бір қарасөз қосылып, олардың Абай өмірінде орын алған қандай оқиғаларға байланысты айтылған сабақтастығы да ашыла түскен. Абай өмірінің әрқилы кезеңінде бастан кешкен оқиғалар - ақын жанын тебірентуден туған өлеңдеріне өшпес із қалдырып отырғаны тереңірек байқалады. Биографтың Абай өмірі жайлы танымы кеңейіп, деректер сырына қаныққан сайын ақын шығармаларының   өмір шындығынан туындап, негіз алған идеялық көздерін дөп басып тануы да тереңдей береді. М. Әуезов енді Абай ұстанған гуманистік ағартушылық, ұстаздық жолмен айналысқан кезеңдерінде пайда болған шығармаларының өзекті сарынын да ақын араласқан оқиғалар  шындығымен жалғастыра  отырып табуға ұмтылады.

Абай өмірбаянының ең соңғы рет қайта жазылған төртінші нұсқасында  (1950 ж.)  ақын өлеңдерін қамту күрт кеміп, 19 өлеңге (16 өлеңнен үзінді алынады, 3 өлеңнің аты беріледі) түсірілген. Себебі ақын өмірбаянына тән кептеген деректер, немесе кейбір өлеңдердің жазылу тарихы «Абай жолы» эпопеясы желісінде айтылғандықтан әрі соңғы жазылған өмірбаянды тағы да тың редакциядан өткізіп, екшеуге байланысты шегерілгені байқалады. Бұдан Абай өмірбаяны ұтпаса ұтылмаған, қайта тұжырымдалып жұмырлана түскен. М. Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянының барлық нұсқаларында ақын өмірімен тығыз байланысы бар жеті өлеңі: «Фзули, Шамси, Сейхали», «Әлифби өлеңі», «Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Болды да партия», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» еш жерде түсірілмей, нұсқадан нұсқаға ауысқан сайын соны ұғымдармен молығып сақталады да отырады. Бұған себеп аталмыш өлеңдер тобы Абай өміріндегі елеулі бет бұрысын, дүниетанымдағы іштей түлеп өсудегі өзгерістерді жітірек таныту куатының молдығында жатса керек.

2) М. Әуезов биограф ретінде Абайдың дүниетанымы мен рухани өсу жолындағы өзгерістер сырын туған халқының салт-сана болмысымен, ақын өмір сүрген тарихи-әлеуметтік орта шындығымен бірлікте алып қарастырады. Бұлай ету Абай өмірбаянын жазу үстінде ұстанған жетістіктердің бірінен саналмақ.

Абай өмірбаянында барлық нұсқасына тұтас барлай қарасақ, ақынның балалық шағынан өмірінің соңына дейін бастан кешкен ғұмыры түгелдей сол тұстағы қазақ елінің тарихымен, саяси-әлеуметтік өзгерістермен етене байланысып өрілген, іштей іліктесіп жатқан өмірді көз алдымызға келтіреміз. Құнанбай әрекеті, негізінен, 1822 жылғы реформа мен 1868 жылғы жаңа низамға дейінгі мерзімде көрсетіледі. Сол дәуір шындығына сүйенуге, уақыт демін мол қамти отырып көрсетуге ұмтылған. Абай әрекеті - ақындық-әлеуметтік қызметі негізінен қазақ даласына жаңа низам ережесі еніп, қоғам тұрмысы мен салт-санада болып жатқан өзгерістер тұсында өтуіне биограф ақын өмірбаянын жазу үстінде ерекше мән берген. Абайдың ата-бабалары мен ақын дәуірін сөз еткенде, қоғам өмірінде өріс алып отырған саяси-әлеуметтік орта шындығымен, заман, уақыт талабы тудырып отырған түбірлі тарихи өзгерістермен бірлікте алып қарау аса қажетті шарт етіп алынған.

Биограф Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасын жазғанда оның арғы ата-бабалары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай жайлы ел әңгімелері мен деректерді молырақ қамтыса, соңыра олар жөніндегі деректерді барынша ықшамдап, Құнанбай мен оның заманына көбірек аялдайды. Өйткені Құнанбайды білмейінше, оның дәуірі мен өмірін тереңірек танымайынша, Абайды білу қиын болмақ деп қарайды. Абай өмірбаянының екінші нұсқасында (1940 ж.) ақын ата-балалары жайлы деректі қатты қысқартып бергенде де, Құнанбай жайлы деректің аса қажеттілігін ескере отырып, оны қосымша ретінде «Абайдың ата-тегі туралы» деген атпен оқшаулап беруінде де мән бар. Мұнда да Құнанбайдың аға сұлтандық билігі мен соңғы жылдардағы билікті сақтау жолындағы әреке­тін орта жүздің Россия қол астына кіруіне байланысты туған қазақ елінің саяси-әлеуметтік өміріндегі іргелі өзгерістермен ұштастыра отырып қарастырған.

Биограф мақсатының бір ұшы - Құнанбай билік жүргізген қазақ руларымен, кейбір ру басшыларымен билікке, жерге таласудан туған, соңыра атадан балаға ауысқан жаулықтың Құнанбай дәуірінен Абай заманына қарай ойысуының түпкі себебін тереңірек көрсетуге ұмтылуында жатыр. Абай өмірбаянында қысқаша тұжырылған осы оқиғалар соңыра эпопеяға өзекті желі ретінде тартылып, ұзақ суреттеледі. Өйткені бұл кезеңде қазақтар үшін 1868 жылғы патша отаршылдары ендірген жаңа низам ережесі ел билеу жұмысына сіңісіп те үлгерген еді. Жаңа низам заңына байланысты ендірілген нағыз отаршылдық саяси арам пиғылдан туған территориялық принциптің рушылдық идеологияға май құйып, ру мен руды билікке таластыру құралы ретінде пайдаланып, ел ішіне ылаң салып жатқан шақта, ұлы ақынның тарих сахнасына шығу кезеңі сәйкес келді. Міне, Абайдың бүкіл саналы өмірі, творчестволық әрекеті осындай ерекшелігі бар тарихи қоғамдық өмірдің ортасында өтіп жатты. М. Әуезов ұлы ақын бастан кешкен сан салалы оқиғалар мен жеке басына  тікелей қатысы бар "Қоңыр-Көкшеге болыс болу, Құнанбай балаларының билік үшін күресі, Мұқыр оқиғасы, т. б. осы іспеттес ірілі-уақты өмірде орын алған көптеген оқиғалардың бәрін де сол тұстағы қазақ елі бастан өткізіп отырған әлеуметтік-қоғамдық тарихи шындықтармен бірлікте алып, сабақтастыра көрсеткен. Абай дүниетанымындағы қайшылықтар да қосқыртысты өмір шындығынан туындап отырған құбылыс екенін сол дәуірдегі қоғамдық болмыстың негізінен тауып отырады. Яғни күнделікті сыртқы өмір ағымы Абайды еріксіз өзіне үйіріп, өмірдің күйбең тартысына түсіріп, іштей түлеп  өсіп  келе жатқан  гуманистік, ағартушылық жолынан сыртқа тартса, ішкі рухани дүниесі өзі аңсаған арман мұратына ұмтылып, ойшылдыққа бел алған қарбалас әрекетке түсірді. Ойшыл  ақынның ішкі дүниесіндегі бұрқанған арпалыстың осы күйі «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген атақты өлеңіндегі сарынды тудырды.

Биограф Абайдың дүниетанымындағы өзгерістер мен өзіндік өмірлік күрес жолын таңдап алуына әсер еткен тарихи себептердің көзін табуға айрықша мән бере қарады. Қазақстанның Россияға қосылуына байланысты капиталистік қатынастың шеңберіне тартылу арқылы шаруашылық пен ой санадағы өзгерістер қазақ елінің әлеуметтік таптық жіктерге бөлінуін жылдамдатты. Міне, осы процестің дамуы отаршылдар мен қазақтың билеуші тобының мүддесі бір, әлеуметтік біртектес жік екенін сездіріп, танытатын уақыт та жетті. Осы шындықты ерте сезініп оянған, сол танымын  өнер тілімен қоғамдық ойға қозғау салып таныта бастаған қоғам қайраткері қазақтар арасынан да шыға бастады. Міне, осындай тарихи жағдайға үндес шыққан қазақ топырағындағы қоғамдық қайраткердің жаңа типі, ұлы ойшыл Абайдың  өзіндік халықтық жолы осылармен іліктес туған соны құбылыс болғандықтан: «Абайды әкелер жолынан, ел жуанының бар мінезі, ісінен жирентіп, оларға қарсы алысуы, әшкерелеуші етіп шығаратын тарихи терең себеп осында болатын». Яғни Абай ұстанған ағартушы-демократтық жаңа жолдың тууына себепкер құбылыстың объективті жағдайдан туған тарихи түп тамыры қайда жатқанын екшеп, атап көрсетеді. Осы таным кейіннен бүкіл Абай шығармаларының табиғатын тереңдеп білуде көсем пікірге айналды әрі роман-эпопеясының идеялық мазмұнына да өзек, негіз болды. Осы себепті де эпопеяға саналы түрде «Абай жолы» деп ат қоюы да себепсіз атала салған нәрсе емес-ті.

М. Әуезов Абай жолының тарихи-әлеуметтік тамырларын да ақын өмір сүрген кездегі қазақ елінің өмірінен, қоғамдық болмысынан тауып отырады. Оларды ғылыми тұрғыдан танып тарататын биограф зерттеуші енді Абаймен күнделікті өмірде қоян-қолтық араласып, тікелей қарым-қатыста болған нақтылы адамдар мен руларды, олар жасаған әлеуметтік орта мен билік атауларын, жер аттарын, рухани нәр алған көздерін де өзі ұстанған танымның тұрғысынан екшеп талдай көрсететіні де мықты айғақты дәлелдерге ауысатынын көреміз.

М. Әуезовте басқа зерттеушілерге   қарағанда   Абай өмірбаянын жазуды 1924 жылдан бастап шындап қолға алған кезге дейін-ақ ақын өмірі жайлы тобықты ішіндегі арғы-бергі ел әңгімелері мен  ірілі-ұсақты болып еткен оқиғалардан, ата-баба шежіресінен хабардар, олардың шет жағасын өзі де көріп, біліп, жастай санаға сіңіп өскен артықшылықтар болатын-ды. Абай шығармаларында үлкен суреткерлікпен бейнеленген өмір шындығының көрінісі, оған ақын үкімі айтылған әлеуметтік сарыны басым ойшыл, жаңашыл поэзияны терең танып білудің бір саласы Абай өмірбаянын білуге әкеп соғатын-ды. Осыны кімнен болса да ерте сезініп, Абай бастан кешкен ғұмырдың өзекті желілерін қайта тірілтіп, ғылыми тұрғыдан өз қалпына келтіру міндеті тұрғанын түсінді. М. Әуезов қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ тарихи орны бар ұлт ақынының ғылыми өмірбаянын жазуды алғаш рет қолға алғанда, осы бір үлкен  жауапкершілікті  ұғына   білді. Абай өмір сүрген орта мен қым-куыт әлеуметтік оқиғаларға толы ақынның өмір жолын шама келгенше асырмай да, жасырмай да шыншылдықпен көрсету үшін, зор даярлық жұмыстарын жүргізуге кірісіп те кетті. Қолға ілінген беймәлім деректердің ғылыми    тұрғыдан сырын ашып, оларды Абай атқарған ақыңдық-қоғамдық қызметіне сәйкестендіріп беруге күш салды. Абай өмірбаянын сан рет өзгерте жазып, уақыт өткен сайын дәуір талабына сай толассыз іздену, соны деректер көзін еселеп табу арқылы оны жаңғыртып, өсіріп, тереңдетіп отырудан жалықпады. Азға қанағат етіп, орта жолда тоқтап қалуға көнбейтінін: «Өмірбаянды жазу - ғылыми еңбек, зерттеу болатын. Оны оп-оңай ала салып, тізе салған кісі жоқ. Сондықтан 1927 жылдан   бері қарай   қайта-қайта үстеліп, түзеліп келеді. Дұрысталып өсіп, тереңдеп келеді», - деп арнайы ескертуінде де көп мән болатын-ды. Яғни советтік дәуірдегі Абайдың бірегей биографы болған Мұхтар Әуезов ұзақ жылдар бойы Абай өмірбаяны жөнінде деректерді жинау, сұрыптау жолында «Абай жолына» аса қажетті көл-көсір тарихи деректер көзінің іргесі де қаланып жатты

* *  *

Абайтанудың алғашқы негізі де М. Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны - мәлім нәрсе. Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып, М. Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Бұлай етпейінше Абай өмірбаянын жазуға кірісудің өзі киынға соғары мәлім еді. Себебі Абайдың жаңа типтегі ақын, қоғам қайраткері боп қалыптасу процесін көрсету үшін, сол дәуірдің тарихи шындығын яғни жасаған әлеуметтік ортасы мен араласқан адамдарын, руларын, билік атаулары мен жер аттарын, ақын шығармалары нәр алған бұлақтарын, Абай мұрасындағы жаңа бағытты, соны көзқарасты тудырған әлеуметтік мотивтерді, әсіресе, Абай өлеңдерінің жазылу себептерін, т.б. көптеген қосалқы мәселелерді камту қажет еді. Бұларды тұтас қамту, дұрыс шешімін, бағыт-бағдарын табу - биографтан зор даярлықты, қуатты творчестволық ізденісті талап етті.

Абай өмірбаянын қалпына келтірудегі басты әдіс - ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы биограф көп шындықтың сырын ашады. Осы арқылы М. Әуезов Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.

Абайдың ғылыми өмірбаянын ойдағыдай жазып шығуы арқылы М. Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүргізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М. Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын кұрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», «Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен Орыс Географиялық Қоғамы Семей белімінің Абайға арналған салтанатты кешіндегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» деген баяндамасы - осы әрекеттің айғағы.

Абай мұрасын зерттеушілердің ішінде алғаш рет ұлы ақын шығармаларымен толық танысып, өмірі жайлы деректерді тікелей сол ортаның ішінде жүріп, тірі архив иелерінен алып қалған М. Әуезовке абайтанудың негізін салу сияқты аса абыройлы тұғырға кетерілу тағдыры да бұйырды. М. Әуезовтің Абай өмірбаяны мен заманы жай­лы деректерді жию, оларды марксист тарихшы ретінде мұқият талдап, дұрыс қорытынды шығару, оларды соңыра эпопеяға тарихи негіз ретінде пайдалану проблемалары абайтану мен мұхтартану саласында жазылған көптеген еңбектерге жеңілдіктер де туғызып отыр. Жалпы қазақ әдебиеті тарихында Абайдай алып тұлғалы ақынның артында архив қазынасы, түрлі жазба деректері қалмаса да, негізінен, тірі архив иесі болған ақын замандастары естелігіне сүйеніп, әуелі, Абайдың ғылыми өмірбаянын қалпына келтіру, соңыра осы ізденістерінің негізінде дүниежүзілік мәні бар зор көлемдегі керкем туынды жазу - әдебиет әлеміндегі қайталанбас бірегей құбылыс.

М. Әуезов Абайдың тұңғыш толық шығармалар жинағын құрастырып, текстологиялық жұмыстар атқаруы мен Абай өмірбаянын жазу арқылы абайтану саласында болашақ зор көлемдегі ғылыми зерттеулер жүргізуге айтарлықтай қор жасап алды. Бұған нақтылы, айғақты дәлел - көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қорытындысы ретіндегі Абай мұрасы жайлы монографиясы мен «Абай жолы» эпопеясы арасында іштей байланысып жатқан сабақтастықты еске алсақ та жетіп жатыр. Осы тұрғыдан қарағанда, төрт рет қайта жазылған Абай әмірбаянының барлық нұсқалары мен «Абай жолы» эпопеясындағы өзекті творчестволық ішкі байланыстардың сырын ашу үшін, арнайы кең келемдегі ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуді талап етеді. Біз бұл арада алға қойған мақсатымызға сай екі аралықтағы сабақтастықтардың кейбір жақтарын ғана қысқаша сөз етумен шектелеміз. Биограф бірінші кезекте Абай дәуірінде қазақ елінің тұрмысына түскен ірі тарихи өзгерістердің негізі мен ақын шығармаларындағы басты әлеуметтік  сарындарды тудырып отырған замана шындығына баса көңіл бөлген.   Бұларсыз яғни Шоқан, Ыбырай, Абай іспеттес жаңа типтегі қоғам қайраткерлері мен күрескерлерін тудырған терең тамырлы тарихи себептерді танып білмей тұрып, Абай өмірі мен шығармаларындағы жаңалық пен ескілік арасындағы келісімсіз күрестің тарих сахнасына шығу, пайда болу себептерін білудің  өзі аса  қиынға  соғар еді. Биограф Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда, әсіресе, оның соңғы нұсқасында осы аталмыш мәселеге ерекше көңіл бөлген. Зерттеуші танымы бойынша, XIX ғасырдағы Қазақстанда натуралды шаруашылықтың іргесі сөгіліп, ыдырауға бет алуының себебі анық капиталистік қатынастың шеңберіне тартылуында жатыр. Осы процесс негізінде туындаған әлеуметтік өмірдегі таптық жіктеліс күшейіп, екі жақты езгіде қалған қазақ елінде үстем тап пен езілуші таптың мүдделері шекараланып, айқындала бастады. Отаршыл үкімет пен жергілікті үстем тап мүдделері бірігіп, қалың бұқараны арсыздықпен тағыларша талауда ұрандасып кетті. Міне, осындай терең әлеуметтік тарихи жағдайларды «... алдымен өздері аңғарып, халықтарға аңғартатын әр елден шыққан халық қамқоры болған халықшыл-демократтық озат ойдың қайраткерлері туды...», - деп атап көрсетеді. Абай мұңы жеке бастың не ағайын-туыстың үй ішілік мұңы емес, ол күнделікті әділетсіз өмірмен алысқан, қиянатшыл дүлей орта әрекетін танып білуден туғандықтан, 1892 жылы:

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен, -

деп ғылым мен ілімге сүйенуден, өмір сырын терең талдап танудан туған ішкі жан дүниесінің мұңын шағады. Абай мұңы қаналушы бұқара халықтың қасіретті халінен туындап отырған бүкілхалықтық әлеуметтік мұңға айналды. Осыдан келіп М. Әуезов ақын өмірбаянын қайта-қайта өңдеп, толықтырып жазу үстінде Абай өмірі мен заманы жөнінде ел аузындағы естеліктерді жиып, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оны Абай шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындарымен салыстыра отырып, басты тарихи арнаны табады.

Биографтың тануында Құнанбайлар тобы ел сорына біткен қырсық екенін Абай ер жете келе анық біледі. Ел жұмысына жастай араласудан өмір талқысы оны ерте оятып, қиянатшыл топпен іштей, кейінірек тікелей алысқа түседі. Абай өмірбаянын жазуда айтылған осы ойдың түйіні «Абай жолы» эпопеясында образдар тартысы арқылы философиялық ой оралымдарымен беріледі (1-кі-тап, 333, 379-383-б.). Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда шешуші орын алған сұрастыру, әңгімелесу, естелік жию жолымен жинастырған көл-кесір деректерді талдап, талғай қорытып алған ой тұжырымдауының көбі эпопея желісіне ендірудегі қайталанбас суреткерлік өнер бірден танылып та тұрады. Жазушы өз ойында қорытып, танып білген тарихи шындығын әлі дүниені қайта тірілткендей, жанды образ арқылы құлпырта берудегі творчестволық ерен еңбектің өзі - жазушы лабораториясының сырын ашуға арналған ғылыми зерттеуді тілейтін ерен тақырып.

 

Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану

проблемалары. - Алматы: Ғылым, 1982. – 12-27-беттер.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.