АБАЙ БАРҒАН ҚАРАМОЛА СЪЕЗІ

 1885 жылы Семей губерниясына қарайтын Зайсан, Өскемен, Кереку, Семей уездерінің Семейден 70 шақырым алыс Шар өзені жағасында Қарамола деген жерде қазақ ортасының дау-шарын бітіретін Төтенше съезі шақырылатын болды. Сол съезді басқаруға Семейдің уездік начальнигі шықпақшы болып, бір ай бұрын хабар берілді. Жоғарғы төрт уез елдің әрбір болыс басына съезде отыруға бір-бірден би сайланып келсін деп бұйрық берді.

Ел жиналмақ шамасында Зайсан, Өскемен уезінен сайланған 20-40 шақты билер Ақыбет Керей, Рақыш Тәти баласының ауылына келді. Рақыш Семей уезіне қарайтын Керей, Матай, Уақ дейтін аз ауылдарға әмірі жүріп тұрған беделді кісісі болатын. Зайсан, Өскемен билері келген соң Рақыш өзіне қарайтын төрт бес болыс елдің би-болыстарын шақыртып алып, бас қосып осы болашақ съезде өз атағандарын істеуге уәделесті. Бұлардың жауламағы төрт болыс Тобықты болды, оның ішінде көздеген мақсаты - Абайды табан астына бір салайық деп уәделесті.

Абай съезге келсе, тағы көнбей кетеді. Сондықтан алдын-ала уезге жамандап жазайық, барлық болыс-билер мөр басайық десті. Бұл үш уез ел баталасып алып, Керекуден келген билерге кісі салды. Біз үш уез ел Абайдың көзін жоғалтпақ болдық, сендер бізге жолдас болып қосылыңдар деді. Кереку билері оларға біздің Тобықты да, оның ішінде Абайда ала-алмай жүрген ақымыз жоқ және Абайдың үстінен өтірік шағым жүргізуге арымыз бармайды деп жауап қайтарды.

Абай ұры сүйейді, ел бүлдіргіш партия бастайды деп неше түрлі пәле жауып, 50-60 би-болыс мөр басып, осы съезде Абай болмаса екен деп уезге шағым қағаз жіберді. Бұл хабар ел арасына тез тарап, барлық Тобықты да, Абай да естіді. Тобықтының басты адамдары жиналып, Абайға барып, болып жатқан жұмыс жайын айтып, ақылдасқанда Абай қандай боларын бара көрерміз қорқып қашып жатуға болмайды деп атқа мініп, жолдағы біздің Байқадам Сапақ деген екі тап ауылға көп билер мен Абайлар келіп, бөліне қонысты.

Солардың ішінен Тобықтының Қабас деген табынан шыққан Байкөкше ерте оянып келіп, Абайға бір түс көрдім деп өлеңмен айта жөнеледі:

 

Абайжан бір түс көрдім бүгін түнде,

Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде.

Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,

Аспандап шағылыстың барып күнге.

Сонан соң жоғарылап тағы да ұштың,

Ілдің де екі нәрсе жерге түстің.

Орнықтың биік тауға бардың-дағы,

Әлеумет бәрін көрді болған істің.

Жаныңа төрт аққу кеп қонды тағы,

Лық толған ақ сұңқарға екі жағы.

Шалмалы екі адам қасыңа кеп,

Сөйлесті мәжіліс қып олар-дағы.

Қол жайып, шалмалыра бата берді,

Осыны жамағаттың көзі көрді.

Ұйқымнан ояндым да ғажаптандым,

Отырдым ойға кетіп әрлі-берлі.

Түсімнің қалеті жоқ олай-бұлай,

Жорыдым өз түсімді өзім былай:

Ақ киімнің, астыңда боз ат болса,

Ағартар тұқымыңды сенің құдай.

Көкке ұшсаң бақытың көкті шарпыр,

Ақылың осы жүрген жаннан артар.

Әкелген екі көрсең ғылым-білім,

Сөзіңді естігеннің бойы балқыр.

Күнге шағылыссаң боларсың ай мен күндей,

Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.

Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны,

Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей.

Төрт аққу: Күнке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным аналарың,

Шалмалы: би Өскенбай, Кеңгірбай бабаларың.

Шалмалылар бата ғып қол жайғаны,

Бақытыңнан құр қалмас балаларың.

Бұл жолы артылады тағы бағың,

Күннен-күнге болады бағың басым.

Шалмалылар батаны бос бермейді,

Мұратыңа жетесің не ғыласың.

 

Мені шақырып алып Абай: «Әй, Мүсірәлі, сен Әлімханға барып, менің съезге келгенімді айт»,- деді. Әлімхан Уақ руы, Көкен болысына қарайтын Қандар дейтін ауылдан. Уақ, Керей, Матай ортасына қадірлі ақсақал еді. Мен Әлімханға барып Абайдың сәлемін айтып едім, бір ауыз сөз айтпай атына мініп съезге жүрді.

Шардың өзенін жағалай тіккен көп ақ үйлерге келгенде Мүсірәлі сен бұл үйлердің кім-кімдікі екенін білесің бе дегенде, білмеймін: мынау Керей, Матай Рақыштардікі, анау Тобықты Абайлардікі дедім. Жарайды, олай болса Рақыштікіне барайық, деп үйдің сыртына келгенімізде Әлімхан ақсақал келді дегенді есітіп, Рақыш шығып, сәлем беріп, үйіне кіргізді. Қымыз әкеліп, сапырып отырып, Рақыш: - Әлеке, сізді Зайсан, Өскеменнің адамдары келісімен-ақ шақырып едім, келе алмадыңыз, мұндағы жаман інілеріңіз елді біріктіріп, жолдасты көбейтіп алдық. Осы съезде Тобықтыны жерге тықпақ болып отырмыз, - Тобықтының ақыл табатын сүйеніші Абайын да уезге жамандап көрсетіп, билікке жарамайтын ғып тастадық, - деді.

Әлімхан: -Жарайды, сендердің адам болғандарыңа қуанамын, оған күмән жоқ. Бірақ осы сендердің жауламағың төрт болыс Тобықты ғана ма, басқа да ел бар ма?

Рақыш: -Жауымыз жалғыз Тобықты.

Әлімхан: -Осы сендер баталасып жолдас болып отырған Зайсан, Өскемен билері – Қаракерей, Мұрын, Байжігіт, Бура, Матай адамдары осы жақта қыстап қала ма, жоқ өз жерлеріне қайта ма?

Рақыш:- Қайтады ғой, қыстайды дейсіз бе.

Әлімхан:- Біздің сиырдың бүйрегіндей аз ауыл Керей, Матай, Уақ сол Зайсан, Өскеменге көше ме, жоқ ата қонысында отыра бере ме?

Рақыш: - Неге көшеміз?!

Әлімхан: - Әй, Рақыш, біз бүгін Зайсан мен Өскемен билерін көмекке алып, төрт болыс Тобықтыны жеңіп, төрт уез елге малын талатамыз, басты адамдарын айдатамыз. Малдан, бастан айырылып, аш-жалаңаш қалған Тобықты басқа бір жаққа ауып кете ме, жоқ осы Шыңғыста отыра ма?

Рақыш: - Қайда ауады дейсіз, Шыңғыста отырады да.

Әлімхан: - Ә, олай болса, біз төрт болыс Тобықтыны төрт уез елге талатып жіберсек, Зайсан, Өскемен олжаға қарық болып, Тарбағатай, Қалбаға кетсе, айқайласақ дауысымыз жетпесе, мал-басымыз аман біз Тобықтының қасында қалсақ, енді аш-жалаңаш қалған Тобықты тамаққа бізді жемегенде нені жейді деп ойлайсың?

Рақыш: - Әлеке-ай, мен баталасып қалып едім ғой, енді қалай қыламыз?

Әлімхан: - Сен өзің сөзге тоқтасаң, көптен батаға сені шет қылмай айырып алу маған міндет. Сол өзің баталасқан елдің басты адамдарын маған шақырып бер.

Көп ұзамай 50-60-тай басты адамдар жиылып қалды.

Әлімхан: -О, жиылған қауым, сіздер мына біздің Рақыш мырзамен баталасып, достасып Тобықтыны жауламақ болып-сыңдар. Рас, төрт уез ел біріксе, төрт болыс елді жеңеді де, шауып-талап алады да, ертең съез тарқаған соң сіздер елдеріңізге қайтасыздар. Мұндағы аздан құралған жолдастарың мал-басынан айырылып, аш-жалаңаш қалған Тобықтының қолында қалады. Жайшылықта Керей, Уаққа сұғын қадап отырған Тобықтының ұрысы мен тентегі оразасын бізден ашады. Сонда бізге не көмек бересіңдер. Жоқ, біз олжа аламыз, күймесең, жанып кет дейсіңдер ме?

Көп билер: - Жоқ, Әлеке, біз сіздерге пәле тастап мал аламыз деп құдайға, батаға шет болмаймыз. Жалғыз-ақ біздің тілегіміз – Тобықтының ұрыларынан көретін малымыз бар. Соның барына мал, жоғына жан алсақ болады,- десті.

Әлімхан: - Олай болса, Тобықтының ұрысынан барыңа мал, жоғыңа жанды мен алып берейін. Осы съездің билігін маған беріңдер, пәле қумаңдар, жолдастарыңа үзілмес дау тастамаңдар дегенде жұрт бір ауыздан: - Әлеке, бердік, не істесеңіз өзіңіз біліңіз, сізден артың кімге билетеміз, - десті.

Әлімхан: -Ал, қауым, сендер маған берсеңдер, мен бұл съезге төбе билікке Абайды сайлаймын. Оның себебі: - Біріншіден, Абай момынның малын залым жесін демейді, әділеттіліктен айнымайды. Екіншіден, Тобықты басқа елден болған бидің айтқан билігіне қолынан мал бермейді, зорлықпен тартып алсаң, ел бүлінеді, жаулық өршиді, екі жаққа бірдей пайдалы бітім табу Абайдан басқа кісінің қолынан келмейді деді. Жұрт бірінің бетіне бірі қарап, үндей алмай қалғанда, Рақыш: - Әлеке, көп съезге келген сөзін қайтып алмайды ғой, бірақ осы көптің ақысы бар елі Тобықты ғой, ұрысы да Тобықты, биі де Тобықты болған соң толық төлеуге елдің қолы жетпей қала ма деймін. Сондықтан төбе билікке Абайдың қасына өзіміз жақтан бір би қоссаңыз жөн болар еді. Әлімхан:

- Әй, Рақыш, қате айтасың. Абайдың қасына кісі қоссаң, өз малыңды өзің кетіресің. Себебі, Абайды заңнан, қазақтың жолынан жеңетін біздің Орта жүзден ұл туған жоқ. Қанеки, қайсың Абайға тең түсемін дейсіңдер? Бізден қосылған төбе би өз сөзінен өзі жаңылып, бар малды жоқ қылады. Көпшілік: -Әлекем жөн айтады. Абаймен айтысып, сөзге жеңеміз дей алмаймыз. Іс артына өзіңіз ие болсаңыз болады,- десті. Әлімхан:

- Көп қауым, сендерге рахмет, енді осы жиылған билер түгел Абайдың алдына барып, осы байласқан сөзімізді айтайық жүріңдер, - деп Әлімхан орнынан тұрғанда жұрт ду тұрды. Абайдың тіккен үйіне келді. Сәлемдесіп, амандасып отырған соң Әлімхан сөз бастады:

-Абай мырза, өзіңіз де естіп жатқан шығарсыз, Зайсан, Өскеменнен келген ағайындар біздің Рақыш мырзаға келіп, Тобықтының ұрыларында қолымыз жетпей жүрген малымыз бар, осы съезде Тобықтыны астымызға бір салып бер деген соң мұндағы Керей, Матай, Уақ болып баталасып, Тобықтыны жауламақшы болыпты. -Тобықты ішінде ақыл табар бастығы Абай ғой деп сізді де жамандап, уезге қағаз жіберіпті. Үйде жатыр едім, ел бүлінді дегенді естіген соң шыдай алмай атқа мініп, мына отырған ағайындарға келіп едім. Ақсақалыммен әдейі келген соң көпшілік маған билетті. Мен осы съезге төбе билікке сені сайладым, алыс-жақын демей, елге әділ билік айтып, көпті риза ғып, топты бітіріп қайтаруыңды сұраймын. Абай:

-Әлеке, сіздің бергеніңізді аламын. Бірақ, осы топ тарқағанша өзіңіз ішінде болыңыз, бастаған бірілігіңізді аяқтап қайтыңыз,- деді. Әлімхан: -Бұл сөз бітті. Ендігі жұмыс осы төрт уез елдің билері түгел уездің алдына барып Абайды берекемен төбе билікке сайлағанымызды айтайық,- дегенде жұрт орнынан тұрып, уезге тіккен үйге келді. Біреу барып уезге хабар берген соң, уез тілмашын ертіп көпке келді. Әлімхан:

-Біз ел болып береке сөйлесіп, төбе билікке Абайды сайладық. Соны сізге айтқалы келіп тұрмыз,- деді. Уез: «Абай Құнанбаев, сен мұнда кел, өзгелерің үйлеріңе қайтыңдар» дегесін үйді-үйімізге тарадыық. Ертеңіне Әлімхан мені ертіп Абайға келді. Абай оңаша қағаз жазып отыр екен. Абай:

-Әлеке, мен уезге орыстың қазақ ортасындағы дауларын бітіру туралы шығарған заңының қазақтың әдет-ғұрпына қайшы келетінін айттым. Уез оны ұғынып, маған қазақ әдет-ғұрпына қолайлы заң жаз деп тапсырды. Соны жазып жатырмын. Бітірген соң барлық билерге, жиылған көпке оқып беріп, олардың тапқан кемшілігі болса түзетіп, уезге тапсырмақпын. Уез сол заңды бекітіп, бұдан былайғы съезде қолданбақшы болды, - деді.

Үш күннен кейін уез барлық елді жиып алып, Абайдың жазған жаңа заңын оқытты. Барлығы 74 статья екен. Көпшілік түгел мақұлдады, бір ауыз сөз қосқан жан болмады. Съезде билер сол заңды қолданды. Жанжал-шатақ болмай, ел неше жылдай былығып жүрген дау-шараларына тынып қайтты.

Мүсірәлі ақсақалдың Абайдың жазған 74 статьялы заңынан есінде қалғаны:

І. Ұрының малы, елдің алатын ақысына жетпеген күнде кімнен өндірілсін деген статьяда орыс заңында туған-туысқан, ағайыннан өндірілсін деген. Абай ұрыға ат малын берушілер мен ұрыны сүйеуші ауылдың атқа мінерлерінен өндірілсін деген.

2. Әйелдің бас бостандығы туралы статьяда қазақ - орыс заңында байы өлген әйелді байының аға-іні әмеңгері өзі алса да, сатса да ерікті деген. Абай байы өлген әйелдің басы бос болсын, ол бір рет сатылған, екінші рет сатуға салынбасын деген.