ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

СТАМБЕКТІҢ АЙТУЫНША

Оқылған 27381 рет

Абай ауданындағы Стамбек Қияқбаев ақсақалдың айтуынша: 1898 жылдың жазы. Ел жайлауда. Абай ауылының отырған жері бір салқын төс, кең қоныс екен. Желінің басынан басқа жерлердің шалғыны жапырылмағанына қарағанда, заты бұл қонысқа таяу қонған тәрізді.

 Бұл менің Абай ауылына бірінші рет келуім еді. Мен келсем Абайдың Ақылбайы Найман Иманқали дегеннің қызына құда түскен тойы болып жатыр екен.

Той тарқаған соң қымыз ішейін деп Абайдың өзі отырған үйіне сәлем беріп кіріп келсем, қасында 4-5 кісі бар, Абай қымыз ішіп отыр екен. Бір тегене қымызды сапырып, кісілерге құйып беріп отырған Көкше Дүтпай деген Абайдың күйеуіне таяу келіп мен де отырдым.

Дүтпай қымызды өзі ішіп, қасындағыларға құйып беріп, маған аяқ шетін де иіскетпеді. Сары қымыздың жұпар иісі мұрынымды жарып, тамағымды жыбырлатқандай болып аңсам ауса да, қымыз маған өз еркімен келе қоймады. Абай қымызды жұта түсіп, әңгімеге айналып отыр. Ал Дүтпай маған көзінің қырын да салмайды. «Шіркіннің тандыры кеуіп қалған ба, маған неге бермейді» деп қоям ішімнен. Дүтпай қымызды тағы құйып, маған ұсынбай өзі ішкелі жатқанда аяққа мен де жармастым. Сонда Дүтпай Абайға қарап: -Мына Мырзаның баласы ішіп отырған қымызымызға да зорлық қылды ау,- деді. Байсалды түрмен Абай бізге қарады да:

-Жоқ, оныкі зорлық емес, сенікі зорлық. Бұл жалғыз Көкше ғана ішсін деп қойған қымыз емес. О да шөлдеп келген шығар, ретімен оған да құйып беру керек емес пе. Сен әділетсіздік істедің,- деді.

1901 жыл біздің Мырза Байбосын Мекеге бармақ болып, соның жайын Абайға айтып ақылдаспақ болды. Маған атшы болып жүр деген соң еріп Абайдікіне бардым. Ол күні қондық. Ертеңіне Байбосын қажыға бармақ болып жүргенін айтты. Сонда Абай: -Әй Байбосын, сенің қажыға барғандағы мақсатың не, соны айтшы. Бірінші, сен «қажымын» деп біреудің төріне шығып отырғың келеді. Екінші, күнәдән құтылғың келеді. Ә, олай болса сенің туысқандарың, Мырзаның бәрі ұрлық қылады. Олар сенің атыңды мініп, малыңа ұрлықтың малын қосып жатады. Өзің ойлашы, ұрлық пен қажылық бір жерге сия ма. Інің Малбосын ұрлықпен мал көбейтсе, сен онымен қажыға барасың, одан түк шықпайды. Менің тілімді алсаң, үйіңе барып бір бие мен он шақты қой сойып барлық Мырза баласын жинап ал да ұрлықтарын қоюын сұра. Малсыз нашарларына сауын мен көлік бер. Қызметке, харекетке баулы. Сонда төрге де отырасың, кінәдан да фәк боласың. Ол еткен ісіңнің сауабы хажыға он рет барғаннан артық,- деді Абай. Байбосын үндемей отырып қалған соң мен: -Абай аға, осы кедейліктен, жалғыздықтан қайтсем құтыламын, - деп сұрадым. Сонда Абай: -Кедейліктен еңбек қылсаң құтыласың, жалғыздықтан көппен пікіріңді қоссаң құтыласың. Көппен пікірің қосылса, жалғыздық көрмейсің,- деді. Мен қайта қарап отырып қалыппын. Сонда Абай: -Әділет қайда болса, зұлымдық сонда деген сөздің не екенін білесің бе,- деді. -Абай аға-ау, өзіңіз айтпасаңыз мен қайдан білейін,- дедім. Сонда Абай: - Зұлымдық әрқашанда өмірден қалмайтын нәрсе, әділетсіз жерде зұлымдық көрінбейді, зұлымдықтың бетін әділет ашады,- деді.

Қай жылы екені есімде жоқ, бір жылы үлкен съез болып, соған барғанымда, астыма мініп барған айғырымды Уақтың бір адамы тани кетті. Мен ол айғырды Көкше Тентекқара деген кісіден алғандығымды айтып, Уақты Тентекқараға ертіп келіп едім ол: -Айғырды мен Абайдан алғанмын, үшеуіміз сонда баралық,- деді. Сонымен үшеуіміз Абайдыкіне келіп, жәй- жапсарымызды айтып едік Абай: - Менің Тентекқараға берген айғырымның түсі мынадай: құлагер, жасы онда, бота тірсек, ой желке, жалы мінер жағына жығыңқы, қабырғасы делдек, күлте құйрық, оң жақ артқы аяғының шідерлігінде ағы бар. Ал, Уақ, сенің жоғалтқан айғырыңның түсін айтшы,- дегенде Уақ үндей алмай қалды. -Сенің қолыңдағы айғырдың қандай белгісі бар,- деп сұрап еді, мен де ештеңе айта алмадым.

Содан соң үйде отырғандар тысқа шығып қарасақ, Абай айтқан белгінің бәрі рас екені анықталды.

Абайдың көргенін ұмытпайтын, зеректігіне қайран қалдық. Уақ өзінің таныдым дегенінің қате екендігін мойнына алып, қош айтысып, аттанып кетті. 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.