ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Болат ЖҮНІСБЕКОВ: ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫНА АДАЛДЫҚ

Болат ЖҮНІСБЕКОВ: ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫНА АДАЛДЫҚ

Оқылған 29901 рет

Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейде мәшһүр еткен ұлы Абай тұлғасы  біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген  ұлағатты сөзі сол ұлттық рухани биігімізді одан әрі асқақтата түсуді мегзесе керек. Осыған орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат ЖҮНІСБЕКОВПЕН сұхбат ақын аманатын арқалап отырған шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы өрбіді. 

  – Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды төрге оздыру халқымыздың мерейін үстем ететін дәстүр. Осы орайда сіз басқарып отырған ұлы Абайдың қорық-мұражайы алдында қандай міндеттер тұр?

  – Осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы.

  Алда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша. Және де сол жауапкершілікті әрқайсымыздың сезініп отырғанымыз да шындық.

  Биыл Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» бағытындағы Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш еткен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  – Алаш жұртының рухани орталығының бірі ретінде өзге мекемелер мен ұйымдарды да ортақ іске жұмылдырып отыр екенсіздер. Бұл туралы не айтар едіңіз?
  – Иә, мұражай қызметінде республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып, ғылым, білім орталықтарымен және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушылары мен студенттері үшін Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы қаңтар айынан бастап «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестермен бірлесе отырып М.Әуезовтің мерейтойына орай биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен кеңесе келе ашылған «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері 20 жыл бос тұрған бірінші қабатында реэкспозиция жұмыстары басталды.
  – Жазда Астанада «ЭКСПО-2017» ха­лық­а­ра­лық көрмесі өтеді. Игілікті іске Абай қо­рық-мұражайы де үлес қосады дегенді естіп жатырмыз.
  – Халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын-орыс тілдерінде ашылған «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.
  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығының және дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр 21 сәуірде ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін мұражайдың функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына дейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етілуде.
  – Мұражайдағы «Абай арманы» экспозициясы Тәуелсіздік мұраттарын паш етуге арналғанын көрдік. Бұл идея несімен ұтымды?

  – Қарбалас жұмыстар көп, дегенмен қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозиция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  «Абай арманы» залы былтыр 22 ақпанда Семейге келген республикалық «Мәңгілік ел» ­по­йызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақ­тауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан ­Қазақ­стан Конституциясын және Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыны ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.
Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан болған Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы арқылы пайымдатады. Былтыр жабылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін деректі материалдармен көз алдымызға жайып салады.

  Мұражайға келушілер «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақ батасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын мұражайына тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.
  – Халыққа рухани нәр беретін Абай мұра­жа­йы­­­ның күнделікті атқарып отырған істері қандай?

  – Қолға алған істердің бәрі де халыққа бағытталуда. Мұражай ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа алады. Кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.
Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні ­23 ­тамызда мұражайдың бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы – Қарашоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылды. Қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншілеген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.
  Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик А.Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса мұражайдың сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы 1 наурыз – Алғыс күні паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында мұражай қорындағы 600-ден астам суреттердің арасынан 100-ден астам ­туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда.
  Былтыр 100 жылдығы республика көле­мінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған шаралар керуені Елордада жалғасты. Келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин және «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте ашылған көрмелер арқылы Абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен танысты.
Сондай-ақ «Абай» журналының арнаулы шығарылымы ақын туралы естеліктерге арналып, Астанада, Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» атты көрмелер ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып отыр. Ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен өзара келісім жасалды.
Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу. Ең алдымен, асыл мұраны көздің қара­шығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орын тапты. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.
  – Абайдың 150 жылдығы дүрілдеп өтті. Енді ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына даярлық барысы қалай?

  – Бұл бірінші кезекте назарда тұрған мәселе. Біз Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше шараны бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және Ә.Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-мұражайында құрылыс және көріктендіру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыруға қол жетеді. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы бөлінген күнде бұл Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды. Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа. Ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

Әңгімелескен 
Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.