Абай шығармалары төрт тілде жарық көрді

«ЭКСПО-2017» көрмесінде Абай өлеңдерінің жинағы кәдесый ретінде ұсынылмақ

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – адамзат өркениетінің рухани әлеміндегі жарық жұлдыздарының бірі болып табылады. Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Ол келешек заман үшін де ұлттық құндылығымыздың биік шоқтығы болып қала береді.

Ақын  шығармаларын әлемге таныту, дүниежүзілік маңызын насихаттау мақсатында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде өлеңдер жинағын баспаға дайындаған.

2016 жылдың желтоқсан айында "Семей-Көркем" баспаханасынан жарық көрген  кітаптарға Ұлы ақынның көпшілікке кең танымал шығармалары енгізілді.

Данышпан ақынның баға жетпес асыл мұрасы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтарына кәдесый ретінде ұсынылмақ. Бұл топтаманың ерекшелігі, саяхатшылар үшін қойынға салуға ыңғайлы етіп шығарылған.

Жинақта суретшілер Н.Өтепбаев (Абай портреті), Е.Сидоркиннің (графика) туындылары пайдаланылды.

Қазақ халқының дара тұлғасы Абайдың ынтымақ пен бірлікке шақырған өсиетті сөзін насихаттауда кітаптың атқарары мол болмақ.

 

                                             Абай қорық-мұражайының баспасөз қызметі