ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Мұхтар Әуезов: ПУШКИН МЕН АБАЙ

Оқылған 31041 рет

Отанымыздың өткен замандағы екі ұлы ақыны - Пушкин мен Абайдың бір-бірімен творчестволық жақындығы, поэзиядағы екеуінің ақындық өнер үйлестігі ұлы орыс халқы мен қазақ халқының терең достығынан, бұл екі халықтың да алдында тұрған озат арманынан, игі нысанынан туды. Қазақ халқының қалың бұқарасы орыс халқының қалың бұқарасымен достық көзқараста болғаны, орыс халқын аға санағаны сияқты озық пікірлі орыс әдебиетін, оның Пушкин сынды данышпан өкілін Абай да өзіне үлгі, мектеп деп білді. Сондықтан Абай ақындық еңбегінің бірсыпырасын тек орыстың классик поэзиясын қазақ тіліне аударуға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге европалық елдер классиктерінен бірер өлеңді аударса, оны да Абай Лермонтовтың аудармаларынан алып қазақшылайды. Анық орыс классиктерінен Абайдың аударғандары - Крыловтың бір топ мысалдары, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» үзінділері және Лермонтовтан жасаған көп аудармалар. Тағы бір, жалғыз өлеңді Буниннен аударған.

Абай жинағында, бөлек аттармен әр жылдарға бөлініп бастырылған аудармалардың барлық саны - қырықтың ішінде. Сол қатарда Крыловтың төрт-бес мысалы және Лермонтовтың өз шығармалары мен аудармаларынан алғанын қосқанда, одан жиырма жеті өлең аударған.

Бұл жөнінде екі түрлі пікірді ерекше көрсету жөн. Оның біріншісі - Абайдың осы аудармаларға берген бейіл, бағасы турасында, екіншісі - сол аудармалардың Абайдың өз шығармаларына еткен әсері және Абайдан кейінгі  қазақтың  барлық жазба  әдебиетіне тараған үлкен тарихтық, мәдениеттік, ұстаздық дәстүр әсері туралы.

Біріншіден, Абай өзі сүйген орыс классиктерін кейде дәл, кейде еркін аударып отырса да, әр кезде барынша көркем, шебер өлеңнің үлгісін берген. Бұл жөнінде ақынның ізденуі, өзіндегі тіл байлығы мен ірі талант, ерекше ынта, зер салуы өзгеше көрінеді. Өз өлеңдерін туғызуда қолданған ақындық шабыт, сыншыл ұқыптылық, тіл орамға өткір жүйріктік - барлығы да аудармалық еңбекке келгенде барынша күшімен түгел жұмсалған деуге болады. Тіпті, кейде Абайдың өзі тудырмаған тамаша нәзік, терең сырлы өлеңдер, көрікті ойлар, немесе аса өткір шанышпа мысқыл, ажуа, ащы сөздер осы аудармаларда үнемі көрініп отырады.

Зор мәдениетке жеткен, дүниежүзілік әдебиетке ұлы классиктер танытқан орыс халқының өскелең поэзиясы, әрине, Абайдың өз елінің жас әдебиетінде өздеріне тең сипат, өрнектерді кездестірген жоқ еді. Сондықтан да Абайдың шебер аудармалары ғана Пушкин, Лермонтов поэзиясының көркемдігін, терең сыр, үлкен ойларын қазақ оқушыларына жеткізді.

Осы айтылған пікір, жоғарыда аталған екінші жайға да белгілі дәрежеде шешу болып табылады. Абайдың аудармалары оның өз шығармаларына да, белгілі әсер еткенін атаған едік. Анығында, 1887 жылдан бастап, Абайдың қайтыс болған кезіне шейін оның аудармалық еңбектері жыл санап қосылып, молайып отырады. Сонда Абайдың өзі көп толғайтын тақырыптарын түгел еске алсақ, бара-бара сол тақырыптардын барлығына жазылған өлеңдерге де Абай жасап жүрген аудармалардың аса жақсы, жемісті жаңалық әсері болғанын аңғару қиын емес.

Рас, қоғамдық өмірдегі мін-мінездерді, қалып-құрылыстарды шенеуде Абай Пушкин мен Лермонтовтан гөрі Салтыков-Щедрин, Некрасовтардан молырақ үлгі-өнеге көрді. Бірақ сол әлеуметтік тақырыптардың өзінде де жиі кездесе беретін мұңды-сырлы жалғыздық ойларға соққанда Пушкин, Лермонтов саз-сарыны Абайдан байқалып отырады.

Ал, осыдан соңғы ақындық жайындағы тақырыптарды, эстетикалық принциптерді алсақ, табиғат көркін, махаббат жайын, жеке бастың көңіл сырын, лирикасын алсақ, Абайдың ақындық шеберлігі асқан сайын оның теңеулері, көркем түрлері - бәрі де Пушкин, Лермонтовқа еліктеуден гөрі де, қайта солармен бастасып, табыса туысып бара жатқанын анық тануға болады.

Абайдың Пушкин шығармаларын өз оқушыларына жеткізуі қазақ сахарасына орыстың ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды. Бұл жөндегі Абай еңбегі, тек әдебиеттік қана еңбек емес, ол зор кең мағынадағы ағартушылық, тарихтық, қоғамдық еңбек еді.

Патшалықтың отаршылық аппаратынан өгейлік қана көріп жүрген қазақтың қалың бұқарасына Абай орыс классиктерін, соның ішінде Пушкинді аудару арқылы, анық орыс халқының жүрегін, сезім мен ойларын, қасиет-қадірін ашып көрсетті. Ол, ұлы халықтың дана ұлдарының аузымен айтылған толып жатқан шындықтарды, тәрбиелік үлгі-өнегені айқындап танытты. Абайдан бастап орнаған орыс әдебиетінің жақсы ықпалы, үлгі-өнегелік әсері кейінгі қазақ әдебиетінің барлық тарихында кең өpic алды, үзілместен дами беретін болды.

Пушкиннің атақты романы - «Евгений Онегинді» Абай бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударады: «Онегиннің сыпаты», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты» «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің сөзі».

Әрине, мұнда Пушкин романының ерекше көп жайлары аударылмай сырт қалады. Абай ол романның ішінен тек Онегин - Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылады. Көбінше, Абайдың аударуына, хаттармен баян етілген роман қалыптанған тәрізді. Өз аудармасының соңында, Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл - Пушкинде жоқ, еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір түр.

Қазақ оқушысына көптен мәлім мәселе, Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік те бар. Жеке алғанда, бірсыпыра бөлімдерде, Пушкинге көп жерлерінде Абай жақын келіп отырады. Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де, Абай дәл, шебер аударып береді. Бірақ сонда да, бұл бөлімдердің өзінде де Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, ой-сезімдер жиі ұшырайды. Бұл тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Абай Пушкиннің ізімен, жаңа жайларды жырлап кетеді.

Ең аяғында, жоғарыда айтылғандай, Абай Онегиннің өкінішін үлкен трагедиялық ауыр ойға жеткізіп, оған өлім тілетеді. Бұл Абайдың мүлде өз жанынан қосқан халдері мен өзгерістері дедік.

Осылайша Пушкиннің үлкен шығармасына қазақ ақыны Абай бірталай еркіндік жасайды. Мұндай шығармалық еңбек етудің екі түрлі айқын себебі бар деп білеміз. Оның біріншісі және ең үлкен себебі - Абай орыс жастарының сезім-сырларынан, өмір тағдырынан өзінің жас оқушысына үлгі боларлық тәлім-тәрбие ғана бермекші болады. Екінші себебі, біздің ойымызша, 1889 жылы жалғыз «Бородино» өлеңін аударғанын еске алмағанда, қолға алғаны - осы Пушкин романы. Бұл уақытта Абайдың ақындық аударма турасындағы түсінігі, көзқарасы өзінше өзгерек болған тәрізді. «Ескендір» поэмасының тақырып желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлағаны да осыдан. Осылайша аударуды өз заманындағы оқушылар үшін ұстаздық, үгіт жағынан Абай қажеттірек деп ұғынады. Осы тұрғыдан қарасақ, жоғарыда айтқандай, қазақ жасына орыс жастарының, өмірінен үлгілі әңгіме баян етіп беруді ең үлкен мүддесі етіп алады. Сондықтан Абай үшін опасыз жігіттің қайғылы, күлкілі халінен гөрі, оның шынымен қателесіп, бар жанымен шын қамығып, өкінгені қымбатырақ. Сол себепті Абай Онегинді айыпты адам қылып шығармайды. Оны тек, жұлдызынан жаңылған, жазықсызда жаза басқан жақсы жан етеді. Сөйтіп барып, біріне-бірі теңдік, жаны туысқан жақындық себепті, анық бұйырылған адамдар, тұрмыс талқысының себебінен қосыла алмай, қоса күңіреніп, қапыда кетеді. Сөйтіп, Абайша жақсы Татьянаға жақсы Онегиннің қолы жетпей қалады.

Дәл осы жай туралы кеңірек ойланып қарасақ, Абайдың Пушкинді, оның кейіпкері Онегинді ұғынуы, тіпті де ұшқары, үстірт емес, терең ұғыну екенін байқауға болады. Бұл жөнінде Белинскийдің Онегин басын талдап түсіндірген сын мақаласын оқыған адам дауласпауға тиіс. Онегиндегі барлық сыртқы сипат, ішкі жаратылыс, оқшау мінез өзгерістердің баршасын Белинский өзгеше көрегендік, тапқыр сыншылдықпен түгел ашып береді. Сөйтеді де оның мінезін өзі де түсінеді, жұртқа да түсіндіре отырып, көпшілік ойлаған үстірт кіна, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады, ішкі сырына келгенде, Белинский Онегиннің адамшылығын өз ортасындағы татымсыз өрнектердің бәрінен биік деп артық бағалайды.

Пушкиннің осы романындағы үлкен қасиетті сынағанда, ұлы сыншы: «романда, бір замандағы орыс қауымы берілген» дейді, ол қауымды халықтық, адамгершілік жағынан жақсы қауым деп түсінеді және сол қауымның барлық тұлға бейнесі үш адамның басынан көрінген. Олар - Онегин, Татьяна және бұл екеуінен төменірек дәрежеде тұратын - Ленский. Анығында, Белинскийдің ұғындыруынша, Татьяна қаншалық орыс жанды болса, Онегин де сол сипаттың көбін сыртымен көрсетпесе де, ішінде сақтай білген адам боп шығады. Енді сол жайларды еске ала отырып, Абайдың Онегинді опалы, жақсы жігіт етіп шығаруына келсек, мұның екі түрлі орынды себебі болып шықты. Біріншіден, Абай Онегинді, анық Белинскийдің бағасы бойынша түсініп отыр. Екіншіден, сондай Онегиннің адамгершілік, турашылық, әділ сыншылық қасиеттерін өзі де асыра жырлаумен «қазақтың жастары осындай жақсы жігітті үлгі етсін» деген оймен баяндады. Абай үшін оның заманында опасыз Онегинді әңгіме етудің қажеті аз болғандай. Өйткені қазақтағы жақсы қыздың әзіз жанын түсінбей, бағаламай жарақаттайтын опасыз жігіт ол күнде көп кездесер еді. Ондай опасыздың өкінішінен де үлгі шықпас еді. Шын опасыз жігіт өкінішімен де жарытпас еді.

Осылайша қарағандықтан, Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889 жылға дейін, Абайдың өзі жазған өлендерінде Татьянаның хатындай, немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің «Құп білемін сізге жақпас» деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлендерде Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы - шалыс ұйқасты қолдану. Ырғақ жағынан да Абай Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады.

Абай Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл   бітіреді, Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Бұл жөнде Абайдың аударған Татьяна, Онегині Пушкин шығармасында болған үлкен бір қасиетті ашады. Татьяна - Пушкиннің өзінде «орыс жанды» орыс қызы болумен бірге, адам баласының үлкен қасиет, зор сипаттарға ие болған жан еді. Абай еңбегінде сол орыс топырағындағы адам қасиеттерін ашып, жержүзілік географиялық ортаның бәрінде, бар адам баласының жас буындарының ортасында, өзінің мұңдасын, сырласын, үндес жандарын тапқанын көресің. Бұған Абай аудармасындағы ерекше ірі көркемдік пен ақындық шеберліктің өзгеше боп құрылған күйлі келісімдері себепші боп отыр.

Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру, көп табыла бермес.

Татьяна мен Онегин сөздерін танытқан Абай жолдарының, шумақтарының олқысы жоқ деуге болады. Кей жерлерінен алсақ та, бұрын айтылмаған үнемі тың және қазақ тілімен бұрынғы шақтарда хат жүзіне түсіп көрмеген, соны тіл, мөлдір таза сезімдер бал-бұл жанып тұрғанын көреміз.

Осындайлық шеберлікке жету үшін Абай неше алуан теңеуді, сирек шешендікті және өзінің оқушысы білген неше алуан керекке жарарлық түсініктерді түгел қолданады. Кейде қазақтың халықтық, тірлік теңеулерінен де мысал келтіреді. Мұның кейбірі көңілдегідей, жарастықпен шықса, кейбірі Татьяна шындығында дәл қабыспай жатса да, ақын оған қысылмайды. Өз халқына, оқушысына өз тұсына ұғымдырақ ету үшін Татьяна мен Онегинді сол өз жұртының тіл-түсініктеріне, кейбір ұғым-нанымдарына жақындатып, жанастыра түседі.

... Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс... -

деуге аудармада Абай Пушкиннің өзіне жақын барып, шеберлік тапса, Онегиннің хатында басқа сырды көрсетеді:

... Михрабымсың бас ұрамын,

Тіл жете алмай ғұзіріме,

Жетпедім, не жасырамын,

Гауһарімнің қадіріне... – дейді.

Мұнда алған теңеу - «михраб» болуы ғажап емес. Татьяна орыс қызы болу себепті христиан дінінде. Ал «михраб» тек мұсылманның ғана мешітінде болады, онда имамның ғана сәжда қылатын орны. Абай Онегинге осыны айтқызуда өзі білген асылдың, өз оқушысы түсінген қадір-қасиеттің, асыл-құрметтің қайсысын болса да екі жастың сезімдерін жеткізуден аямағанын көрсетеді.

Ұлы орыс халқының мәдениетін қасиеттеген, ұлы Пушкинді құрмет тұтқан Абай оның әдебиеттегі асыл мұраларының бірі - «Евгений Онегинді» де қасиеттеп, артықша сүйіспеншілікпен аударды. Пушкин мен Абай творчествосының, олардың ой-пікірінің үндестігінен орыс халқы мен қазақ халқы арасындағы өткен заманнан келе жатқан жақындықтың, достықтың желі ескендей болады.

Бұл достық біздің советтік заманда халықтардың ұлы достығына айналып, жеңілмес қуатты күш болып, салтанат құрып отыр.

1950 жыл 

 

Әуезов Мұхтар. Жиырма томдық шығармалар

жинағы. Том 19 / Жауапты шығарушылар Л.Әуезова,

Т.Әкімов. - Алматы: Жазушы, 1985. – 6-12-беттер.

 

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.